Жаман Қарғалы өзені бойындағы резиденция балаларға сол күйі берілмеді.
Ұзаққа созылған бюрократиялық кедергілерден кейін шенеуніктер резиденцияны басқа ғимаратпен алмастыру туралы шешім қабылдады. Tengrinews.kz редакциясы оқиғаның қалай өрбігенін саралап, хронологиясын анықтады.
Бұл оқиға 2023 жылдың ақпанында, Қостанай, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбедегі президенттік резиденцияларды "балалар игілігіне" беру туралы шешім қабылданғанда басталған еді. Жергілікті әкімдіктер нысандардың кімге - балабақша, сауықтыру орталығы немесе басқа да мекемелерге берілетінін өздері анықтауы тиіс болатын.
Арада үш жыл өткенде бұл бастама қалай жүзеге асып жатыр? Tengrinews.kz редакциясы осы бастаманың іске асу барысын қадағалап отыр. Жамбыл және Қостанай облыстарындағы бұрынғы резиденцияларда арнайы балалар орталықтары ұйымдастырылғаны белгілі болды. Жергілікті аппараттар бізге суреттер ұсынып, облыс әкімдерінің қазір қайда тұратынын айтып берді.
Бұл материал - мақалалар топтамасының жалғасы. Онда біз Ақтөбе облысындағы резиденцияның тағдыры не болғанын, оны неге балаларға бере алмағанын және өңір басшысының қайда тұратынын анықтаймыз.
Ақтөбе облысындағы президенттік резиденцияның күрделі тағдыры
Мұнда президенттік резиденцияны балалар игілігіне беру ісі басынан-ақ оңбады. Нысан қала сыртында, Жаман Қарғалы өзені жағасында орналасқан. Территориялық жағынан "Украинка" тұрғын алабына тиесілі, оған Ақтөбе - Орск тасжолынан баруға болады. Бір кездері резиденция корпустарының бірінде тіпті Ералы Тоғжанов сияқты жергілікті әкімдер тұрған.
Алғашында жергілікті шенеуніктер журналистерге ғимаратты теңгерімнен шығару процедуралары жүріп жатқанын айтқан болатын. Резиденцияны "Үміт" балалар үйіне беру жоспарланған еді.
Кейін резиденция аумағы ERG құрамына кіретін "Қазхром" трансұлттық компаниясына тиесілі екені белгілі болды. Ал мемлекет меншігінде оның бір ғана корпусы болған.
"Солнечный" ауданында қатар тұрған екі нысан бар. Оның бірі - "ТНК "Қазхром" АҚ-ға тиесілі резиденция. Бұл нысанды компания өз қажеттілігі үшін салған және пайдаланып отыр, оны беру немесе сату жоспарда жоқ. Іргелес аумақта жеке орналасқан екінші нысанды Ақтөбе облысының әкімдігі салып, пайдаланып келеді", - деп 2023 жылы ERG баспасөз қызметі журналистерге жағдайды түсіндірген еді.
Содан кейін әкімдік резиденцияға баратын бөлек жол салу үшін жаңа жер учаскесін бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Алайда 2024 жылдың қаңтарында облыс басшысы Асхат Шахаров жоспардың өзгергенін хабарлады: балалар бұл нысанды алмайды, оның орнына басқа ғимарат табылған.
"Жақын арада бұл мәселеге нүкте қоямыз. Біздің ойымызша, резиденция деп аталатын бұл үй қала аумағындағы балалар мекемелеріне қойылатын ешбір талапқа сай келмейді. Осыған байланысты біз "Қазхром" компаниясы барлық жағдай жасалған жаңа ғимарат сатып алады деген келісімге келдік. Біз оны қала орталығынан таптық. Жүз орындық ғимарат, негізінен бұл біздің ойымыздан шығады. Сонымен қатар, балалардың серуендеуіне және көлік қатынасына жағдай жасау үшін көршілес учаске де сатып алынады", - деп келтірді Шахаровтың сөзін жергілікті БАҚ.
