1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Әкесіз өскен балалар ересек өмірде қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін? Психологпен сұхбат

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Әкесіз өскен балалар ересек өмірде қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін? Психологпен сұхбат ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Midjourney

Ата-ананың ажырасуы баланың психикасына әсер етпей қоймайды. Әдетте балаға өміріндегі мұндай өзгерісті қабылдау оңай емес. Оның үстіне біздің қоғамда сауатты ажырасатын отбасылар өте аз. Әкесінің тәрбиесін көрмеген балалар ересек өмірде қандай қиындықтарға жолығуы мүмкін? Бұл жайлы Massaget.kz тілшісі психолог Айнұр Мұханқызымен сөйлесті.

- Әкенің махаббаты жеткіліксіз болғандықтан, қыз бала есейгенде оны кездестірген ер адамдарынан іздеуі мүмкін бе?

- Әкенің махаббаты ғана емес, ананың махаббаты да жеткіліксіз болған кезде адам көзі жәутеңдеп сол махаббатты өзгелерден іздеп кетеді. Жалпы, адамға бұл өмірде ең бірінші керек екі ғана нәрсе бар: шартсыз махаббат пен мейірім. Егер балалық шақта бұл екеуінің орны толмаса, адам орнын толтырудың түрлі жолын іздейді. Тіпті, өзі байқамастан зияны тиетін қадамдарға барып жатады. Тәжірибемде ең көп кездесетін жағдайды мысал ретінде алайыншы: баланың ата-анасы екі жаққа кетіп, ажырасты делік. Қазақтарда сауатты ажырасу, мәмілеге келу кем де кем. Екі жақ құдды бір жауын көргендей соғысады. Нәтижесінде жеңіп шыққан тарап баланы алады. Екінші тарапты жеккөрінішті етіп санасына сіңіреді. Ал балаға бәрібір, әкесі болсын, шешесі болсын, қандай болса да, оларды бірдей жақсы көргісі келеді. Екеуінен бірдей махаббат алғысы келеді. Ал ол мүмкін бе? Жоқ. Себебі, ажырасқан екі тараптың бірі не тыйым салады, не жеккөрінішті етіп жамандап отырады. Бала өз қиялында әкем (не шешем) менен бас тартты деп ойлайды. Оның махаббатының орнын толтыру үшін бар күшін салып, біраз белесті бағындырады. Оған күші жетпесе, құлдиға құлайды. Қарым-қатынаста да әркімнен шартсыз махаббат талап етеді немесе сол жолда өзін құрбан етеді.

- Әкесіз өсу адамның өзін-өзі бағалауына қалай әсер етуі мүмкін?

- ⁠Әке - қыз баланың өміріндегі ең алғашқы ер адам. Ер адаммен ең алғашқы қатынасты әкесімен құрады. Егер әкесі қызына мақтанышпен, махаббатпен, мейірім көзімен қарайтын болса, қыз өзіне сондай көзбен қарап үйренеді. Өзінің махаббатқа лайықты қыз екеніне сеніп өседі. Өзіне сенімділігі қалыптасады.

Оған қоса, әдетте балалар ата-анасының ажырасуына өздерін кінәлі санайды. Әсіресе, әкесі кеткенде бала әлі жасөспірімдік жасқа жетпеген болса, осындай жағдай болады. Бұл кезде бала әлемді басқаша қабылдайды. Өзін кінәлі санағандықтан, баланың өзін-өзі бағалауы төмен болуы және комплекстер қалыптасуы мүмкін. Есейгенде олар манипуляторлардың арбауына оңай түсіп қалуы мүмкін. Сол үшін де ажырасқанда баламен дұрыс сөйлесу және сауатты ажырасу маңызды.

- Әкесіз өскен бала ерте есейетіні рас па?

- Барлық жағдайда емес. Бірақ кейде әкесіз өскен балалар өз құрдастарына қарағанда ерте есеюге мәжбүр болады. Ата-анасының бірі жанында болмағандықтан, оның міндеттерінің бір бөлігін өз мойнына алуы мүмкін. Мысалы, жалғызбасты аналар әдетте бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Анасына көмектесу үшін бала ерте жұмыс жасап бастауы мүмкін. Ерте жұмыс жасап бастағандардың арасында үлкен жетістікке жететіндер көп. Алайда ерте есеюдің өз кемшіліктері бар. Мысалы, ол толыққанды балалық шақты көрмеген болуы мүмкін. Ал ол оның эмоционалды жағдайына өз әсерін береді.

- Әкесіз өскен адамдар отбасы құрғанда қиналуы мүмкін бе?

⁠- Мүмкін. Толық отбасында өскен адам мен толық емес отбасында өскен адамның отбасылық өмірге қатысты көзқарасы екі түрлі қалыптасады.

Себебі кейде үй ішіндегі нашар атмосферада өскен балалар психологиялық сау отбасы қандай болатынын дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сол үшін де оларға сау қарым-қатынас құру қиынға соғуы мүмкін. Алайда токсикалық жағдайда өскен адам өз-өзімен жұмыс істеу арқылы және ата-анасына деген қарым-қатынасын өзгерту арқылы жағдайды өзгерте алады.

- Баланың өміріндегі ер адамның орны қандай?

- Жалпы, өмірде әр адамның өз орны болады. Әке - балаға алғашқы екі жылда қажет емес. Әкесі анасына қажет. Өмірінің алғашқы 2 жылында бала анасымен тығыз байланыста болады. Қарны ашса да, шөлдесе де, қорықса да, бір жері ауырса да, жаураса да анасының құшағынан, омырау сүтінен бәрін табады. Ал әкенің қызметі - анасына қамқор болу. Анасын қуаттандыру. Шаршаған кезінде қасынан табылып, арқасына сүйеу болу. Бұл дегеніміз - әкенің орны жоқ емес, әкесі баласымен қатынасты анасы арқылы орнатады деген сөз.

Ал 2 жасынан бастап бала әкесіне тікелей бауыр басады. Ер адаммен ең алғашқы қатынас тәжірибесін алады. Әкесінің бойындағы қасиеттерін сіңіре бастайды.

Сондай-ақ, физикалық тұрғыда қасында болғанымен, эмоционалды қол жеткізбейтін әкелер болады. Ол, тіпті, қиын. Бар, бірақ жоқ сияқты. Үнемі жұмыста, сыртта немесе теледидар/телефоннан бас көтермейді. Ең сорақысы, ішіп-шегіп үйіне қоқан-лоққы көрсететіндер де болады. Мұндай жағдайда да, бала өзін әкесіне керек емес сезініп өседі. Әкесіне деген сенімін жоғалтады. Нәтижесінде, есейген шағында ер адамдарды әкесі секілді қабылдай бастайды.

Тағы бір жағдай бар, әкесі физикалық болмаса да, өмірінде үлгі тұтарлық ер адам болуы мүмкін: атасы, немере ағасы, нағашысы немесе бапкері де болуы мүмкін. Сол кісілердің жылы қатынасын көрген қыз балада ер адамдарға деген оң көзқарас қалыптасады. Және өмірде де, қатынаста да ер адамдармен қиындыққа ұшырамайды.

Реклама
Реклама