Чернобыль АЭС-індегі апатқа 40 жыл: ол КСРО-ны қалай шайқалтты?

Чернобыль АЭС-індегі апатқа 40 жыл: ол КСРО-ны қалай шайқалтты? ЧАЭС-тегі реактор жарылысынан кейін. Фото: Украина ұлттық естелік институты

1986 жылы 26 сәуірге қараған түні Чернобыль АЭС-інде апат болды. Бұл атом энергетикасы тарихындағы ең ауыр апатқа айналып, оған халықаралық ядролық оқиғалар шкаласы бойынша ең жоғары - жетінші деңгей берілді. Сол кезде КСРО апат салдарын жоюға орасан зор материалдық және адами ресурстарды жұмсады.

1986 жылы 26 сәуірге қараған түні Чернобыль АЭС-інде апат болды. Бұл атом энергетикасы тарихындағы ең ауыр апатқа айналып, оған халықаралық ядролық оқиғалар шкаласы бойынша ең жоғары - жетінші деңгей берілді. Сол кезде КСРО апат салдарын жоюға орасан зор материалдық және адами ресурстарды жұмсады.

Сондай-ақ бұл оқиға елдің ыдырауына әкелген процестерде маңызды рөл атқарды деп есептеледі. Тарихшы әрі саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков Tengrinews.kz порталындағы авторлық бағанында техногендік апаттың КСРО-ны саяси апатқа қалай итермелегенін талдайды.

Чернобыль апатының салдарын жою кезінде кеңестік директивті экономика ресурстарды жұмылдыру қабілетін соңғы рет көрсетті. Алайда жүріп жатқан реформалар аясында бұл бүкіл жүйеге қосымша салмақ салып, оны әбден шаршатты.

Анықтама: Апат 1986 жылдың 26 сәуірінде Украин КСР-інің Чернобыль АЭС-інің (ЧАЭС) төртінші энергия блогында болды. Сынақ кезінде реактор бақылаудан шығып, жарылыс пен өрт болып, атмосфераға көп мөлшерде радиоактивті заттар тарады. Ең көп зардап шеккен - Украина, Беларусь және Ресей аумақтары. Припять (ең жақын қала) мен басқа да елді мекендерден ондаған мың адам эвакуацияланды, ал станция айналасында оқшаулау аймағы құрылды. Апаттың салдары топырақ пен судың ластануынан, балалар арасында қалқанша безі обырының көбеюінен, сондай-ақ ауқымды әлеуметтік және экономикалық шығындардан көрініс тапты.

Жүйе онсыз да орасан зор әскери өнеркәсіпті (ӘӨК), үлкен армияны ұстап тұруға және ірі халықаралық міндеттемелерді орындауға қажетті қаражат тапшылығына тап болып отырған еді. Бұған жоспарлы экономиканың жалпы тиімсіздігін де қосуға болады. Мұндай экономика Батыспен бәсекелесу мақсатындағы "шабуылдарды" ұйымдастыруға қолайлы болғанымен, халықтың тұтыну деңгейін қамтамасыз ете алмады. Негізінде, КСРО тұтынуды шектеу арқылы ғана армия мен ӘӨК-ті ұстап тұра алды.

Чернобыль апаты Одақта жағдайды өзгертуге тырысқан сәтте болды. Бірақ қабылданған шешімдер, әсіресе экономика саласындағы қадамдар аса тиімді болмады. Мысалы, алкогольге қарсы науқан бюджетті табыстың қомақты бөлігінен айырды. Өйткені жанама салық салу, әсіресе алкогольге салынған салық, бюджетті толтырудың маңызды бөлігі болатын.

Тапшылықты қосымша эмиссия (ақша басып шығару) арқылы жабуға тура келді.

ЧАЭС-тегі апат салдарын жоюшылар. Фото: Украина ұлттық естелік институты

Чернобыль апатының салдарын жою орасан зор қаржыландыруды талап етті. 1988 жылғы есептеулер бойынша - 10 жылға 150 миллиард рубль қажет болды.

Салыстырмалы түрде: Салыстыру үшін айтсақ, бүкіл КСРО отын-энергетика кешеніне (ОЭК) жұмсалатын жылдық бюджет шығыны 30 миллиард рубльді құрайтын. Ақша эмиссиясын ұлғайтуға тура келді. Нәтижесінде инфляция жеделдеді, бірақ директивті экономика жағдайында бұл тапшылықтың артуымен көрініс тапты.

