“Әкелердің көбі көре алмай қалатын сәттерге куә болдым“: Қазақстандық ерлер неге декретке шыға бастады?

“Әкелердің көбі көре алмай қалатын сәттерге куә болдым“: Қазақстандық ерлер неге декретке шыға бастады? Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қазақстанда ресми түрде бала күтіміне байланысты демалысқа тек анасы емес, әкесі де шыға алады.

Алайда іс жүзінде заңмен бекітілген теңдік әзірге шарттылық болып қалып отыр, ал биыл ерлердің декретке шығу үрдісі (бұған дейін қарқын ала бастаған) бәсеңдеп барады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, бала тууға байланысты мемлекеттік жәрдемақы алушылардың басым көпшілігі әлі де әйелдер.

Tengrinews.kz тілшісі ер адам қай жағдайда декреттік демалысқа шыға алатынын, қандай төлемдерге құқылы екенін анықтап, осы қадамға барған қазақстандық әкелер және қоғамның әкелер декретіне деген көзқарасы қалай өзгеріп жатқаны туралы сарапшылармен сөйлесті.

"Декретте баламен отырып, қосымша жұмыс істеймін" деген - бос сөз

Болат - декретке шыққан қазақстандық ерлердің бірі. Ол кезде оның жасы 39-да болатын, жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істеген.

"Бала сегіз айлық еді, ол отбасымыздағы үшінші бала. Ал мен ол уақытта жұмыссыз жүргеніме жарты жылдан асқан еді. Содан әйелім екеуміз ол жұмысқа шықсын, мен балалармен үйде отырайын деп шештік", - деп бөлісті ол өз оқиғасын.

Болатқа сәби күтімінен бөлек, мектепте оқитын үлкен балаларға қамқорлық жасау міндеті де жүктелді.

"Үлкен балаларды мектептен күтіп алатынмын, одан бөлек бүкіл тұрмыс: бәрін тамақтандыру, ұйықтату, серуендету, ойнату және тағы басқалары", - дейді үш баланың әкесі өзінің декреттік міндеттері туралы.

Сондай-ақ Болаттан сол кезеңде отбасында үй жинау және тамақ пісірумен кім айналысқанын сұрадық. Ол негізгі асты әйелі дайындағанын айтып, былай деп нақтылады:

"Мен тек кіші баламның сүтті ботқаларын пісіруге машықтандым. Үйді де әйелім жинайтын, біз ол кезде балалармен далада серуендеп жүретінбіз".

Болаттың балалары. Сурет кейіпкерінің жеке мұрағатынан алынған

Болат декреттік демалыста барлығы бір жыл тоғыз ай болған. Кіші баласы 2 жас 2 айға толып, балабақшаға беру мүмкіндігі туғанша үйде отырды.

- Декреттегі ең жақсы және ең қиын нәрсе не болды? - деп сұрадық Болаттан.

- Жақсысы - балалармен уақыт өткізесің, қызық. Қиыны - балалар, әсіресе кішісі, бүкіл зейінің мен күш-жігеріңді алады. Яғни, ел арасында қалыптасқан "декретте балаға қарап отырып, қосымша жұмыс істеймін" деген пікір - бос сөз. Егер біреудің қолынан келіп жатса, олар нағыз титандар немесе бұл балаға деген көңілдің бөлінуіне я болмаса денсаулыққа зиянын тигізу арқылы жүзеге асады. Менің шамам тек бензинге ақша табу үшін түнделетіп анда-санда такси болуға жететін.

Болат бұл тәжірибені қайталай алар ма еді? Ол "тәжірибе жинақтап алғандықтан, қайталай алар едім" дейді.

Қазақстандағы ерлердің "декретке шығу статистикасы"

Қазақстанда ерлер арасындағы "декреттік статистика" жалпы қандай екенін білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне жүгіндік.

Ведомствоның 2026 жылдың алғашқы бес айындағы талдауы әлеуметтік қолдау бағдарламаларында әйелдердің толық басымдығын көрсетіп отыр. Бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем алушы 431 002 адамның ішінде әкелер саны небәрі 134 қана.

Қызығы, декреттегі әкелердің географиясы мынадай:

  • Алматы көш бастап тұр - 26 өтініш,
  • одан кейін Шымкент - 18,
  • үшінші орында Астана - 11.

Бала күтіміне бел буған ер адамдардың жасы 22-ден 53 жас аралығында.

Айта кететін жайт, кейінгі жылдары әкелердің декретке шығу үрдісі бәсеңдеп келеді. Егер 2021 жылы мұндай ерлердің саны 3 134 болса, 2025 жылға қарай олардың саны 341 адамға дейін азайған, ал биыл бұл көрсеткіш кейінгі бес жылдағы ең төменгі деңгейге түскен.

Заңнама: тең мүмкіндіктер және әке мен ана арасындағы айырмашылық

Біздің елде декреттік демалысқа байланысты жыныстық кемсітушілік жоқ, соның ішінде еңбек заңнамасында да.

"Еңбек кодексінің 100-бабы жұмыс берушіні ата-ананың кез келгеніне - олардың өз қалауы бойынша үш жылдық жалақысы сақталмайтын демалыс (бала үш жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша) беруге міндеттейді. Сонымен қатар, мұндай құқыққа бала асырап алушылар, қамқоршылар және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балаларды тәрбиелеуге алған туыстары да ие болады", - деп кеңес береді заңгер, отбасы істері жөніндегі маман Дияра Закирова.

Бірақ ол декретті рәсімдеу және баланың анасы мен әкесіне арналған төлем түрлері бойынша құқықтық нюанстар бар екенін де қосты.

Декрет: кімге және қанша төленеді?

Жүктілік және босану

"Болашақ ана үшін жүктілікке және босануға байланысты демалыстың есебі еңбекке жарамсыздық парағы ашылған күннен басталады. Бала тууға және босануға байланысты декреттік төлемдерді кез келген жағдайда анасы алады".

Дияра Закирова
заңгер

Өз кезегінде, әкесі үшін бала күтіміне байланысты демалыс тек бала дүниеге келгеннен кейін - туу туралы куәлік ұсынылған жағдайда ғана ресімделуі мүмкін.

Бала туғанда берілетін біржолғы көмек

Бала туғанда төленетін біржолғы жәрдемақыны бала күтіміне байланысты демалысқа өтініш берген ата-ананың бірі алады.

Ол отбасы табысына қарамастан төленеді - 2026 жылы оның мөлшері мынадай болады:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға - 164 350 теңге,
  • төртінші және одан кейінгі балаларға - 272 475 теңге.

Егіздер туған жағдайда бұл сома екі еселенеді.

Жұмыс істемейтіндер үшін

Егер анасының немесе әкесінің ресми табысы болмаса және әлеуметтік қорға жарна төлемеген болса, оларға бюджеттен бір жарым жасқа дейін белгіленген ай сайынғы төлем беріледі.

Биыл оның мөлшері АЕК-ке (айлық есептік көрсеткішке) байланысты:

  • бірінші балаға - 5,76 АЕК,
  • екінші балаға - 6,81 АЕК,
  • үшінші балаға - 7,85 АЕК,
  • төртінші және одан кейінгі балаларға - 8,90 АЕК.

Жұмыс істейтіндер үшін

Ресми түрде жұмысқа орналасқандар үшін төлемдер басқаша есептеледі. Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі ай сайынғы күтім бойынша жәрдемақы кейінгі екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды (бірақ әлеуметтік аударымдар төленген сомалардан ғана есептеледі). Бұл ереже анаға да, әкеге де бірдей қолданылады.

Ай сайын алуға болатын максимал сома қанша?

Заңнамада шектеу қойылған: есептеу кезінде 7 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспайтын табыс, яғни 595 мың теңге ескеріледі.

Демек, бала күтіміне байланысты демалыстағы ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы шегі 238 мың теңге болады.

Жұмысқа шығу

Декреттік демалыс кезінде (3 жасқа дейін) қызметкердің жұмыс орны сақталады. Егер ата-ана демалысты тоқтатып, жұмысқа мерзімінен бұрын шығуды ұйғарса, заң бойынша бұл туралы басшылыққа кемінде бір ай бұрын жазбаша ескертуге міндетті. Бұл талап әйелдерге де, ерлерге де ортақ.

Декреттегі қазақстандық әкелердің оқиғасы

Біз декреттік тәжірибесі туралы айтып беруге келіскен тағы екі әкені таптық, олар да Болат сияқты алматылықтар болып шықты. Мүмкін бұл кездейсоқтық шығар, не болмаса ірі қалаларда ер адамдар мұндай өзгерістерге оңай бел байлап, стереотиптерді бұзуға дайын болар.

"Ең қиыны - түнде қарау"

Пиар саласында жұмыс істейтін 43 жастағы Рүстемнің айтуынша, ол "әйелі қатты шаршап, көмектесу керек болғандықтан" декретке шыққан.

Рүстем ресми декрет ресімдемей, бала алты айға толғанда фрилансқа ауысқан.

"Ыдыс жудым, тамақ пісірдім, азық-түлікке бардым, түнде балаға қарап кезекшілік еттім - тамақтандыру, жөргектерін ауыстыру", - деп ол өзінің декреттегі міндеттерін тізіп берді.

Бұл ретте ол жұмыс істеуге де тырысқан. Оның айтуынша, мұның ең жақсы тұсы - әйелімен сөйлесуге көбірек уақыт болды және баламен қарым-қатынасы жақындай түсті.

"Ал ең қиыны, - дейді Рүстем, - түнгі кезекшіліктер болды".

"Асыраушыдан "ошақ иесіне" айналу"

Тағы бір алматылық - Владислав - бала туған кезде әйелімен бірге АҚШ-тың Калифорния штатында тұрған. Оның тәжірибесі, күтпеген себеппен декретке шыққандығымен қызықты.

"Балабақша шамамен 2 800 доллар тұратын, оған қоса ұзартылған күн тобы тағы 800 доллар. Менің салықтан кейінгі жалақым орташа болатын. Ол кезде шамамен 3 500–4 000 доллар еді. Соған сәйкес, екінші көлік сатып алу керек, түскі ас, бензин және тағы басқа шығындар бар. Сондықтан біреудің үйде отырғаны арзанырақ түсті", - дейді Владислав.

Олар тіпті әйелі екеуі бәстескен екен:

"Кімге көбірек job offer ("жұмысқа шақыру" - ред. ескертпесі), әрі, әрине, ақ нәсілді цисгендерлі еркек ретінде жұбайымды жеңе алмадым, сондықтан декретке мен шықтым", - деп ол біздің қоғам үшін ерекше жайттарды бөлісті.

Ол кезде ұлы алты айлық еді, Владислав отбасы Калифорниядан Флоридаға көшкенше онымен бір жарым жыл үйде отырған. Ол жақта балабақша арзанырақ болып, ол жұмысқа шыға алған.

Владислав ұлымен бірге. Материал кейіпкерінің жеке мұрағатынан алынған

Біздің өтінішіміз бойынша Владислав декреттегі "міндеттеріне" не кіргенін сипаттады: жөргек ауыстыру, баламен ойнау. Ол сол кезде тіпті тамақ пісіру мен үй жинау шеберлігін шыңдағанын да айтып өтті.

"Иә, тамақ пісіру менің міндетіме кірді. Ал үй жинау жағына келсек, ол жай ғана ретіне қарай болатын, өйткені ұлымыздан бөлек, ол кезде 10 жаста болған қызымыз да бар еді. Ал он жасар қыздар, жалпы он жастағы балалар, үйдің таза тұруына аса септігін тигізе қоймайды. Сондықтан тәртіп сақтауға тырыстым, бірақ үнемі сәтті шыға бермеді".

Біз Владиславтан декреттегі ең жақсы және ең қиын сәттер туралы да сұрадық.

"Ең жақсысы - Қазақстанда жұмыс істейтін әкелердің көбі көре алмай қалатын сәттердің бәріне куә болдым. Баламның алғашқы қадамын көріп, алғашқы сөздерін естідім, - деп жауап берді Владислав. - Жалпы, әке болудың қуанышын сезіндім. "Мен әкемін" деген сезімнің өзі керемет! Ғажап! Өйткені біз бұл баланы қатты қаладық, ұзақ күттік. Сондықтан әке болудан шын ләззат алдым".

Ал ол үшін ең қиын болған нәрсе туралы сұраққа Владислав былай жауап берді:

"Мүмкін, ең қиыны - менің әрқашан отбасы асыраушысы болғаным шығар. Асыраушыдан "ошақ иесіне" айналу біраз... қалай десем екен, оғаштау трансформация болды. Бірақ мен оны еңсердім, жеңіп шықтым".

Сондай-ақ ол мұндай тәжірибені еш ойланбастан қайталайтынын айтып түйіндеді.

Декреттегі әкелер: ерлер мен сарапшылар пікірі

Декрет тақырыбы бойынша біз әлеуметтік желілерде қазақстандық ерлер арасында сауалнама жүргізіп, түрлі пікірлер алдық.

Мұны қазіргі заманда қалыпты жағдай деп санайтындар да болды:

- Егер отбасына осылай ыңғайлы болса және бұл саналы шешім болса, неге болмасқа? Ең бастысы - өзара қолдау мен стереотиптердің болмауы. Бақытты отбасы маңыздырақ.

- Бұл туралы естігенмін, қолдаймын. Егер теңдік болса, мұндай мүмкіндік ерлер үшін де болуы тиіс.

- Гендерлік теңдік жағдайында нені талқылау керек? Қалғанының бәрі - ескі көзқарас пен стереотиптер.

Жаңа рөлді толық сезінгісі келетіндер де табылды:

- Егер өмір сүру деңгейі төмендеп кетпесе, неге болмасқа. Сонда мен де: "Жұмыстан келе жатып неге менің сүйікті йогуртымды сатып алмадың, неге сервиске соғып, дөңгелектерді ауыстырмадың?" - деп миды ашытуыма болады. Қалай шаршағанымды, ал оның көмектеспейтінін айтып шағымданар едім! - деп жазды Threads әлеуметтік желісінің қолданушыларының бірі.

Кейбір ерлер декрет оларға немесе таныстарына қиын өмірлік жағдайларда қалай көмектескені туралы оқиғаларын бөлісті:

- Кезінде декрет мені қысқартудан аман алып қалды. Ұлыма ризамын.

- Жұмыста үш ер адам декретке шықты: біреуінің әйелі қайтыс болды, екіншісінікі түрмеде отыр, үшіншісінің әйелі екі жылдан бері рехабта (оңалту орталығында). Ештеңе етпес, бұл жігіттерде бәрі қалыпты, қолдан келгенше қолдау көрсетеміз, бірақ бұл гендерлік теңдіктен гөрі, амалсыздықтан жасалған шаралар сияқты, - деп жазды сауалнамаға қатысқандар.

Бірақ кескінді қарсы пікірлер де кездесті:

- Құдай-ау, мына оқығаным не?! Мені әйел үй шаруасы және баламен айналысатын, ал еркек күн сайын таңертең ақша табуға кететін заманға қайтарыңдаршы. Дүние қайда бара жатыр? Гендерлік теңдік - бұл ақырзаман. Бұл - утопиялық модель. Біз физиологиялық тұрғыдан әртүрліміз. Гормоналды фонымыз да әртүрлі. Мұнда талқылайтын ештеңе де жоқ. Еркектер, не жазып отырсыңдар? Қандай бала күтіміне байланысты демалыс? Не болып кетті, тұтқынға берілдіңдер ме? Көйлектеріңді киіңдер де, марш жұмысқа! - деп бір астаналық бұған үзілді-кесілді келіспейтінін білдірді.

Айта кету керек, біздің қоғамда мұндай пікір әлі де жиі кездеседі. Кейбір ерлер үшін бұл революциялық, тіпті ашу туғызатын идея. Олар декретке шығуды ер адамның беделіне нұқсан келтіру деп қабылдайды.

"Үйде баламен қалатын ер адам тек шаршау және тұрмыстық жүктемемен бетпе-бет келмейді. Көбінесе оған іштей қиын болады. Көптеген ер адамның өзін-өзі бағалауы өз жетістіктері, табысы, мәртебесі және отбасын асырап отырмын деген сезіммен тығыз байланысты. Үйреншікті рөл өзгергенде, бойда мазасыздық, ұят, тітіркену, өзінің керексіз екенін сезіну немесе "мен енді нағыз еркек емеспін" деген ой пайда болуы мүмкін", - деп түсіндіреді психолог Юлия Белянина.

Сондай-ақ ол бала күтімі көбінесе адамның елестеткеніндей болмай шығатынын айтады.

"Бұл - бірсарындылық, ұйқының қанбауы, үнемі баланы бағу, жеке уақыттың және ересектермен араласудың болмауы. Ер адам өзін оқшауланған, шаршаған сезінуі мүмкін және сонымен қатар мұны мойындаудан қорқады, өйткені одан бәріне шағымданбау керек дегенді күтетін сияқты".

Юлия Белянина
психолог

Бөлек бір қиындық - "жұрт не дейді?" деген сұрақ. Туыстар, достар мен таныстар бұл туралы қалжыңдап, сын айтып, тіпті ащы пікірлер қалдыруы мүмкін. Мұнда мынаны түсіну маңызды: адам мұндай шешімді не үшін қабылдағанын өзі жақсы түсінгенде ғана психологиялық қорғаныс қалыптасады. Ішкі күмән мен ұят неғұрлым аз болса, өзгелердің сөзі де соғұрлым аз әсер етеді.

"Әркімге бірдеңе дәлелдеудің қажеті жоқ. Өз таңдауыңды іштей сезініп, қабылдау жеткілікті, ал айналаңдағыларға: Бұл - біздің отбасымыздың шешімі және ол бізге қолайлы, - деп сабырмен жауап беру керек", - деп кеңес береді сарапшы.

Ерлер декреті және отбасындағы қарым-қатынас

Сондай-ақ психолог Юлия Белянинадан ерлер декретінің ерлі-зайыпты арасындағы қарым-қатынас пен отбасындағы атмосфераға қалай әсер ететіні туралы пікір білдіруін сұрадық.

"Егер әйел күйеуіне "жай ғана үйде отырған адам" ретінде қарай бастаса, ер адам өзінің құнсызданғанын бірден сезеді. Ал егер ер адам өз рөлінен қысылып, оқшауланса немесе бақылау арқылы билік сезімін қайтарғысы келсе, жұп арасында түсініспеушілік орнайды. Тағы бір маңызды мәселе - ақша. Табыс табатын тарап кейде өзінің құқығы көбірек деп есептей бастайды, ал баламен үйде қалған адам өзін кіріптар сезінуі мүмкін. Бірақ бала күтіміне байланысты демалыстың өзі ер адамның беделін түсірмейді және оны "отбағасы" мәртебесінен айырмайды", - деп түсіндіреді Белянина.

Оның айтуынша, психологиялық тұрғыдан ер адамның кемелдігі тек табыспен өлшенбейді. Жауапкершілік, қамқорлық жасай білу, қиындыққа төзу, баланың қасында болу және серігіне қолдау көрсету - бұл да ересек ер азаматқа тән ұстаным, тіпті кейде бұл отбасын асырау қабілетінен де маңыздырақ болуы мүмкін. Әкенің эмоционалды тұрғыдан бала тәрбиесіне араласуы - бала үшін үлкен құндылық. Бірақ кез келген еркек мұндай жауапкершілікті арқалай алмайды.

"Ерлі-зайыптының ақша, тұрмыс, демалыс, жеке уақыт және осы кезеңді қалай өткізетінін алдын ала талқылағаны маңызды, - деп кеңес береді ол. - Барлық сұрақ пен ықтимал тақырыптар неғұрлым егжей-тегжейлі қарастырылса, ерлі-зайыпты өміріндегі бұл кезең соғұрлым тыныш әрі жайлы өтеді".

"Әке болу баламен футбол ойнайтын кезден басталмайды"

Ер адамдардың декретке шығуы қазақстандық отбасылық құндылықтарға қаншалықты сай келетіні туралы "Әкелер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбетпен де тілдестік.

"Соңғы кездері қоғамда әкелердің декретке шығуы жиі талқыланып жүр. Бірақ, меніңше, бұл тақырыпты идеологиялық дауға айналдырудың қажеті жоқ. Назар аударатын басты мәселе - баланың мүддесі және отбасының шешімді өз бетінше қабылдау құқығы болуы керек. Жағдай әртүрлі болады. Егер жағдайға байланысты бала күтіміне арналған демалысты дәл әкесі алса, оның жұмысынан немесе табысынан айырылу қаупінсіз осындай мүмкіндігі болуы тиіс".

Мақсұтбек Айтмағанбет
"Әкелер одағы" РҚБ төрағасы

Сарапшы шетелдік тәжірибені мысалға келтіреді:

"Тәжірибе көрсеткендей, әкенің бала өміріне алғашқы айлардан бастап қатысуы отбасын нығайтады. Мысалы, Норвегияда "әкелік квота" деп аталатын жүйе бар және ер адамдардың көбі оны пайдаланады. Жапония заңнамасында да әкелер үшін ұзақ мерзімді ақылы демалыс қарастырылған. Ұзақ уақыт бойы корпоративтік мәдениетке байланысты ер адамдар мұндай демалысты алуға батпай келді, алайда бүгінде мемлекет жауапты әке болуды белсенді түрде қолдап отыр".

Дегенмен, Айтмағанбет Қазақстанға шетелдік модельдерді соқыр көшірудің қажеті жоғын айтады. Оның сөзінше, біздің өз дәстүріміз, мәдениетіміз бен отбасылық құндылықтарымыз бар, ал әлемдік үздік тәжірибелерді зерттеп, өз болмысымызға бейімдеуге болады.

"Менің сенімімше, жауапты әке болу бала есейіп, онымен футбол ойнауға, шаңғы тебуге немесе балық аулауға болатын кезде басталмайды. Ол нәрестенің өмірінің алғашқы күндерінен басталады. Бала екі ата-анасынан да неғұрлым көп махаббат, назар мен қамқорлық көрсе, отбасы соғұрлым берік болады, демек - тұтас қоғам да нығая түседі", - деп түйіндеді "Әкелер одағының" төрағасы.

Қорыта айтқанда, Қазақстан заңнамасы әкелерге аналармен тең дәрежеде бала күтіміне байланысты демалысқа шығуға рұқсат бергенімен, іс жүзінде ер адамдар бұл құқықты өте сирек пайдаланады. Оған қаржылық тәуекелдер, қоғамдағы таптаурындар мен ер адамды отбасының негізгі асыраушысы ретінде көретін дағдылы түсінік кедергі болып отыр.

Дегенмен, мақала кейіпкерлерінің оқиғасы әкелердің декретке шығуы тек мәжбүрлі шара емес, сонымен қатар құнды тәжірибе болуы мүмкін екенін көрсетеді: ер адам бала күтіміне байланысты қиындықтарды сезініп, үй шаруасының ауырлығын түсіне бастайды, балаларына жақындап, отбасылық өмірге белсенді араласады. Ең бастысы, мұндай шешім табысты, міндеттердің бөлінісін және баланың мүддесін ескере отырып, ерлі-зайыптымен бірлесіп қабылдануы керек.

Жарнама
Жарнама
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама