Берілді ме әлде жеңді ме: Алматы мен Астанадан көшіп кеткен қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?

Берілді ме әлде жеңді ме: Алматы мен Астанадан көшіп кеткен қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр? Фото: материал кейіпкерлері ұсынған

Алматы мен Астанаға көбіне жұмыс, ақша, мүмкіндіктер мен "жақсы өмір" іздеп келеді. Бірақ бұның екінші жағы да бар - кептеліс, ауа сапасы, қымбат жалдау ақысы және тоқтаусыз бәйге. Әсіресе бұл Алматыда қатты сезіледі, мұндағы үйреншікті қалалық стрестерге экология мен халықтың шамадан тыс тығыздығы қосылады. Мегаполис тұрғындарының көбі кем дегенде бір рет: "Тыныш, таза әрі жайлы жерге көшіп кетсем бе екен?" деп ойланған шығар.

Алматы мен Астанаға көбіне жұмыс, ақша, мүмкіндіктер мен "жақсы өмір" іздеп келеді. Бірақ бұның екінші жағы да бар - кептеліс, ауа сапасы, қымбат жалдау ақысы және тоқтаусыз бәйге. Әсіресе бұл Алматыда қатты сезіледі, мұндағы үйреншікті қалалық стрестерге экология мен халықтың шамадан тыс тығыздығы қосылады. Мегаполис тұрғындарының көбі кем дегенде бір рет: "Тыныш, таза әрі жайлы жерге көшіп кетсем бе екен?" деп ойланған шығар.

Кейбіреулер көшуді армандап жүргенде, басқалары чемодандарын жинап, жаңа өмірді бастап та кетті. Tengrinews.kz тілшісі елорданы провинцияға алмастырғандардың оқиғаларын баяндап, сарапшылармен бірге "кері миграция" трендін талқылайды.

1-оқиға. Алматыдан Бобровкаға

"Базалық қажеттіліктерді өтеу үшін тым көп жұмыс істеу керек, содан туындайтын созылмалы шаршау мен ұйқының қанбауы - Алматыдан көшудің негізгі себептері осы", - деп тізіп берді алғашқы кейіпкеріміз - Марат (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді - ред. еск.)

Марат - медик, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы Бобровка ауылындағы ТЖМ қызметкері.

Шығыс Қазақстан облысы, Бобровка ауылы. Суретті материал кейіпкері ұсынды

Анықтама: Бобровка - Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл, Глубокое ауданы Бобровка ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Кенді Алтай тау бөктерінде, Бобровка өзенінің жағасында, Өскеменнен солтүстік-шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Халық саны - шамамен 2100 адам. Өңірдегі көптеген шалғай ауылдардан айырмашылығы, Бобровка облыс орталығына жақындығы мен дамыған инфрақұрылымының арқасында демографиялық тұрақтылықты сақтап отыр: мұнда орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, пошта бөлімшесі және сауда нүктелері бар.

Марат 35 жаста, Өскемен тумасы, Алматыға 2019 жылы оқуға келіп, медициналық колледжді бітірген. Соңғы екі жыл мегаполисте жұмыс істеп, кейін көшіп кеткен.

"Бұл қашу емес, мен өз денсаулығым үшін кеттім", - дейді Марат көшкені туралы.

Көшу үшін неге Бобровка таңдалды?

Марат балалық шағы өткен қалаға жақынырақ жерге көшті. Бірақ, мысалы, туған қаласы Өскеменмен салыстырғанда, Бобровка тартымдырақ болған. Себебі:

  • тұрғын үй құны;
  • ауаның тазалығы.

"Өскеменде баспана негізсіз қымбат, - деп түсіндіреді ол. - Ауасы да өте лас, үш зауыт жұмыс істеп тұр, кейде тыныс алудың өзі мүмкін емес".

Алматыда ер адам уақытша баспана жалдап тұрса, Бобровкада екі бөлмелі пәтер сатып алған. Оның айтуынша, ауыл негізінен жеке сектордан тұрады, бірақ екі қабатты екі үй бар.

Шығыс Қазақстан облысы Бобровка ауылындағы тұрғын үй құны:

  • орта есеппен 5 миллионнан 8–9 миллион теңгеге дейін.

Үйлерде канализация мен ыстық су бар, бірақ орталық жылыту жүйесі әзірге жоқ - тұрғындар электр жылытқыштармен жылынады. Мараттың айтуынша, "үйде жылы, минус 40 градуста жейдемен жүруге болады".

Қыс мезгіліндегі электр энергиясының төлемі орта есеппен 15 мың теңге болады..

Марат басқа елді мекенде вахталық әдіспен жұмыс істейді, ал демалыс кезінде Бобровкада тұрады.

Дегенмен, ол көптеген жергілікті тұрғындардың Бобровканың өзінде жұмыс істейтінін айтады: онда рапс пен күнбағыс өсіретін шаруа қожалықтары, сондай-ақ ет және сүт фермасы бар.

"Тау шаңғысы базасының жұмысы жолға қойылуын күтіп жүрміз. Мұнда туризмді дамытуға жақсы әлеует бар", - деп қосты Марат.

