1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Жақсының аты өлмейді

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Жақсының аты өлмейді ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Сурет pexels.com

Халқымызда "Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді" деген асыл сөз бар. Ал осынау сөз мәйегі жұптаса келіп, бір адамға лайық болса, әрине, мұның маңызының арта түсетіндігі анық. Мақаламыздың арқауына айналып отырған Зейтін Ақышев сынды тұлғаның туғанына 110 жыл және Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толған айтулы сәттерде аталған ұлтына өлшеусіз еңбек сіңірген дара жан туралы азды-кем оқырмандарымыздың есіне сала кетуді жөн санадық.

Кейіпкеріміз Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты "Октябрьдің 40 жылдығы" атындағы кеңшарда 1911 жылы дүние есігін ашқан. Қарапайым отбасында туылып, сол ортада өсіп-жетілген өреннің бар арманы - туған халқын сауаттылық пен тәрбиеге баулу болатын. Ал мұндай ізгі ойдың жүзеге асуы үшін өзіңнің терең білімді болуың қажет қой. Осыған орай, Зейтін бала да 13 жасқа дейін ауылдың бастауыш мектебінде, кейін Омбыдағы жеті жылдық мектепте білім алған. Төл халқына қызметімді сіңірсем деген жас жиырма жасында алғашқы еңбек жолын бастап, шаруаға білек сыбанып кірісіп кетеді.

Тұңғыш қызмет даңғылы Павлодар облысы, Баянауыл аудандық оқу бөлімінің іс жүргізушісінен басталған, одан соң оқу бөлімінің инспекторы, жеті жылдық мектептің мұғалімі, кейіннен аталған мектептің директоры болып қызмет атқарған. Қашанда білімін дамытып, жетілдіріп отыруды алдына мақсат етіп қойған З.Ақышев 1939 жылы Семей педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдап, Павлодар педагогикалық училищесінде оқытушы болып еңбек етеді. Қолынан іс келетін адамды кідіріп тұрған ұжымдарға бағыттап, іскер жанның шарапатын көру қай кезде де өзекті болғаны сөзсіз. Соған сай, білікті де білімді Зекеңнің де араға біраз уақыт өткенде мектеп директоры қызметіне тағайындалып, жақсы қырынан танылғаны белгілі. Қызмет баспалдақтарында Павлодар, Талдықорған облыстық оқу бөлімдерінің меңгерушісі, Алматы қаласындағы оқу-педагогикалық баспасында аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор қызметтерінде жарқырай көрінген. 1955-1960 жылдары республикалық "Қазақстан мұғалімі" газетінде редактор, 1965-1969 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің аппаратында аудармашы-редактор, 1970-1972 жылдар аралығында Қазақ Кеңес Энциклопедиясының Бас редакциясында аға ғылыми редактор болып, еңбек атқарған-ды. 1942 жылдан КОКП мүшесі қатарына өтіп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқаны рас.

Өзіне артылған белді қызметтерді абыроймен атқара жүріп, шығармашылық еңбекпен де айналысқаны айқын. Шығармашылық кезеңінің бастауы - "Ағаш үй" тақырыбындағы жыры. Аталмыш туынды Павлодардың округтік "Колхоз" газетінде 1930 жылы жарияланған еді. Тынбай еңбектенген қаламгердің қаламынан "Біздің шамшырақтар" (1962 ж.), "Жесірлер" (1973 ж.), "Бұршақ соққан жер" (1976 ж.), "Жаяу Мұса" (1981 ж.), "Иманжүсіп" (1984 ж.) тақырыбындағы кітаптар туындаған.

Зейтін Ақышев драматургия саласында да көсіле қалам тербеген. Зейтін Ақышевтің "Жаяу Мұса", "Келіндер" драмалық туындылары өз дәуірінде жұртшылықтың оң бағасын алғаны сөзсіз. Оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтардан бөлек В.Пановтың "Кружилиха" романын (1952 ж.), А.Куприннің "Жекпе-жек" повестін (1955 ж.), Я.Коластың "Талап атай" повесін (1956 ж.), т.б. көркем шығармаларды қазақшаға аударып, оқырмандарды өзге елдің әдебиеті, мәдениетімен жақын таныстырған. Жазу әлеміндегі еңбектері талғамы биік сарапшылар тарапынан да өзіндік жоғары бағаларын алғаны хақ. Қарымды қаламгердің шығармашылығы тұрғысында Д.Досжанов, Р.Бердібаев, С.Сейтхазин, т.б. тұлғалардың арнайы мақалалар жазып, тиісті сараптама жасағаны мәлім.

Мәселен, филология ғылымының докторы, академик М.Қаратаев мырза былай деп баға берген екен: "Жаяу Мұса" туралы шығарма жазу Зейтін Ақышевтың жиырма жылдан бергі мұратына айналған еді. Автор көп жылғы еңбегінің қорытындысы ретінде көлемді шығарма енгізбек. Бұл роман жайында "Ең алдымен жазушының тіл байлығын айтар едім. Көп шығарма тіл жұтаңдығынан ақсайды десек, бұл шығарма тілінің шұрайлылығымен өзгеден көш ілгері жүр. Автор кітабындағы әңгіме болып отырған дәуір тілін, жалпы қазақтың байырғы нәрлі, кестелі тілін жетік біледі. Осы тіл байлығынан келіп шығарманың тағы да бір қасиеті ашылмақ. "Жаяу Мұсада" диалогтар әсерлі шыққан", - деп жазған болатын.

Білім, тәрбие, әдебиет кемелерін бір теңізде қатар басқарып, буырқанған толқындарға қарсы қасқайып жүзіп, Қазақ секілді елдің іргетасының іргелі болуы жолында жемісті еңбек еткен ізгі жаннан кейінгі буындардың үйренері мол. Зейтін Ақышев сынды дара тұлғаның ұлтына деген сүйіспеншілігі артынан ерген ізбасарларына үлгі мектебі болуы тиіс.

Халқын жүрегімен шынайы сүйіп, оның сәулелі болашағы үшін бел шешпей қызмет атқарған Зейтін Ақышев адал еңбегі жұртының аппақ алғысын иеленіп, үкімет тарапынан көптеген марапаттармен аталып өткені аян. Соның ішінде "Еңбектегі ерлігі үшін" медалі мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасының орны бөлек.

Жуырда өзінің І ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві осынау уақыт бедерінде нәтижелі қызмет атқарып келеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде егемен республикамыздың нұрлы ертеңі жолында тіршілік жасап жатқан ұжымның шығар асуы - Мұзарт шың. Осынау айтулы ұжым мүшелерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне толағай табыстар тілеймін. Тіршілікте айналасына шуағын төккен дарабоз жандарды халқымен қайта қауыштырып жатсақ, қандай ғанибет!

А.М.Айтқазы,
ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері

Реклама
Реклама