Ол біздің өтінішіміз бойынша көк галстугін тағып жатыр. Бұл - БҰҰ бітімгершілік күштері салтанатты формасының элементі.
Мен одан: "Жұмысыңыз ұнай ма?" - деп сұрап үлгердім.
Майор Әнуар Арынғазиев галстугінің ұшын кителіне салып жатып, аса байсалдылықпен: "Әрине! Бұл әлемдегі ең керемет жұмыс!" - деп жауап берді.
Сол сәтте ол біздің фотограф Болатпен бірге ду күлді. Мен аң-таң болып қалдым. Екеуі күлкісін әрең тыйып, жарыса: "Бұл "Қаһар" фильмінен алынған үзінді ғой", - деді.
Білген адам түсінеді. Өз араларындағы әзіл екен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өрбитін оқиға туралы "Қаһар" фильмінде танкистің өз қызметі туралы сұраққа: "Бұл әлемдегі ең керемет жұмыс!" - деп жауап беретін тұсы бар. Ал айналасында қиян-кескі ұрыс, алай-дүлей болып жатады.
Осыдан бір апта бұрын ғана Арынғазиев оқ пен оттың ортасында жүрген еді. Ол БҰҰ күштерінің екінші қазақстандық контингенті құрамында Голан жоталарынан оралды. 29 мамырда бүкіл әлемде атап өтілетін Бітімгерлер күні қарсаңында Tengrinews.kz тілшісі онымен тілдесіп қайтқан еді.
"Әлемдегі ең керемет жұмыс"
Майор Әнуар Арынғазиев Голан жоталарында жүрген кезінде бізге көптеген фото және видео жолдаған еді.
Міне, олар сыртында ағылшынша "UN", яғни "БҰҰ" деген жазуы бар әскери техникамен колонна болып келе жатыр. Кадрда пальмалар, төбелер көрінеді, бірақ айналаның бәрі үйінді мен қираған үйлер болғандықтан, көрініс өте суық әрі қорқынышты әсер қалдырады. Кейбір видеодан атылған оқ дыбыстары естіледі.
Ал мына бір ғимаратта Қазақстан туы желбіреп тұр - шамасы, бұл бітімгершілік базасы болса керек.
Оқ-дәрілерді залалсыздандырып жатқан саперлер тобының суреті де бар - алыста тұтас бір мина даласы жатыр.
Мұнда олар біз "түрік кесесі" деп атайтын кішкене шынымен шай ішіп тұр. Қастарында сириялық бала жүр - бітімгерлерге шай ұсынып, қонақ қылған сол сияқты.
Ол жіберген суреттердің кейбірін этикалық себептерге және басқа да шектеулерге байланысты жариялауға болмайды.
Осының бәрі майор Арынғазиев үшін кеше ғана өмір болатын. Ал қазір біз онымен Алматыдағы Бітімгершілік операциялар орталығында бірге отырмыз. Ол кадрдағы көріністерді түсіндіріп, Сирияға қалай тап болғанын; жергілікті халыққа бітімгерлер неге қажет екенін қалай түсіндіргенін; неге мәдениеттануды оқығанын және бұған арабика кофесінің қандай қатысы барын; соңғы соғыс қалай басталғанын өз көзімен көргенін және базада неге PlayStation ойнағанын айтып берді.
Бұл жерде олар біздің фотографпен "әлемдегі ең керемет жұмыс" туралы қалжыңдасып отыр. Дегенмен Әнуар үшін бұл сөздің шындығы да бар болар.
"Альфа", "Браво" елдері және Қазақстан
Олар 20 мамырда оралды. Сирия астанасы Дамаск қаласынан Алматыға әскери бортпен ұшып келді. Барлығы 139 бітімгер немесе ресми тілмен айтқанда - БҰҰ-ның бөлуді бақылау жөніндегі күштері (UNDOF) құрамында Голан жоталарындағы миссиясын аяқтаған ҚР Қарулы Күштерінің екінші ұлттық контингенті. Алғашқы ұлттық контингент ол жаққа 2024 жылы барған болатын.
Әуежайда бұл топты қолбасшылық, қаруластары мен туыстары салтанатты түрде қарсы алды. Көк байрақтар, ұлттық киім киіп бауырсақ ұстаған қыздар, гүл шоқтары, тізіліп тұрған құрмет қарауылы.
Алдымен - ресми бөлім. Командирлер бітімгерлердің қолын алып, қызметі үшін алғыс айтып, әрқайсына бауырсақ ауыз тигізді.
Одан кейінгісі - ең тебіреністі сәт. Оралғандар апа-аталарымен құшақтасып, жарынан сүйіп, балаларын аспанға атып, бауырларымен селфиге түсіп жатты.
Содан соң ұшақтан үлкен рюкзактарды шығара бастады. Олардың асығыс екені байқалады, үйлеріне тезірек жеткісі келіп жүгіріп жүр.
Әнуар Арынғазиевпен біз алғаш осы жерде, әуежайда таныстық. Бірақ ол қысқа қайырды, тіпті жарғы бойынша сөйледі десе болады - оның да жақындарын тезірек құшағына алғысы келіп тұрды.
- Қатты сағындыңыз ба?
- Иә, өте қатты. Қазір үйге тезірек жетсем екен деп тұрмын, - дейді Әнуар ағынан жарылып.
- Түсінемін, біз сізді бөгеп жатырмыз...
- Қызым мектепте екінші ауысымда оқитын еді, соған дейін үлгерсем деймін.
- Егер болашақта тағы да бітімгершілік миссиялар болса - олардың болатыны анық қой - барасыз ба? Бұл жеке таңдауыңыз ба әлде қолбасшылыққа байланысты ма?
- Бұл жеке таңдауыма да, қолбасшылыққа да байланысты. Иә, бұл менің екінші миссиям. Қазір барамын ба, жоқ па, оны айта алмаймын, өйткені ол жақта 13 ай 8 күн болдым.
- Ал алғаш ретінде жұбайыңызға "міне, миссияға кетіп барамын, бір жыл болмаймын" деп қалай айттыңыз? Бұл сәт қиынға соқты ма, әлде сізді түсінді ме?
- Жоқ, жұбайым жалпы... жұбайым менің бітімгер болғым келетінін білетін, тіпті алғаш рет аттанғанымда, бәрі сәтті болғаны үшін қуанды. Екінші рет баруға мүмкіндік туғанда да ол мен үшін қуанып, бәрін өзара ақылдастық...
Осылайша, бұл 36 жастағы майор Әнуар Арынғазиевтің екінші бітімгершілік миссиясы екенін білеміз. Біріншісі 2020 жылы болып, ол Ливанда сегіз ай өткізген. Бұл жолы - Голан жоталарында бір жылдан аса уақыт болды. Осы жерде оны жіберіп, егжей-тегжейлі сөйлесу үшін қайта кездесуге уағдаластық.
UNDOF құрамындағы Қазақстанның екінші ұлттық контингенті де сонда болды. Олардан бөлек, онда Үндістан, Непал, Уругвай және Фиджи аралдарынан келген контингенттер бар еді. Олар бөліну және шектеу аймақтарын - "Альфа" да, "Браво" да, яғни ешбір тарап келісімді бұзбауы үшін бақылап отырды.
Бір қызығы, бітімгерлер өзара әңгімелерінде де, жергілікті халықпен тілдескенде де ешқашан бөлінуді бақылап отырған елдердің атын атамайды. Бұған тыйым салынған.
Бірақ үйлеріне келгенде олар былай дей алады:
- "Альфа" тарапы - бұл Израиль,
- "Браво" тарапы - бұл Сирия.
Арабика кофесі, сириялық әкімдіктер және БҰҰ миссиясы не үшін қажет екені туралы әңгіме
- Бітімгерлік - бұл мамандық па? - деп әуежайда Әнуармен үзіліп қалған әңгімемізді жалғастырдық.
- Бітімгерлік - мамандық емес. Бітімгерлік - бұл көбіне адамның ішкі қалауы, арман-мақсаты десе болады.
- Сіздің әскери мамандығыңыз қандай?
- Мен Құрлық әскерлерінің әскери институтының түлегімін. Мамандығым - тәрбие құрылымдарының офицері. Тәрбиеші-офицермін, көбіне психолог десем де болады.
Сонымен қатар, бітімгер болу - әрқашан ерікті таңдау. Бітімгершілік контингенті былай құрылады: еріктілер ниет білдіреді, содан кейін келісімшарт қызметінің қолданыстағы жеке құрамы арасында әскери бөлімдер бойынша іріктеу өтеді. Содан соң кандидаттар Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығына жиналады, біз дәл қазір сол жерде сөйлесіп отырмыз.
Одан кейін үміткерлер ағылшын тілінен тест тапсырып, медициналық комиссиядан өтеді. Сосын іріктелгендерді оқытады. Соның ішінде ағылшын тілін тереңдетіп үйретеді. Оларға бітімгерлік негіздері, қақтығыс тарихы, өздері баратын аймақтың мәдениеттануы оқытылады (мәселен, тек Сирияның ғана емес, сонымен қатар іргелес елдердің де мәдениеті - мәдени негізде кездейсоқ келіспеушіліктер туындамауы үшін).
Олар керуенге ілесіп жүруді, патрульдеуді, бітімгершілік базаларын күзетуді үйренеді. Физикалық және атыс дайындығынан өтеді. Алдыңғы бітімгершілік контингенті олармен өз тәжірибесін бөліседі. Содан кейін олар вакцинациядан өтеді. Бұл үдеріс жарты жылға созылады.
- Бітімгер болуға өз еркіңізбен бардыңыз - неге?
- Әскери қызметші болғандықтан, маған мұндай тәжірибе алу қызық болды. Әрқашан бітімгер болып, мемлекетімізді халықаралық аренада танытуға қызығатынмын.
- Сіз келісімшарт бойынша қызмет етесіз бе?
- Иә, бұл - саналы түрде жасалған мамандық және мансап таңдауы.
- Яғни сіз бұдан басқа ештеңе істей алмайсыз және істегіңіз келмей ме?
- Жоқ, мен көп нәрсені істей аламын... - Әнуар күліп жіберді, тіпті бір сәтке ренжіп қалғандай болды. - Неге олай дейсіз?
- Бұл сізді ренжіту үшін емес... Яғни әскерге ақша табу үшін келмедіңіз бе?
- Мен бұл мамандықты мектепте оқып жүргенде таңдадым. Әскери институтқа саналы түрде түстім.
- Өзіңізді батырмын деп санайсыз ба?
- Мен өзімді олай санамаймын, - деп Әнуар ыңғайсызданып қалды.
- Сізде батыр атағы бар ма?
- Жоқ, менде батыр атағы жоқ. Балаларым үшін, бәлкім, батыр шығармын.
- Ал жұбайыңыз үшін батырсыз ба?
- Әйелім үшін мен - күйеумін. Ал батырлық туралы өзінен сұрау керек шығар...
Күліп алдық
- Сонда сіздің бітімгерлік міндетіңіз - шекарадағы бөлінудің бұзылмауын қадағалау болды ма?
- Иә.
- Сіз маған БҰҰ-ның әскери техникасымен жүрген көптеген видео жібердіңіз. Бұл қандай да бір тексеріс жүргізілетін А нүктесінен Б нүктесіне бара жатқан сәтіңіз бе? Не істеп жүрдіңіздер?
- Алдымен айта кететін жайт, бұл - қазақстандық техника. Біздің контингент Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мүлкімен толықтай қамтамасыз етілген. Бұл - дербес контингент және ол миссия қолбасшысының резервтегі ротасы болып саналады.
- Бұл нені білдіреді?
- Негізгі міндеттеріміз: қауіп төнген жағдайда БҰҰ персоналын эвакуациялау, жауапты аймақта жүктерді немесе жоғары лауазымды тұлғаларды алып жүру, қажет болған жағдайда медициналық эвакуация жасау және төтенше жағдай туындаса, БҰҰ бітімгерлік базалары мен бақылау бекеттерін күзету болды. Сондай-ақ, қазақстандық бітімгерлік контингентінің құрамында инженерлік-саперлік топ бар, олардың міндеті - барлау жүргізу, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды анықтау және жою.
- Ол жерде бөліну орнағанына көп жыл өтсе де, жарылғыш құрылғылар мен миналар әлі де бар ма?
- Екі мемлекет арасында кезінде соғыс болған, сондықтан ол жерде мина алаңдары бар. Одан кейін оларда азаматтық соғыс болды. Соның салдарынан күні бүгінге дейін жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар өте көп. Мен бүгін командирмен сөйлесіп, цифрларды нақтыладым - екінші миссияны орындау барысында инженерлік-саперлік топ 4000-нан аса жарылғыш зат пен 48 қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жойған.
Сондай-ақ қазанда ұйымдастырушылық-штаттық құрылымда өзгеріс болып, қазақстандық бітімгерлік контингенті жеке жауапкершілік аймағын - "Солтүстік" секторын қабылдады. Бізге екі бітімгерлік база бөлінді.
- Яғни контингент саны артты ма?
- Жоқ, контингент құрамы артқан жоқ, тек міндеттер көбейді. Қосымша бізге екі бітімгерлік база мен тұтас бір сектор берілді, онда біз бақылау жүргізіп, мониторинг жасап, 74-ші жылғы келісімдер бұзылған жағдайда баяндап отырамыз.
- Нақты не істедіңіздер?
- Осы секторды алғаннан кейін күндізгі және түнгі уақытта патрульдеу саны артты. бөліну аймағындағы елді мекендерде уақытша бақылау бекеттерін орната бастадық.
Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, "Солтүстік" секторындағы елді мекендердің негізгі... көшбасшыларымен кездесе бастадық. Түсіндіре кетейін, негізгі көшбасшылар дегеніміз - ақсақалдар, олар ол жақта "мухтарлар" деп аталады.
- Бұл "Браво" жағы ма?
- Қазақстандық контингенттің барлық жұмысы "Браво" жағында өтті. "Альфа" жағында біз жұмыс істеген жоқпыз. Сол мухтар-ақсақалдармен, муниципалитеттермен кездестік.
- Ауыл әкімдері сияқты ма?
- Біз оларды "әкімдіктер" дейтінбіз. Сондай-ақ кейбір елді мекендерде... (Әнуар кідіріс жасайды) ықпалды адамдар бар... Қалай айтсам болады? Ресми емес беделді тұлғалар. Біз оларды да делдалдар, жергілікті тұрғындар арқылы кездесулерге шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік - миссияның ол жерде не үшін жүргенін, қандай міндеттері бар екенін айттық... Солай.
- Олар сіздерді қалай қабылдады? Жағымсыз ба, әлде түсіністікпен бе?
- Тұрғындардың көбі бітімгерлердің ол жерде не үшін жүргенін түсінбеді. Бірақ біз осы кездесулерде бәрін түсіндірдік, содан кейін олар бітімгерлерге жақсы көзқараспен қарай бастады.
- Үйлеріне бардыңыздар ма?
- Иә, ереже бойынша БҰҰ-ға жатпайтын адамдар база аумағына кіре алмайды. Сондықтан олар бізді қонаққа шақыратын, біз сонда барып сөйлесетінбіз. Әкімдікте, яғни муниципалитетте, ақсақалдардың үйінде болдық.
- Дәм ауыз тигізді ме?
- Міндетті түрде арабика кофесін береді. Кішкентай шыныаяқпен ұсыну - бұлжымас дәстүр. Кейде шай береді. Таңғы асқа шақыратын.
- Олармен қай тілде сөйлестіңіздер?
- Біз ағылшынша сөйлестік, кейде жергілікті тұрғындар арасынан кезінде Совет үкіметі тұсында бір жерде оқыған, орыс тілін білетін аудармашыларды тарттық.
- Ал өзіңіз қай тілдерді білесіз?
- Орыс, қазақ, ағылшын тілдерін. Сондай-ақ миссия барысында жергілікті тілдегі негізгі сөздерді де үйреніп алдық.
Әнуар араб тілінде үйренген "бауыр", "дос", "рақмет", "өтінемін" деген сияқты сөздерді тізіп шықты...
"Біз оқ-дәрі шығынына жол берген жоқпыз"
- Ол жақтағы жұмысыңыз неден тұрды, жауынгерлік күнделікті тіршілігіңіз қалай өтті, соны айтып беріңізші?
- Мен взвод командирі лауазымында болдым. Жедел әрекет ету тобының командирі міндетін атқардым. Негізгі міндеттеріміз - төтенше жағдайларда бітімгершілік базаларын күшейту, БҰҰ персоналын эвакуациялау, жоғары лауазымды тұлғаларды алып жүру, медициналық эвакуация, жарылыс немесе барлау кезінде инженерлік-саперлік топты А нүктесінен Б нүктесіне дейін шығарып салу болды.
Ал өз секторымызды қабылдап алып, бізге екі база берілген кезде, мен бітімгершілік базасының командирі міндетін атқардым.
- Қарамағыңызда қанша адам болды?
- Өзімді қосқанда отыз адам. Бұл - бір бітімгершілік взводы.
- Қандай да бір штаттан тыс жағдайлар немесе біреуді эвакуациялауға тура келген кездер болды ма?
Осы тұста сөзімізді Бітімгершілік операциялары орталығының баспасөз қызметінің жетекшісі Батыр Тұяқов бөліп, былай деп түсіндірді: олар кезіккен кез келген жағдай бірегей. Күн сайын өз миссиясын орындай отырып, олар қатерлі аймақта болды. Бақытқа орай, штаттан тыс жағдайлар болған жоқ, бірақ біздің әскери қызметшілеріміздің қызыл аймақта, қатерлі аймақта, жоғары қауіпті аймақта болуының өзі - қазақстандық әскерилер басқа еш жерде ала алмайтын бірегей тәжірибе. Басты мәселе басқада - қазақстандық контингент өз міндеттерін қаншалықты сапалы атқарды?
- Ал сіздер өз міндеттеріңізді қаншалықты сапалы атқардыңыздар? - деп мен бірден осы негізгі сұрақты қойдым.
- Састырып қойдық па, иә? - деп күліп сұрады бітімгерден баспасөз қызметінің бастығы.
Әнуар, шынымен де, тағы да ыңғайсызданғандай көрінді:
- Иә, тіпті қалай дұрыс айтарымды да білмей тұрмын. Өзімізді-өзіміз мақтағандай болып көрінуі мүмкін. Бірақ ұйымдық-штаттық құрылым өзгере бастағанда, басқа контингенттердің штаты қысқартылды, ал біздікін қысқартқан жоқ, керісінше, бізге қосымша міндеттер жүктеп, екі база бөліп берді. Бұл тегіннен тегін емес. Біз өзімізді жақсы қырымыздан көрсеттік.
Миссия қолбасшылығының басшысы тұрақты түрде инспекция жүргізіп тұрады. Тоқсандық және жартыжылдық тексерістер болды. Соңында қорытынды жасалады. Қазақстандық контингент ешқашан бірінші орынды ешкімге берген емес. Барлық позиция бойынша, БҰҰ Қазақстанға ақша төлейтін жабдықтар бойынша да, контингенттің жауынгерлік әзірлігін тексеру бойынша да, Қазақстан әрдайым бірінші орында болды.
Осы тұста Батыр Тұяқов мынаны қоса кеткісі келді: миссия аяқталған соң екінші ұлттық контингенттің барлық әскери қызметшісі БҰҰ медальдарымен марапатталды, бірде-бір адам назардан тыс қалған жоқ және бәріне алғыс айтылды.
- Яғни, бәрібір медаліңіз бар екен ғой? - деп мен майор Арынғазиевке бұрылдым.
- Иә, - деп қысқа қайырды ол.
- Ал сіз болсаңыз қарапайымдылық танытып тұрсыз! - дедім мен оған.
Біз тағы да күліп алдық та, бірден маңызды сұраққа көштік:
- Бірақ сіз маған ол жақта жауынгерлік тапсырмаларды орындауға тура келген жағдайлар болды ма, соны айтпадыңыз ғой?
- Базадан шыққан әрбір сапар, мейлі ол базаны сумен қамтамасыз ету болса да - жауынгерлік тапсырма. Ол жеке бұйрықпен ресімделетін. Су таситын көлік жайдан-жай өзі бара салмайды. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді - екінші көлікпен қаруланған адамдар бірге шығады. Біз автоматқа оқталған оқжатарды тағып жүретінбіз, тек оқты оқпанға салмай, сақтандырғышқа қойып қоятынбыз.
- Сізде қару болды ма?
- Ол жақта менде тапанша мен Калашников автоматы болды, сондай-ақ бортта екі жауынгерлік жиынтық, бір күндік құрғақ азық, радиостанциялары бар төрт "Арлан" брондалған дөңгелекті машинасы болды.
- Қолдануға тура келмеді ме?
- Миссияны орындау барысында мен қару қолданған жоқпын. Жолым болды.
- Ал біздің басқа жігіттер ше?
- Жоқ. Біз оқ-дәрі шығынына жол берген жоқпыз, - деді Әнуар нық сеніммен, сосын жымиып қойды.
Содан кейін сұхбаттасушылар әскерилер үшін ең үлкен жетістік - қызыл түймені баспау екенін түсіндірді. Ал бітімгер үшін - шүріппені баспау.
- Иә, біз әрдайым қарумен жүреміз, бірақ бітімгер қаруды тек өзінің қауіпсіздігін, БҰҰ персоналының немесе жанындағы жолдасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана қолдануға құқылы, - деп толықтырды майор. - Егер біз шығынға жол беріп, яғни тым болмаса бір рет оқ атсақ, жергілікті тұрғындар арасындағы беделімізге нұқсан келіп, олардың құрметінен айырылар едік. Біз жергілікті халықтың біздің шынайы бітімгер екенімізге деген сенімін жинадық. Егер біреу тым болмаса бір рет оқ атқанда, балалар бізден қорқатын болар еді.
- Мұндай жағдай сізде болды ма, білмеймін, бірақ солай болуы мүмкін деп ойлайық - айталық, қандай да бір қылмыстық топ бар және олардың дөрекі екенін түсіндіңіз, бітімгер ретінде не істейсіз?
- Шығасың да, жай ғана сөйлесесің. Ол да адам. Мен сияқты адам. Тек алғашқы сөзді арабша "бауырым" немесе "досым" деп бастап, телефоныңды шығарып, аудармашыны ашасың, сол арқылы түсіндіресің, ол сабасына түседі.
- Ондай жағдайлар болды ма?
- Жолымызды бөгеп, тосқауыл қойған кездер болды, мен шығып, жиналған жұртқа бұл жерде қандай мақсатпен жүргенімізді түсіндірдім. Содан кейін маған жол ашып, әрі қарай өтіп кеттім.
- Арабша "дос" қалай болады?
- "Садих". Біз "садих" немесе "аки" дейтінбіз - осы екі сөз. Бұл "дос" және "бауыр" дегенді білдіреді. Кейде екі сөзді қатар қолданатынбыз.
"Иран-Израиль қақтығысы қалай басталғанын көрдік"
- Ол жақта қанша уақыт болдыңыз?
- Мен ол жақта 2024 жылдың 11 сәуірінен бастап биылғы 20 мамырға дейін болдым. 13 ай және сегіз немесе тоғыз күн.
- Күндерді санап жүрдіңіз бе?
- Иә, санадық. Бірақ, көріп тұрғаныңыздай, нақты есіме түсіре алмай тұрғаныма қарағанда, онша жақсы санамаған сияқтымын.
- Сіз жай ғана үйге келіп, босаңсыған боларсыз, - деп топшыладым мен. Өйткені Ануар ұшақтан түскен бойда, мерзімді күніне дейін мүдірмей айтып берген болатын. - Сонда Сириядағы биліктің ауысуына үлгермеген болдыңыз ба?
- Билік ауысқан кезде біз ол жақта болмадық, бірақ Израиль-Иран қақтығысын көрдік. Бұны енді айтуға болады, оны бүкіл әлем көрді ғой.
- Яғни, бәрі басталғанын ең бірінші болып білдіңіздер ме?
- Біз соның бәріне куә болдық, зымырандар төбемізден ұшып жатты. Оларды ұстай бастағанда, сынықтары қазақстандық контингенттің аумағына құлады.
- Олар тура сіздер тұрған жерге құлады ма?
- Біздің базаға емес, Қазақстанның жауапкершілік аймағына құлады.
Айта кетерлік жайт, БҰҰ күштері орналасқан бөліну және шектеу аумағы бітімгершілік контингенттер арасында жауапкершілік аймақтарына бөлінеді. Голан жоталарында "Хермон" секторы бар - оған непалдықтар жауапты, "Орталық" сектор - Фиджиге тиесілі, "Оңтүстік" сектор уругвайлықтардың бақылауында, ал "Солтүстік" секторға қазақстандық контингент жауап береді. Міне, осы секторға атып түсірілген зымырандардың сынықтары құлаған.
- Бұл қандай зымырандар еді және оларды кім атып түсірді? - деп нақтыладым.
- Иран тарапынан "Альфаға" қарай ұшты, ал "Альфа" оларды атып түсірді.
Бітімгершілік орталығының баспасөз қызметінің басшысы Ануарға: "Альфаны" Израиль деп атай берсең болады, ешқандай проблема жоқ, біз Сирия аумағында емеспіз ғой, - деп сыбырлады.
- Әдет болып кетіпті, - деп түсіндірді Ануар, содан кейін картадан көрсетті:
- Міне, Израиль, мынау Сирия, Ирак, Иран. Иран оқ атқанда, оның зымырандары екі мемлекет арқылы біздің үстімізден ұшты, өйткені біз дәл Израильмен шекарада тұрдық. Сосын сол жерге құлады. Бірі құлап жатты, бірі атып түсіріліп жатты. Ал біз төбемізден зымыран ұшқан жағдайда баяндауымыз керек. Техникалық тұрғыдан бұл Сирия мен Израиль арасындағы бітімгершілікті бұзу болып саналады.
- Тіпті бұл ирандық зымырандар болса да ма?
- Тіпті соған қарамастан. Сондықтан бітімгерлер үшін жұмыс өте көп болды. Сондай-ақ Израиль тарапынан жойғыш ұшақтар біздің үстімізбен Иранға қарай ұшып, қайта қайтып жатты.
- Егер сіздердің жауапкершілік аймағыңызға атып түсірілген ирандық зымыранның сынықтары құласа, не істедіңіздер?
- Жергілікті тұрғындар бізге хабарласатын, біз ол жерге инженерлік-саперлік топпен барып, барлау жасап, жою жұмыстарын жүргізетінбіз.
"Аспазды тек тамақ пісіруге емес, атуға да үйретуге болады"
- Сіз Қазақстанға 20 мамырда оралдыңыз. Бүгін - үйдегі екінші күніңіз (еске сала кетейін, әуежайда Ануарды отбасына жіберіп, 22 мамырда қайта кездестік). - Ұйқыңыз қанды ма? Тамақтандыңыз ба? Демалдыңыз ба?
- Иә, ұшудан кейін ұйқым қанды, тамақтандым. Қазақстанда тіпті азық-түліктің дәмі де басқа, ауасы да бөлек.
- Расымен бе? Айырмашылығы неде?
- Бұл философиялық сұрақ болар, бірақ бұл жерде бәрі басқаша, бәрі өздікі, жақын.
- Оралған соң не жедіңіз?
- Жұбайымнан мәнті мен чебурек пісіріп беруін өтіндім.
- Ал ол жақта не жедіңіздер?
- Ол жақта бізде аспаздар бөлімшесі болды. Олардың лауазымы: "аспаз-атқыш".
- Мәссаған! - деп таңғалдым мен.
- Яғни, ол - білікті аспаз, бірақ қажет болған жағдайда кез келген уақытта қару алып, сапқа тұра алады. Біз әскери адамдармыз ғой. Ол жерде бізге жай ғана аспаздың не керегі бар? - деп күледі Әнуар. - Аспазды атқыш ретінде де үйретіп қойған тиімді емес пе.
Айтпақшы, аспаздардың бірі - қыз. Біз оны контингент Алматыға оралғанда әуежайдан көрген едік.
- Голан жоталарында сіздерді қалай тамақтандырды?
- Кәдімгі тамақ. Бізде қамтамасыз ету бөлімі болды, олар миссия штабына өтінім жіберетін, ал штаб нормаға сәйкес белгілі бір өнімдерді бөлетін. Біздің аспаздар сол өнімдерден күнделікті Қазақстанда ішіп-жеп жүрген тамақтарымызды дайындайтын.
- Бұл стандартты ас мәзірі ме - айталық, түскі асқа сорпа, езілген картоп пен котлет дегендей?
- Бірінші, екінші тағам, компот. Кейде кәуап та болатын. Ал мереке күндері мерекелік дастарқан жайылатын.
- Бауырсақ па? - деп нақтыладым.
- Бауырсақ, иә, міндетті түрде.
- Бесбармақ ше? - шынымды айтсам, бұл мүмкін емес-ау деген оймен сұрадым. Бірақ жауабына таңғалдым:
- Бесбармақ та болды. Бізде жақсы бір қасиет бар: кез келген әскери қызметші кез келген жағдайда бесбармақ дайындай алады. Кейбіреулеріміз тетрапакеттерге ет қатырып, қазы консервілеп, өзімізбен бірге тушенка ала бардық.
- "Кублей" ме?
- Иә, "Кублей". Кейде қазақстандық тағамдарды сағынғанда, ашып жеп, міндетті түрде көршілерімізбен бөлісетінбіз. Міндетті түрде. Бесбармақ пісіргенде басқа мемлекеттен келген көршілерімізді дәм татуға шақырамыз. Өйткені еуропалықтар үшін жылқы етін жеу - мүлдем таңсық дүние.
- Сонымен, оларға ұнады ма?
- Бәріне ұнады.
- Ал сіз бәрінен де нені көбірек сағындыңыз?
- Отбасымды.
- Бейнебайланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік болды ма?
- Иә, барлық бітімгершілік базалары Wi-Fi-мен жабдықталған. Күн сайын WhatsApp арқылы отбасыммен сөйлесіп тұрдым.
- Тағы нені сағындыңыз?
- Тіпті қаламызды сағындым - кез келген уақытта, қалаған кезіңде кешке сыртқа шығып, серуендеп, супермаркетке барып, саябақта қыдыруды аңсайсың. Ал ол жақта әскери база, "қақпаны аш, мен шығамын" дей алмайсың.
- Осы бірсарындылық, күнделікті бірдей кесте, бұйрықтар, "ол болмайды, бұл болмайды" деген шектеулер шаршатпай ма?
- Бізде психологиялық жеңілдеу бөлмесі болды. Сондай-ақ база аумағында футбол, волейбол алаңдары, спорт залы және үстел теннисі болды.
- Сіз маған видео жібердіңіз - онда біздің жігіттер тобы жүгіріп бара жатыр. Бұл қандай да бір жарыс па, әлде марафон ба?
- Ә, бұл біздің күнделікті тыныс-тіршілігіміз. Біз айына бір рет дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақ тапсыратынбыз.
- Ал басқа бір видеода сіз әскери техникамен келе жатырсыз және оқ атылған дыбыстар естіледі. Сіздерге оқ жаудырды ма?
- Бұл инспекцияның бізді тексеріп жатқан кезі еді. Нью-Йорктен инспекция кенеттен келіп, жауынгерлік әзірлікті тексеру үшін сценарий берді - мысалы, бір бақылау бекетінде бір топ адам әскери бақылаушыға тас лақтырды және оған шұғыл медициналық эвакуация қажет деген сияқты. Онда белгілі бір нормативтер бар - 15 минут ішінде толық қаруланып, база аумағынан шығу керек.
- Тағы қалай тынығатын едіңіздер?
- Бізде PlayStation ойын приставкалары болды.
- Көптеген ер адамдар World of Tanks сияқты әскери ойындарды ойнайды. Ал сіздер бейбіт ойындар ойнадыңыздар ма?
- Мен Counter-Strike ойнаймын.
- Расында да, Counter-Strike өмірде дұрыс оқ атуды үйренуге көмектесетін өзіндік тренажер ма?
- Ол өмірде моториканы жақсы дамытады. Бұл - дәлелденген факт. Тек ол жерде тышқанмен басқарсаң, өмірде бәрі басқаша - бронежилет, қару…
- Жалпы, шүріппені басу, оқ ату қиын ба? - деп нақтыладым.
- Жоқ, қиын емес. Мен сияқты 17 жылдық еңбек өтілі бар адам үшін оқ ату қиындық тудырмайды.
"Мен әскери адаммын, бірақ бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қолдаймын"
- Менде сізде екіұдай пікір тудыруы мүмкін бір сұрақ бар. Бірақ адамдар жиі сұрайды, пікірлер де көп: "Қазақстанға бітімгершілік миссияларына қатысудың не керегі бар? Өзіміздің де мәселелеріміз жетерлік..."
- Мен ол пікірлерді оқыдым, - деп Әнуар сөзімді аяқтауға мұрша бермеді.
- Диванда жатып емес, дәл сол жерден - Голан жоталарынан келген адам ретінде оларға не айтар едіңіз?
- Кейде тіпті жауап жазғым келеді, бірақ жазбаймын. "Бұл сұрақты кім қойды екен?" деп ойланамын. Кез келген мемлекет бітімгершілік миссиясына өз әскерін жібере алмайды. Қазақстан өз әскери қызметшілерін қайда болмасын миссияға жіберсе, бұл, біріншіден - мемлекетіміздің деңгейі. Екіншіден, қазақстандық армия үшін үлкен тәжірибе. Миссия аймағынан 139 адам оралды, бұл болашақ үшін тәжірибе жинақтаған 139 маман.
Қарулы Күштерді үйрету үшін тәжірибе қажет. Ал бізге мұндай тәжірибені тек бітімгершілік миссиялары ғана береді - бұл жауынгерлік жағдайға барынша жақын орта.
- Ал миссиялардың өзі маңызды ма? Нақты бір елге қатысты емес, жалпы осындай контингенттің болуы, олардың қауіпті нүктелерде жүруі қаншалықты қажет?
- Меніңше, иә. Бітімгершілік миссиялары - бейбіт тұрғындар үшін. Екі мемлекет үшін емес. БҰҰ қақтығыстың ушығуына жол бермеуге, тежеуші фактор болуға және бейбіт халыққа көмектесуге тырысады.
- Онда мынадай сұрақ. Бір жағынан әскери адамсыз, бұл тікелей соғыспен байланысты мамандық. Екінші жағынан бітімгерсіз, яғни бейбітшілік орнатушысыз. Бұл жерде қарама-қайшылық бар деп ойламайсыз ба? Әскери адам бейбітшілік әкеле ала ма?
- Ал бейбітшілікті басқа кім орната алады? Менің ойымша, оны тек әскери адам ғана. Сұрағыңызды түсіндім, бірақ не үшін екенін...
- Иә, бұл философиялық сұрақ.
- "Сарбаз баланы ренжітпейді" деген сөз бар емес пе? Сарбаз бен әскери қызметші - бір ұғым, ол баланы ренжітпейді, керісінше бейбітшілік сыйлайды.
- Кез келген адам "Мен не істеп жүрмін, жұмысымның мәні неде?" деп ойланатын шығар. Сондықтан сұрап отырмын. Жалпы сіз бейбітшілікті сүйесіз бе? Әлемдегі тыныштықты жақтайсыз ба?
- Әрине. Мен әлемдегі бейбітшілікті жақтаймын. Соғысудың не керегі бар?
- Яғни, адамның әскери болуы оның іштей...
- Соғысты қалайтынын білдірмей ме? - дейді майор сөзімді іліп әкетіп. - Жоқ. Мен әскери адаммын, бірақ кез келген мемлекетте Қарулы Күштер тек шабуыл жасау немесе агрессия үшін құрылмайды. Олар өз мемлекетінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Мен бұл мамандықты сол үшін таңдадым.
- Соғысты ұнатпайсыз ба?
- Жоқ.
- Өзіңізді пацифистпін деп айта аласыз ба?
Әнуар жымиып:
- Білмеймін де. Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын.
- Ал тағы бір мәрте, үшінші рет бітімгершілік миссиясына барғыңыз келе ме?
- Бұл туралы бір жылдан кейін сұраңызшы. Дәл қазір - жоқ, қаламаймын.
Мәтін: Марина Михтаева
Контингентті күтіп алған тілші: Александр Григорянц
Фото: Болат Айтмолда, Әнуар Арынғазиевтің жеке мұрағаты
Қазақ тілінде дайындаған: Дина Шәріпхан