1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Бір тәуліктегі 24 сағат туралы не білесіз?

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Бір тәуліктегі 24 сағат туралы не білесіз? ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Фото: pixabay.com

Біздің де білеріміз шамалы. "Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз", "Көп білсең де, көптен артық білмейсің" деген ата мақалы бар. Білгенді бөлісіп отыру - үлкен сауап. "Адам адамнан тәлім алады, ағаш ағаштан мәуе алады" емес пе?!

Бір тәулік 24 сағаттан тұрады. Оны жұртың бәрі біледі. Бірақ 24 сағат 4 сағаттан 6 кезеңге бөлінетінін, 6 кезең өз ролін қалай атқаратынын, біз сол 6 кезеңге қалай сәйкесіп, қандай өмір өткізіп жатқанымызды ғылыми тұрғыдан біле бермейміз-ау...

Бұл 6 кезең жылдың көктем, жаз, күз, қыс сынды 4 маусымындағы ауысымды кезеңдеріне ұқсап қалады. Біздің дене мүшелеріміз бен ішкі ағзаларымыз да, мінез-құлқымыз да соған сай өзгеріп өмір сүріп, құбылып отырады. Бір жыл он екі айдан, он екі ай 4 тоқсаннан, 4 тоқсан 365-366 күннен құралады. Оны қазақ "Жыл он екі ай" деп атайды. "Алты ай жаз, алты ай қыс" деп те жорамал жасайды.

Оның да ғылыми негізі бар. Жазда ауада оттегі күшті болса, қыста ауада сутегі күшті болады. Соған байланысты адам денесінің жұмысы 6 түрлі ерекше қызмет атқарып, сағат өткізіп, уақыт ауысуына қарай бейімделіп тұрады.

Біз соны білуіміз керек. Әр күні түнгі сағат 02:00-ден таңғы 6-ға дейін табиғат аясында ауа тұнып, салқын тартып, күн нұры күндіз ауаға қалдырып кеткен жылуының зияндарынан арылып ғажайып қозғалыс жасайды. Осы кездегі ауа өте жеңіл әрі таза күйге өтеді. Бейне таңғы шықтай мөлдіреп тұрады. Таңғы сағат 05:00-те адам орнынан тұрып, сағат 07:00-ге дейін, яғни күн шыққанға дейін сыртта жаяу жүрсе, ауаға тәні мен жанын суарса, дене де сол ауамен бірге тазарады. Адамның ішкі ағзалары таңғы таза ауамен бірге тыныс алып, жасарып өз қызметін барынша күшейте түседі. Таза ауадан қоректенген ішкі ағзалар барынша ширақы қызмет атқарып, тәнге қуат кіреді. Бір күн бойы адам өз бойына күшті энергия жинап алады да, кеш батқанға дейін талықсымай жұмысын жалғастыра береді. Ұйқы баспайды, бауыр қанды жақсы сүзіп, қанды қан тамырлар бөгеусіз күшті айналдырады. Өкпе еркін тыныстайды, бұйрек қуаттанады. Асқазан қызметі күшейеді. Ішек, қуық жолдары кеңіп өзінен өтетін заттарды емін-еркін сыртқа шығарады. Ми қызметі қуаттанады. Көздің көру, құлақтың есту қаблеті артады.

Ал ішкі ағзалар ғана емес, адамның сыртқы дене пішіні де сұлулана түседі. Қол-аяқ жеңіл тартып, жұмысқа лыпып тұрады. Буын-буындар тез икемге келеді. Бұлшық еттер шымырланып, сүйекті қысып ұстай бастайды. Жілік майы мен кәлси қортатын сүйек шеміршектері оянып, қалыпты жұмысын бастайды. Адамның терілері, әсіресе бет терісі сылықтанып, майдалана түседі. Шаштары да жылтырап, түктері де өзіне тән ауа алмастыру, энегия жинау ролін толық атқарады. Таңғы ауаның адам баласына беретін 99 мың кереметі мен хикметі бар. Бізге соны білген абзал болмақ. Таң атты, кеш батты деп жүре берсек өзгені емес, өзімізді танымай, бұл дүниеге бір күні қош айтып өте шырармыз-ау.

Атам қазақ "Ерте тұрған ердің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" деп тектен-текке айтпағанын осы жерде түсінеміз. Таңғы таза ауа адамың тәнін ғана жақсартып қалмай, рухани көңіл-күйін де керемет керімсал күйге бөлейді. Таңғы таза ауада жүрген адам өзін ерекше тіл жеткісіз сұлу күйде түсінеді. Мөп-мөлдір тыныштықта тап-таза болып тазарады. Оңашадғы оқшау сезім адам жанына мөп-мөлдір ерекше шабыт сыйлайды. Сосын күні бойы рухы асқақтап, тәтті тілекпен өмір сүреді. Қайталанбас ғажайып ойлар туындайды. Сол ойлардан шығармашылық жеміс береді.

Рас-ау, сонау шырқау аспанан жылтырап жанып тұрған жарық жұлдыздарға көз жібергенде адам қиялы қырандай самғап, алыс аспан шырақтарына барып, сырласып қайтып келгендей болады. Жаныңыз мөлдіреп, сезіміңіз тұнып, көңіліңіз тазарып, тәніңіз жеңілдеп, бар мүшеңіз қаңбақтай жеңіл тартады. Көңіліңіздің көк аспаны ашылып, көлдей түнжырап тұп-тұнық ауадай таза күйге енесің. Бұл деген таңға жайып құбылыс емес пе?!

Сіз таң шапағына шомылып, пәк те ақжарқын жүзбен таңғы асқа оралғанда, өзіңізді періштедей сезінесің. Арайлы ақ таңның таза бесігі сізді әлі де аялы алақанында әлдилеп отырғандай күй кешесіз. Көңілді отырып ішкен халал асты сіздің ағзаңыз кедергісіз қабылдайды. Асқазанда ауырмай жеңіл һәм толық қорытады. Барлық ағза астан алатын дәрумендерді де толық және еркін ауырсынбай белсенді түрде қабылдайды.

Бабаларымыз "Ас - адамның арқауы", "Аш адам ұрысқақ, ауыру адам тыртысқақ" деп үш уақыт тамақтануды денсаулық кепілі деп білген. Адамның денсаулығының жақсы-жаман болмағы бүтіндей көңіл күйдің әсерінде, жетегінде болады.

Атам қазақ баяғы замандарда "Ақ таңмен тербеліп күліп оян" деп бір-біріне таңғы тілек айтатын болған. Күлкі - күнгей бетке түскен күннің сәулесі. Жаннаттың нұры. Жақсылықтың сыры. Күліп жүрген адамның ажары айдай ашылып, сұлу шырайлы болып көрінеді. Мінезі майдай жұмсақ болады. Бір күн күлімдеп өмір өткізген адамның тоқсан күн өмірі ұзарады.

Жұмысы да ілгерлеп, айналасымен берекелі қарым-қатынас жасайды.

Ал қайғыру - азап, тозақ оты. Ол жүрекке түссе күйдіреді. Ашуланған, қайғырған, долданған адамның дидары қорқынышты күйше өтеді. Тіптен жаман болып кетеді. Бір күн қайғырған адамның тоқсан күн өмірі қысқарады. Ақылы азайып, тынысы тарайып, өкпесі қысып, жүрегі қағып, күні бойы ашу жұтып қалыпсыз күй кешеді. Жұмысы мандымай, денесі сал тарып, маңындағылармен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды. Бұл денсаулыққа зиянын тигізіп, жүрекке жүк арқалатады.

Міне, таңғы ауаны жұтпаудан, түске дейін ұйықтаудан осындай жаман әсер туындайды. Денсаулыққа ауырлық әкеледі. "Ұйқы басқанды нас басады" деген тағылым осыдан қалса керек.

Жалпы алғанда таңғы ауа - адам денесінің іші-сыртына жиналған у мен зәрді, лас нәрселерді тазалап, рухындағы ұялаған жаман, нашар энергияны сыртқа шығарады. Ерте тұрған адам күні бойы сергек жүреді, өнімді жұмыс тындырады. Бұны қазақ "Таңғы ауада тазару" деп атайды.

Сағат 06:00-ден 10:00-ге дейінгі уақыт судың кезеңі. Бұл мезгіде сулар тазарады, тұниды. Адам денесіндегі жиналған сулар өз қызметін атқара бастайды. Адамның сілекейі көбейіп, дене салмағы ауыр тартып, шаршағандай болып, ұйқы баса береді. Себебі су ауыр зат. Денедегі ауаның алмасуына кедергі келтіреді. Адамның ішіндегі оттегін сөндіріп, қалдық астар арқылы қаныңызды былғайды. Тәнді барынша әлсірете түседі. Сосын адамды мажауыраған ұйқы басып, салданып әлсірете береді. Осы кезде тамақ жеп, ас ішсе, денедегі су азайып, жеген тамақтың қортылыуына қызмет атқарады.

Атам қазақтың "Таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама" , "Таңғы асты тоя же, кешкі асты қоя же" деуі бекер емес.

Таңғы ас кешкі астан қалған ішкі ағызалардағы қалдықтарды судың көмегімен сырқа шығаруға жұмыс атқарады.

Таңғы сағат - 10:00-ден 02:00-ге дейінгі уақыт. Оттегінің аса күшейген кезеңі. Бұл кезде табиғатта да, адам тәні мен жанында оттегі басым орынға шығады. Түскі асты сағат 12:00 мен 01:30 аралығында жеген дұрыс бодады. Бұл "От тегі кезеңі" деп аталады. Адам бұл кезеңде оттай жанып, әр жұмысқа белсенді кіріседі, өнімді жұмыс істейді. Тән барынша қуаттанады. Адамның нағыз ояу өмір сүріп жүрген кезеңі де - осы түс. Ауада да оттегі көбейген, жарық сәуле де жер бетіне толық түскен шақ. "Шаңқай түс", "Тал түс" деп осы кезді айтады. Бұл кезде көлік мініп жолға шықпайды. Түскі ас ішіп денені тынықтырып, түстен кейінгі жұмысқа дайындық көрген дұрыс болады.

Адамның денесінде оттегі күшейген шақта, адам күшті энергия жинап, қуатты күйде тұрады. Түскі ас ішсе, денедегі оттегі сол жеген асты толық қорытуға, ағзадағы артық суларды азайтуға жұмыс істеп, дене мүшелерінің тамақтан алатын дәрумендерін қабылдайды. Оны ағзалардың қажетіне тасымалдап, жеткізіп беруге дайын тұрады. Сондықтан тамақты уақытын өткізіп жібермей ішкен дұрыс болмақ.

Түстен кейінгі сағат 02:00-ден 06:00-ге дейінгі ауа, су, оттектері бірімен-бірі қабысып қызмет атқаратын кезең. Бұл кезеңді қазақ "Жараспалы кезең" деп те атайды. Бұл кезеңде адамның талғампаздық қабілеті жоғарылап, терең ой қортады. Әрбір іске құлшынып тұрады. Апырып-жапырып жұмыс істейді, мінезі де сырбыр тартып қалады. Кешкі асты сағат 17:00-ден 18:00-ге дейінгі аралықта жеген дұрыс болады. Бұл түнгі ұйықтарға дайындық болып саналады. Ерте жеген тамақ ертерек қорытылады да, түнде жатқанда асқазанға ауырлық салмайды. Адамның қалыптан сырт семіріп кетуінің алдын алады. Тыныш ұйықтауға себеп болады.

Кешкі сағат 18:00-ден 22:00-ге дейінгі уақыт - топырақ кезеңі. Бұл кезде жердегі топырақ ауаны, отты, суды өзіне сіміріп алып, қайдадан жер бетіне ауаға өзгертіп шығарады. Адам тәні де топырақтан жаралған зат. Адам баласы да, жан жануар да, өсімдіктер мен құстар да ұйқыға беттейді. Он сегіз мың ғалам от, су, ауа, топырақтан құрам табады. Ал адам тәнінде де осы аталған төрт құрам бар. Адамның мінезі, жаны, тәні, тұтас болмыс бітімі бейне жердегі топырақ сияқты. Адамның еті, сүйегі, барлық қаңқасы мен 12 мүшесі топырақ текті. Бахиға қайтқан соң да сол топыраққа айналады. Рухы ғана Алланың алдына жол тартады.

Бұл мезгілде адам баласы ұйықтап, дем алуы керек. Күніне 8 сағат ұйықтау денсаулыққа өте пайдалы. Түнде ұйықтап жатқан адам жерге, топыраққа жақын жатады. Ауаны да, суды да, оттегін де азайтып топырақ күйін көбейтеді. Осы тұста ғана балбырап тәтті ұйқыға шомады.

Түнде сағат 19:00-ден таңғы сағат 05:00-ке дейін тынығып , ұйықтап оянған адам әжептәуір сергіп қалады. Бұл кезде ауаға топырақ энергия таратады. Ауа күндізгіден гөрі ауырлау болады да, ауадағы оттегі сәл азаяды. Соған байланысты адамды ұйқы басады. Ұйқының сыры осында жатыр деуге болады...

Біз  біліп жүруге тиісті іс өте көп. Түскі сағат 02:00-ден 06:00-ге дейін таңғы тазарған ауа осы мезгілден бастап, күн шұғыласының жарық нұрынан озондық оттегімен араласып, жылы ауа ағынына өзгереді. Адамның бойындағы ауа да дәл солай қызмет атқарады. Дене жылы күйін сақтап, денедегі қан да тез айнала бастайды. Бауыр қызметі күшейеді. Адамның жұмысқа белсенділігі артады. Кешкі 06:00-ден 10:00-ге дейін су әрекетке көшеді. Адам санасында жеңіл шабыт пайда болады. Ми қызметі барынша күшейе түседі. Ойлау қабілеті артады. Түнгі сағат 10:00-де ұйқыға беріліп, жастыққа бас қойған абзал. 11:00-ге дейін ұйықтамаса, ұйқы ашылып кетеді де, ұйқы тәртібі бұзылады. Ұйқысы бұзылған адамның мінезі сын көтермейді, тез шамданатын болып қалады. Үнемі осылай жалғасқанда ертесі басы ауырып тұратын, жүйке әлсіздігі қалыптасады. Адамның есте сақтау қаблеті біртіндеп төмендей береді. Сондықтан ерте ұйықтап әдеттенген жөн.

Ұйқы демалыстың, адам ағзаларының демалуының ең үлкен кепілі болып саналады. Адам ұйықтағанда барлық ағза жақсы демалады. Адамның жаны тазарғанда бүкіл жолы ашылып, денсаулығы да тамаша, өң, шырайы да әдемі болып кетеді. Ол кезде көзі жұлдыздай жанып, кеудесі күндей нұрланады.

Жә, оқырманым, мен білгенімді, хақтан естігенімді және кітаптан оқығанымды сіздермен бөлістім. Кәделеріңізге жарап жатса қуанар едім. Тамшыдай пайдасы болса да жеткілікті.

ҚР Жазушылар Одағының, ҚР Журналистика Одағының мүшесі,
Қазақ ұлттық салт- дәстүр, әдет-ғұрып академиясының академигі,
этнограф жазушы:
Болат Бопайұлы

Реклама
Реклама