Сол жылдың желтоқсанында ОКҚ-да өткен брифингте Tengrinews.kz тілшісінің сұрақтарына жауап бере отырып, Ақтөбе облысының әкімі резиденция ғимаратының неге балаларға жарамсыз деп танылғанын түсіндіруге тырысты:
"Шын мәнінде ол жер өте кішкентай, ауданы шамамен 300 шаршы метр. Біз ұзақ ойландық. Онда көптеген ұжымдарды орналастыру керек еді, бірақ шаршы метрі мүмкіндік бермеді. Біз ERG компаниясымен қолайлырақ ғимарат сатып алатын болып келістік. Қазір қала орталығынан үш қабатты ғимарат сатып алдық. Онда біз үшін өте өзекті болып табылатын балаларға арналған "Жан ахуал" психологиялық орталығы ашылды. Білім басқармасы оны өз теңгеріміне алды".
Ол кезде ол әкімдікке тиесілі президенттік резиденция корпусының "бос тұрғанын" және пайдаланылмайтынын айтты. Бұл ретте Асхат Шахаров әкімдіктің бос тұрған ғимаратқа қатысты қандай жоспары бары және онда басқа ұйымдарды орналастыру әрекеттері бола ма деген сұрақтарға жауап бере алмады.
Резиденция аумағындағы ғимараттың жай-күйі қандай?
Қызықты дерек: Google Maps карталарында бұл нысан әлі де президенттік резиденция ретінде көрсетілген. Мұны ескірген деректерге жатқызуға болар. Дегенмен сұрақтар әлі де бар және оларға жауап табу қажет.
Резиденция аумағында орналасқан мемлекеттік ғимараттың тағдырын нақтылау үшін Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдадық.
Онда "резиденция" деп аталатын нысанның аумағы мен негізгі ғимараты әлі де "ТНК "Қазхром" АҚ-ға тиесілі екенін хабарлады.
Сондай-ақ, шенеуніктер Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасының меншігінде "жалпы ауданы 483,5 шаршы метр болатын 2008 жылы салынған ғимарат пен 0,2532 гектар жер учаскесі болғанын" айтты.
Резиденция аумағындағы жер телімі мен ғимарат Ақтөбе қаласы, Ә. Марғұлан көшесі 12 және 14 мекенжайындағы екі әкімшілік ғимаратқа айырбасталған. Бұрын ол жерде "Шырайлым" атты жекеменшік балабақша болған.
Қазір бұл ғимаратта сол баяғы "JAN AHUAL" ("Жан ахуал") психологиялық қолдау орталығы орналасқан. Оның ауданы 641,2 шаршы метр болады. Бұл бір кездері әкімдікке тиесілі болған резиденция жанындағы ғимараттан небәрі 157,7 шаршы метрге ғана артық.
Өз сауалымызда резиденцияның суреттерін де жіберуді сұраған едік. Алайда әкімдік бұны істемеді, сондай-ақ "JAN AHUAL" қолдау орталығының да суреттерін жолдаған жоқ.
"JAN AHUAL" орталығы
Содан кейін "JAN AHUAL" орталығының аумағы мен ғимаратының суреттерін өз бетімізше табуға тырыстық, бірақ бұл оңай болмады. Осы материал жарияланған сәтке дейін ұйым сайтында мұндай фотолар болған жоқ. Ал әкімдік өз пресс-релиздерінде әрдайым бір ғана суретті - міне мынаны қолданады:
Ақтөбе облысы әкімдігінің пресс-релиздерінде ғимарат ішінде түсірілген мынадай суреттер де кездеседі, бірақ олар көп нәрсені аңғартпайды.
Бұдан бөлек, әкімдік орталықты жабдықтау мен абаттандыруға 2025 жылы бюджеттен 172,3 миллион теңге, ал 2026 жылы 139 мың теңге бөлінгенін айтты.
"Орталық балалар мен олардың ата-аналарына кешенді психологиялық көмек көрсетеді, соның ішінде жеке кеңес беру, топтық тренингтер мен терапия, сүйемелдеу, шұғыл әрекет ету, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыру шараларын жүргізеді. Барлық қызметтер тегін, құпия және кәсіби этиканы сақтай отырып көрсетіледі", - деп түсіндірді әкімдіктегілер.
Орталық күніне 20-ға дейін баланы қабылдайтыны айтылады. Кеңестер 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге, олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ педагог қызметкерлерге беріледі.
- Мемлекеттік орган мәліметінше, 2025 жылы 1696 кеңес өткізілген.
- Ал 2026 жылдың І тоқсанында - 673.
Қабылдау бетпе-бет және онлайн форматта өтеді. Сонымен қатар, орталықта 8 702 031 25 22 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі бар.
Әкімдік мәліметінше, мекемеде 49 маман, соның ішінде педагог-психологтар, әдіскерлер, есепшілер, IT мамандары, кадр мамандары және басқа да қызметкерлер жұмыс істейді.
JAN AHUAL орталығын ұстау қанша тұрады?
Аймақ әкімшілігіне жолданған сауалда бұл нысанды ұстауға жыл сайын қанша қаражат бөлінетінін де сұраған едік. Бірақ жауап алмадық.
Ал мемлекеттік сатып алу сайтынан JAN AHUAL қызмет көрсетуші емес, ұйымдастырушы және тапсырыс беруші рөлінде екенін көрдік. Яғни, оны қаржыландыру осы порталда орналастырылған тендерлер арқылы жүзеге асырылмайды. Мәселен, Жамбыл облысындағы балалар орталығында бұл процесс басқаша жүреді.
Бірақ сол мемлекеттік сатып алу сайтында орталықтың тапсырыс беруші ретінде қандай конкурстар жариялайтынын көруге болады. Олардың басым бөлігі - кеңсе және шаруашылық тауарларын сатып алу. Олардың сомасы бес мыңнан миллион теңгеге дейін өзгеруі мүмкін.
Орталықтың 2024 жылдың тамызынан бергі ең қымбат сатып алулары - 4,3 миллион теңгеге кеңсе жиһазын сатып алу және 7,6 миллион теңгеге жеңіл автокөлік сатып алу туралы хабарландырулар.
Бірінші жағдайда бәрі түсінікті - жұмысты бастау үшін көптеген үстелдер, шкафтар және т.б. қажет болады, ал екінші жағдайда, техникалық ерекшелікке сәйкес, орталыққа 2024 жылдан ерте шығарылмаған кроссовер қажет болған.
Олардың тағы бір тендерін - автокөліктерді сақтандыру қызметтерін зерделегеннен кейін, сатып алу қорытындысы бойынша орталық қозғалтқыш көлемі 1590 текше сантиметр болатын қытайлық JAC S3 Pro көлігін сатып алды деп болжауға болады. Бұл шағын төрт орындық автокөліктің маркасы мемлекеттік сатып алу туралы хабарландырудың техникалық ерекшелігінде көрсетілген.
Сондай-ақ орталық 2025 жылдың аяғында "JAC S3 Pro үшін бейнетіркегіш сатып алу" атты конкурс өткізуге тырысқан. Алайда екі сатып алу да өнім берушілердің болмауына байланысты өткен жоқ.
Орталыққа бұл автокөлік не үшін қажет болғаны түсініксіз. Әсіресе, оның ғимараты қала ішінде орналасқанын және психологиялық қызмет көрсету үшін көлік қажет еместігін ескерсек.
Ақтөбе облысының әкімі қайда тұрады?
Ашық дереккөздер бойынша, аймақтың бұрынғы әкімдері "Украинка" тұрғын алабындағы резиденция корпустарының бірінде тұрған болуы мүмкін. Алайда аймақ әкімшілігінің соңғы жауабынан бұл ғимарат енді мемлекетке тиесілі емес екенін белгілі болды.
Сондықтан қисынды сұрақ туындайды: Ақтөбе облысының қазіргі әкімі Асхат Шахаров қазір қайда тұрады?
Бұл сұрақты да өз сауалымызда қойған едік. Жауап қысқа болды:
"Ақтөбе облысының әкімі 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін өзінің жеке пәтерінде тұрады".
Бұл шын мәнінде өте ыңғайлы - мұндай жағдайда әкімнің қызметтік тұрғын үйіне бюджеттен ақша жұмсалмайды.
Авторы: Никита Данилин
Дайындаған: Дина Шәріпхан