Алматыдағы қоғамдық әжетханаларға қанша ақша жұмсалды және олар неге халықтың көңілінен шықпайды?

Алматыдағы қоғамдық әжетханаларға қанша ақша жұмсалды және олар неге халықтың көңілінен шықпайды? Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Алматыдағы қоғамдық әжетхана мәселесі - бұрыннан келе жатқан жүйелі проблема. Тұрғындардың бір бөлігі олардың қайда орналасқанын білмесе, ал оны пайдаланып көргендер бұны нағыз сынаққа балайды. Мәселенің ауқымын бағалау үшін іздеу жүйесіне "Алматы қоғамдық әжетханалары" деп жазу жеткілікті - жаңалықтардың басым бөлігі не бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына, не қала тұрғындарының наразылығына қатысты болып келеді.

Алматыдағы қоғамдық әжетхана мәселесі - бұрыннан келе жатқан жүйелі проблема. Тұрғындардың бір бөлігі олардың қайда орналасқанын білмесе, ал оны пайдаланып көргендер бұны нағыз сынаққа балайды. Мәселенің ауқымын бағалау үшін іздеу жүйесіне "Алматы қоғамдық әжетханалары" деп жазу жеткілікті - жаңалықтардың басым бөлігі не бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына, не қала тұрғындарының наразылығына қатысты болып келеді.

Бұл ретте оларды күтіп ұстауға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын миллиондаған, тіпті жүздеген миллион теңге бөлінеді. Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы бүгінде Алматыдағы қоғамдық әжетханалардың жағдайы қандай екенін және бөлінген қаражат қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын анықтауды жөн көрді.

Әжетханалар: қайда, қанша және қандай бағада?

Бұған дейін қазақстандық журналистер Алматыда жеке нысандарды қоса алғанда барлығы 70 санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) орнатылғанын жазған болатын. 2023 жылдың сәуірінде олардың 53-і аудандық әкімдіктер теңгеріміне берілген. Бізді нақ осы нысандар қызықтырады.

Алматының аудандық әкімдіктері жыл сайын СГТ немесе қоғамдық әжетханаларды күтіп ұстау, тазалау және жөндеу бойынша тендерлер ұйымдастырады. Біз сегіз ауданның алтауынан қажетті мемлекеттік сатып алуларды таба алдық. Солар арқылы қанша әжетхана жұмыс істейтінін, олардың қайда орналасқанын және оларды күтіп ұстауға қандай сома жұмсалатынын анықтауға болады.

Осылайша, 2026 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша Алматыда қоғамдық дәретханаларды күтіп ұстауға арналған кем дегенде алты келісімшарт күшінде, олардың жалпы сомасы шамамен 355 миллион теңге болады.

Аудандар бойынша бөлініс мынадай:

  • Алмалы ауданы - 21 әжетхананы күтіп ұстауға 84,1 миллион теңге;
  • Түрксіб ауданы - жеті әжетхананы күтіп ұстауға 81 миллион теңге;
  • Бостандық ауданы - жеті әжетхананы күтіп ұстауға 72,2 миллион теңге;
  • Жетісу ауданы - 10 әжетхананы күтіп ұстауға 46,4 миллион теңге;
  • Әуезов ауданы - кемінде алты әжетхананы күтіп ұстауға 44 миллион теңге;
  • Медеу ауданы - жеті әжетханаға 27,2 миллион теңге.

Біз келісімшарттар "күшінде" деп әдейі атап өттік, өйткені олардың кейбірі бірнеше жылға жасалған. Мысалы, Түрксіб ауданы бойынша келісімшарт биылдан 2027 жылға дейін, Бостандық ауданында - 2025 жылдан 2027 жылға дейін, ал Әуезов ауданында - 2026 жылдан 2027 жылға дейін күшінде болады.

Қалай болғанда да, келісімшарттар жасалып, қаражаттың бір бөлігі тіпті игерілген. Мемлекеттік сатып алу сайтының деректеріне сәйкес, Алматыдағы қоғамдық әжетханаларды күтіп ұстау үшін өнім берушілерге қазірдің өзінде шамамен 55 миллион теңге төленген.

Тағы бір назар аударарлық жайт бар. Құжаттарға сүйенсек, олардың басым бөлігі саябақтарда, скверлерде, Есентай өзенінің бойында немесе Панфилов, Жібек жолы сияқты ірі серуендеуге арналған көшелерде шоғырланған.

