1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Ион алмасу химиясының негізін салушы. Әлем державалары көз тіккен Еділ Ерғожиннің өмірі туралы

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Ион алмасу химиясының негізін салушы. Әлем державалары көз тіккен Еділ Ерғожиннің өмірі туралы ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Еділ Ерғожин. © Сурет отбасы мұрағатынан

Қазақстандық белгілі ғалым Еділ Ерғожин шаруа отбасында өскен, бірақ ол Абылайханға кеңесін беріп отырған Жылкелді бидің баласы Ескелді би батырдың руынан шыққан. Ескелді бидің анасы - Ұланбике - ұлы жүздің биі, шешен, ақын, қазақтың "Жеті жарғы" заңдар жинағының авторларының бірі Төле би Әлібекұлының кенже қызы. Ескелді би жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын жорықтар жасап, қазақ халқының тәуелсіздігі мен амандығы үшін күрескен.


Еділ Ерғожин, 1942 жыл 

Реклама
Реклама

Балаға есім қойғанда үлкендер халықтың тарихымен байланыстыруды жөн көріпті. Еділ - қазақтар Волганы осылай атайды. Еділдің ата-бабасы жоңғарларға қарсы жорықтар кезінде дәл осы арнасы кең өзенге бет алған екен. Ата-анасы баланың мықты әрі мейірімді жан болып өскенін қалады.


Еділ әкесімен, жанында әкесінің бауыры Белтай мен оның әйелі Бикамал, сондай-ақ бауыры Қаби мен әпкесі Зейнеш


Әпкелері мен бауырларының ортасында. Солдан оңға қарай: Күлән Нұрхатова, Зейнеш Ерғожина, Қаби Әбішев, Еділ Ерғожин және Елеусіз Ерғожин


Еділ Ерғожин (екінші қатар, оң жақтан екінші) бірінші сыныпта

Қойшының көмекшісі химик болуды армандаған

Еділ химияға тоғызыншы сынаптан бастап әуес болды. Сол жылдары КСРО-да "Химияны өмірге" лозунгы танымал еді. Оқушысы, әріптесі Баян Мұхитдинованың айтуынша, бұл ғылым ең қажет әрі маңызды саналған. "Бұл мамандыққа конкурс өте қатаң еді. Ең лайықты деген, сәттілік серігі болған, мақсатына берік талапкерлер ғана оқуға түсе алатын", - дейді ол.


Еділ Ерғожин, 1958 жыл

Еділ химфакқа оқуға түсті, бірақ бірінші тапсырғаннан түсе алмаған болатын. Конкурсқа қатысқандар санында шек жоқ, бір орынға 50 адамнан келетін, одан өтіп, оқуға түсуге бір ғана балл жетпей қалыпты.


Түлектер жоғары оқу орнын таңдап жатыр. Еділ бірінші қатарда. 1957 жыл 

Еділдің химия факультетіне түсіп, ғылыммен айналысуға деген арманы таным көкжиегін кеңейтуге сеп болды. Төгілген маңдай тері мен өз бетінше оқуы бекер емес екен - Еділ емтихандардан сәтті өтіп, 1958 жылы студенттік өмірге аяқ басады.


Еділ химия факультетінің студенттерімен бірге, 1959 жыл 


Докторлық диссертациясын жазу үстінде

Қаныш Сәтбаевтың өсиеті

1962 жылдың маусымында Қазақ КСР Ғылым Академиясының бірінші президенті, академик Қаныш Сәтбаев Химия ғылымдары институтының ион алмасу шайырлары зертханасына келіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысымен танысқан. Онымен бірге институт директоры Әбікен Бектұров еріп жүрді.

Олар ион алмасу шайырлары мен мембрана саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту туралы сөйлесіп тұрған сәтте студент Ерғожин жетеккүштегі синтезге эксперимент жүргізіп жатқан еді. Қаныш Имантайұлы оған қарай берді. Ол сөйлесіп болғаннан кейін студенттің жанына барып, онымен амандасып былай дейді:

"Сіз арпа қабындағы жалғыз бидайдың дәні сияқтысыз", - сосын ғалым аты-жөнімді және оқу орнымды сұрады. Студент жауап берген соң ол "А, сіз Баташтың студенті екенсіз ғой" деді. Декан Батырбек Бірімжановты осылай атайтын.