Бобровка ауылында тұрудың артықшылықтары

Мегаполистен басты айырмашылықтары туралы сұрағымызға ол былай деп жауап берді:

"Шағын елді мекенде шығын айтарлықтай аз. Сондай-ақ мұнда уақыт баяулағандай, тыныштық сезімі бар, ешқайда асығудың қажеті жоқ".

Бобровка ауылында тұрудың кемшіліктері

Кемшіліктерге келетін болсақ, тұрғындар атап өткен негізгі қолайсыздық - қоғамдық көліктің жұмысы: "минус 25 градуста автобусты 30 минут күту оңай емес".

- Бұлай көшу нұсқасы кімдерге сәйкес келмейді? - деп сұрадық біз.

- Қаланың қарбаласына және жылы ауа райына үйреніп қалғандарға, - деп түйіндеді Марат.

2-оқиға. Астанадан Соколовкаға

"Бұл шешімге көптеген факторлар, соның ішінде менің кәсіпкерлік тәжірибем де әсер етті", - дейді келесі кейіпкеріміз Қуандық Тайтықов.

Ол 35 жаста, отбасымен - әйелі және екі баласымен бірге Астанадан Соколовкаға көшіп барған кәсіпкер.

Анықтама: Соколовка - Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданындағы Соколов ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Есіл өзенінің сол жағалауында, Петропавл қаласына (30 шақырым) және Ресей шекарасына жақын орналасқан. Халық саны - шамамен 1500–2000 адам. Соколовка жергілікті орталық қызметін атқарады: мұнда округтің негізгі әлеуметтік нысандары - мектеп, медициналық амбулатория және маңайдағы елді мекендерге арналған базалық инфрақұрылым шоғырланған.

Қуандық Тайтықов Соколовкада балаларымен серуендеп жүр. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Көшуге неге Соколовка ауылы таңдалды?

"Біріншіден, бұл - біз 1999 жылы кеткен менің туған жерім. Сонымен қатар табиғаты, таза ауасы, Петропавлға жақындығы, жолдың жақсылығы мен коммуникацияның болуы", - деп Қуандық мекенжай таңдаудағы негізгі критерийлерді атап өтті.

Көшудің басты мақсаты - бизнес ұйымдастыру. Қуандықтың айтуынша, Соколовкада ол "мал шаруашылығы кешенін дамытумен" айналысады. Сондай-ақ ол бұл шешімге басқа да факторлардың әсер еткенін айтады.

"Жалпы, біз қазір тікелей Соколовка ауылына көшіп жатырмыз. Шаруашылықты, мал шаруашылығы кешенін Жаңа жылға дейін ұйымдастыра бастадық. Қыс кезінде Петропавл қаласында тұрдық. Соколовкада орталық жылыту жүйесі жоқ, бәрі пешпен жылытылады", - деп нақтылады Қуандық.

Соколовка ауылында тұрудың кемшіліктері

Қуандықтың айтуынша, жаңа жердің басты кемшілігі - орталық коммуникациялардың: жылу, кәріз және тағы басқа жүйелердің жоқтығы.

Бірақ ол "жалпы қазір ауылға орталық су құбыры тартылып жатқанын, бес жыл ішінде газ да келеді деп уәде берілгенін, бірақ мұның бәрі әзірге өсек-аяң деңгейінде" екенін айтады.

Соколовка ауылында тұрудың артықшылықтары

"Басты артықшылығы, әрине, таза ауа, - дейді кәсіпкер. - Сонымен қатар айналадағы табиғат бірден көзге түседі: ормандар, көлдер. Сондай-ақ өмір сүру салты мүлдем бөлек, мұнда уақыт басқаша өтеді. Күн ұзағырақ сияқты, уақыт жеткілікті. Көп шаруа тындырып үлгересің".

"Ауылға көшу - тек қарттар үшін емес"

Қуандықпен ауыл туралы қалыптасқан стереотиптер жайлы да сөйлестік. Көбісі мұндай өмір салты жастарға келмейді деп есептейді.

- Мен небәрі 35 жастамын, - дейді Қуандық Тайтықов, - мен ауылға көшу көбісі ойлағандай тек қарттарға арналған деп санамаймын. Міне, менің екі кішкентай балам бар, ешқандай қиындық жоқ. Балалар да жақсы қабылдады, жұбайым да қолдады. Жалпы, облыс орталығы Петропавлдан 30 шақырым жерде, жарты сағаттық жолда орналасуымыз барлық игіліктерді қиындықсыз пайдалануға мүмкіндік береді.

- Кішігірім ауылдарда бәрі бір-бірін біледі деген рас па? - деп сұрадық біз.

- Иә, бұл шындық шығар. Соколовка ауылында екі мыңға жуық халық тұрады. Біз әлі көшіп келмеген едік, тек үй қарастырып жүргенбіз, жұбайым мектепке жұмысқа тұрмақшы болды, бірақ ол жақтағылар біз туралы бәрін біліп қойған. Ақпарат тез тарайды: кімбіз, қайдан келдік, жергілікті халық біз туралы алдын ала біліп отырды.

Менталитетте де айырмашылық бар екені сөзсіз. Өмір сүру салтының әсері де бар, сондай-ақ теріскейдің халқы да ерекшеленеді, Ресей шекарасынан небәрі 40 шақырым жер.

