Қазнетте номиналы 1 миллион теңгелік банкноттардың видеосы талқыланып жатыр
Әлеуметтік желіде ірі номиналдағы банкноттардың бірнеше видеосы тарады. Ұлттық банктің баспасөз қызметі танымал видеоларға қатысты пікір білдірді. Толығырақ - Tengri Life материалында.
Қазақстандық Азат Бекболатов әдеттен тыс банкноттар түсірілген бірнеше видеоны жариялап, оқырманның назарын бірден аударды.
Мысалы, бұл "1 миллион теңгелік купюраның" видеосы екі жарым миллионнан аса рет қаралған. Кейбіреулер тіпті осындай банкноттармен төлем жасауды армандаған.
Ал бұл "100 миллион теңгелік купюраның" видеосы. Бұл видео да желіге тарап, жүздеген пікір жинаған.
"Дүкенге кіріп, заттар сатып алсаң, қалған ақшаңды бір апта күтесің", "Шынымен шыққан ба?", "Сосын мен оянып кеттім", "Егер шынымен де мұндай ақша болса, онда экономика құлдырағаны", - деп жазды пікір білдіргендер.
Азат Бекболатов Instagram-парақшасында әзіл видео жариялағанын және бұл кадрлар көпшіліктің назарын аударады деп күтпегенін айтты. Оның айтуынша, видеоның сипаттамасына әзіл видео екенін жазса да көпшілік арасында оны шын екен деп ойлағандар болған.
Ұлттық банктің баспасөз қызметі де видеодағы купюралар шынайы емес екенін баса айтты.
"Қазақстан банкноттарының сериясы мен номиналдары туралы барлық ақпарат nationalbank.kz сайтында қолжетімді", - деп еске салды баспасөз қызметі.