Алматыда белгілі хирург Нұртас Қазыбаевтың құрметіне мемориал ашылды
Алматыда белгілі хирург Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш тақта орнатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мемориал Төлебаев және Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан. Ол көрнекті хирург тұрған үйдің алдына қойылды.
Салтанатты ашылу рәсімін Нұртас Қазыбаевтың жақын досы, ғалым Алмаз Шарман өткізді. "Біздің Нұртас өз заманының үздік хирургтарының бірі болған. Оны "халық академигі" деп атаған. Оның өмірі өте қысқа болса да, Нұртас артынан тамаша із қалдырды. Әріптестеріміздің арасында біз оны дарынды хирург деп атайтынбыз, емделушілер арасында - "қолы алтын адам", ал достардың арасында - жақсылық жаршысы", - дейді Алмаз Шарман.
Нұртас Қазыбаевты еске алуға жақындары мен белгілі ғалымдар, сондай-ақ, еліміздің мемлекет қайраткерлері жиналды. Айта кетейік, хирургтің мемориалы оның әкесі - журналист, жазушы және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың ескерткіш тақтасының жанында орнатылды.
Академик Көпжасар Нарибаевтың айтуынша, Нұртас Қазыбаев өз халқының лайықты ұлы бола алған. "Нұртас, амал не, бізді ерте тастап кетті, бірақ артынан үлкен мұра, жақсы істер мен атын қалдырды. Нұртас әкесінің ұлы болып туса, өмірінің соңында бүкіл қазақ халқының ұлы болып кетті. Адамдар оны жақсы көретін. Шынында да, ол алтын қолды хирург еді. Ол өте күрделі оталарға білек сыбана кірісетін, ем жасауға өзінің барлық күші мен жан-дүниесін салатын. Ол скальпельмен ғана емес, жақсы сөздерімен де емдеген. Өкінішке қарай мұндай дәрігерлер өте аз", - дейді академик.
1995 жылы талантты хирург Нұртас Қазыбаевты Совминов ауруханасына шақырған, ол қазіргі Президент ісі басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы. Бір жылдан кейін ол мекеменің хирургиялық бөлімін басқарды.
"Ол 36 жаста болғанда оны біздің клиникаға көшуге көндірдік. Оның келуімен үлкен өзгерістер басталды, хирургияға деген көзқарас өзгерді. Нұртас Кәкімжанұлы батыл болған, ол тәжірибемен қатар ғылыми білім алуды қатар алып жүрген, өзінің тәлімгерімен кеңесіп, хирургияны өте жоғары деңгейге көтерген. Оны бүкіл медицина әлемін білген, оған күндіз-түні қоңырау шалатын. Телефонын ешқашан сөндірмейтін. Ол өмірді, адамдарды өте жақсы көрді. Көзге жылт етіп көрінді де жоқ болды. Ол барлығына үлгеретін, бірақ өзіне қамқор болмады", - деді аурухананың вице-президенті Шолпан Аюпова.
2011 жылы медициналық мекемеде интервенциялық кардиология бөлімшесі ашылды. Оған басшы болуға Данияр Маханов шақырылған.
"Нұртас Қазыбаев туралы дәрігер және хирург ретінде естімеген болатынмын, жеке өзімен 2011 жылы ғана таныстым. Бізде қалада хирургтер көп, бірақ олардың арасында аңыз адамдар бар. Бөлімшенің ашылуына әкімшілікпен қатар Нұртас Қазыбаев үлкен көмек көрсетті. Ол маған дәрігер таңдауға дейін кеңестер беретін. Ол өзінің мәртебесіне қарамастан, адамдармен қарапайым, еркін сөйлесетін. Ол тыңдай білетін, нақты кеңес бере алатын.
Ең бастысы маған оның адамгершілік қасиеті ұнайтын, ешкімге жоқ демейтін. Адамдар келіп сұрайды, ол ота жасады. Ол өте тартымды кісі еді: онымен сөйлескен әйелдердің барлығы жайнап кететін. Олар Нұртасқа ұнауға тырысатын, себебі мұндай адамның назары қымбат тұрады. Құттықтау кезінде ол әрдайым жүргізуші болатын және кез келген қызметкерге күлкі сыйлап, бетінен сүйетін. Оның ауруханадағы барлық дерлік қызметкердің атын жатқа білетініне таңғалатынмын, себебі олардың саны 1500-ден асады", - деді Маханов.
Хирург әріптестерінің айтуынша, Орталық клиникалық ауруханаға келгеннен кейін ол ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында түбегейлі өзгеріске әкелетін шаралар қабылдауға шешілетін. Нұртас Қазыбаев бұрынғы Совминкада операциялық блок құрып, оны барлық жаңа құралдармен батыс үлгісі бойынша жабдықтай алды. Одан кейін дарынды хирург жанына жас және бастамашыл көмекшілерді жинап, оларды шет елге оқуға жіберген.
"Білімі мен еңбекқорлығының арқасында Нұртас мұны жүзеге асыра алды. Нұртастың әріптестері оны құрметтеп, жақсы көретініне ризамын. Кей дәрігерлердің кабинетіне кіргенде Нұртастың портреті ілініп тұрады. Демек, оның есімі мен жасаған істері ұмытылмайды", - деді академик Көпжасар Нәрібаев.
Consumor aliis inserviendo - осындай қысқа латынша анықтама Нұртас Қазыбаевтың жарқын өмірін сипаттайды. Ол "біреуге жарық жол көрсетіп, өзім жанамын" деген мағынаны береді.
"Нұртас көп адамның есінде. Ол ота жасаған, туыстары мен жақындарын құтқарған емделушілерді жиі кездестіремін. Мен Нұртасты мақтан тұтамын, себебі ол мыңдаған адам өмірін құтқарып қалған. Ол кеткен кезде біз Нұртастың 30 жылдық карьерасында жасаған жұмыс көлемін толық түсінбеген екенбіз, - дейді белгілі хирург Батыр Қазыбаев. - Есімде, ол оқып жүрген кезде үйде хирургиялық құралдар болған. Көрпе есімде, оны кесіп қайта-қайта тігетін. Нұртас өзінің хирургиялық дағдыларын үнемі жетілдіру үшін, оң және сол қолымен бірдей ота жасайтын. Сол кезде мен бұл хирургтің ұзақ жолының бастамасы ғана екенін түсінбегенмін, ол өз науқастарын аурумен бетпе-бет қалдырмауға тырысатын, тіпті олармен өмірінің соңғы минутына дейін қалған кездері болған".
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, комиссияның соңғы отырысында қалада мемориалдық тақталарды орнату бойынша 74 өтініш қаралған. Олардың 14-і ғана мақұлдау алды.
2013 жылы хирург Нұртас Қазыбаев туралы фильм түсірілді.
Нұртас Қазыбаев 2012 жылдың 5 тамызында 54 жасында қайтыс болған. Өз карьерасында ол 30 мыңға жуық ота жасап, 5000-нан астам үміті үзілген науқасты құтқарған. Ол 50-ге жуық ғылыми жұмыс жазып, құрсақ қуысының әр түрлі ауруларын емдеудің 5 хирургиялық тәсілдерін ойлап тапқан. 2011 жылы кәсіби еңбегі үшін "Құрмет"орденімен марапатталған.
Нұртас Қазыбаев, "Құрмет" ордені табыс етілгеннен кейін
Нұртас Қазыбаев хирургия саласындағы өнертабыста бес патенттің иегері және Қазақстандағы лапароскопиялық хирургияның әкесі саналады. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президент ісі басқармасының Орталық клиникалық ауруханасында заманының ең үздік хирургтерінің бірі саналатын Нұртас Қазыбаевтың құрметіне ескерткіш тақтасы ортатылды.