"Шешім қабылданды, көшіп келдік, тұрып жатырмыз. Егер болашақта кету керек болса немесе Астанаға қайта оралу қажет болса, бұл үлкен мәселе тудырмайды деп ойлаймын. Өйткені біз көшпелі, мобильді халықпыз", - деп түйіндеді Қуандық.

3-оқиға. Алматыдан Әйтейге

"Онлайн жұмыс істеуге мүмкіндік туғанда, мен бірден қала сыртына кеттім. Таза ауамен тыныстап, үй өнімдерін жеу үшін", - дейді келесі кейіпкеріміз көшудің басты себебін атап.

Светлана Алексеевнаның айтуынша, ол өмір бойы - 55 жасына дейін Алматыда тұрған. Мамандығы есепші болғанымен, ол Алматы облысындағы Әйтей ауылына көшіп келген.

Анықтама: Әйтей - Алматы облысы, Қарасай ауданындағы, Алматы қаласына жақын орналасқан ауыл. Әйтей ауылдық округінің құрамына кіреді және іс жүзінде қала маңындағы белсенді құрылыс аймағында орналасқан. Халық саны - шамамен 10–12 мың адам. Әйтей Алматыға жақындығының арқасында қарқынды дамып келеді: мұнда жеке тұрғын үйлер салынып жатыр, қаладан отбасылар көшіп келіп, жергілікті инфрақұрылым дамып жатыр. Сонымен қатар ауыл өзінің ауылдық өмір салтын және қала экономикасына тәуелділігін сақтап қалған - жергілікті тұрғындардың көбі күн сайын Алматыға жұмысқа барады.

Әйтей ауылы, Алматы облысы. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Көшу үшін неге Әйтей ауылы таңдалды?

Кейіпкеріміздің айтуынша, Алматыдан бұл ауылға тыныштық іздеп алғаш болып зейнетке шыққан анасы көшкен.

"Анам кездейсоқ біліпті, біреулер оған осындай жақсы, қызықты ауыл бар екенін айтқан. Сонымен болды - ол жер телімін сатып алды, өзіне үй салып, бау-бақша екті".

Әйтей ауылы, Алматы облысы. Сурет репортаж кейіпкерінің жеке мұрағатынан

Светлана Алексеевнаның өзіне көшу туралы ой алғаш рет осыдан 10–15 жыл бұрын келген:

"Баяғыдан бері шудан, абыр-сабырдан кетіп, қала сыртында тұрғым келетін".

Бұл арманын ол өткен жылдың қыркүйегінде жүзеге асырды. Қазір Светлана Алексеевна Алматыға орта есеппен үш айда бір рет, жұмыс құжаттарын өткізу керек болғанда келеді. Ал мегаполисте қалған балалары мен немерелері оған үнемі келіп тұрады.

- Әйтей ауылынан үйді қаншаға сатып алуға болады? - деп сұрадық біз.

- Бағасы әртүрлі, орта есеппен 10 миллионнан 40 миллионға дейін - жер теліміне байланысты. Он-он бес миллионға жері бар үйлерді емін-еркін сатып алуға болады, - дейді Светлана Алексеевна өз байқағанымен бөлісіп.

Әйтей ауылында тұрудың артықшылықтары

Светлана Алексеевна анасының соңынан ауылға көшіп барғанда, оның айтуынша, Алматының сыртында мүлдем басқа әлем бар екенін түсінген.

Қала тұрғынының алғаш байқайтыны - чектердегі айырмашылық. Светлананың айтуынша, көшкеннен кейін азық-түлікке жұмсалатын шығын кем дегенде 40 пайызға азайған.

"Алматыда "жасанды" сүт 800–1000 теңге тұрады, ал мұнда көршілерден жаңа сауылған сүтті 400–600 теңгеге аламыз. Үйдің жұмыртқасы, тауығы, еті - бәрі әлдеқайда арзан, ауылдастар осы жерде-ақ сатады. Аптасына бір рет Қаскелеңдегі базарға барамын (Қарасай ауданының әкімшілік орталығы - ред. еск.), такси шамамен 800–900 теңге тұрады, қажетті заттарымды сатып алып, өз Әйтейіме қайтамын".

Кейіпкеріміз қалыптасқан түсінікке қарамастан, ауылдағы өмірдің, кем дегенде Әйтейде, жайлылықтан кенде еместігін айтады. Онда газ, жылу, ыстық және суық су тартылған. Кәріз жүйесі жоқ, бірақ бәрінде заманауи, ыңғайлы септиктер орнатылған.

Жолдары асфальтталған, дәріханалар, пошта, спорт мектебі, тіпті би үйірмесі де бар. Ал егер бассейнге немесе үлкен спорт залына барғыңыз келсе - Қаскелеңге дейін небәрі 15 минуттық жол.

Спорт мектебі, Әйтей ауылы. Суретті кейіпкер ұсынды

Бірақ кейіпкеріміздің пікірінше, ауылдың басты қазынасы - оның адамдары.

"Мұнда көшедегі балалардың бәрі үлкендермен амандасады. Мың адамдық үлкен чатымыз бар: егер қандай да бір мәселе туындаса, әрқашан көмектеседі. Бұрын ауылымыз "Интернационал" деп аталатын, сол татулық мәдениеті әлі де сақталған: кешкісін көршілермен жұпар гүлдің астында жиналып, шай ішеміз, бір-бірімізге үйдің дәмін ұсынамыз. Тіпті мұнда маған қазақ тілін үйрену де оңайырақ - мен жай ғана балалардың қалай сөйлесетінін тыңдап, олардың айтқанын қайталаймын", - дейді ол.

Сонымен қатар, мұнда таудың көрінісі де керемет.

Әйтей ауылында тұрудың кемшіліктері

Ауыл өмірінің кемшіліктері туралы сұрақты естігенде, Светлана Алексеевна ойланып қалды.

"Жалғыз кемшілігі - қаладағы достарым сирек келеді: оларға бұл жер тым алыс сияқты көрінеді. Бірақ келгендерінің бәрі дән риза болып қайтады: өздерімен бірге үйдің айранын, сүтін және қаншама әсер алып кетеді. Ал балаларының қамын ойлайтындар үшін мұнда қазақ мектебі, ал іргедегі Қаскелеңде орыс сыныптары да, колледждер де бар. Барлығы жеткілікті".

4-оқиға. Астанадан Катонқарағайға

"Менің өмірім өте қарқынды еді: жұмыс, кездесулер, белсенді әлеуметтік орта, сапарлар. Жиі саяхаттайтынмын және кеңсеге байланбай жұмыс істей алатынмын. Сырт көзге бәрі өте мазмұнды әрі сәтті көрінгенімен, іштей үнемі бір нәрсемен айналысып жүргенімді, бірақ не үшін және қайда бара жатқанымды нақты түсінбейтінімді сезіне бастадым", - деп түсіндіреді келесі кейіпкеріміз елордадан кетуінің басты себебін.

Айнұр Мұқанбетжанова 39 жаста, ол Катонқарағайға көшіп барған.

Анықтама: Катонқарағай - Қазақстанның шығысындағы ауыл, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының әкімшілік орталығы. Алтайдың таулы бөлігінде, Ресей және Қытай шекараларына жақын орналасқан. Халық саны - шамамен 3,7 мың адам. Аудан құрамына 27 елді мекен кіреді, ал аймақтың өзі Алтайдың табиғи ландшафттарының арқасында еліміздегі негізгі туристік кластерлердің бірі болып саналады. Соңғы жылдары мұнда туризм мен инфрақұрылым белсенді дамып келеді, соның ішінде курорттық аймақта әуежай салу жоспарланған.

Айнұр Мұқанбетжанова Катонқарағайда. Суретті кейіпкер ұсынды

Шығыс Қазақстанға көшпес бұрын Айнұр Астанада тұрған - ол жаққа университетке түсуге барып, нәтижесінде өмірінің жартысына жуығын, 20 жылдан аса уақытын сонда өткізген. Кейін "Болашақ" бағдарламасымен Англияда оқыған, ал көшкенге дейінгі соңғы сегіз жылда маркетинг және денсаулыққа арналған жобалар саласындағы халықаралық компанияда жұмыс істеген.

Көшу үшін неге Катонқарағай таңдалды?

"Астанада бұдан былай қалғым келмейтінін түсіндім, сонымен қатар Шығыс Қазақстанға деген қызығушылығым бұрыннан бар еді, - деп түсіндіреді кейіпкеріміз өз шешімін. - Басында бұл жай ғана барып көру туралы ой болатын, бірақ кейін ол жерде біраз уақыт тұру туралы шешімге ұласты".

Айнұр чемоданын жинап, мысығын алды да, жай ғана кетіп қалды. Алдымен Өскеменге ұшып келіп, сол жерден Катонқарағайға жетті. Оның ауылдағы өмірі осылай басталды, нәтижесінде ол жерде бір жарым жыл тұрды.

Айнұр Қатонқарағайдағы өзен жағасында. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әңгіме барысында Айнұр мына бір жайтты атап өтуді маңызды деп санады:

"Қазақстанда егер адам үлкен қаладан ауылға кетсе, демек оның "жолы болмады" деген берік стереотип әлі де бар. Ауылды тек мансап құра алмағанда, пәтер, көлік сатып алып, қаланың стандартты сценарийіне бейімделе алмағанда ғана таңдайтындай көрінеді".

Айнұрдың өзі де мұндай пікірмен кездескен - көбісі оның таңдауын қабылдамай, оны Астанада жолы болмағандықтан кетті деп ойлаған.

"Шын мәнінде Астанадағы өмірім айтарлықтай табысты, жайлы әрі реттелген еді, - дейді ол. - Сондықтан да болар, мен үшін өзіме: "Көшуім сәтсіздіктен қашу емес", - деп ашық айту маңызды болды. Керісінше, бұл дайын, түсінікті сценарийден шығып, табиғатқа, тыныштыққа және өзіңе жақын басқа өмірді көруге бағытталған өте саналы таңдау еді".

Қатонқарағайдағы өмірдің кемшіліктері

Ұтқырлық пен серпінге үйренген адам үшін Қазақстанның ең әдемі, бірақ ең шалғай аудандарының біріндегі өмір нағыз контрастқа айналды.

