Ақ халатты абзал жандар

Ақ халатты абзал жандар Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Тоқтаған жүрекке тігілетін қантамырдың жуандығы сіріңкедей ғана. Оған дәл тигізу үшін дірілдемейтін нық қол керек. Бейсенбі, 18 маусымда Tengrinews.kz тілшісі Ақордада сол қолдың бір-біріне айқаса түйісіп, қимылсыз қалғанын көрді.

Тоқтаған жүрекке тігілетін қантамырдың жуандығы сіріңкедей ғана. Оған дәл тигізу үшін дірілдемейтін нық қол керек. Бейсенбі, 18 маусымда Tengrinews.kz тілшісі Ақордада сол қолдың бір-біріне айқаса түйісіп, қимылсыз қалғанын көрді.

Қателесуге құқығы жоқ қол

Президент медицина қызметкерлерін марапаттады. Атыраулық кардиохирург Алексей Ким бос тұрған алтын жалатылған орындықтар арасында жалғыз отырды. Ол Астанаға бір күн бұрын ұшып келген, өзіне қандай марапат берілетінінен бейхабар еді.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Мен одан адамның жүрекке ота жасауға бел бууы үшін өмірінде не болуы керектігін сұрадым. Ол ерекше ештеңе болмағанын айтты:

- Бәрі кездейсоқ болды, бұл туралы тіпті ойламаған едім. Институттан кейін кардиохирургия бойынша мамандануға шақырды. Мен келістім.

- Кардиохирург болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?

- Бұл салаға стреске төзімді жандар келуі тиіс. Кардиохирургия қарапайым қателікті де кешірмейді. Жүрек тоқтайды, оның қызметін аппарат атқарады. Егер кішкене ғана мүлт кетсең, науқас дәл ота үстінде инсульт алып қалуы мүмкін.

Кардиохирургтың саусақтары біреу келіп киімін түзеп немесе бағыт-бағдар айтып қолын тигізгенде ғана жазылатын.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Алексей Ким диктофонды өшіруді және мүмкін болса, ол туралы жазбауды өтінді. Бірақ сол сәтте ол мен айтпай қоя алмайтын қол туралы осы хикаяның бір бөлігіне айналып үлгерген еді.

Дәрігер-фармаколог Ғазиза Смағұлова мәселе қолда ғана емес екенін түсіндірді.

- Дәрігер - бұл қол, жүрек және ақыл. Ақылмен ойлайсың, жүрекпен демеу боласың, ал қолмен көмектесесің. Бұның бәрі біртұтас дүние, - деп жауап берді Смағұлова мен қол туралы сұрағанымда.

Ол да Ким сияқты өзіне қандай марапат берілетінін білмеді. Бірақ жүзінен жылылық есіп тұрды.

- Бұл марапат маған ғана тиесілі емес. Біздің бүкіл әулетіміз медицина қызметкерлері: ата-анам да, жолдасым да дәрігер болған, ұлым мен келінім де дәрігер. Бәріміз осы саладамыз.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Алексей Кимнің саусақтары тағы да айқасты. Оның ғана емес, бүкіл зал дерлік осылай отырды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Шапалақ соққан қол

Залға Президент кіргенде, дәрігерлер қол соқты. Маған Ақордадағы әдеттегідей қол соғулардан ұзағырақ болғандай көрінді. Қол ақыры жазылды.

Тоқаев жиналғандарды Медицина қызметкерлері күнімен құттықтап, медицинаны ең қадірлі мамандықтардың бірі деп атады. Залдағылар әр сөйлем сайын ду қол шапалақпен жауап беріп отырды.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Келтірілген деректер ішінде бірі жадымда қалды: үш жыл ішінде елдегі сәби өлімі  төрттен бірге жуық азайған. Залда осы көрсеткішке еңбегі сіңген жандар отырды.

Жаңа заң туралы да айтылды. Биылдан бастап дәрігерге қол көтергендерге қатысты қылмыстық бап қолданылады.

Ең заманауи ауруханалар мен озық құрал-жабдық – жұмыстың басы ғана, деп атап өтті Тоқаев Үкіметке қарата айтқан сөзінде. Дәрігерлер тапшы, мұның зардабын әсіресе ауылдық жерлер тартып отыр.

Президент Астана медицина университетіне ұлттық мәртебе мен Төрегелді Шармановтың есімін беру ұсынысын қолдады.

Төрегелді Шарманов - академик, дәрігер-гигиенист және нутрициолог, бұрынғы Қазақ КСР-інің денсаулық сақтау министрі. Оны Қазақстандағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінің негізін қалаушылардың бірі деп атайды. Сондай-ақ Шарманов Қазақ тағамтану академиясын құрып, көп жыл бойы ұлт саулығы мәселелерімен айналысты. Ол 2024 жылы 94 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Қарағанды медицина университетіне - Петр Поспеловтің есімі берілмек. 

Петр Поспелов - Қарағанды мемлекеттік медицина институтының алғашқы ректоры, бұл оқу орнын 1950 жылдан 1974 жылға дейін басқарған. Облыстық денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырушылардың бірі болды, облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарды, ал соғыс жылдарында Қарағандыдағы эвакуациялық госпитальдарға жетекшілік етті. Медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері.

Бұл жаңалықты да дәрігерлер қошеметпен қарсы алды.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Жиын соңында Қазақстан мақтана алатын жетістіктерге кезек келді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі Конституцияда бекітілген, ал жұмыс орны сақталатын үш жылдық декреттік демалыс, Президенттің айтуынша, Батыс елдерінде де жоқ.

- Мен Батыста, атап айтқанда, Швейцарияда жұмыс істеген кезде осы мәселені зерделедім. Швейцарияда және басқа да Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ. 

Содан кейін Тоқаев Қарағанды облысынан келген хатты оқып берді. Облыстық аурухана дәрігерлері оқыс жағдпайға тап болған төрт жасар баланы аман алып қалған. Жақындары дәрігерлерге алғыс айту үшін Президентке хат жазыпты. Бұл жолы шапалақ үні әдеттегіден қатты шықты.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Марапатқа үйренбеген қол

Марапатталған қырық бір адамның арасында елордалық орталықтардың жарық жұлдыздары да, аудандық аурухананың медбикесі де, лепрозорий дәрігері де болды. Барлығына ортақ тұжырым: "отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі және халық денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін".

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Салтанатты сәтте іске үйренген қол тағы да қайда барарын білмей тосылып қалды. Оны түсінуге болады.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Қол қалтаға қарай созылғанымен, жол ортада қозғалмай қалды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Бұл тұрғыда әйелдерге сәл оңайырақ болды: марапатпен бірге оларға гүл шоқтары табысталды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Жай қол

Рәсімнен кейін қол тағы да іс тапты: журналистер, микрофондар, осыдан кейін барып марапаттың өзін анықтап көруге мүмкіндік туды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Константин Хаиров балаларға тоқсаныншы жылдардан бері ота жасап келеді. Одан өзінің басты құралы - қолына қалай қарайтынын сұрағанымда, ол иығын көтеріп, белгісіздік танытты.

- Ерекше мән бермеймін, - деді балалар хирургі.

Сол сәтте ол орден салынған көк қорапшаны екі қолымен ұқыпты ұстап тұрды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

- Дәл солай жұмыс істейміз, дәл солай шеге де қағамыз, - деп оның сөзін жанында тұрған астаналық балалар хирургі Азамат Оразалинов қостап кетті.

- Қажет болса, қыста қар да тазалаймыз, - деп толықтырды Хаиров.

Ол қолына ерекше мән бермейді. Бірақ бұл қол отыз екі жыл бойы ота жасау үстелінде дірілдеп көрген емес және алты мыңнан астам отаны сәтті өткізді. Құтқарылған жандарды санау мүмкін емес дейді ол.

- Неге екенін әлі күнге дейін білмеймін, бірақ балалар хирургиясын таңдадым. Бір күн де өкінген емеспін. Балалар мен олардың ата-аналарына қуаныш сыйлаған ұнайды.

Оның ең кішкентай пациенті дүниеге келгеніне небәрі үш-ақ сағат болған сәби еді.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Көрші залда ешқашан дірілдемейтін басқа қолдар да көк қорапшаны ұстап тұрды. Алексей Кимнің кеудесіне "Шапағат" медалі тағылған. Ал ол болса, марапатқа тиесілі куәлік пен бос қалған қорапты әлі де көз алмай қарап тұр. Өзіне берілгеніне сенбей, тексеріп жатқандай.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Авторы: Айсұлтан Құлшыманов

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама