1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

ХХІ ғасыр. Ағарту ісі қалай басталды?

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ ХХІ ғасыр. Ағарту ісі қалай басталды? ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Міне, тағы да бір оқу жылы аяқталып, орта білім беретін мектеп қабырғасынан шыққан жас түлектер Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, өмір жолындағы жаңа кезең табалдырығын аттау алдында тұр. Бұл қадам
болашаққа бастайтын маңызды қадамдардың алғашқысы десек, артық айтпаған болар едік. Олардың көпшілігі болашақта белгілі бір мамандық иесі болуды армандауы хақ.

Ресми статистика мәліметі бойынша Қазақстанда қазіргі таңда 180 жоғары оқу орны, 127 орта кәсіби мамандырылған білім беретін орта оқу орындары бар екен. Иә, ХХI ғасырда жастарымызға алуан түрлі бағыттағы мамандық иесі болуға барлық мүмкіншіліктер бар. Әрине, мамандық түрін таңдағанда, болашақта ол сұранысқа ие бола алады ма, нарық заманында жұмыс орнымен қамтамасыз ету мүмкіншілігі болады ма, осы жағын жақсылап ойластырған да жөн болар деп ойлаймыз. Осы тұста ойымызға Ахмет Байтұрсынов бабамыздың айтқан келесі нақыл сөзі оралады: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Қай заманда болсын, кез-келген мемлекеттің күштілігі, бірінші кезекте, оның экономикасының даму сатысымен, мықтылығымен танылады. Демек, Ахмет Байтұрсынов айтқан ілім бүгінгі таңда да өз маңыздылығын жойған жоқ, яғни білім де, байлық та, мемлекеттің күштілігі де бір-бірінен туындайтын, бір-бірімен астарласып, жалғасып жатқан дүние екендігі - өмір шындығы. Ел экономикасының түрлі салаларының қарқынды дамуына әсер беретін маңызды факторлардың бірі - білікті мамандардың болуы, яғни адами фактор болып табылады. Бұл күрделі мәселе тек қана Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ғана құзырындағы іс пе?

Реклама
Реклама

Әлде, әр түрлі саладағы мамандар қажеттілігін анықтау ісінде болашақ кадрларды жұмысқа қабылдайтын мекемелер мен ұйымдар, кәсіпорындар мен шаруашылықтардың атқаратын рөлі бар ма? Халқымызда «өткеннен
сабақ ал» деген сөз бар емес пе, сол себепті осы жайтты анықтау мақсатында бір сәт тарих беттеріне үңіліп көрейік.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің сөрелерінде ел тарихының бастапқы кезеңінде ағарту ісінің қалай басталғандығы жөнінде мағлұмат беретін тарихи құнды деректер жеткілікті. Осы құжаттарға сүйенер болсақ, Қазақстанда ашылған тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ университеті, қазіргі күндегі ресми атауы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) болып табылады. Биыл бұл жоғары оқу орны өзінің 90 жылдық мерей тойын атап өтпекші. Алайда біз үшін Қазақ педагогикалық университетінің тарихы мерей тоймен ғана шектелмейді. Оның бастапқыда құрылу тарихының өзі қызықты, себебі бұл келелі іске халқымыздың сол тұстағы зиялы қауым өкілдері, көрнекті тұлғалары ат салысқан болатын.

Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қабырғасында қазіргі таңда білім алып жатқан студент жастар кезінде университет аудиторияларында аз уақыт болса да (бір-екі жыл шамасында) Ахмет Байтұрсынов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков және тағы басқа Алаш қозғалысының мүшесі болған, кеңес үкіметі тұсында елдің оқу-ағарту ісіне зор үлесін қосқан Алаш арыстарының дәріс оқығандарынан хабардар ма екен? Бір сәт көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, зиялы қауымның көрнекті өкілдері қазақ жастарының білімді болу жолында нені армандады нені мақсат тұтты екен?

Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының 1927 жылғы ақпаратына сәйкес, ол тұста 3.03 миллион шаршы километр жер аумағында 7 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда шамамен алғанда 3584 бастауыш мектебі, 111
жоғарғы сатыдағы, яғни 7 жылдық, 9 жылдық мектептер, сондай-ақ 26 техникум, 6 фабрикалық-заводтық оқыту мектебі ғана бар оқу жүйесі болған. Жаңа білім ошақ орындарын ашпақ тұрмақ, сан жағынан аз болса да, қолда бар осы мектептердің өзін жоғары деңгейдегі білікті мамандармен, оның ішінде бірінші кезекте қазақ ұлтынан шыққан маман кадрлармен қамтамасыз ету қиынға соқты. Қазақ жастарын сырттағы, яғни өзге республикалардағы жоғары оқу орнындарында оқытуға жағдай келе бермеді.