Бұл логика жалпы түсінікті: инфрақұрылымды адамдар көп жиналатын жерлерге орнатуға тырысады. Алайда, егер қажеттілік орталықтан тыс жерде, саябақтар мен скверлерден қашықта туындаса, қоғамдық әжетхана табу екіталай.
 
Тағы бір қолайсыз тұсы - осы қоғамдық әжетханаларды іздеп табу мәселесі. Егер 2GIS қосымшасына "қоғамдық әжетхана" деген сұраныс жазсаңыз, ол картада жүздеген нүктені шығарады, бірақ олардың көбі - мейрамханалар, дәмханалар және басқа да қоғамдық тамақтану орындары.

2GIS қосымшасынан скриншот

Ал қоғамдық әжетханалар картада жай ғана "туалет" деп көрсетілген. Сондықтан оларды табу, әсіресе қатты қажет болып тұрған сәтте, айтарлықтай қиын болуы мүмкін.

Соған қарамастан, қоғамдық әжетханалардың мекенжайларын біле отырып, билік оларды күтіп ұстауға бөліп жатқан жүздеген миллион теңгенің қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын көру үшін кейбірін аралап шықтық.

Тендер бойынша әжетханалар қалай тазалануы тиіс: әкімдіктердің талабы

Алдымен айта кетерлігі, мемлекеттік органдар қоғамдық әжетханаларды күтіп ұстау бойынша тендерлерде нақты және өте қатаң ережелерді белгілейді.

Мысалы, Түрксіб ауданы бойынша техникалық ерекшелікте талаптар келесідей:

  • кезекші тазалау - күн сайын әжетхананы жаппай, толық ауысым бойы жүргізіледі;
  • толық тазалау - нысанды жабу арқылы күн сайын жүргізіледі.

СГТ ауысым бойы үнемі таза күйінде сақталуы тиіс. Кабиналар бір ауысымда кемінде екі рет тазаланады. Бұл ретте толық тазалау жұмыстарына мыналар кіреді:

  • қабырғаларды, қалқаларды, есіктерді, жылытқыштарды, терезе алды тақтайларын жуу (дезинфекциялау құралдарымен);
  • унитаздар мен писсуарларды тазалау (қақты қоса алғанда);
  • едендер мен баспалдақтарды жуып, кейін кептіру;
  • айналар мен шыныларды сүрту;
  • металл бөлшектерді тазалау;
  • қоқыс шығару;
  • әжетхананың айналасындағы аумақты (бес метрге дейін) қоқыстан, қардан немесе мұздан тазарту.
Сондай-ақ барлық әжетханада сабын, дәретхана қағазы және дезинфекция мен өңдеуге арналған жуғыш заттар міндетті түрде болуы тиіс. Әрбір санитарлық торапқа жұмыс уақытында қасында болатын бір тазалықшы бекітілуі керек. Және бұзылған немесе ақау шыққан жағдайда әжетханалар жөнделуі қажет.

Қоғамдық әжетханалардың қағаз жүзіндегі сипаты осындай, енді олардың іс жүзіндегі жай-күйіне көз жеткізейік.

Тізімдегі барлық 53 әжетхананы бірдей көрсетпей, тек жалпы жағдайды жақсырақ сипаттайтын ең айқын мысалдарға назар аударатынымызды айта кеткен жөн.

Фоторепортаж: 2026 жылы Алматыдағы қоғамдық әжетханалардың жағдайы қандай?

Аудандық әкімдік мәліметінше, қоғамдық әжетханалардың бірі Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта, Алматы-1 вокзалы маңында орналасқан. Әжетхана картада да белгіленіп тұр және сырттай қарағанда мынадай.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Сәкен Сейфуллин атындағы саябақ: майысқан шүмек пен қабырғадағы сымдар

Сырттай қарағанда техникалық бөлмеге көбірек ұқсайды, бірақ "дәретхана" деген жазу тиісті жерге келгеніңізді бірден аңғартады.