Қоштаса келе ол студентке ғылымда талапты болуды, қайтпай, беріспей еңбек етуді әрі қатарының алды болуды тіледі. Ұлы ғалымның бұл сөздері оған өсиет болды, бұл сөздер оған қатты әсер етіп, ғылымның қиын жолымен қайтпай жүруіне ықпал еткен еді.


Еділ Ерғожаұлы ағасы Елеусізбен жайлауда, 1962 жыл

Ғалым, өнертапқыш, новатор

1963 жылы Ерғожин химия факультетін үздік бағамен бітіріп, Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия ғылымдары институтының аспирантурасына оқуға түсті. Үш жылдан кейін ол кандидаттық диссертациясын, ал сегіз жылдан кейін 33 жасында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

"Ғылым тағдырына деген жоғары жауапкершілік сезімі оған уақытын институт қабырғасында өткізуге мүмкіндік бермей, әртүрлі жағдайда күнделікті ұйымдастырушылық жұмысты талап етті. Еділ Ерғожаұлы туған альма-матеріне оралды, алдымен жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасында профессор болып жұмыс істеді, ал 1979 жылы желтоқсанның соңында байқау бойынша осы кафедраның меңгерушісі болып сайланды", - дейді оның студенті, әріптесі, химия ғылымдарының докторы Төлеген Шалов.


ҚазМУ қызметкерлері КОКП-ның Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа және Қазақстан КСР Компартиясы ОК хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа және қонақтарға ЖОО-дағы құрылыс жобасын таныстырып жатыр, 1983 жыл.

1980 жылы химия факультетінің деканы болды. Бұл қызметте Еділ Ерғожаұлы 1983 жылғы қарашаның ортасына дейін жұмыс істеді. Артынша Сергей Киров атындағы ҚазМУ-дың бірінші проректоры, кейіннен ректоры және білім және ғылым вице-министрі болды.

Ректор ретінде ол төрт жатақхана салды, ал 1987 жылы стадионы бар спорт кешені пайдалануға берілді, бұл студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге және оларды спортқа тартуға мүмкіндік берді. 1988 жылы Ерғожин Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия ғылымдары институтын басқарды.

Ол орыс, неміс және ағылшын тілдерін меңгеріп, Германия, Түркия, Чехия, Франция, АҚШ және басқа да елдердегі халықаралық 40 симпозиумда өзінің ғылыми баяндамаларын оқыды. "Оны америкалықтар, француздар және немістер өздеріне шақырған. 90-жылдары оны Бельгиядағы ғылыми зертханаға қабылдағысы келді, бірақ ол әрқашан Қазақстанның пайдасына шешім қабылдайтын, өйткені ол нағыз патриот болды. Сол жылдары химия институтсында қиын жағдай болса да, ол үмітін үзбеді, болашақ туралы ойлап, қызметкерлеріне қамқорлық жасады", - дейді химия ғылымдарының докторы Айгүл Садырова.


С.М.Киров атындағы ҚазМУ химия факультетінің жаңа деканы профессор Е.Е.Ерғожинды сайлау, Б.А.Берімжановтан, В.П.Митрофановтан, партком хатшысы Н.В.Руденкодан құттықтау мен тілектер. Алматы, 1980 жыл

Химия ғылымдарының докторы (1974), профессор (1978), ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1982), ғылымға еңбек сіңірген қайраткер (1984), Қазақ КСР Ұлттық ғылым академиясының академигі (1989), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы (2014) - Еділ Ерғожаұлы Ерғожинге арналады.

Е.Е.Ерғожин Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Бұйрығы бойынша 1971 жылдың 8 шілдесінде жоғары өндірістік көрсеткіштері, жастарды тәрбиелеудегі белсенді еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Грамотасымен, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Бұйрығымен 1999 жылдың 28 қыркүйегінде "Астана" медалімен, ғылым мен білімді дамытудағы, жас ғалымдар мен мамандарды дайындаудағы, Қазақстан химия ғылымын нарықтық жағдайға бейімдеу және дүниежүзілік аренаға шығуға сіңірген үлкен үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев алғыс жариялап "Алтын барыс" белгісін берді (2001), мемлекет алдындағы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына сіңірген ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2003 жылдың 8 желтоқсандағы №1246 бұйрығы бойынша "Парасат" орденімен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылдың 25 тамызындағы бұй-рығы бойынша "Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл" медалімен, 2006 жылдың 17 қаңтардағы бұйрығы бойынша "Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл" медалімен және 2016 жылдың 29 қарашадағы Жарлығы бойынша "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен марапатталды.

Ол ғылым саласындағы "Алтын Адам - Жыл Адамы - 2000" Республикалық конкурста жеңімпаз атанып, тәуелсіз халықаралық сыйлықтың "Ғылым" номинациясындағы "Платиналық Тарлан" сыйлығының алғашқы иегері (2000), Вена қаласындағы Халықаралық университеттің (2008) Құрметті профессоры, Американың химия қоғамының мүшесі (2008) болып сайланды.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеттерінің (2001), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық және Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеттерінің (2011) Құрметті профессоры болып сайланды. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Алтын медалмен марапатталды (2011).

ҚР ҰҒА-ның академигі Е.Е.Ерғожинге Алматы облысы Ескелді ауданының (2006) және Алматы облысының Құрметті Азаматы атағы берілді (2007).

Интернет және SMS арқылы жалпы халықтық дауыс берудің нәтижесінде ол 26 538 дауыс жинап, 2012 жылы "Ел тұлғасы" - "Отан есімі" Бірінші Республикалық конкурсының "Ғылым" номинациясының жеңімпазы атанды. 
Қазақстан Республикасының экономикасы мен халықаралық беделін нығайтуға, мемлекеттік құрылым саласындағы Отан алдында сіңірген ерен еңбектері үшін "Қазақстан Даңқы" орденімен (2013) және "Жол ғылымына қосқан үлесі үшін" медалімен (2015) марапатталды.

Еліміздің Президентін сайлауға белсене қатысқаны және ұйымдастырғаны үшін ҚР ҰҒА-ның академигі Е.Е.Ерғожинге 2015 жылғы сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев алғыс жариялады. ҚР ҰҒА-ның академигі Е.Е.Ерғожиннің жоғары молекулалық қосылыстар, мембрана технологиясы және ионалмасу химиясы саласындағы іргелі және қолданбалы ғылымға қосқан үлестерін дүниежүзілік ғылыми қоғам мойындады.

Ол академик С.И.Вавилов атындағы медальмен (1991) марапатталды, АҚШ Нью-Йорк академиясының академигі (1994) болып сайланды, VІІІ Халықаралық әл-Хорезми ғылым фестивалінің Алтын медалінің (Тегеран қаласы, 1995), өндіріске қолдау көрсету Ассоциациясының Алтын медалінің (Франция, 2002), Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызметкерлер академиясының "Ғылымға және ғылыми серіктестікке сіңірген еңбегі үшін" Алтын медалінің (2003), Францияның ғылым Маршалы Құрметті атағы мен өндіріске қолдау көрсету Ассо-циациясының Наполеон медалінің (Франция, 2003) иегері.

"Байқоңыр космодромынан ұшырылатын зымырантасушылардың қоршаған ортаға әсерін бағалау" атты Ресей-Қазақстан бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысқаны үшін академик Е.Е.Ерғожин Ресей Космонавтика Федерациясының С.П.Королев атындағы медалімен (2006) марапатталды.

Ғалымдардың Оксфорд саммитінде Сократ комитетінің шешімімен (Ұлыбритания) Е.Е.Ерғожин ғылыми зерттеулер саласындағы Халықаралық сыйлықпен марапатталды және "The Name in Science - Ғылымдағы есім" (Ұлыбритания, Оксфорд, 10-13 желтоқсан 2011 жыл) құрметті атағы беріліп, оның есімі бүкіл дүние жүзінің ұлы ғалым-дарының реестріне тіркелді және "Дүние жүзі ғылымына қосқан үлесі үшін" Даңқ медалі берілді.

"М.В.Ломоносов. Қосқан үлесі үшін. Туғанына 300 жыл" медалімен (2012) және В.И.Блинников атындағы Еуразия патент ұйымының "Өнертапқыштық пен патенттік іске қосқан үлесі үшін" Алтын медалімен (2013) марапатталды.

ҚР ҰҒА-ның академигі Е.Е.Ерғожин 13 ғылым докторы мен 95 ғылым кандидаттарын және 4 философия докторларын (PhD) дайындады.

Ол 29 іргелі монографияның, 7 оқулықтың, 1400 ғылыми мақаланың авторы, оның ішінде 550-ден астамы - шет елдерде жарияланды, 340 КСРО авторлық куәлігін, шет елдер мен Қазақстан Республикасының алдын-ала патенттерін, патенттерін, инновациялық патенттерін алды.

Е.Е.Ерғожин - ірі ғалым, талантты педагог, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан, мембрана технологиясы және ионалмасу химиясы саласында бүкіл дүние жүзіне белгілі қазақстандық ғылым мектебінің негізін қалаған, Қазақстан Республикасындағы ғылым мен жоғары білімнің белгілі ұйымдастырушысы.

Жар, әке, ата

Ерғожин тек мықты ғалым емес, сондай-ақ қамқор әке бола білген. Зеннат пен Еділ үш қызы - Сәулеш, Дәметкен, Гауһар және ұлы Дәулеттен 10 немере мен екі шөбере сүйген. Қыздары Дәметкен, Гауһар және ұлы Дәулеттің айтуынша, Еділ Ерғожаұлы – біртума азамат, талапты ақыл иесі, өмірінің соңына дейін білімі мен өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысы зор болған: "Ол өзін-өзі - еңбегі мен білімге деген ұмтылысының арқасында қалыптастырған. Сүйіспеншілікке толы, мейірімді, мұқият адам, әке, жар. Өмірінде кездескен әрбір адамға мейіріммен қарай білген. Мүмкіндігінше барлығына көмектескен. Бізді: "Мейірімді болыңдар. Көмек қолын созыңдар. Біреуге жасаған мейірімің, өмірде өзіңе қайтып келеді" деп тәрбиелейтін.

Еділ Ерғожаұлының ұлы Дәулеттің айтуынша, әкесі музыканы жақсы көретін, классикалық, халық әндерін сүйіп тыңдаған. Оның ішінде, "Асыл әжем" (Н. Тілендиев - Қ. Мырза Әлі), "Көзімнің қарасы..." (Абай Құнанбаев), "Куә бол" (сөзі жазған ұлы ақын Тұманбай Молдағалиев, әні танымал композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтікі), Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы "Қарағым-ай", "Жалайыр бабам" (сөзі - Сайлаубай Тойлыбаев, әні - Ағайша Исағұлова). Еділ Ерғожаұлы музыка жағынан дарынды, керемет музыкалық түйсік пен дауыс иесі болған. Жақсылыққа жиналғанда адамдар одан ән салуын өтінетін.

"Әкем өз елінің нағыз патриоты болған. Оған түрлі елде, оның ішінде, АҚШ-та, Францияда жұмыс істеуге ұсыныс түскен, бірақ ол үнемі өз жерін жақсы көретінін, оны ешқашан қалдырып кетпейтінін, Қазақстан халқына қызмет ететінін айтатын. Мен үшін әкем дүние жүзіндегі ең керемет адам болатын, болып та қалады", - дейді қызы Гауһар.


© Суреттер мен мәліметтер Ерғожиндер отбасының жеке мұрағатынан

Еділ Ерғожаұлы шілдеде 78 жасына қараған шағында дүниеден озған. Алайда оның баға жетпес еңбектері мен ол жайлы естеліктер ғылым мен біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Мақаланың толық нұсқасын орыс тілінде МЫНА СІЛТЕМЕДЕН оқи аласыздар