"Бұл менің іс жүзінде барлық "баптауымды қайта орнатқан" бетбұрыс кезеңім болды. Мен ортаны ғана емес, мамандығымды да өзгерттім: қашықтан жұмыс істеуге көштім, клиенттер іздедім, жаңа форматтарды байқап көрдім. Ең қиыны - оқшаулану мен таусылмайтын қыс. Әр ай сайын бір жаққа ұшып кетуге дағдыланған адамға ең жақын әуежайға дейін бес жарым сағат жол жүру - үлкен сынақ", - деп ескертеді Айнұр өз тәжірибесіне сүйеніп.

Қатонқарағайдағы жаз - бұл туризм мен қозғалыстың нағыз жанданатын кезі, бірақ ол небәрі бірнеше айға ғана созылады. Қалған уақытта тіршілік тоқтап қалғандай болады, бұл қала тұрғынынан суыққа, күрделі тұрмысқа және баяу қарқынға үнемі бейімделуді талап етеді.

Айнұр астаналық жайлылыққа үйренгендіктен және шетелде болған тәжірибесі бар болғандықтан, қарапайым жағдайлардың жоқтығына қатты налығанын ашық айтады. Басқалар үйреншікті жағдай ретінде көнген тұста, ол әрекет ете бастаған.

"Туризм дамып жатқандай көрінгенімен, базалық инфрақұрылымның жоқтығы жаныма бататын. Әлеуметтік желілер арқылы қоқыс мәселесінен бастап стадионның жай-күйіне дейінгі мәселелерді көтеруге тырыстым. Бұл жайлы ортада өмір сүру құқығы үшін үздіксіз күрес сияқты сезілді. Бір елдің ішінде адамдардың әртүрлі жағдайда өмір сүріп жатқанын көру өте өкінішті".

Қатонқарағайдағы өмірдің артықшылықтары

Тұрмыстық қиындықтарға қарамастан, Айнұр мегаполисте жетіспейтін шынайы адами жылулықты дәл осы жерден тапты. Ол мұнда кездестірген адамдарды былай сипаттайды:

"Керемет, ашық және жақсы мағынасында қарапайым жандар".

Кімдерге ауылға көшудің қажеті жоқ?

Айнұрдың пайымдауынша, егер адамда мына екі нәрсе болмаса, ауыл романтикасы қатал шындыққа соғылып, күл-талқан болады:

  • қашықтан жұмыс істеп табатын табыс немесе қаржылық қор - оның айтуынша, ақшасыз ауылдағы өмір тым ауыр әрі қарабайыр болып кетеді;
  • тыныштыққа дайын болу - егер біреуге мансаптық өсу мен кең араласу ортасы қажет болса, ауыл оған "тарлық" етуі мүмкін.

"Мен үшін бұл соңғы аялдама емес, тек бір кезең болды. Оқшау өмір сүру маған икемді болуды үйретті. Қазір басқа елде тұрсам да, бұл тәжірибе көшуге ең жақсы дайындық болды. Егер артқа қайта оралу мүмкіндігі болса, мен бұл шешімді тағы да қабылдар едім", - деп түйіндеді ол.

5-оқиға. Алматыдан Текеліге

"Өмір өзгерістерді талап етті. Мамандық ауыстыру, жаңа қарым-қатынастардың басталуы және өмірді жаңадан бастауға деген құлшыныс. Сонымен қатар, көшуім оңтайлы шешкен қаржылық мәселелер де болды", - деп Алматыдан Текеліге көшу себептерін Тамара тізіп берді (кейіпкердің есімі оның өтініші бойынша өзгертілді - ред. еск.).

Әйел жаңа мекенді сөзбе-сөз жылжымайтын мүлік сайты арқылы таңдаған. Тамара Алматыдағы пәтерін сатып, несиелерін жапқаннан кейін қалған қаражатқа баспана сатып ала алатын елді мекен табуы керек болды. Алдын ала таңдау Текеліге түсті.

Анықтама: Текелі - Жетісу облысындағы облыстық маңызы бар қала, Қаратал өзенінің жоғарғы ағысында, Жетісу Алатауының баурайында орналасқан. Теміржолдың тұйық тармағында, Талдықорғаннан 40 шақырым жерде. Халқы - 30 мың адам. Текелі кеңестік үлгідегі моноқаладан экотуризм мен өңдеу өнеркәсібі орталығына айналу арқылы тұрақтылық көрсетіп отыр. Мұнда бірнеше жалпы білім беретін мектеп, танымал университет жанындағы колледж, заманауи медициналық орталықтар мен бірегей тау шаңғысы кешені жұмыс істейді, бұл оны мегаполистерден қоныс аударушылар үшін тартымды етеді.

Текелі қаласының басты көшесі. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Көшу үшін неге Текелі таңдалды?

Жалпы, Алматыдан көшудің басты мақсаттары мыналар болған:

  • несиелерді жабу;
  • анасын барлық жағдайы жасалған пәтермен қамтамасыз ету (бұған дейін ол саяжай массивінде тұрған);
  • өзіне бөлек баспана сатып алу.

"Қалай айтсам болады - бәлкім, бұл қашу болған шығар, бірақ басымдықпен қашу болды. Тіпті бұрынғы жағдаймен салыстырғанда жақсылыққа қарай бет бұру дер едім", - дейді Тамара.

