Емле түзуде буынның табиғатын ескеру қажет
Бүгінгі таңда зерттеушілер арасында көп талас тудырып жүрген й мен у-дың емлесіне қатысты мәселе профессор Жамал Манкееваның еңбектерінде ғылыми тұрғыда негізделген. Ғалым екі буынды етістік түбірлерін басқа түркі тілдерінің матариалдарымен салыстырып, диахрондық тұрғыдан зерттей отырып, -ы/-і сөзжасамдық жұрнағымен жасалған етістіктерді талдайды: ар > ар-ы, ай/н/ > айн-ы, бек > бек-і, дам > дам-ы, ер > ep-і, жан > жан-ы, жар > жар-ы, жас > жас-ы, жек > жек-і, жер > жер-і, жор > жор-ы, жос > жос-ы, жу > жу-ы, жыл > жылы, жіб > жіб-і, кей > кей-і, көк > көк-і, кілк > кілк-і, қаж > қаж-ы, қай > қай-ы, оқ > оқ-ы, сас > cac-ы, сыл > сыл-ы, тан > тан-ы, тас > тас-ы, тел > тел-і, тоқ > тоқ-ы, тор > тор-ы, ұй > ұй-ы, шош > шош-ы, шұқ > шұқ-ы, шыж > шыж-ы, шір > шір-і, қар > қар-ы, қас > қас-ы, қоқ > қоқ-ы, құр > құр-ы, мой > мой-ы, мұж > мұж-ы, нaл > нaл-ы, нұқ > нұқ-ы. Ғалым -ы/-і жұрнағын -а/-е сияқты сөзжасамдық қосымша ретінде сипаттайды.
Қазақ тілінің тарихын зерттеген ғалым, ҚР ҰҒА академигі Рәбиға Сыздықтың ұстанымдары да профессор Жамал Манкееваның тұжырымдарымен сабақтас. "Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескеретін жайттар" атты мақаласында ғалым: "Йы, йі дыбыстарына біткен етістіктерге көсемшенің -ый/-ій жұрнағы жалғанғанда ый, ій әріптерінің орнына жалғыз й әрпі жазылады. Мысалы: байы + й – байый (Біздің ауыл жылдан жылға байый бермек), байыймын, байыйсың, байыйды (және осылардың көпше түрлері), байыйтын; кейі+й – кейій (Сен оған кейій берме), кейіймін, кейійсің, кейійді, кейійтін; ұйы + й(ды) – ұйыйды (Сүт тез ұйыйды), ійі + й(ді) – ійійді (Бұл сиыр тез ійійді)", – деп жазған болатын.
Яғни көсемше, тұйық етістіктен бұрын келген ы/-і жұрнағын түсіріп тастауға болмайды. Себебі сөздерінің құрамындағы -ы/-і қосымшалары етістік тудырып тұр. -ы/-і қосымшалары оқ, ір, су, мой, шір, тас, жас, қас, тор, құр сөздерінен етістік тудырғандықтан, ол сөздер (оқы, ірі, суы, мойы, шірі, тасы, жасы, қасы, торы, құры) көсемше қосымшасын қабылдай алады. Қазіргі кезде түбір ретінде танылғанмен, профессор Ж. Манкееваның ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, оқы, ірі, суы, мойы, шірі, тасы, жасы, қасы, торы, құры, т.с.с. сөздерді түбір мен қосымшаға жіктеуге болады.
Бүгінгі таңда байы, кемі, кеңі, т.с.с. етістіктердің құрамын морфологиялық тұрғыдан талдасақ, түбірі бай, кем, кең сын есімдері екені анық көрінеді. Яғни бай, кем, кең сын есімдері -ы/-і қосымшалары жалғану арқылы етістікке айналып, содан соң ғана тұйық етістік, көсемше жұрнақтарын қабылдап тұр. Тұйық етістік, көсемше, жұрнағы етістікке ғана жалғана алады, сын есімге не басқа сөз таптарына жалғана алмайды. Егер бай+и, кем+и, кең+и түрінде жазатын болсақ, көсемше жұрнағы сын есімге жалғанған болып шығады. Бұл – тіл заңдылықтарына қайшы. Яғни есімді етістікке айналдыратын -ы/-і сөзжасамдық қосымшаларын түсіріп тастауға болмайды.
2013 жылы жарық көрген соңғы "Орфографиялық сөздікте" -ы/-і сөзжасамдық қосымшасымен келген етістіктердің көсемшелі тұлғасы дауыссыз -й түрінде емес, дауысты -и түрінде берілген, тұйық етістіктің алдындағы ы, і әріптері (етістік тудыратын жұрнақтар) түсірілген:
Келтірілген мысалдарда етістіктің түбірі ы, і дыбыстарына біткенмен (аршы, баулы, қобалжы, қалғы, қалқы, апшы, жылжы, дандайсы, орғы, оқы, мүлгі, лоқсы, ләйлі, даңғойсы, данышпансы, данагөйсі, бықсы, быршы, дамы, шапшы, ұйы, қышы, құры, бекі, қоқы, қоқырсы,т.т.) сөздік құрастырушылар түбірдің соңындағы сөзжасамдық қосымшаны (есімнен етістік тудыратын жұрнақ) түсіріп тастап, көсемшенің дауыссыз й жұрнағынан жасалатын дауысты и-ді қоя салған. Бұл тілдің заңына қайшы.
Себебі: біріншіден, қазақ тілінде дауысты и, у жоқ. Екіншіден, ы, і дыбыстарын (сөзжасамдық қосымшаларды) алып тастаған соң ол етістік болудан да қалады. Етістіктен басқа сөз таптары тұйық етістік, көсемше қосымшаларын қабылдай алмайды. Үшіншіден, қазақ тілінің жүйесі бойынша, дауыссыз дыбыстан кейін көсемше қосымшасы сөздің соңы жуан дыбысты сөздерде а (бара(ды), айта(ды), жата(ды), отыра(ды), т.с.с.), жіңішке дыбысты сөздерде е түрінде (келе(ді), көре(ді), біле(ді), т.с.с.) жалғануы керек. Басқаша жалғана алмайды. Көсемшенің бұл вариантының (-а/-е/-й) басқа түрі жоқ. Дауысты и-мен келетін көсемше қосымшасы жоқ. Сондықтан оқушыларға бұл жердегі морфемалар жігін түсіндіріп беру де мүмкін емес. Себебі тіл заңы бойынша, дауыстыдан кейін дауыссыз келген жағдайда дауысты жоғалып, дауыссыз дыбыс дауыстыға айналып кетпейді.
Көсемшенің -й жұрнағы жалғану үшін үшін алдыңғы дыбыс міндетті түрде дауысты болуы керек, яғни ы, і дыбыстары түсірілмеуге тиіс. Сол себепті аршыйды, баулыйды, қобалжыйды, қалғыйды, қалқыйды, апшыйды, жылжыйды, дандайсыйды, орғыйды, оқыйды, мүлгійді, лоқсыйды, ләйлійді, даңғойсыйды, данышпансыйды, данагөйсі, бықсыйды, быршыйды, дамыйды, шапшыйды, ұйыйды, қышыйды, құрыйды, бекійді, қоқыйды, қоқырсыйды,т.т. болуы тиіс. Қазіргі қазақ тілінде арш, баул, қобалж, қалғ, қалқ, апш, жылж, дандайс, орғ, оқ, мүлг, лоқс, ләйл, даңғойс, данышпанс, данагөйс, бықс, бырш, дам, шапш, ұй, қыш, құр, бек, қоқ, қоқырс, ір, су, мой, шір, тас, жас, қас, деген етістіктер жоқ екені белгілі.
Сөздікте аршу, аршиды, баулу, баулиды, қобалжу, қобалжиды, қалғу, қалғиды, қалқу, қалқиды, апшу, апшиды, жылжу, жылжиды, дандайсу, дандайсиды, орғу, орғиды, оқу, оқиды, мүлгу, мүлгиді, лоқсу, лоқсиды, ләйлу, ләйлиді, даңғойсу, даңғойсиды, білдіргенсу, білдіргенсиді, данышпансу, данышпансиды, данагөйсу, данагөйсиді, бықсу, бықсиды, быршу, быршиды, даму, дамиды, шапшу, шапшиды, ұю, ұйиды, қышу, қышиды, құру, құриды, беку, бекиді, қоқу, қоқиды, қоқырсу, қоқырсиды, т.с.с. түрінде берілген етістіктердің болымсыз түрі аршымау, аршымайды, баулымау, баулымайды, қобалжымау, қобалжымайды, қалғымау, қалғымайды, қалқымау, қалқымайды, апшымау, апшымайды, жылжымау, жылжымайды, дандайсымау, дандайсымайды, орғымау, орғымайды, оқымау, оқымайды, мүлгімеу, мүлгімейді, лоқсымау, лоқсымайды, ләйлімеу, ләйлімейді, даңғойсымау, даңғойсымайды, данышпансымау, данышпансымайды, данагөйсімеу, данагөйсімейді, бықсымау, бықсымайды, быршымау, быршымайды, дамымау, дамымайды, шапшымау, шапшымайды, ұйымау, ұйымайды, қышымау, қышымайды, құрымау, құрымайды, бекімеу, бекімейді, қоқымау, қоқымайды, қоқырсымау, қоқырсымайды, т.с.с. болып таңбаланады. Яғни сөздің соңындағы ы, і дыбыстары сақталып жазылады. Ендеше, туынды сөз жасап (етістік тудырып тұрған) қосымшаны болымсыз тұлғада толық жазып, болымды тұлғада түсіріп тастау қаншалық қисынды болады?
Бүгінгі таңда жаңа әліпбиге көшу барысында орыс тілінің ықпалымен еніп кеткен тұстарды қазақ тілінің өзіндік табиғатына сәйкестендіру керек-ақ. Бұл орайда қазақ тілінің дыбыс жүйесін, морфем жүйесін, тіл тарихын, зерттеп жүрген Әлімхан Жүнісбек, Ерден Қажыбек, Сейсенбай Құдасов, Гүлғайша Сағидолла, Мағрипа Ескеева, Анар Салқынбай, Бижомарт Қапалбек сынды зерттеуші-ғалымдардың пікіріне құлақ асу қажет.
Соңғы жылдары орфографияда "жазу экономиясын сақтау керек", "жазылмағанда айтуға зиянын тигізбейтін тұстарда ы, і дыбыстарын түсіріп жазуға болады" деген ұстаным басшылыққа алынып келеді. "Орфографиялық сөздіктің" соңында берілген қосымшада Көлтаусар, Абралы тауы, т.т. атаулар ы әрпі түсіріліп жазылған. Мұндай ұстаным тіліміздің жүйесін бұзады. Қазақ тіліндегі мылтық, қысық, келтірінді, кісілік, ізгілік, қырын, қысым, мігір, тігін, тізгін, қыдыр, қырық, қыңыр, т.с.с. сөздердің бәрінде де ы, і дыбыстары айтыла бермейді. Сонда бұл сөздердің бәрін "жазылмағанда айтуға зиянын тигізбейтін тұстарға" жатқызатын болсақ, тіліміз не болады?
Профессор Жамал Манкееваның түбірдің табиғатын нақтылап, екі буынды түбірлерге жасаған талдауы бүгінгі таңда орфографиялық нормаға да ұстаным болуы керек. "Аспекты изучения структуры тюркского корня и характеристики типов односложных корневых основ как отражение эволюционного процесса в развитии агглютинативного строя тюркской словоформы" атты мақаласында танымал түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор, Башқұрт Мемлекеттік университетіндегі татар филологиясы кафедрасының меңгерушісі А. Г. Шайхулов түркі тілдеріндегі түбір морфемалардың табиғатын айқындауда Ж. Манкеева, Е. Кажибeков, Ф. Джалилов сынды ғалымдардың еңбектерін басшылыққа алу керек екенін айтады. Түбірді диахрондық тұрғыда зерттегенде ғана емес, емле қағидаларын қалыптастырып, жолға қоюда да профессор Ж.Манкееваның зерттеулерінің маңызы зор.
Мақала авторы: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы Жұбаева О.