Оның үстіне, 1986 жылдан кейін әлемдік бағаның төмендеуіне байланысты мұнай экспортынан түсетін табыс азая бастады. Бұл көбіне (бірақ толықтай емес) Сауд Арабиясының саясатына байланысты болды, ол 1985 жылдан бастап әлемдік нарыққа мұнай шығаруды күрт арттырды. КСРО-ның мұнай экспортынан түсетін табысының азаюы кеңестік экономика тәуелді болған азық-түлік пен тұтыну тауарларын импорттау мүмкіндігін шектеді. Бұл тұтынудың одан әрі қысқаруына әкеліп, тапшылықты тіпті күшейтті.

Чернобыльдегі апат салдарын жою жұмыстарының ауқымы мен өте ұзақ уақытқа созылуы, ақыр соңында, мемлекеттік биліктің беделіне кері әсер етті. Бұған бірінші кезекте жаңа жариялылық саясаты себеп болды - АЭС айналасында не болып жатқаны туралы ақпарат айтарлықтай көбейді.

Чернобыльден үш шақырым жердегі, апаттан кейін 36 сағат ішінде толық эвакуацияланған Припять қаласындағы бұрынғы кеңестік теледидар дүкені болуы мүмкін. Фото Instagram-аккаунтынан: @lady.adventure_

Кеңестік бюрократия бұған төтеп бере алмады және өз ақпараттық күн тәртібін қалыптастыра алмады. Сондай-ақ радиоактивті аймақта бүкіл КСРО-дан келген жүз мыңдаған адамның жұмыс істегені, олардың көбі сәулелену салдарынан қайтыс болғаны да маңызды еді.

Осылайша, Чернобыльдегі жағдай туралы хабарламалар бүкіл ел бойынша күшті теріс ақпараттық толқын тудырды.

Чернобыль апаты мен оның салдарын жою КСРО-ның кейінгі ыдырауында шешуші рөл атқарған оқиға болған жоқ. Бірақ ол осындай факторлардың, оқиғалар мен жекелеген шешімдердің қатарында тұрды. Кеңестік директивті экономика 1980-ші жылдарға қарай онсыз да қиын жағдайда еді. Ол әлі де көптеген өнеркәсіп өнімдерін, соның ішінде әскери өнімдерді шығара алғанымен, халықтың тұтынуын шектеуді талап ететін өз саясатына деген адалдықты сақтай алмады. Сталин заманында бұл туралы ешкімнен сұрамайтын. Ал 1980-ші жылдары бұл мүмкін болмады.

Бұл тұрғыда Чернобыль апаты КСРО-ның қуатты іргетасының астынан сусып түскен сондай бір тастардың бірі болды, оның құлауы жүйенің әлсіреуіне және кейіннен оның өмір сүруін тоқтатуына әкелген дағдарысқа соқтырды.

Сонымен бірге оның зардаптарын жою жағдайлары кеңестік технологиялық ой-тұжырымның "ақырғы әніне" айналды. Орасан зор ресурстар мен аса маңызды мәселелерді шешудегі керемет күш-жігер көптеген жаңа инженерлік шешімдердің пайда болуына алып келді.

Соның ішінде жаңа АЭС-тер осы тәжірибені ескере отырып салынды. Мысалы, қазір станциялар толығымен жабылған бетон конструкциямен (контайнмент) тұрғызылады, ол ұшақтың құлауына төтеп бере алады және апат болған жағдайда қалдықтарды сыртқа шығармай ұстап тұруға қауқарлы.

Ал Чернобыльде төртінші блоктың реакторы жарылуы салдарынан атмосфераға 50 миллион кюри (50 МКи) радиоактивті элементтер, негізінен цезий-137 ұшып шықты. Бұл белсенділік 50 тонна таза радий-226 көрсеткішіне сәйкес келеді.