Қазақстанда жоғары оқу орны ашылуы керектігі жайлы мәселе сонау 1922-1923 жж. көтерілген болатын. 1925 ж. Қазақ халық ағарту халық комиссариаты Қазақстанда жоғары оқу орнын ашу жайлы мәселені басты мақсат етіп қойды және бірінші кезекте педагогикалық факультеттің ашылу керектігін алға тартты. Ол үшін 1926 ж. Қазақ халық ағарту комиссариаты Ташкент қаласында «Ташкент ағарту институтын» педагогикалық жоғары оқу орны етіп қайта құрды. Бұл тәжірибеден оң нәтиже алған соң 1927 жылдың басында Қазақ халық ағарту комиссариаты үш факультеттен тұратын тұңғыш университет құрылымын қабылдады.

Қазақ республикасында алғашқы жоғары оқу орнын ашу, онда дайындалатын мамандық түрлерін анықтау мәселесінен сол тұстағы билік және басқару органдары, әр түрлі саладағы мекемелер мен шаруашылық
ұйымдары қалыс қалған жоқ. Мысалы төмендегі архив құжатында  көрсетілген мәліметтерге жүгінетін болсақ, 1928 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Қазақ АКСР-сы Халық ағарту комиссариатына республика көлеміндегі Жоспарлау комиссиясының, Халық ағарту комиссариаты коллегиясының, Ветеринарлық комитеттің, Мәскеудегі Қазақ АКСР Өкілеттілігінің, тіпті Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ Халық Комиссарлар Кеңесінің өкілдері (қазіргі заманғы парламент пен үкімет) арнайы келіп, келелі мәселе жөнінде өз ойларын айтып, Қазақстан экономикасына қандай бағыттағы мамандық түрлері қажет екендігін анықтауға ықпал жасады.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Осылайша, 1928 жылы қазақ интеллигенция өкілдері, сонымен қатар мемлекеттік органдар құрылымдарының қатысуымен бірінші кезекте ашылуы тиіс үш факультет түрлері анықталады, олар: педагогикалық, ауыл
шаруашылығы, медициналық.

Осы мәселеге байланысты 1928 жылдың 10 маусымында Қазақ Халық Комиссарлар Кеңесінің отырысында университеттің құрылуы жайлы арнайы қаулы қабылданады. Оның бірінші пунктында Алматы қаласында құрамы
педагогикалық, ауыл-шаруашылығы, медициналық факультеттерден тұратын Қазақ мемлекеттік университеті құрылсын, оның педагогикалық факультеті құрамында физико-техникалық, жаратылыстану, лингво-әдебиеттен тұратын үш бөлім ашылсын делінген болатын. Қазақ университетін дәріс беретін профессура және ғылыми
қызметкерлермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Қазақ Халық ағарту комиссары (қазіргі заманғы аннология бойынша білім және ғылым министрі) Ораз Жандосовтың 1928 жылдың 10 маусымында Москва қаласындағы Кәсіби мамандықтар бойынша білім беру басқармасына жазған мына бір хатын назарларыңызға ұсынамыз. Онда халық ағарту комиссары Ораз Жандосов орталықтан, яғни москвалық және ленинградтық профессорлар, жас ғалымдар ортасынан тұнғыш Қазақ университетіне оқытушы қызметіне жұмысқа шақыру мәселесімен қатар, бұл іске ең алдымен қазақ зиялы қауымы ішінен шыққан, жергілікті оқу-ағарту саласындағы өз мамандарымызды тартуымыз қажет деп жазады.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

1928 жылдың 3 шілдесінде университеттің ашылуын даярлау үшін арнайы комиссиясы құрылып, оның төрағасы қызметіне Ораз Жандосов, мүшелігіне Абрахманов, Байдильдин, Михайлов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов, Д. А. Авксентьевский кіргізілді. Олардың әрқайсысының өз алдына жүзеге асыруға алған міндеттемесі болды. Тұңғыш қазақ университетінің алғашқы ректор қызметін атқарған Асфендияров Москва мен Ленинград қалаларынан ғалымдарды тартып, жаңа құрал-жабдықтар алса, Абдрахманов Алматыда университеттің ашылуына байланысты дайындық жұмыстарын жүргізді. Халел Досмұхамедов өз кезегінде Ташкенттегі Қазақ педагогикалық жоғары оқу орның жауып, оның
дүние-мүліктерін Алматыға көшірсе, Авксентьевский Қазақ университетінің Москвадағы өкілі ретінде атқарылған жұмыс жайлы есеп беріп қана қоймай, университеттің мүддесін барынша қорғап, әрі Алматыда ауыл-шаруашылығы мен медициналық жоғары оқу орындарының ашылу керектігі жайлы баяндама оқып, дәлелдеуден талмады.

Қазақ университетінің оқытушыларының алғашқы құрамы келесідей болды:

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Қаулыда қабылданған шешімге зерделей қарайтын болсақ, университет құрамында бірінші кезекте ашылуға жоспарланған факультеттер сол тұстағы республика экономикасына аса қажет болып отырған мамандықтар түрлерін анықтап беріп отырғандығын байқаймыз. Сонымен қатар, педагогикалық факультеттің құрамындағы бағыттарға зер салатын болсақ, бірінші кезекте гуманитарлық білім саласына емес, физико-математикалық және жаратылыстану пәндеріне берілуінде зор мән жатыр. Себебі ондағы басты мақсат - қазақ жастарының арасынан бірінші кезекте техникалық
мамандықты игеріп, халық шаруашылығын алға жылжытатын кадрлар даярлап шығару болғандығы сезіліп тұр.

Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының архивтік қорында сақтаулы Халел Досмұхамедовтың қазақтың тұңғыш университетін құру жолында атқарылған жұмыс жөнінде берген есеп-хатында қазақ жастарына арналған
тұңғыш жоғары оқу орнының құрылу тарихын айта келе, жаңадан құрылған университет есігін алғаш рет ашқан, оқуға шақырылған студенттер құрамына тоқтала кетеді.

Дәріс тыңдаушы студенттерді жинау біраз қиындықтар туғызды. Өйткені жергілікті атқарушы органдар дер кезінде хабарлама беріп, түсіндіру жұмыстарын жеткілікті деңгейде жүргізбегендіктен, оларды екі рет
қыркүйек, қазан айларында қабылдауға тура келді. Ол үшін 1928 жылдың 26 қыркүйек айында арнайы комиссия мүшелері құрылып, қызу жұмысқа кірісті. Қабылдау комиссиясының құрамы келесідей болды:

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Іс жүзінде 1928 жылдың 1 қазанында Қазақ мемлекеттік университетінің құрамында бір ғана факультет ашуға қол жеткізілді, ол педагогикалық факультет болатын. Педагогика факультетінің алғашқы құрамына 124 студент қабылданып, олардың ұлттық құрамы келесідей болды: қазақтар - 76,татарлар - 3, орыстар - 42 еврейлер - 2, немістер - 1.

Болашақ педагогтарды оқытып, дайындап шығаратын факультет құрамындағы бөлімдердегі студенттер саны келесідей болды: физикотехникалық бөлімі - 37 студент; жаратылыс тану бөлімі - 38 студент; тіл және мәдениет бөлімі - 49 студент, оның ішінде 25 студент -орыстар, 24 студент - қазақтар.

Х. Досмұхамедов университетке алғаш қабылданған студенттердің, әсіресе қазақ жастарының білім деңгейінің төмендігін атап өтеді. Осы олқылықтарды түзету мақсатында тыңдаушыларға бірінші кезекте математика, физика, қазақ және орыс тілдері бойынша қосымша түрде сабақ өткізілгендігін хабарлайды. Иә, шамамен алғанда, осыдан жүз жыл бұрын зиялы тұлғаларымыз келер заман ғылым мен техниканың заманы екендігін алдын-ала пайымдап, қазақ жастарының сауаттылығын осы бағытта кеңінен ашуға ат салысқан екен.

Болашақ университеттің математика, химия, физика пәндері жүретін кабинеттерін арнайы құрал-жабдықтармен, ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету жолындағы атқарылған жұмыстарды Досмұхамедовтың осы есеп-хатынан табамыз. Университеттің оқытушы-профессура құрамы математика пәні оқу құралдарын таңдау мәселесіне келгенде, кітапханаға шет тіліндегі (ағылшын және неміс тіліндегі) оқулықтарды, ғылыми журналдарды топтастыруды назардан тыс қалдырмаған екен. Мысалы, келесі мына архив құжаты соның дәлеліндей:

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Университеттің педагогикалық факультеті құрамындағы лингвоәдебиет бөлімін ашу қажеттілігі сол кезеңде халық арасында жүріп жатқан жаппай сауатсыздықты жою кампаниясын табысты жүзеге асыру мақсатымен негізделді. Алайда, бұл бөлімде қазақ тілі және көркем әдебиеті пәнімен қатар, орыс, ағылшын және неміс тілдерін үйрету жоспарланады. Шет тілдері кабинетінің кітапханасына ағылшын және неміс классикалық және замануи
жазушыларының еңбектерінің 100-150 томдығын, сонымен қатар осы тілдерде шығатын газет-журналдарды жинақтауды көздейді.

Сондай-ақ, студенттерге ағылшын және неміс тілінде акцентсіз таза сөйлеуді үйрету мақсатында, сол заманғы прогрессивті құралғылардың санатында есептелген арнайы сабақтар жазылған пластинкалар мен грамофонды сатып алуға республика үкіметінен қажетті қаржы бөлуді сұрайды. Қазақтың алғашқы университетін ұйымдастырушы зиялы қауымның бұл әрекетінен тілді үйрету әдістемесінде дәстүрлі оқу құралы - оқулықпен қатар, оның креативті, жаңа түрлерін іздегенін байқаймыз. Бұл өз кезегінде оқытушы қауымның сол тұстағы саяси орталықтың Мәскеудің ғана емес, сонымен қатар батыс мемлекеттерінің прогрессивті тәжірибесіне де көңіл бөлгенін білдіргендей әсер қалдырады.

Осындай жекеленген арнайы кітапханалармен қатар, университеттің фундаментальды кітапханасын ұйымдастыру университет басшыларының алдына қойған ізгі мақсаттарының бірі болды. Досмұхамедов есеп-хатында
Москва және Ленинград қалаларында осы кітапханаға, бас аяғы 20 000 томды құрайтын әр түрлі саладағы кітаптарды сұрыптау-таңдау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, оның алғашқы партиясы Фрунзе қаласы арқылы
жеткізілетінін айтады. Сонымен қатар, жергілікті округтық кітапханадан 30000-ға жуық кітап данасынан тұратын кітапханалық қорды университетке берілетіндігі жөнінде келісімге келгендерін хабарлайды. Осы кітаптар қазіргі
күнгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітап қорында әлі күнге дейін сақтаулы ма екен?

Жоғарыда атап өткендей, тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ университетінің студенттеріне алғаш рет дәріс берген ұстаздардың қатарында жергілікті кадрлардан қазақтың көрнекті ғалымдары, ағартушыпедагогтары: А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, С. Асфендияров, А. Ермеков, Мансұров және т. б. тұрды. Сонымен қатар, сол жылдары Алматыға университетте қызмет жасауға Москва және Ленинград қалаларындағы жоғары оқу орындарынан Н. Фатов, Потапов, Дубошин, Ровинский, Кругляк, В. Литвинов, С. Логинов сынды математик, физик, биолог, әдебиетші, тілші ғалым-педагогтар келді.

Ұлы ағартушы, педагог Ахмет Байтұрсыновтан келер ұрпаққа айтылған біраз нақыл сөздер қалған екен. Кім біледі, олардың біразын Ахмет Байтұрсынов университеттің алғашқы студенттеріне дәріс беру кезінде айтқан шығар. Мысалы, А. Байтұрсыновтың мектеп және ұстаз жайлы айтқан ақыл-ойы бүгінгі күнгі мұғалімдерге берілер бағыт-бағдарлама болатындығын мойындауымыз керек: "Мектептің жаны  мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі - білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім".

Ұлы ұстаздың "Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, білім де сондай керек", "Адамға ең қымбат нәрсе - жұрт қамы, жұрт ісі", "Жұрт керегін білетіндер - көп, істейтіндер – аз", "Мұғалімі қандай болса - мектебі де сондай болмақ", "Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?!" және тағы да басқа нақыл сөздері бүгінгі күні орта мектепті бітіріп, болашаққа жолдама алып отырған әрбір жасқа ой салып, өмір жолын, мамандық түрін таңдау ісінде жеке өз басына ғана емес, сонымен қатар қоғамға да, қоршаған ортасына да, жалпы еліне, халқына беретін пайдасын ойластыру қажеттілігін көрсетіп тұрғандай көрінеді.

Әрине, өткен ғасырдың 20-30 жылдарында республиканың ағарту ісі қызметі мен қазақ интеллигенциясы өкілдеріне экономикалық-әлеуметтік жағдайдың төмендігіне қарамастан тұңғыш жоғарғы оқу орнын ұйымдастыруды жүзеге асыру оңайға соққан жоқ. Әсіресе материалдық базаның өте төмен деңгейде болуы, республикада ғылыми дәрежесі жоғары, көзі ашық оқымыстылардың жетіспеушілігі зор қиындық туғызды. Алайда
қазақ зиялылары және мемлекеттік билік органдарының қызметкерлері бірлесе жүріп, осы мақсаттың орындалуына өз үлестерін қосты. Ал, бұл игі бастамалардың басында тұрып, ерен еңбек етіп, өлшеусіз зор үлестерін қосқан қазақтың ұлы тұлғаларын келешек ұрпақ ұмытпаулары тиіс!

Авторы: Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің жоғарғы деңгейдегі білікті маманы Жұмажанова Айсұлу Серікжанқызы