1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Қазақстанның архив ісі дамуына еңбек сіңірген тұлға - Сапар Байжанов

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Қазақстанның архив ісі дамуына еңбек сіңірген тұлға - Сапар Байжанов ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Архивтерде сақтаулы тұрған құжаттар баға жетпес байлық, ұлтымыздың қазынасы. Ұлылардан ұлағат өнеге алу үшін олардың өмірі мен шығармашылық өмірбаяндарына үнемі қайта оралып ой салатын тұстарын жиі-жиі еске алып тұрсақ одан ұтылмасымыз хақ. Ол келешек ұрпақтар үшін керек.

Біздің бүгінгі рухани зәрулігіміздің қажетін молынан өтейтін Сапар Байжанов мұрасының тағылымдық тәрбиелік тұсына осы мақсатта тағы бір үңіліп көрейікші. Сапар Байжанов архивтерде сақталып жатқан құжаттардың негізінде тың туындыларлармен толықтырып тарих қойнауына өзіндік үлесін қосқан тұлға. 1983-1994 жылдарда Қазақ ССР Министрлер Советінің жанындағы Архив бас басқармасының бастығы болып қызмет атқарған кезінде Қазақстанның архив ісінің дамуына көп еңбегін сіңірген тұлға. Сапар Байжановтың жеке құжаттары 1990 жылы өзінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне қабылданған болатын.

Байжанов Сапар 1930 жылы қарашаның 19 жұлдызында Жамбыл облысы Жамбыл ауданында Шайқорық дейтін жерде туған, 69 жасында 1999 жылы мамырдың 4 жұлдызында Алматы қаласында дүниеден озған. Байжанов Сапар - журналист, жазушы, Қазақстан журналистер одағының төрағасы, "Социалистік Қазақстан" газетінің редакторы, Кеңес және Қазақстан жазушы, Қазақ ССР министрлер кеңесі жанындағы Терминология және ономастика комиссиясының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. "Замандас туралы толғау", "Архив - айғақ", "Абай және архив", "Қажыға барған қазақтар", "Алакөбеде оят мені" және тағы да басқа көптеген шығармалардың авторы.

Сапар Байжановтың Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақтауда тұрған жеке тектік құжаттарын парақтап отырғанда, 1990 жылы қазақ және орыс тілдерінде жазылып, бірақ белгісіз бір себептермен жарыққа шықпаған әлі де өзектілігін жоғалтпаған мәселердің бірі "Қазақ жерінің шекаралары хақында Солженицын сандырағын тарихи карталары аймандай етеді" атты мақаласының қазақша қолжазба нұсқасын жариялауды жөн көрдік.

"Қазақ жерінің шекаралары хақында Солженицын сандырағын тарихи карталар аймандай етеді"

Бір топ жазушыларымыздың "Қазақ әдебиеті" газетінің өткен санында "Россия А.И.Солженицыннің ақылымен көгермейді" дейтін бүтіндей тақырыппен жариялаған ашық хатын қостаймыз. Көлемі де дәлелді уәждер дәйекті байсалды айтылған. Мұндайда, әлбетте, қызбалықтан гөрі байсалдылық, салиқалылық жарасары кәміл. Қазақ өлкесінің өткен тарихын Солженицын бізден еш кем білмейтініне күмәніміз жоқ дей келіп, қазақ жерінің шекаралары жөніндегі оның бәдік бопсалары жөнінде әңгіме қозғалмаған да.

Кесепат ой, кердең құлық, арам пиғылда шек болсын ба?! Қазақстан жерінің қазіргі шекарасына көзалартқан қорқау көңіл бұл маңда шекара дейтін болды деймісің, 20-жылдары белгілегенде қазақтардың малы бір жайылып кеткен жердің бәрін қазақтар мекені дейтін көзқарас бел алған, асылы қазақтар мекені оңтүстік қиырлармен ғана шектелуі керек дейтіндей бәдік қисындарын Солженицын кәдімгідей жұмыр жер қымсынбай жария етіп отыр. Ғаламның данагөй, сәуегейісініп қазіргі жалпақ жұрт пен келер ұрпақтарға бүлік ой тастап отырған Солженицыннің сандырақ пікірлерін шын көріп, иланушылар да аз болмауы мүмкін. Қазіргі Қазақстанның терістік өңірлері расында да қазақ қоныстанбаған мекен болар? Тарих не дейді?...

Бұл тарапта жүйелі де сындарлы ақиқатты егжей-тегжейлі жария ету ғұлама тарихшыларымыздың еншісі. Әйтседе, Қазақ ССР Орталық мемлекеттік архивінің қорында сақталған бірнеше тарихи карталарға жұртшылық назарын аударуды мақұл көреміз.

Біздің алдымызда әлденеше географиялық карталар жатыр. Ең алғашқы карта бұдан жүз жетпіс төрт жыл бұрын, 1816 жылы жасалған "Орта Азияның қырғыз-қайсақтар, қарақалпақтар, түркмендер мен бұқаралықтар жеріне қатысты бөлігінің картасы" деп аталады.

Екінші карта "Сібір және Орынбор қырғыздарының (қазақтарының деп оқыңыз - С.Байжанов) арасындағы шекараның бас картасы" деп аталады. Картаны бас штабтың поручигі Пеховский мен топографтар корпусының подпоручигі Яковлев 1841-жылы жасағаны атап жазылған.

Үшінші карта - "Сібір және Орынбор қазақтарының арасындағы шекараны бейнелейтін, 1864-жылы жасалған карта".

Бұл карталардан нені көреміз?

Біріншіден, бұл карталар қазіргі Қазақстанның батыс терістік шығыс өңірлерінің қазақ жері екеніне ешбір күмән тудырмайды, Россия жері мен қазақтар жерінің шекараларын тайға таңба басқандай таңбалайды.

Екіншіден, А.Солженицын айтқандай, Қазақстанның қиырлары иесіз жатқан, атаусыз дерексіз дала емес, тауы мен сай-саласы, өзен-көлі, шекаралары айқын межеленген мекен екені тайға таңба басқандай танылады.

А.Солженицын емексіп отырған Қазақстанның терістігі - яғни қазіргі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Целиноград пен Көкшетау, Семей атырабының бәрі де ежелден қазақ жұрты қоныстанған түбегейлі мекен екені барлық карталардағы жер-су аттарынан-ақ ап-айқын көрінеді. Карта бетінде ұшырасатын Ешкі өлмес, Қара төбе, Жақсы Арғанаты, Жаман Арғанаты, Жыланшық, Қотыртай, Ұлытау, Едіге шоқысы секілді жер аттары, Қара қоға, Шөптікөл, Шұқыркөл, Батпақкөл, Қараөткел, Қарынсалды, Тоғай сынды өзен-көл аттары бірден қазақ иісін аңқыта андыздайды.

Ендігі бір "Ішкі Орда қазақтарының 2-ші Каспий бойы округінің жоспары" деп аталатын картада тіпті жеке рулардың еншісіндегі жерлерге дейін аражігі ажыратылып өзара шекаралары сызықтармен белгіленіп көрсетілген. Мәселен, "Нұралиев бөлімшесінің жерлері", "Беріш бөлімшесінің жерлері" дегендей картада нақты-нақты жазулар сайрап тұр.

Ақиқаттан аттауға ешқашан, ешкімнің де құқы жоқ Россияның өз өкілдерінің қолымен орыс тілінде жасалған, архив қоймаларында сақталған осындай тарихи айғақтарды көрген адам А.Солженицыннің қазақтардың жері оңтүстік қиырлармен ғана шектеледі дейтін көкіген сөзін аймандай ғып әшкерелейді. Тарихи құжат - бұлтартпас айғақ!

Нұрдәулет Купесов 
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві
жеке қорлар және тарихи құжаттарды топтастыру
бөлімінің жоғары санаттағы архиві

Реклама
Реклама