Зияны түсінікті болуы үшін: иондаушы сәулелену дозасы, яғни радиацияның адамға қандай биологиялық зиян келтіруі мүмкін екендігі миллизивертпен (мЗв) және зивертпен (Зв) өлшенеді. 1 Зв = 1000 мЗв. Бұл ретте сәулелену түрі (альфа, бета, гамма) және мүшелердің оған сезімталдығы (мысалы, қалқанша безі ең осал тұсы) ескеріледі. Салыстыру үшін: жылына шамамен 2-3 мЗв - бұл табиғи фон (біз Жерде өмір сүру арқылы алатын мөлшер); бір реттік кеуде қуысының рентгені шамамен 0,1 мЗв береді, 100 мЗв кезінде онкологиялық қауіптің артуы тіркеледі, 1 000 мЗв (1 Зв) сәуле ауруын тудырады, 4-5 Зв - өлімге әкеледі. UNSCEAR (БҰҰ-ның атом радиациясының әсері жөніндегі ғылыми комитеті) бағалауы бойынша, ЧАЭС-тегі апат салдарынан адамдар келесі дозаларды алды: зардаптарды жоюшылар - орта есеппен шамамен 120 мЗв, , эвакуацияланған тұрғындар  шамамен 30 мЗв, ластанған аумақтарда тұрып қалғандаралғашқы 20 жылда шамамен 9 мЗв, кейбір адамдарда бұл доза бірнеше есе жоғары болды.

Биыл Германияда радиация деңгейі жоғары жабайы шошқалар үйірі табылды. Өйткені олар радиоактивті бөлшектер сақталуы мүмкін жерді қазады. Бұл - Чернобыльдің айқын ізі.

Сонымен қатар ғалымдар табиғаттың мұндай сын-қатерлерге өзіндік жауап беру қабілеті бар екенін анықтады. Мысалы, егер жарты микрондық радиоактивті бөлшек (оларды "ыстық бөлшектер" деп атайды) өкпеге түссе, ол ағзаға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Бірақ кейінірек адам ағзасы олардың айналасында капсула түзіп, осылайша зиянды азайтатыны белгілі болды.

Бұдан бөлек, қазір реактор астында "балқыма тұзағы" деп аталатын құрылғы жасалады - бұл апат кезінде үш мың градус температурада түзілуі мүмкін радиоактивті элементтерден, құмнан және басқа материалдардан тұратын балқыманы ұстап қалу үшін қажет. ЧАЭС астында мұндай болмаған, сондықтан балқыған материалдың не жер асты суларына, не өзендерге жету қаупі жоғары болды. Ал 1980-жылдары Украин КСР мен Белорус КСР-інде 40 миллион адам сумен қамту мәсілесінде Бучан-Каменск артезиан қабатына тәуелді еді.

Анықтама: Бучан-Каменск артезиан қабаты - Шығыс Еуропа жазығының орталық бөлігінде орналасқан ірі жерасты сулы қабаты (артезиан бассейнінің бөлігі). Ол Буча қаласының ауданынан (Киевтің солтүстік-батысы, бұл Чернобыль АЭС-інің оқшаулау аймағынан шамамен 80-100 шақырым жерде) басталып, Украинаның шығысы арқылы Каменск-Шахтинский ауданына дейін созылып жатыр. Қабат шөгінді жыныстардан (құм, құмтас) тұрады. Ауыз су және техникалық сумен жабдықтау көзі ретінде пайдаланылады, бұл ретте судың сапасы мен қоры нақты учаскеге және қабаттың ластанудан қорғалу деңгейіне байланысты болады.

Кез келген дағдарыс - бұл, ең алдымен, тәжірибе. Чернобыль апаты жағдайында ол тәжірибе өте қымбат бағамен келді. Оның зардаптары әлі ұзақ уақыт бойы сезіледі. Бірақ бұл тек ауыр технологиялық апат қана емес еді.

Бұл көптеген құрамдас бөлігі бар күрделі тарих болды, оның ішінде КСРО-ның күйреу жағдайларына да қатысы бар. Бірақ ондағы ең маңызды нәрсе - осы апаттың зардаптарын жоюмен айналысқан жүздеген мың адам туралы естелік. Бұл нағыз ерлік еді.

Апат зардаптарын жоюға бүкіл КСРО-дан барлығы 600 мыңға жуық адам қатысты. Қазақстандықтар оның едәуір бөлігін құрады. Ресми түрде шамамен 30-32 мың жоюшы туралы дерек келтіріледі - олар 1986-1989 жылдары ҚазКСР-нен Чернобыль аймағына жіберілген әскери қызметшілер, өртсөндірушілер, инженерлер, медиктер және әртүрлі бейіндегі мамандар болатын.

Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін 

Аударған: Нұрила Ермекбаева

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама