Астанада тұратындарға қаланың шет-жағасы таныс шығар: Пригородный кенті, Лесозавод, Железнодорожный. Бірақ олардың арасында шалғай орналасқан тұрғын үй алабы бар, оны ешкім білмейді десе де болады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда жолдар 90-жылдардан бері жөнделмеген, орталықтандырылған су жүйесі жоқ, ал жаяу жүріп оны небәрі 15 минутта айналып шығуға болады. Бұл - Нефтяников шағынауданы. Ол айналма жолдың маңында орналасқан. Оған астананың орталығынан көлікпен жету үшін кемінде бір сағат уақыт кетеді. Осы материалда Tengrinews.kz редакциясы елордамыздың шет аймақтарында халық қалай өмір сүріп жатқанын көрсететін репортаждар сериясын жалғастырады.
Бұл материалдың бейне нұсқасын Tengri TV YouTube-арнамыздан көре аласыз.
Нефтяников тұрғын алабы 90-жылдардың бірінші жартысында пайда болған. Жергілікті мұнай базасының басшылығы өз қызметкерлері жұмысқа ұзақ қатынап жүрмес үшін, оларға қолайлы жағдай жасауды көздеген.
Алайда ол 90-жылдар еді, сондықтан 100 үйге арналған кент салу жоспары жүзеге аспай қалды.
"Бұрын құбыр Уфадан (Башқұртстанның астанасы, РФ - еск.) тартылып, Петропавл, Көкшетау, Шортанды арқылы өтіп, Астанада аяқталатын, - деп еске алады жергілікті тұрғын Дина Абулгазимова. - Біз сол құбыр арқылы бензин, дизель отынын қабылдайтынбыз. Өзім де сол жерде жұмыс істедім. 92 жылы мұнай базасының басшылығы қызметкерлер үшін кент салуды шешкен. Мұнда балабақша да, мектеп те салынуы керек еді. Кейін жекешелендіру басталып, бәрі тоқтап қалды".
Қазіргі уақытта тұрғын үй алабында 22 үй бар және 26 отбасы тұрады.
Біз өзіміз де байқаған алғашқы мәселе - жол.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жол 90-жылдардың басынан бері жөндеу көрмеген. Яғни, олардың сөзінше, мұнда асфальт соңғы рет 30 жылдан аса уақыт бұрын, алғаш әрі соңғы рет төселген.
"Бізге ескі қиыршық тас әкеліп, шұңқырларды толтырды, бірақ бұлай болмайды ғой, - деп шағымданады жергілікті тұрғындар. - Бір күн өтпей жатып, бәрі жан-жаққа шашылып кетеді".
Жергілікті тұрғындар өздеріне кем дегенде бір маршруттық автобустың тұрақты қатынауына әрең қолжеткізгендерін айтты. Бірақ олар жолдың нашарлығына байланысты бір күні жүргізушілер мұнда келуден мүлде бас тарта ма деп алаңдайды.
"Балалар алаңын орнатуға қол жеткіздік, футбол алаңын да жасаттық. Бірде бізге әкім (қай әкім екені нақты айтылмады - еск.) келгенде, ол ашық айтты: "Сендерде асфальт болмайды" деп. Себебі бұл жерде көптеген кәсіпорын жұмыс істейді, ауыр жүк көліктері жолды бірден бұзады деді. Бірақ Лесозаводта да КамАЗдар үнемі жүреді ғой. Соған қарамастан, оларға жолды қайта-қайта жөндеп береді. Біз олардан кембіз бе?" - дейді жергілікті тұрғын Әйгерім Абулгазимова.
"Біз де салық төлейміз, демек бізге де жол, су, автобустар, тротуарлар жасалуы керек, - дейді Сабира Айпова. - Қалада (жергілікті тұрғындар "үлкен Астананы" осылай атайды - еск.) бәрі жасалады ғой. Ал бізге неге жоқ? Біз де қалада тұрамыз ғой".
Жергілікті тұрғындардың мұнда автобустар қатынауды тоқтатуы мүмкін деген алаңдаушылығы бекер емес. Себебі бұл шағынауданда мектеп жоқ, балалар Лесозаводтағы оқу орындарына қатынап оқуға мәжбүр.
Оқушылардың бір бөлігін арнайы автобустар тасиды. Ал мектебінде мұндай мүмкіндікті қарастырылмағандар өз күшімен қатынайды - олар да автобуспен барады, бірақ кәдімгі қоғамдық көлікпен.
Мұндағы тағы бір күрделі мәселе - орталықтандырылған су жүйесінің жоқтығы. Нефтяников тұрғын алабындағы жалғыз су көзі - көп жыл бұрын жергілікті мұнай базасының басшылығы тұрғындар қажеті үшін орнатқан ескі су мұнарасы.
Ол жеке қолға өтіп, қазір қоршауға алынған.
Айта кететін жайт: тұрғындар судың өзіне ақы төлемейді. Дегенмен, олардың айтуынша, кейінгі жылдары жүйеге жақын маңдағы кәсіпорындар да қосылған. Салдарынан су қысымы айтарлықтай төмендеген. Адамдар насос орнатуға мәжбүр, бірақ ол да әрдайым көмектеспейді.
Сонымен қатар, кейде суы өшіп қалады. Мұндай сәттерде тұрғындар су мұнарасының иесіне хабарласуға мәжбүр болады. Олардың айтуынша, тұрақты су келсе, төлеуге дайын.
"Біздегі тұрғындар түнгі бір-екіде жуынуға мәжбүр, сол кезде ғана көп адам су пайдаланбай, қысымы жақсы болады, - дейді жергілікті тұрғындар. - Бұл өмір ме? Бұл өмір емес. Осы су мәселесін шешу керек".
"Су кейде сыздықтап ағып, жүйкеге тиеді, тіпті кранды жұлып тастағың келеді", - деп эмоциясына ерік берді Галина Решетникова. - "Су мұнарасының иесі кеткенде, бізде кейде мүлде су болмай қалады. Оған қоңырау шаласың, тек содан кейін ғана су келеді. Солай, кейде жарты күн бойы отырсың: жууға да, жуынуға да болмайды. Бақшаны сурауды айтпағанда".
Ал соңғы мәселе - газбен қамту. Мұнда оны күткендеріне ұзақ болған, бірақ әлі күнге дейін тұрғын үй алабына тіпті болашақта үйлерді қосуға болатын құбырлар да тартылмаған.
"Біздің басты проблемаларымыз осы: жол, су және газ", - деп қорытындылады тұрғындар. - "Мұнда көп зейнеткерлер тұрады. Олар отын мен көмірмен әуре болғысы келмейді. Бұл оларға қиын. Газ қашан келетінін ешкім білмейді. Бірақ бұл мәселені тезірек шешсе екен деп ойлаймыз".
Съёмка барысында біз не байқадық: массив Астанада орналасқанымен, тұрмыс жағдайы бойынша ол қашықтағы ауылға ұқсайды. Тіпті кейбір Қазақстандағы ауылдарда бұл жерден жақсы жағдайлар бар.
Жергілікті тұрғындар көп нәрсе талап етпейтінін айтады - тек қалыпты жағдай мен қалалық қызметтердің назарын сұрайды. Біз де Астана әкімдігіне сұрау жібердік, бірақ материал жарияланған уақытқа дейін жауап алған жоқпыз.
Көпшілік Астананы суреттегі қала ретінде қабылдауға үйренген: кең, таза даңғылдар, әйнектері жарқыраған алып тұрғын үй кешендері, жарықтандыру, қолайлы жағдайлар. Бірақ Қазақстан астанасы әртүрлі, онда тұратын адамдар да әртүрлі, ал астаналықтардың проблемалары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Кейбіреулердің тіпті суға және көлікке қолы жетпейді. Солар туралы да айту керек. Сол себептен редакция қаланың шет аудандарын қамтитын репортаждар сериясын бастады.
Авторлары: Иван Сухоруков, Әлімжан Аманжол, Маржан Қуандықова
Дайындаған: Шәріпханова Дина