Әнші Байғали Досымжанов
Тәтті ән, әсем күй адам жанының рухани азығы. Біздің еліміздің тұрмысы шат, көңілді, мәдениетті, халқымыз өнер шеберлерін құрметтейді, әрқашанда оларды естерінен шығарған емес. Ұлттық опера өнеріміздің керегесін кең жайып, шаңырағын биік көтерген Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты ілгері буын өнерпаздарымызды айтқанда, солардың із-өкшесін баса шыққан Байғали Досымжановты атамай кетуге болмас. Халқымыздың рухани жан қазынасына жататын ән, күй, жыр байлықтарын халқымызға жеткізіп, сары майдай сақтап, болашақ ұрпақтардың игілігіне айналдырушы опера орындаушысы шеберлерінің бірі Байғали Досымжанов. Ол өзінің опералық шебер артистігімен, күшті, асқақ үнімен, табысқа жету жолында қайтпас қажырымен көпке танылған, үлкен дарыны бар опера әншісі Байғали Досымжановтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде Байғали Досымжановтың жеке тектік қорында сақталған құжаттарының деректері бойынша, ол 1922 жылдың 20 қаңтарында ұлы Абайдың туып-өскен жерімен шектесетін Дегелең тауының етегінде дүниеге келген. Он жасында жетім қалып Барнаул қаласының балалар үйінде тәрбиеленгенін, онда балалар музыкалық мектебінің фортепиано класында оқығанын, 1935 жылы мектеп дирекциясы Алматыдаға Чайковский атындағы музыкалық-драма техникумына жолдама бергенін, ол осы техникумның фортепиано құд/пионистер/ бөлімінде екі жыл оқып, кейін әншілер дайындайтын бөліміне ауысқанын айта кету жөн. Техникумда Қазақ КСР-нің халық артисі профессор Евгений Васильевич Ивановтың класында ән айту өнерінің қыры мен сырын меңгеруге ден қояды. Өйткені, болашақ әнші-әртістің өнерге деген тұңғыш адымы осы музыкалық оқу орнынан басталды. 1939 жылы Москваның П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясының жанындағы Қазақ студиясына оқуға жіберілген Б.Досымжанов ән өнері бойынша қазақтың композиторлары Мұқан Төлебаев, Рамазан Елебаевтармен бірге консерватория профессоры Елизавета Федоровна Петренконың класында сабақ алады. Ұлы Отан соғысы басталғанда қолына қару алып Отан қорғауға қатысады. Байғали Досымжанов алдыңғы майдан шебінде мәдени қызмет атқаратын концерттік бригадаларында әнші болып майдандағы жауынгерге рухани күш силауға көп еңбек етеді. Кейіннен арнайы шақырылып бүкілодақтық әскери ансамбльдің жетекші әншісі болады. Соғыстың соңғы жылы халықпен бірге қажырлы күресте Халық комиссарлары Кеңесі жанындағы Мәдениет комитеті нен шақырту алып Алматыдағы әуелі Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында солист болып, кейіннен қазақ өнерінің қара шаңырағы Абай атындағы опера және балет театрына жетекші әнші болып қызмет атқарады. Әнші-артист қазақтың опера өнеріне осылайша келеді.[1]
Байғали Досымжанов творчествосының шоқтығы биік дарын иесі, баршамызға танымал әнші, еңбегін халқымыз біледі. Ел өзінің лайықты бағасын берген ол – Қазақ ССР-нің халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. 1965 жылдан 1967 жылдар аралығында Абай атындағы опера және балет театрының көркемдік жетекшісі, 1964 жылдан өмірінің соңы 1998 жылға дейін бас режиссері болып қазақ опера театрының дамуына мол үлес қосқан талантты ұлдарымыздың бірі. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында ұстаздық етіп жүздеген шәкірт дайындаған ұлағатты ұстаз. Көптеген опералық спектакльдерде тұтас бір сахналық образдар галлериясын жасаған, отыздан аса опералық образдарды сахнаға шығарған. Шетел, орыстың және қазақтың классикалық операларының басты кейіпкерлерінің музыкалық партиясының тұрақты орындаушысы. "Дайсидегі" өркөкірек батыл грузин Малхаздың, "Ромео және Джульеттадағы" – Ромео, Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсындағы Ленскийдің, "Май түніндегі" Левконың ролдеріне қоса қазақ операларындағы сүйікті кейіпкерлер Төлеген, Біржан, Айдар, Ахмет тағы басқа көптеген рольдер ойнауында көрушісіне қатты әсер ететін образдарды сомдаушы. Әр образдан қайталанбайтын ерекшелік, өзіне лайықтап пішілген қадір-қасиеті болған.[2]
.... Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Төлеген Тоқтаров" операсындағы композитор Рамазан образын орындау Байғали ағамыз үшін өте қатты соққан екен, оның себебі де жоқ емес Рамазан Елебаев өзімен Москваның П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясының жанындағы Қазақ студиясында бірге оқыған досы болған. Байғали ағамыз "... Өнер жолы инемен құдық қазғандай дегенді қазақ атамыз бекер айтпаған ғой. Мұның әрқайсысы әрқалай, бірақ соның ішіндегі ең бір қимастық біреуін айтып берейін. Біз соғыс бітісімен "Төлеген Тоқтаров" операсын қойдық. Осында менімен бірге Москва консерваториясында оқыған Рамазан Елеубаев образы бар. Рамазан өзімнің жан аямас досым еді. Өзі жастайынан талантты композитор болатын, сол операның бітер шағы Рамазан Сәкен сөзіне жазылған "Жас қазақ" әнімен аяқталатын. Театр коллективі Рамазан рөлін маған берді. Өте бір аянышты да аяулы достың, бірге жүріп, бірге тұрып, бірге оқыған достың образын жасау менің жанымды жегідей жеді. Ойнамауға тағы болмайды, онда мәңгілік көзі жұмылған дос бейнесін ұмытқан боласың. Көре көзіңше дос бейнесін ұмыту, ол онан да жаман ұят. Ақыр соңында нар теуекелге бел байлап ойнап шықтым. ..." деп радио хабарда ағынан жарылған екен. Қазақтың біртуар композиторы Мұқан Төлебаев Байғали ағамыздың досы, ақылшы ұстазы болғанын ол кісіні қатты құрмет тұтқанын әрдайым айтып та, жазып жүрген. М.Төлебаевтың туғанына 70 жыл толуына орай 1983 жылы "Искуство Казахстана" журналындағы "Слово о друге" атты мақаласында "Біржан-Сара" операсын жазып отырғанда Мұқан Төлебаевтың өз қолымен жазылған алғашқы Біржанның орталық арияларының екі нотасын орындауға бергенін және сол нотаны әлі өзі көзінің қарашығындай сақтап жүргені туралы жазған екен.
Ал 1948 жылы осы опера сахнаға шыққаннан кейін М.Төлебаев, операны қойған қоюшы режиссер Құрманбек Жандарбеков, дирижер Григорий Столяров, суретшісі Анатолий Ненашев, Біржанды сомдаған Байғали Досымжанов және тағы да басқа әртістер КСРО-ның мемлекеттік сыйлығын алғаны туралы да баяндаған. Мұқан Төлебаевтың аяқтай алмай кеткен "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" операсындағы Қозының арияларын ұстазы досы ретінде алғаш өзіне орындатқаны жайлы зор мақтанышпен кішкене ғана мақаланың ішінде ерекше бір толғаныспен жеткізіп отырған.[3]
Осынша ұлы еңбектерінің арқасында 1947 жылы "Қазақ КСР-на еңбегі сіңген артист" атағы, одан соң театрдың 20-жылдық торқалы тойында "Қазақ КСР-нің халық артисі", 1986 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының профессоры атағын алғаны өнерпаз жолының баянды да бағдарлы жемісінің белдері болса керек.[4]
Байғали Досымжанов опера әншісі, камералық әнші, режиссер сонымен қатар үлкен ақылшы үнемі жас ізбасарларына кеңес беріп, жетпей жатқан шеберлігі болса бетіне ашық айтып, жетістігі болса ырза көңілін білдіріп отырған қазақ өнерінің дамуына шексіз үлес қосқан дарын иесі.
Режиссерлігі туралы келесі бір мақаламызда толығырақ жазуды жөн көріп отырмын, өйткені отыз жылдан аса уақыт режиссерлік еткен кезеңде көптеген операларды сахнаға шығарған, әрқайсысының қазақ опера өнерінде алатын орны ерекше.
Нұрдәулет Купесов
Орталық мемлекеттік архиві жеке қорлар және тарихи
құжаттарды топтастыру бөлімінің жоғары санаттағы архивисі