"Жаңа заң жазалау ғана емес": ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды түсіндірді
ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заңның артықшылықтарын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректер бойынша полицияға түскен шақыртулар: 2020 жылы - 179 096, 2021 жылы - 155 177, 2022 жылы - 115 526, 2023 жылы - 99 026, 2024 жылдың 4 айында - 28 189.
Тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны (денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру): 2020 жылы - 1071, 2021 жылы - 1022, 2022 жылы - 935, 2023 жылы - 923.
ІІМ мәліметінше, бұрын жәбірленушілердің көп жағдайда арыз жазудан бас тартуына байланысты үй тирандарына қатысты шара қолдану қиынға соққан. Былтыр ІІМ-нің бастамасымен заңға түзетулер енгізіліп, полиция зорлық-зомбылық дерегін тіркеудің анықтау сипатына көшті. Яғни, агрессорды жәбірленушінің арызынсыз-ақ жауапқа тарту мүмкіндігі пайда болды.
"Кісі өлтіру бабында баланы өлтірген жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру деген жаза қосылды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру мен орташа ауырлықта зиян келтірудің жазаларынан бостандықты шектеу жазасын алып тастадық. Алдағы уақытта олар тек қана бас бостандығынан айырылатын болады. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру баптары осы жаңа заңмен қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Сондай-ақ, тағы да айта кетейін, "Қинау" деген бап бар. Сол "Қинау" бабы бойынша да Бас бостандығын шектеу жазасы алып тасталды. Жаза тек бас бостандығынан айыру. Тағы да Қылмыстық кодекске бұрын болмаған жауапкершілік енгізілді. Ол 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жыныстық қолсұғушылық жасаған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады", - ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.
Заң "әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету" деп аталғанымен, ол бәріне ортақ болады. Яғни барлық азаматтың құқығы бірдей қорғалады.
"Жәбірленуші тарап қоңырау шалуы мүмкін немесе көршілер шудың арқасында хабарласуы мүмкін. Кім агрессия білдіріп жатады, сол кісіні заң аясында жақын арадағы полиция басқармасына міндетті түрде жеткіземіз", - деді Астана ПД патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Мейіржан Ұлтанбай.