Ол қаржылық үміттері толық ақталғанын, мәселелері шешілгенін мойындайды. Текеліде пәтер бағасы бес миллион теңгеден басталады. Алматының жақсы ауданындағы екі бөлмелі пәтерін сатқаннан түскен ақша барлық қарызын жапқаннан кейін үш пәтерге жеткен:

"Біреуінде өзім тұрамын, екіншісінде - анам, үшіншісін жалға беретін болдым. Тіпті кішігірім "қауіпсіздік жастығы" пайда болды, Алматыда мұндай жағдай ешқашан болмаған, тіпті үміт те жоқ еді".

Жаңа қалада кейіпкердің "екінші тынысы" ашылып, жұмыспен қамту орталығына тіркелу арқылы жаңа мамандық иегері атанады. Сөйтіп, жеке кәсіпкерлік ашып, өзіне жұмыс істей бастайды.

"Алматыда мұндай қадамға батылым бармас еді. Кішкентай қалада өзімді көрсете бастадым, біраз батылдандым. Иә, табыс пен жалақы Алматыға қарағанда төмен, бірақ мұнда шығын да аз. Көлікке, кейбір азық-түлікке аз жұмсалады; ойын-сауыққа ақша шашатын жер аз болғандықтан, артық шығын да жоқ. Жылдар өте келе бұның онша маңызды емес екенін түсінесің. Көңіл көтергің келсе, үлкен қалаға достарыңа барып қайтуға болады".

Текелідегі өмірдің артықшылықтары

Тамараның айтуынша, Текелінің айқын артықшылықтары - тыныштық, көліктің аздығы, таза ауа, кептелістің жоқтығы, жолға уақыт шығындамау және таксидің арзандығы.

"Табиғат дәл алақаныңда тұрғандай: өзен, таулар, таза ауа - бәрінен ләззат алуға болады", - деп артықшылықтарды жіпке тізеді Тамара.

Текелідегі демалыс аймақтары. Фотоларды кейіпкер ұсынды

Мегаполиспен салыстырғанда кішкентай қаланың жинақылығы да тиімді болды:

"Мұнда өзімді Алматыдағыдай жауы болған ат секілді сезінбеймін. Бір нәрсеге үнемі үлгермей жататын жағдай жоқ. Бәрі жақын маңда: дүкендер, базар, емхана. Өзіме және өзімді дамытуға көбірек уақыт табылады", - деп салыстырады Тамара.

Текелідегі өмірдің кемшіліктері

Кейіпкер кемшіліктер қатарында инфрақұрылымның нашар дамығанын атап өтті.

- Медицина қымбатқа түседі, өйткені сапалы тексеру үшін үлкен қаладағы бейінді мамандарға баруға тура келеді. Дегенмен мұнда да лайықты медицина қызметкерлері бар, - дейді Тамара сөзін жалғап:

- Бізде ПИК жоқ, жалпы коммуналдық қызметтердің жұмысын, үйлер мен пәтерлердің күтімін, коммуникациялардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалайтын, дер кезінде жөндеу жүргізіп, түрлі шығындарға қаражат жинайтын "орган" жоқ. Сондықтан бұзылған жағдайда пәтер иесі қаржылық және техникалық мәселелермен бетпе-бет қалады.

Музейге немесе театрға, кез келген мәдени іс-шараларға бару үшін Талдықорғанға немесе Алматыға бару керек, жастар үшін клубтар жоқ. Бірақ спорттық секциялар көп, балалар кішкентайынан спортқа бейімделген. Музыкалық және көркемсурет студиялары бар.

- Текелідегі өмір кімдерге сәйкес келмейді? - деп сұрадық Тамарадан.

- Өз қаласында бәрі тұрақты әрі жақсы, өзгерістер мен жағдайды ауыстыруды қаламайтындарға сәйкес келмейді. Өз мәртебесін жоғалтып алудан қорқатындарға да жарамайды. Ал жан тыныштығы мен байыз табуды маңызды санайтындарға нағыз қолайлы жер.

"Кері миграция" - сарапшылардың пікірі

Біздің кейіпкерлердің жеке оқиғалары зерттеушілер "деурбанизацияның жаңа толқыны" деп атайтын трендке сәйкес келеді. Бірақ бұл құбылыс бүкіл Қазақстан үшін қаншалықты тұрақты және мегаполистерден көшіп жатқандарды жалпы мағынада не итермелейді? Мұны білу үшін біз тұрғын үй нарығы мен елдегі әлеуметтік көңіл-күйді күнделікті талдап отыратын сарапшыларға жүгіндік.

Риелтордың көзқарасы: "Тыныштық пен өз бақшаңның өнімін аңсау"

Мегаполис тұрғындарын өңірлер мен жеке секторға не нәрсе қызықтыратыны туралы жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Татьяна Кузинамен сөйлестік. Оның бақылауынша, қаладан жаппай "кету" әлі байқалмайды, бірақ тыныштыққа деген сұраныс барған сайын саналы сипат алып келеді.

Кузинаның сөзінше: көбінесе тұрмысы қалыптасқан және тұрақты табысы бар адамдар көшуге бел буады. Олар үшін бұл жоқшылықтан қашу емес, өмірдің жаңа сапасын іздеу.

"Бұл - жағдайы орныққан, бәрі тұрақты адамдар: табысы бар, қалада пәтері бар. Олар жай ғана оқшауланып, тыныштықта өмір сүргісі келеді. Қазір көбісі "эко" бағытын ұнатады: бақша егу, тауық асырау, жермен айналысып, "жерге жақын" болуды қалайды".

Татьяна Кузина
жылжымайтын мүлік жөніндегі маман

Мұндай өзгерістердің басты драйвері - денсаулыққа деген қамқорлық. Адамдар не жеп жатқаны туралы ойлана бастайды, ал бақшадан консервантсыз көкөніс үзіп жеу мүмкіндігі астаналық жайлылыққа қарағанда салмақтырақ уәжге айналады.

Татьянаның өзі де тыныш жерде тұратынын және бұл жағдайдың айналасындағыларды қалай қызықтыратынын өз тәжірибесінен білетінін айтады:

"Адамдардан: "Ой, қандай керемет, өздеріңіздің қиярыңыз бен қызанағыңыз бар екен!" дегенді жиі естимін".

Риелтор "жайлы өмір" үшін танымал бағыттар ретінде Қарағанды мен Ақмола облысын бөліп көрсетеді:

"Қарағанды - қарбаласы жоқ, тыныш қала. Ал Астана маңынан қарайтын болсақ, бұл - Көкшетау, Щучинск, Бурабай. Ол жақта табиғат, таза ауа мен орманның артықшылығы басым. Бізде қалада пәтері, ал Бурабайда шағын үйі бар зейнеткерлер бар - олар демалыс күндері велосипед теуіп, орман ішінде серуендеу үшін сонда кетеді".

Бағаға келетін болсақ, елордадағы баспананы сату өңірлерде тұрғын үй көлемін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді, бірақ "аспандағы айды" күтудің қажеті жоқ. Риелтордың бағалауынша, Алматыдағы екі бөлмелі ескі үйді (шартты түрде 40 миллион теңгеге) сатып, шағын қаладан үш бөлмелі пәтер немесе кішігірім жер үй алуға болады.

Ауыл өмірінің романтикасына қарамастан, Татьяна Кузина мәселеге шынайы қарайды: өңірлерде жұмыс орындары мәселесі шешілмейінше, қалалардан жаппай көшу болмайды.

"Бұл миграция артуы үшін сол кішігірім қалашықтар мен ауылдарда жағдай жасалуы керек. Егер ол жерде жұмыс болмаса, жас отбасы не істейді? Егер оны ауқымды бизнеске айналдырмасаң, жер сені жыл бойы тек сонымен қоректенетіндей асырай алмайды. Тек жерде тұрып, жұмыс істемесең - бұл қиындау болады".

Мәдениеттанушы көзқарасы: "Біз мегаполистерге бейімделмегенбіз"

Неліктен кейбір қала тұрғындары "елорданың жылтырын" Бобровка немесе Әйтейдің тыныштығына айырбастауға дайын? Мәдениеттанушы Самир Серкебаев бұл жай ғана еркелік емес, терең антропологиялық тамыры бар жаһандық тренд екеніне сенімді.

Оның пікірінше, мегаполистерден кету - табиғи реакция.

Бұрын қалалар еңбек экспансиясының орталығы болса, XXI ғасырда шектен тыс тұтынудың тұзағына айналды. Алматы мен Астана да өз өсімінің тұтқыны болды, мұнда экономикалық тиімділік психологиялық шығындарды ақтамайды. Басты белгі - өмір сүру құнының тым жоғары болуы.

"Инфраструктура халық санының өсуіне ілесе алмай жатыр. Түрлі ауытқулар туындап жатыр: мәселе, Алматыдағы бірнеше айлық жалдау ақысы өңірдегі баспананың құнымен теңескен жағдайлар бар. Адамдар еңбек нарығына қол жеткізу үшін нашар жағдайларға көнуге мәжбүр, бірақ бір сәтте бұл қайшылыққа төзу мүмкін болмай қалады".

Самир Серкебаев
мәдениеттанушы

Сонымен қатар, Самир Серкебаев әңгіме барысында уақыт шығыны ұғымын алға тартады. Егер үйге жету 20 минуттың орнына екі сағатты алса, адам нақты шығынға ұшырайды.

"Мегаполисте үйге қайтар жол тағы бір жұмыс жүктемесіне айналады. Сіз өз-өзіңізге тиесілі емессіз, әлеуметтік қазанда еріп кетесіз. Бос уақыт - ақша сияқты ресурс. Егер шағын қалада логистикаға төрт сағаттың орнына бір жарым сағат жұмсасаңыз - номиналды табысыңыз өзгермесе де, экономикалық тұрғыдан ұттыңыз", - дейді ол.

Антропология тұрғысынан алғанда, Homo sapiens мәдени тұрғыдан миллиондық қалалардағы өмірге әлі толық бейімделе қойған жоқ, деп толықтырды сарапшы.

Адамның психикасы шағын топтар мен түсінікті байланыстарға негізделген. Халықтың тығыздығынан мегаполис тұрғындары күн сайын мыңдаған бейтаныс адамды көруге мәжбүр - бұл стресстің күшті факторы.

Ал кішігірім топтар туралы айтсақ, мысалы, кеңселерде күш-жігер мен нәтиже арасындағы байланыс жиі жоғалады. Депрессия мен дағдарыстан зардап шегетін қалалықтар көбіне іштей басқа қызмет түріне оралу қажеттілігін сезінеді. Ауыл шаруашылығында бәрі басқаша: "еңбек еттім - өнім алдым". Бұл тікелей байланыстар адамға шынайылық сезімін қайтарады, дейді Серкебаев.

Ал ауылдарға көшу, яғни "кері миграция" процесін, әзірге жаппай сипат алмаса да, мәдениеттанушы кеңестік кезеңдегі децентрализациямен салыстырады. Рас, ол кезде бұл мәжбүрлі түрде болды: жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар ел бойынша бөлінетін. Бірақ бұл бөлініс Қазақстанның қазіргі инфрақұрылымын қалыптастырды.

"Бүгін біз осы ротацияға қайта оралып жатырмыз, бірақ енді өз еркімізбен. Саналы адамдар қаланың көңіл көтеруі үшін емес, "өзі үшін өмір сүруді" таңдайды. Көшіп кете отырып, олар тек тыныштық тауып қана қоймай, жүктемені қалыпқа келтіреді, өмірдің бұзылған ырғағын қалпына келтіреді", - деп түйіндеді ол.

Психолог көзқарасы: "Адамдар мәңгілік жарыстан шаршады"

Психолог Юлия Белянина мегаполистерден шағын қалаларға көшуді дамудан бас тарту немесе жеңіліс ретінде қабылдауға болмайды деп санайды. Бұл жерде көбіне таңылған өмір ырғағынан жинақталған шаршау туралы сөз болып отыр.

Оның айтуынша, соңғы жылдары қоғам табысқа жету идеясының қысымында болды: өсу керек, жетістікке жету керек, мақсат қою, көбірек ақша табу, жақсы көріну және үнемі бір қадам алда болу керек. Бірақ мұндай шиеленісте шексіз болу мүмкін емес.

"Серіппе шексіз сығыла алмайды. Бір сәтте адамдар айналасындағылардың бәрі табысты, мінсіз және бәріне үлгеретін сияқты көрінетін сезімнен жай ғана шаршайды".

Юлия Белянина
психолог

Бұл ретте, Белянинаның айтуынша, кетуге деген ниеттің еш жамандығы жоқ және бұл әлсіздік емес. Үлкен қаланың қарқыны кез келген адамға жаға бермейді. Әр адамның өз ерекшелігі, мінез-құлқы және жайлылық туралы жеке түсінігі бар.

Адамдар өздеріне жиі сұрақтар қоя бастады: оларға осы жарыс шынымен керек пе, олар дәл осындай өмірді қалай ма, әлде тек біреудің үміті мен сыртқы жылтыраққа сәйкес келуге тырысып жүр ме?

Психологтың айтуынша, үлкен қала көптеген мүмкіндік беретіні рас, бірақ көбіне одан кем түспейтін құндылықтарды - күш-жігерді, уақытты, ішкі тыныштық пен өзіңмен байланысты алып қояды. Сондықтан көптеген адам қиындыққа шыдамағандықтан емес, шексіз күресіп, біреуге бірдеңе дәлелдеуден шаршап, соңында жай ғана өмір сүргісі келгендіктен кетеді.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, мұны құндылықтарды қайта қарау деп атауға болады. Егер бұрын табысқа жету көбінесе лауазым, қымбат көлік және орталықтағы пәтермен байланыстырылса, бүгінде көбірек адам оны тыныштық, дұрыс ұйқы, отбасына арналған уақыт және әр секунд сайын асықпау мүмкіндігімен байланыстырады.

"Бұл амбициядан бас тарту емес, бұл - жақсы өмірдің сен үшін не екенін түсінуге деген ересектерге тән талпыныс", - деп түйіндеді сарапшы.

Сонымен, бұл қашу ма, әлде өзіңді табу ма?

Біздің кейіпкерлеріміз әртүрлі. Біреу үшін елордадан көшу өзін табуға талпыныс болса, енді бірі үшін - қаржылық және жеке дағдарыстан шығу жолы, ал үшіншісі үшін - жаңа өмір мен өз ісінің бастауы болды.

Бірақ олардың барлығы бір нәрсені айтты: көшкеннен кейін кептеліссіз, асығыссыз және мәңгілік жарыспай қалыпты өмір ырғағына келу.

Әрине, үлкен қалалар білім беру, медицина және мансап орталығы болып қала береді, ал елордалардан көшу әзірге жаппай сипат алған жоқ. Бірақ біздің кейіпкерлеріміздің оқиғасы Қазақстандағы белсенді әрі мазмұнды өмір тек Алматы, Астана және Шымкент арасындағы үйреншікті бағытпен ғана шектелмейтінін дәлелдейді.

Мүмкін, бұл жаңа трендтің бастауы шығар: әлемнің орталығы қай жерде болатынын өз бетінше таңдау.

Авторы: Юлия Колмогорова

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама