Биыл елімізде қанша тұрғын үй салынды? Министрлік жауабы
Елімізде тұрғын үй тапшылығы қалай шешіліп жатыр?
Елімізде мамандар тұрғын үй тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтып, жиі дабыл қағып жүр. Соңғы 3 жылда Қазақстанда қанша тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде қай облыстар алда тұр? Осы сұрақ төңірегінде Massaget.kz тілшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми сауал жолдаған еді.
Соңғы 3 жылда қанша пәтер салынды?
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша соңғы 3 жылда (2021-2023 жылдары) республикада жалпы ауданы 50 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы – 20 миллион шаршы метр және көп пәтерлі тұрғын үй кешені – 30 миллион шаршы метрді құрайды.
"Биыл елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 15,5 миллион шаршы метрден 18 миллион шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ пайдалануға берілген 439 752 пәтердің 113 871-ін тұрғындар салған. Статистика бойынша, 2021 жылы – 149 497 пәтер, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы – 40 785 пәтер, 2022 жылы – 133 195 пәтер, оның ішінде, жеке тұрғын үй құрылысы – 38 201 пәтер, 2023 жылы – 157 060 пәтер, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша – 34 881 пәтер салынды ", – делінген ресми жауапта.
Қай өңір үздік үштікте?
- 2021 жылдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің үздік үштігіне
Шымкент (1012,4 мың ш.м.),
Қарағанды (663,3 мың ш.м.),
Қостанай облысында кіреді. - 2022 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы (488,1 мың ш.м.) мен Шығыс Қазақстан облысы (320,5 мың ш.м.) алдыңғы орында. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Астана – 158,1 пайыз (3 810,1 мың ш.м.), Алматы – 130,7 пайыз (2 502,2 мың ш.м.), Ұлытау облысы – 131,6 пайыз (82,7 мың ш.м.) көш бастаған.
Биыл қанша үй пайдалануға берілді?
Биыл 170 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ал қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіш бойынша 93 658 тұрғын үй пайдалануға берілді.
8 айдың қорытындысымен республиканың 18 өңірінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің өсімі тіркелді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша Шымкент қаласы (27,3 пайызға – 649,1 мың ш.м.) көш бастап тұр.
Одан кейінгі орында:
- Жетісу облысы (20,6 пайызға – 150,2 мың ш.м.),
- Қарағанды (18,8 пайызға – 330,9 мың ш.м.),
- Павлодар облысы (16,5 пайызға – 203,9 мың ш.м.),
- Абай облысы (14,4 пайызға – 189,8 мың ш.м.) және
- Атырау облысы (13,5 пайызға – 416,6 мың ш.м.) тұр.