Ең алдымен көзге түсетіні - есіктер. Оларды ауыстыратын уақыт әлдеқашан келген сияқты. Есіктегі майысқан іздер мен құлыптың жоқтығына қарағанда, оларды ұзақ әрі аянбай ұрғанға ұқсайды.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Іші бір қарағанда жаман емес сияқты: қалқамен бөлінген үш кабина, едендегі резеңке кілемше және қолжуғыш бар.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Бірақ кабинаға кірген бойда бәрі анық байқалады.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Ал мұқият қарасаңыз, тағы бірнеше қызықты байқауға болады. Мысалы, әрең тұрған майысқан шүмек.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Немесе қабырғадағы сымдары салбырап тұрған тесіктер. Шамасы, бұл жерде шам болуы керек еді.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

"Балалар" саябағы: мүгедектігі бар жандарға арналған есіксіз әжетхана

Сондай-ақ Түрксіб ауданындағы күтіп-ұстауға бюджет қаражаты жұмсалатын тағы бір қоғамдық әжетханаға бардық. Ол "Балалар" саябағында орналасқан. Мұнда картамен келсеңіз, нысанның түріне қарап тиісті жерге келгеніңізді бірден түсіну қиын, өйткені оның сиқы мынадай:

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Ғимаратта ешқандай жазу немесе тану белгілері жоқ. Есесіне оның сылағы қалай түсіп жатқанын және қандай материалмен жылытылғанын көруге болады.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Немесе қираған әйнектерді...

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

...қираған есіктің жанындағы жұлынып қалған сымдарды көресіз...

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Бірақ бұл тек әжетхананы күтіп-ұстаушыларға ғана емес, оны пайдаланатын тұрғындардың өздеріне де қатысты сұрақ болса керек.

Бұл әлі ішіне кірмегендегі жағдай. Ал іште мүгедектігі бар жандарға арналған, бірақ есігі жоқ бөлме табылды. Неге екені белгісіз.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Кіру оңай болғанымен, әжетхананың өзі талапқа сай жабдықталған деп айту қиын. Иә, ұстануға арналған тіреуіштер бар, бірақ дәретхана қағазы да, сабын да, жағымды иіс те жоқ.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Айтпақшы, көршілес кабиналардың түрі жаман емес. Рас, кейбірі жабық немесе бүлінген.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Есесіне ішінде дәретхана қағазы бар және мүгедектігі бар жандарға арналған кабинамен салыстырғанда әлдеқайда ұқыпты көрінеді.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Тіпті писсуарлар да бар, бұл жалпы қоғамдық әжетханаларда сирек кездеседі.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Тұңғыш президент қорының саябағы: қала орталығында сабын да, қағаз да жоқ

Салыстыру үшін дәл орталықтағы элиталық ауданда, Тұңғыш президент қорының саябағында орналасқан қоғамдық әжетханаға көз салайық.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Жалпы ішіндегі жағдай қалыпты, бірақ едені өте лас. Мұны түсірілім жүргізілген күнгі жаңбыр болғанынан және келушілердің аяқ киіміндегі балшықтан шығар деп түсіндіруге болар еді.

Бірақ талап бойынша тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін және іште ешкім болмағанын ескерсек, мұндай жағдай сұрақ туғызады.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Ал анықтап қарағанда басқа да мәселелер байқалады. Мысалы, қолжуғышта да, оның жанында да сабын атымен жоқ.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Қол кептіргіш жұмыс істемейді. Дәретхана қағазы - жоқ.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Абай мен Байсейітова қиылысындағы ақылы әжетхана: төлем автоматы істемейді

Алматыда ақылы әжетханалар да бар - кем дегенде 2GIS картасында солай көрсетілген. Солардың бірі Абай мен Байсейітова көшелерінің қиылысында, Лермонтов театрының дәл қарсысында орналасқан.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Қисын бойынша мұнда есіктер жабық тұрып, тек төлем жасалғаннан кейін ашылуы керек. Іс жүзінде олар ашық жатыр. Бірақ бұл әжетхананы пайдаланған адам келесісі ақы төлемес үшін есікті әдейі жаппай кеткен болуы мүмкін.

Ғимараттың қасбетінде, айта кетсек, қызмет құны 50 теңге екенін көрсететін үш тілдегі жазу бар. Алайда тақтайшаның өзі әбден тозған, ал төлем жасайтын автомат та, QR-код та жоқ.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Бұдан бөлек, есіктердің жоғарғы жағына әжетхананың бос немесе бос емес екенін үш тілде хабарлайтын шамдар орнатылған, бірақ олар да істемейді.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Кабиналар былай жабдықталған: бірі – дені сау азаматтар үшін де, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ортақ. Екіншісі – екі санатқа да арналған, сонымен қатар мұнда жаялық ауыстыратын үстел бар.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Десе де, жаялық ауыстыратын үстел шынымен де бар. Бірақ ол онша таза көрінбейді және қабырғадан сәл ажырап тұр.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Байсейітова көшесіндегі және Астана алаңы маңындағы жабық әжетханалар

Әрі қарай жолымызда бірінен соң бірі екі жабық қоғамдық әжетхана кездесті. Біріншісі – Байсейітова көшесіндегі скверде, Денис Тен мемориалынан алыс емес жерде орналасқан.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Тақтайшадағы мәліметке сүйенсек, ол жұмыс істеп тұруы керек еді.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Екінші әжетхана – Астана алаңына қарама-қарсы паркте, Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова ескерткішінің жанында. Бұл кабинада да жұмыс уақыты көрсетілген, бірақ ол белгісіз себептермен жабық тұр.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Панфилов көшесіндегі қоғамдық әжетхана

Панфилов бойындағы қоғамдық әжетхананы көрсетейік. Айтпақшы, кабина сырттай өте сүйкімді көрінеді. Ол Visit Center туристік дүңгіршегіне қарама-қарсы орналасқан.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Дегенмен, ішіндегі кеңістік айтарлықтай тар және онша жайлы емес.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Біз барған кезде ол жерде де сабын да, әжетхана қағазы да болмаған. Қағаз сүлгі беретін аппарат болғанымен, сүлгінің өзі табылмады.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Бұл – қаланың ең адам көп жүретін көшесі үшін мақтанарлық жағдай емес.

Әкімдіктер не дейді: қайда әжетхана мүлдем жоқ және оларға кім қарайды?

Редакция Алматының барлық аудандық әкімдіктеріне қоғамдық әжетханалардың жағдайы, саны, мердігерлер мен болашақ жоспарлар туралы ресми сауал жолдады. Жауаптар көп жайттан хабар берді.

Бірден екі аудан – Алатау және Наурызбай аудандары жергілікті бюджет теңгерімінде қоғамдық әжетханалардың мүлдем жоқ екенін хабарлады. Мүлдем. 

Қалған аудандарда әжетханалар бар, бірақ олардың жағдайы әртүрлі.

Сауалдарға берілген жауаптардан мынаны білдік:

  • Жетісу ауданында 11 тегін санитарлық-гигиеналық торап бар. Оларға "Қонаевтың саңылаулар және соқырлар қоғамы" қоғамдық бірлестігі мердігер ретінде қызмет көрсетеді. Тазалау мен күтіп ұстауға арналған жылдық келісімшарт құны 46,4 миллион теңге болады. Әкімдік мердігерлер тарапынан ешқандай заңбұзушылық тіркелмегенін, әжетханалар қажетті заттардың бәрімен қамтамасыз етілгенін айтып сендірді.
  • Медеу ауданында бар болғаны алты санитарлық торап бар, тексерулер күн аралатып жүргізіледі.
  • Түрксіб ауданында - жетеу, қызмет көрсетудің жылдық келісімшарты - 35,7 миллион теңге.
  • Әуезов ауданында бұдан да аз: бүкіл аудан бойынша небәрі үш қоғамдық әжетхана бар.

Айта кетерлігі, аудандардың ресми жауаптары бір сарында: кемшіліктер жойылып жатыр, бақылау жүргізіліп жатыр, мердігерлер жұмыс істеп жатыр.

Тек Әуезов ауданы басқаларға қарағанда шынайылық пен жауапкершілік танытып, өз міндетін мойындады:

"Халық алдында СГТ (санитарлық-гигиеналық тораптар - ред. еск.) жағдайы үшін Әуезов ауданы әкімінің аппараты жауапты. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда жауапкершілік шаралары қарастырылған... Иә, іс-шаралар барысында қызметкерлер мердігер ұйымдар тарапынан заңбұзушылықтарды тіркеді. Анықталған кемшіліктер үшін мердігерлерге айыппұл түріндегі шаралар қолданылады. Жүйелі түрде заң бұзған жағдайда, атап айтқанда үш айыппұл болса: мердігер ұйыммен келісімшартты бұзу; белгіленген тәртіппен лицензиядан айыру шараларын қабылдау қарастырылған".

Болашақ жоспарларға келетін болсақ, көптеген әкімдіктер "қаржы бөлінген сайын кезең-кезеңімен жүзеге асыру" туралы мәлімдемелермен шектелді.

Тек Медеу ауданы ерекшеленді, олар 28 панфиловшылар саябағында пилоттық жобаны бастап кеткен: жаңа форматтағы әжетхана коммерциялық нүктемен біріктірілген және ол бюджет есебінен емес, жеке кәсіпкердің қаржысына күтіп ұсталады.

Ресми ақпараттың өзіне сүйеніп, мынадай қорытынды жасауға болады: қалада әжетхана аз, олар тең бөлінбеген, ал сегіз ауданның екеуінде олар мүлдем жоқ.

Алматы әжетханалары төңірегіндегі даулар: Soft Engineering және Сайранды жаңғырту

Біздің материалымыз әжетханаларға жұмсалған миллиондаған шығындар туралы тақырып көтеріліп отырған алғашқы жағдай емес. СГТ төңірегінде жүздеген миллион бюджет теңгесі көптен бері айналып жүр және бұл көп жағдайда аса сәтті бола қоймады.

142 миллион теңге шығын: Soft Engineering дәретханаларының хикаясы

Мәселен, 2021 жылы Алматы қаласының туризм басқармасы 20 дәретхана модулін орнатуға конкурс жариялаған. Онда "Soft Engineering" ЖШС жеңімпаз атанып, компаниямен ҚҚС-сыз 142,5 миллион теңгеге шарт жасалады. Салықтарды есептегенде келісімшарт құны 159 миллион теңге болады - бұл шамамен бір дәретхана үшін 7,9 миллион теңге.

2022 жылдың басына қарай мердігер уәде етілген жұмыстарды орындап, 2023 жылдың сәуірінде олар аудандық әкімдіктердің теңгеріміне берілді. Сол жылғы тамызда "Әділдік Жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі тәуелсіз сараптама бастамасын көтергенге дейін бәрі дұрыс сияқты көрінген. Сараптама нәтижелері, жұмсартып айтқанда, таңғалдырды.

Қоғам белсенділері тауартанушылық зерттеу жүргізіп, мемлекет қаржысына орнатылған дәретханалардың нарықтық құны 4,78 миллион теңге екенін анықтады. Яғни, олардың пікірінше, әкімдік кабиналарды орнату үшін негізсіз артық ақша төлеген. Сарапшылардың бағалауынша, 20 дәретхана әкімдікке 95,7 миллион теңгеге түсуі керек еді.

Сондай-ақ орнатылған дәретханалардың техникалық ерекшелікке сәйкестігіне сараптама жасалды. Мұнда да елеулі заңбұзушылықтар табылды. "Әділдік Жолы" қорытындысына сәйкес, құрылыс кезінде қажетті сэндвич-панельдердің орнына арзан OSB-плиталары қолданылған, ал кабиналарда міндетті автоматты есіктер мен картамен төлеу мүмкіндігі болмаған.

Кейінірек Қазақстан заңгерлер одағының Алматы филиалының төрағасы Бауыржан Мақұлбаев мердігер өз міндеттемелерін шартта белгіленген мерзімде орындамағанын мәлімдеді: барлық дәретхана модульдері пайдалануға берілмеген және жұмыс істеп тұрмаған.

"Осылайша, 20 модуль бойынша шамамен 64 миллион теңге жымқырылды деп пайымдауға негіз болды. 2023 жылғы 15 тамызда біз Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне өтініш жолдадық, ол ішкі мемлекеттік аудит департаментіне қайта бағытталды", - деді Мақұлбаев.

Мемлекеттік аудит департаменті өтініш бойынша өз тексеруін жүргізіп, мердігердің мемлекетке 142,8 миллион теңге көлемінде шығын келтіргенін анықтады. 2024 жылғы 17 қыркүйектегі нұсқама бойынша ол бұл соманы мемлекетке қайтаруы тиіс болатын.

Келесі күні Алматының туризм басқармасы Soft Engineering компаниясынан шығынды өндіріп алу туралы талап арыз берді. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Алайда бір жылдан кейін азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін бұзып, жаңа қаулы шығарды: Soft Engineering компаниясынан Алматы қаласының туризм басқармасы пайдасына 142,8 миллион теңге өндірілсін.

Бірақ мердігердің келтірілген шығынды өтеген-өтемегені белгісіз.

Сайрандағы дәретханалар: 285 миллион теңге және реконструкция мерзімінің кешігуі

Қала билігі 20 көше дәретханасы үшін соттасып жатқанда, Сайран көлін қайта жаңарту жұмыстары басталды, оның құны 12 миллиард теңге болды. Су қоймасының айналасын абаттандыру кем дегенде бес қоғамдық дәретхана, фуд-корттар, полицияның модульдік кабиналары мен құтқару бекеттерін орнатуды қамтыды. Тек осы инфрақұрылымның өзіне 285 миллион теңге бюджет бөлінді.

Еске салсақ, Сайранды қайта жаңарту жұмыстарының айналасында дау көп болды. Жұмыстар 2025 жылдың мамырында аяқталуы тиіс еді, бірақ олай болмады. "Павлодар өзен порты" АҚ түріндегі мердігер мерзімдерді кешіктірді, ал тамызда әкімдік оны сотқа берді. Нәтижесінде компаниядан 23,2 миллион теңге айыппұл өндірілді.

Десе де қайта жаңарту жұмыстары тоқтаған жоқ, 2026 жылдың басында көл жағасында әлгі инфрақұрылым пайда болды. Бірақ дәретханалардың жұмыс істемейтіні анықталды. Ақпанның басында әкім орынбасары Алмасхан Сматлаев бұл жағдайға түсініктеме беріп, "жақын арада" бәрі ретке келетініне сендірді.

"Қоғамдық дәретханаға келетін болсақ, жақын арада, 15 ақпанға дейін мердігер ұйым оны толықтай ретке келтіреді. Осыдан кейін қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы нысанды қабылдап алады және ол жұмыс істейтін болады", - деді шенеунік өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ал біздің оқырмандар бұған керісінше пікір білдірді:

"Маңайда не кофехана, не басқа мекеме жоқ. Мен тіпті ересек адамдардың басқа амалы болмағандықтан, бұталардың немесе ағаштардың артына баруға мәжбүр болғанын бірнеше рет көрдім. Инфрақұрылым бола тұра бұл ақылға қонымсыз көрінеді: дәретханалар салынған, бірақ оларды пайдалану мүмкін емес".

Өткен айда редакция журналистері уәде етілген инфрақұрылымның қайсы жұмыс істеп тұрғанын тексерді. Әрине, бұл тұрғыда бәрінен бұрын әжетханалар қызықтырды. Сонымен, бес нысанның төртеуі ашық болды. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бір санитарлық тораптың "қысқы кезеңнен кейінгі консервациялау жұмыстарына" байланысты уақытша жабылғанын түсіндірді.

Не де болса, бұл жағдайда бір дәретхананың істемеуі жаман көрсеткіш емес, алайда олқылықтарсыз болмады. Тілшіміз атап өткендей, тексеру кезінде кабиналардың ешқайсында сабын да, майлық та, басқа да гигиеналық құралдар болмаған.

Қазір жағдай оңалды деп үміттенеміз.

Неге қоғамдық әжетханалар - қалалық орта сапасының көрсеткіші

Қоғамдық әжетханалар назар аударуға тұрмайтын ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Әсіресе басқа мәселелердің аясында.

Бірақ бұл - қаланы абаттандыру мен адамдарға деген көзқарас туралы баға беруге болатын қалалық инфрақұрылымның маңызды бөлігі. Әжетхана жасына, мәртебесіне, жергілікті тұрғын немесе турист екеніне қарамастан, барлығына ортақ негізгі қажеттілікті өтеу үшін қажет. Оның үстіне, әжетханаға бару қажеттілігі кез келген уақытта туындауы мүмкін. Және бұл - денсаулық мәселесі.

Билік мердігерлерге қомақты қаражат төлеп, ал әжетханалар жабық, қолжетімсіз немесе қарапайым гигиеналық құралдармен жабдықталмаған болса, бұл тек ақша туралы ғана емес, жұмысқа деген көзқарас пен мемлекет қаражатына да, адамдарға да деген қарым-қатынас туралы.

Тағы бір жағы - адамдардың қоғамдық әжетханаларға деген көзқарасы. Көріп отырғанымыздай, оны пайдаланатындар да аса ұқыпты емес. Нәтижесінде бәрі таза әжетханаға барғысы келеді, бірақ оны табу қиын.

Авторы: Александр Григорянц 

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама