Алматыда ауаның ластануымен күрес жеке секторға жетті.
2026 жылдың аяғынан бастап қаланың газдандырылған аудандарында көмір, отын, мазут және солярка жағуға ресми түрде тыйым салынады. Бұл үй жылытуға ғана емес, моншаға да қатысты. Тәртіп бұзғандарға ондаған мың теңге айыппұл салынуы мүмкін.
Бұл жаңалықты қалалықтардың бәрі бірдей жақсы қабылдаған жоқ: бірі ескі әдетінен айырылғысы келмесе, енді бірінің газға көшуге кететін шығынды өтеуге қалтасы көтермейді. Бұны "кедейлікке салынған айыппұл" деп атауға бола ма және экологиялық қажеттілік пен әлеуметтік жағдай арасындағы шекара қайда?
Tengrinews.kz тілшісі ауласындағы моншасы ермек емес, тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған алматылықтармен сөйлесті. Мақсат - олардың суық түскенше жаңа талаптарға дайындалып үлгеретін-үлгермейтінін білу, сондай-ақ сарапшылармен бірге мәселенің егжей-тегжейін, бағасын және адамдардың таза ауаға құқығын талқылау.
Пешпен жылыту Алматы ауасын қаншалықты ластайды?
Алматыдағы ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі - ауаның ластануына кім кінәлі деген дау. Кейбіреулер ескі көліктер мен күн санап артқан кептелісті кінәласа, екіншілері ЖЭО-ны, ал үшіншілері ластанудың едәуір бөлігі пеш жағатын жеке сектордан, әсіресе қыста мұржалардан қою түтін шығатын кезде болатынына сенімді.
Бірақ сандар не дейді?
Халықаралық ғалымдар тобының зерттеуіне сәйкес, көмір мен биомассаны жағу Алматы ауасы ластануының 34 пайызын құрайды.
Осы 34 пайыздың ішінде:
- 18 пайызы - ЖЭО және қазандықтар;
- 16 пайызы - жеке секторды жылыту (пеш жағу).
Пеш жағуға тыйым салу: ереже мен айыппұл
Алматының газдандырылған аудандарында пеш жағуға тыйым салу идея немесе талқылау ғана емес, бұл былтырғы жылдың аяңында қабылданған және биылғы желтоқсанда күшіне енетін бекітілген норма. Оның егжей-тегжейі қандай?
Тәртіп бұзғандарға қандай мөлшерде айыппұл салынады?
Кестеден анық көрейік:
Қала билігі жаңа шектеулер атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға көмектеседі деп үміттенеді, алайда жеке сектордың кейбір тұрғындары үшін бұл жылытудың заңды жолдарына көшуге қаражат іздеу қажеттілігін тудырады.
"Жақтық және жаға береміз": наразы алматылықтардың оқиғалары
Жаңа нормаларға көңілі толмайтын әрбір алматылықтың өз уәжі бар. Жеке сектор тұрғындары көбіне мәселенің қаржылық жағын алға тартады: газға көшу және жабдықтарды ауыстыру қомақты шығынды талап етеді. Көпшілік үшін бөлек тақырып - монша. Жеке секторда бұл сән-салтанат емес, тұрмыстық қажеттілік.
Жеке үй иелері үйреншікті отынмен жағылатын моншаны қымбатқа қайта жөндеуге тура келеді немесе одан мүлдем бас тартамыз ба деп қауіптенеді. Кейбіреулер "нағыз монша" тек отынмен болады деп сенсе, басқалары жабдықты жаңартуға отбасының ақшасы жоқтығын ашық айтады.
Міне, алматылықтар айтқан бірнеше оқиға.
"Жабдықты орнатуға шамамыз жетпейді"
Ольга Алматының Түрксіб ауданында (негізінен жеке сектор орналасқан), 1956 жылы салынған үйде тұрады.
- Заманауи газ пеші мен жабдықтарын орнату үшін бөлменің биіктігі мен ені бойынша белгілі бір техникалық шарттар қажет, біздің үй оған сәйкес келмейді. Құбырлар мен батареяларды толығымен шыны талшыққа ауыстыру керек. Жабдықты орнату құны біздің қалтамыз көтермейтін сома, ол бір миллион теңгеден асады. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға несие бермейді. Қазір көмір мен отын жағып отырмыз, аса үнемдемейміз. Маусым жылына 6–7 айға созылады, ақшалай 220 мың теңге шығады, - дейді ол.
Тағы былай деп қосты:
- Жақтық және жаға береміз, басқа амалымыз жоқ, көліктерден келетін зиян бұдан әлдеқайда көп.
"Май жанарғысын қоямын"
Н., атын атамауды өтінген тұрғын ЖЭО-1 маңында тұрады және ол да үйге газ кіргізу тым қымбат екеніне шағымданады:
- Мен есептеп көрдім, газ тек төрт жылдан кейін өзін-өзі ақтайды, электр қуатымен жылыту тиімдірек.
Ер адам былтыр қыста үйін электрмен жылытқанын, құны "электр жарығын қосқанда жылуға 20 мың теңге" шыққанын айтады. Ал монша мәселесін ол пайдаланылған мотор майымен істейтін жанарғы орнату арқылы шешпекші.
"Тіпті пайдаланылған өсімдік майын да қолдануға болады, ол да жақсы жанады", - деп бөлісті ол.
Тілшінің "бұл тыйым салынған сұйық отын ғой" деген уәжіне ол "майдан ешқандай күйе шықпайды" деген қарсы уәж келтірді.
"Нағыз монша тек отынмен жағылады"
Алматылық Д., есімді тұрғын да "моншаны жаққанмын және жаға беремін" деп мәлімдеді. Ол өзі тұратын ауданды атаудан бас тартты, тек тау жақта тұратынын айтты.
Ол бұл тыйымның дұрыс емес екеніне сенімді. Оның пікірінше, тыйым салмай, керісінше "кімнің моншаны немен жағып жатқанын қадағалау" керек. Сондай-ақ ер адам газға көшкеннен кейін монша бұрынғыдай болмайтынынан қауіптенеді.
- Газбен жылытылатын монша мүлдем басқа. Тек отынмен жағылатын монша ғана - нағыз монша. Айналамызда қураған ағаштар көп, соны жағамыз, одан ешқандай улы түтін шықпайды. Бірақ, әрине, не болса соны, тіпті ескі дөңгелектерді де жағатын көршілер бар, сондайларға айыппұл салу керек, - дейді ол.
Отынның тазалығын қалай қадағалау керек деген сұрағымызға ер адам қадағалау органдарына ұсыныс тастады: бақылау үшін дрондарды пайдалану қажет.
- Монша күні тоқтатыла ма? Әрине, жоқ! - деп түйіндеді Д.
"Отын мен көмірге тыйым салынғаны туралы ақпарат төбемізден жай түскендей болды"
Сауалнамаға қатысқандар арасында ешқандай қосысмша жоспары жоқтар да кездеседі. Олар "бұдан былай қалай өмір сүретінімізді білмейміз" дейді.
Мәселен, Түрксіб ауданындағы Әлмерек шағынауданының тұрғыны Вера үш баланы жалғыз тәрбиелеп отыр, өзін-өзі жұмыспен қамтыған маникюр шебері болып істейді. Ол үйін отынмен және көмірмен жылытатынын, ал балаларымен бірге ата-анасының үйіне барып шомылатынын айтты, өйткені үйінің ауласында монша жоқ, тек жазғы душ қана бар.
- Отын мен көмірге тыйым салынғаны туралы ақпарат төбемізден жай түскендей болды, - деп пікір білдірді ол жаңа ережелер туралы. - Табысым аз, келер жылы айыппұл салынатынын ескерсек, қалай жылынатынымызды елестете алмаймын. Шағын ауданда газ бар, бірақ оны үйге кіргізуге қаржылық мүмкіндігім жоқ. Қазіргі бағаларды есепке алсақ... Көршілермен бірге есептеп көрдік: кем дегенде шамамен 1 000 000–1 200 000 теңге керек. Қазандықтың өзі 400 мың теңгеден басталады, оған қоса үйге кіргізу, құжаттар бар... Не істерімді білмеймін. Сонда бізге кедейлігіміз үшін айыппұл салатын болғаны ма?
Сондай-ақ Вера газ тартуға және қазандық сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ отбасыларға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек бар-жоғын сұрады.
Монша пешін газға ауыстыру: қиындықтары, құны, сарапшылар пікірі
Сауалнама барысында жеке сектор тұрғындарының газға көшуге қарсы басты уәждерінің бірі осы қызметтің қымбаттығы екенін анықтадық.
Отынмен жағылатын моншаны газға ауыстыру расында соншалықты қиын әрі қымбатқа түсе ме? Бұл туралы бейінді құрылыс компаниялары басшыларымен егжей-тегжейлі сөйлестік.
"Жылытудың ескі әдісіне енді қажеттілік жоқ"
Моншалар мен жеке үйлер салуға маманданған құрылыс компаниясының басшысы Игорь Сляднев сұйық және қатты отынмен жылытуға тыйым салуды қолдайды:
- Мұны экологиямыз үшін қажетті шара деп санаймын, өйткені ауамыз онсыз да шектен тыс ластанған. Өзім де жеке үйде тұрамын, моншаны көмірмен және отынмен жағудың зардабын жақсы білемін. Сонымен қатар пешке жиі пластик, макулатура, не болса соны жағады - көбі осылай қоқыстан құтылады, ал жақын маңдағы үйлердің бәрі осы түтінмен тыныстайды.
Бұған қоса ол жылытудың мұндай әдісіне енді қажеттілік жоқ екенін айтты, өйткені заманауи газ пештері жетілдірілген және қызу деңгейі мен жылдамдығы жағынан отынмен жағылатын пештерден еш кем түспейді.
Дегенмен Сляднев келесі жайтты ескерусіз қалдыруға болмайды деп санайды: моншаны газға қосу және қосымша "газ нүктесін" тіркеу едәуір қаржылық шығынды талап етеді.
- Бұл халыққа қолжетімді болса екен деймін, сонда адамдар газбен жылытуға қуана көшеді, - дейді ол.
Бұған дейін редакция осы тақырыпта егжей-тегжейлі зерттеу жүргізген болатын: "Қазақстанда газ бағасы қалай қалыптасады және ол неге өсіп жатыр?"
Пешті газға ауыстыру қанша тұрады?
- Монша пешін газбен жылытуға ауыстыру құны қандай шамада болуы мүмкін? - деп сұрақ қойдық Игорь Слядневке.
- Бұл көптеген факторға байланысты, - деп атап өтті ол.
Ол шарттар мен оған байланысты шығындарды егжей-тегжейлі сипаттап берді:
- үйдегі газ есептегіші тұтынылатын газ көлеміне сәйкес келе ме - егер келмесе, жаңа есептегіш сатып алып, бұл нүктені заңдастыру қажет;
- моншаға газ тарту үшін құбырлар сатып алып, монтаждау ақысын төлеу қажет - бағасы моншаға дейінгі қашықтыққа байланысты болады;
- газ пешін (бағасы бу бөлмесінің көлеміне байланысты), сондай-ақ мұржа мен газ жанарғысын сатып алу қажет.
Бұдан әрі сарапшы бағалар бойынша егжей-тегжейлі сметаны ұсынады.
Пештердің бағасы 200 мың теңгеден басталады;
- мұржа - төрт метрі 80 мың теңгеден жоғары;
- оған қоса қайта монтаждау және монтаж - 150 мың теңгеден бастап (жұмыстың күрделілігіне байланысты);
- газ жанарғысы - 80 мың теңгеден басталады.
Қолдан жасалған кейбір пештерді газға ауыстыруға болады, бірақ бұл энергияны көп қажет етеді және қосымша инвестицияны талап етеді, дейді құрылыс компаниясының басшысы.
Ол мысал ретінде өзекті кейсті келтіреді:
- Қазір жаңа монша салып жатырмыз, оны орталық газ құбырына қосу, 3–4 метр қашықтыққа газ тарту және қосымша газ есептегішін орнату үшін (негізгі есептегіштен газ тарту өте алыс әрі ыңғайсыз болғандықтан) газ қызметтері жұмыс үшін 250 мың теңге сұрады. Бұл тек газ тартуға жұмсалатын сома.
Бұл сомаға бу бөлмесіне кететін шығындарды қосамыз:
- өлшемі 3х3 метрлік бу бөлмесіне арналған 24 текше метрлік пеш - 233 250 теңге;
- газ жанарғысы - 118 мың теңге;
- мұржа - 250 мың теңге;
- жұмыс құны - 130 мың теңге.
- Мүмкін, арзанырақ балама нұсқа бар шығар? Мысалы, электр қуаты? - деп сұрадық сарапшыдан.
- Егер электр пештерін балама ретінде қарастырсаңыз, газ тарту шығындарынан құтыласыз, бірақ электр энергиясына көп ақша жұмсайсыз, өйткені мұндай пеш қуатты көп тұтынады. Сондықтан мен электр пештерін үнемді нұсқа ретінде қарастырмас едім.
"Қаланың басты мәселесі - қайың отыны емес, ескі көліктер, ЖЭО және жол шаңы"
Ал монша, сауна, хамам және бассейндер салуға маманданған компания жетекшісі Илья Китавцев алдағы шектеулерді, атап айтқанда монша жағуға қатысты тыйымды шамадан тыс және негізсіз деп санайды.
- Логикаға салып көрейікші. Кәдімгі монша қалай жұмыс істейді? Ол аптасына бір, ең көбі екі рет жағылады. Отын небәрі екі-үш сағат жанады. Болды. Одан кейін адамдар буға қыздырынады. Жыл бойы ЖЭО түтіндеп, жүздеген мың көлік кептелісте тұратын Алматы ауқымында монша түтіні теңізге тамған тамшыдай ғана. Экология бойынша ресми есептерде монша пештерінен шығатын қалдықтар тіпті көрінбейді, олар нөлге тең. Қаланың басты мәселесі қайың отыны емес, ескі көліктер, ЖЭО және жол шаңы".
Біз Ильяға да пешпен жылытуды газға ауыстыру құны туралы сұрақ қойдық.
- Отынмен жағылатын моншаны газға ауыстыру - бұл бір темірді алып тастап, екіншісін қою ғана емес. Көбіне бұл үй-жайды толық қайта құруды білдіреді, - дейді ол.
- Газ жанарғысы бар газ пешін сатып алып, мамандар жалдау керек.
- Бірнеше құжат жинап, қосымша нүктені қосуға ресми рұқсат алу қажет.
- Өнімділігі жоғары есептегіш орнату керек - оларды да өз қаражатыңызға қоюыңыз тиіс.
- Ең қарапайым есептеулер бойынша, бұл иесіне 1 500 000 теңгеге дейін шығын әкеледі. Жеке сектор тұрғындарының көбінде мұндай ақша жоқ, - деп түйіндеді ол.
- Ал пайдаланушы үшін газбен және отынмен жағылатын моншаның айырмашылығы неде?
- Біріншіден, бұл ұзақ әрі қымбат. Саунаны газбен жақсы 90–100 градусқа дейін қыздыру үшін пеш 2,5 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуі керек. Содан кейін тағы үш сағат адамдар буға қыздырынады - газ жана береді. Барлығы бес-алты сағат жұмыс істейді. Енді осы газ үшін жаңа тарифтермен келетін шоттарды елестетіп көріңіз. Ал егер отбасы үлкен болып, моншаға 2–3 кезекпен түсетін болса ше?
Екіншіден, моншаның өз мән-мағынасы толық жоғалады. Отынмен жағылатын монша - бұл кір жуатын орын емес, ол жерге тек кірден арылу үшін бармайды. Адамдар ерекше атмосфера үшін барады. Тірі от, пештегі отынның сытырлаған дыбысы, ағаштың қайталанбас хош иісі - мұны ешқандай газ немесе электр пеші алмастыра алмайды. Бұл - демалу мен сергудің тұтас бір рәсімі.
Сарапшы пешпен жылытуға тыйым сала отырып, ымыраға келу керек деп санайды:
- Бірден кесіп-пішуге болмайды. Бізде қатты отынға отын да, көмір де жатады. Көмірден расында күйе көп, жағымсыз иіс пен лас шығады. Онда көмірге тыйым салыңыздар! Моншаны тек сапалы құрғақ отынмен жағу туралы қатаң шектеу қойыңыз. Бұл экологияны да қорғайды, дәстүрді де сақтайды және адамдарды шығынға батырмайды, - деп кеңес береді ол.
Сондай-ақ ол отын немесе көмірден бөлінетін соңғы өнім - СО₂ көмірқышқыл газы табиғи газдан бөлінетін газбен бірдей екенін айтты.
- Кейбіреулер монша пештерін лас отынмен: резеңкемен, полиэтиленмен немесе басқа қоқыстармен жағады. Бұл сирек кездесетін жағдай және негізінен коммерциялық моншаларда кездеседі. Егер көршілер шағымданса, рейдтер жасап, айыппұл салыңыз. Барлығын бір таяқпен айдауға болмайды! - дейді спикер.
Булау мамандарының пікірі
Әрі қарай біз тыйым салуға қарсы тағы бір уәжді - "нағыз монша тек отынмен болады" деген пікірді тексеруді жөн көрдік. Отын түрінің қаншалықты маңызды екенін анықтау үшін тілші булау және монша мамандарымен сөйлесті.
"Жақсы пештер болса, айтарлықтай айырмашылық болмайды"
Бірінші сарапшы, алматылық булау маманы Николай Глушко бұл мәселенің оң және теріс тұстарын атап өтті.
- Мен тыйым салуды қолдаймын, себебі қазір көптеген монша отынның орнына резеңке немесе көмір жағады. Бұл пеш пен бу сапасына жақсы әсер етеді деп айту қиын, - дейді ол.
Сонымен қатар ол "қазіргі газ және электр жабдықтары, пештері өте жоғары деңгейге жетті, сондықтан моншадағы будың сапасында айтарлықтай айырмашылық жоқ" екенін де қосты.
Алдыңғы сарапшылар сияқты ол да баға мәселесін тілге тиек етті: "Мәселе тек бағада болып отыр, өйткені жақсы жабдық қымбат тұрады. Бірақ жақсы отын пештерінің де қазіргі бағасы арзан емес".
Николай қарсы уәжіне тоқтала келе, кейбіреулер үшін айырмашылық эмоционалдық тұрғыда болуы мүмкін екенін атап өтті:
- Жалғыз нәрсе, оттың қалай жанғанын көре алмау немесе өзің барып отын тастай алмаудан моншаның "жаны" жоғалатыны рас.
Келесі спикеріміз - өзін булау шебері деп таныстырған алматылық Никита бұған нық сенімді:
- Моншаның сапасы үшін ешқандай айырмашылық жоқ.
Оның айтуынша, сапаға отын түрі емес, қызметкерлер, процедуралар, санитария, асхана және орналасқан жері әсер етеді.
"Кедейлік үшін салынатын айыппұл"
Қорытынды бөлімде мәселенің ең өткір әлеуметтік жағын қарастырамыз.
Егер үйді немесе моншаны қайта жабдықтау құны жүздеген мың, тіпті миллион теңгеге дейін жетсе, экологиялық шара аз қамтылған отбасылардың "құқын шектеуге" айналып кетпей ме? Қоғамдық қажеттілік пен азаматтардың құқықтары арасындағы тепе-теңдік туралы тілші заңгерлермен және құқық қорғаушылармен әңгімелесті.
Заңгер Кристина Гримберг мемлекет алдымен азаматтардың денсаулығын қорғау үшін шаралар қабылдауға міндетті екенін еске салды:
- Меніңше, Алматыдағы экологияны жақсарту бағытының өзі дұрыс әрі қажетті қадам. Себебі Алматы көп жылдан бері түтіннен зардап шегіп келеді. Біз мұны сезініп қана қоймай, көзбен көріп отырмыз. Бұл ең алдымен біздің және балаларымыздың денсаулығы. Ал мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғауға міндетті. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясында жазылған және елдің халықаралық экологиялық міндеттемелеріне сай келеді.
Дегенмен, құқық қорғаушы кез келген тыйым заңды ғана емес, әділетті болуы керектігін баса айтты.
"Көптеген отбасы үшін газға қосылу өте қорқынышты нәрсе болып көрінеді, өйткені бұл өте шығынды іс, - деп мысал келтірді заңгер. - Адамға: "Не газға көш, не айыппұл төле" дегенде, оның қолында ондай қаражат болмаса, өте күрделі әлеуметтік мәселе туындайды".
Заңгер мынаны еске салды:
Сондай-ақ Кристина Гримберг халықаралық тәжірибеге сүйенуді ұсынды - ол экологиялық реформалар шектеулермен қатар адамдарға нақты қолдау тетіктері ұсынылғанда ғана тиімді жұмыс істейтінін көрсетеді. Бұл субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, бөліп төлеу немесе атаулы көмек болуы мүмкін.
Қоғам қайраткері және құқық қорғаушы Анастасия Крылова да осындай пікірде:
- Мен қоғам қайраткері ретінде мұндай мәселелерде ең басты нәрсені - адамдарды ұмытпау маңызды деп есептеймін. Мұндай проблемаларды тек тыйым салу және айыппұлдар арқылы шешуге болмайды. Иә, Алматыдағы экологиялық жағдай расында күрделі мәселе болып қала береді және мемлекет ауа сапасын жақсарту үшін шаралар қабылдауға міндетті. Бірақ кез келген өзгеріс қарапайым отбасылар қиындықпен жалғыз қалмайтындай етіп енгізілуі тиіс.
Сонымен қатар сарапшы бүгінде жеке сектордың көптеген тұрғыны газбен жылытуға тез арада көшуге қаржылық мүмкіндіктері жоқтығын ашық айтып отырғанын атап өтті. Бұл жерде мәселе заңды орындағысы келмеуде емес, нақты өмірлік жағдайларда болып отыр.
- Сондықтан да адамдарда сұрақ туындайды: бұл шын мәнінде "кедейлікке салынатын айыппұл" болып кетпей ме? Адам қаржылық жағдайына байланысты талаптарды физикалық тұрғыдан орындай алмаса, мәселені тек айыппұлмен шешу мүмкін емес. Бұл тек әлеуметтік шиеленістің артуына әкеп соғуы мүмкін, - дейді Анастасия Крылова.
Құқық қорғаушы қатаң шаралар енгізер алдында мемлекет нақты және қолжетімді қолдау тетіктерін: субсидияларды, жеңілдетілген бағдарламаларды, кезең-кезеңімен көшуді және азаматтардың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуді қарастыруы керек деген пікірмен келіседі.
Газбен жылытуға қаржылық мүмкіндігі жоқ алматылықтар не істеуі керек?
Жаңа ережелер күшіне енгенге дейін үйлеріндегі пешпен жылыту жүйесін газға ауыстыруға қаржылық мүмкіндігі жоқ алматылықтар не істеуі керек? Біз бұл сауалды заңгер әрі құқық қорғаушы Ұлан Әубәкіровке қойған едік.
- Газға көшудің қаржылық және техникалық мүмкіндігін алдын ала қамтамасыз етпей тұрып айыппұл салу - адамның әлеуметтік-экономикалық құқықтарын бұзу және азаматтардың табысына қарай теңсіздік таныту деп бағалануы мүмкін. Бұл жылу мен баспанаға деген құқықты қомақты сома төлей алу қабілетіне тәуелді етіп қоятын прецедент тудырады, - деп түсіндірді заңгер.
Одан әрі ол осындай жағдайда көмектесуі мүмкін практикалық қадамдарды сипаттайды.
1. Дәлелдеме базасын жинау
Адамдар заң талабын орындауға мүмкіндіктері жоқтығын құжат жүзінде тіркеуі керек. Бұл заңды жоймаса да, жазаны жеңілдетуге немесе істі сотта жеке қарауға негіз бола алады.
- Кіріс туралы анықтама: отбасы табысының төмен екенін растайтын құжаттарды рәсімдеу.
- Жұмыс құнын бағалау: мердігерлерден газ қосу және моншаны/пешті қайта жабдықтау бойынша ресми сметаларды сұрату. Егер сома расында отбасының мүмкіндігінен асып кетсе (мысалы, 5–10 айлық жалақыдан астам), мұны шағымға тіркеу қажет.
- Медициналық анықтамалар: егер отбасында тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары бар адамдар болса, олар үшін жағдайдың күрт өзгеруі немесе жылудың болмауы қауіпті болса, бұл да маңызды уәж болады.
2. Ұжымдық өтініштер және қоғамдық бақылау
- Бастамашыл топ құру: аудан тұрғындары бірігуі керек. Әкімдікке, облыс әкімшілігіне және прокуратураға бірлесе жолданған өтініштің салмағы басым болады.
- Диалог: мерзімдерді қайта қарау немесе жеңілдіктер енгізу үшін жергілікті билік өкілдерімен және экологиялық инспекциямен кездесуді ресми түрде талап ету.
3. Айыппұл салынған жағдайдағы құқықтық стратегия
Егер айыппұл бәрібір салынса, оны төлей салмай, даулау маңызды.
- Бөліп төлеуді сұрау: кейбір жағдайларда, егер нақты іс-қимыл жоспары болса, газ қосылғанға дейін төлемді бөліп төлеу туралы өтініш беруге болады.
- Сондай-ақ жекеменшік газ компанияларына назар аударғым келеді - оларды мемлекетті күтіп отырмай, іс жүзінде газдандырылған аудандардың тұрғындары үшін әлеуметтік қоржындар әзірлеп, енгізуге шақырамын. Меніңше, мемлекет жеке компаниялардың халықпен өзара іс-қимыл жасаудағы практикалық тәжірибесін, жұртшылықтың ұсыныстарын ескеріп, соның негізінде осы бағыттағы әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеп, енгізуі тиіс, - дейді заңгер.
Басты кеңес:
- Жасырынудың немесе айыппұл салғанша күтіп отырудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта құқықтық арналар мен БАҚ арқылы билікпен белсенді байланыс орнату - өтпелі кезеңге немесе субсидияларға қол жеткізудің жалғыз жолы. Енжарлық таныту адамдардың ақшасыз (айыппұл) және жылусыз қалуына әкеп соғады.
Мәселеге қатысты Алматы әкімдігінің пікірі
Бірқатар мәселені көтерген тұрғындармен және сарапшылармен сөйлескеннен кейін, біз қала билігінен пікір алуды жөн санап, Алматы әкімдігіне сауал жолдадық.
Қандай сұрақ қойып, қандай жауап алдық?
1. Тыйым салудың экологиялық негіздемесі туралы сауал.
Газдандырылған аудандарда дәл осы пешпен жылытуға тыйым салу туралы шешім қандай зерттеулер мен есептеулер негізінде қабылданды?
Әкімдік бұл сауалды Алматының Экология және қоршаған орта басқармасына жолдады. Мемлекеттік орган бұған төмендегідей жауап берді:
"Тыйым ҚР Экологиялық кодексі шеңберінде мәслихаттың 2025 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі негізінде енгізілді".
Сондай-ақ экология басқармасы мониторинг нәтижелеріне сүйене отырып, былай дейді:
"Қаланың жеке секторы - 171 мың үй жылыту маусымында зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) бірнеше есе асып кетуіне (14,5 ШРК-ға дейін) себепші болады".
2. Қатты отын түрлерін саралау туралы сауал
Экологиялық нормаларды сақтаған жағдайда, отын пайдалану құқығын сақтап қала отырып, тек көмірге тыйым салу мүмкіндігі қаралды ма?
Бұл сұраққа да Алматының Экология және қоршаған орта басқармасы жауап береді: "Сараланған тәсіл қаралды, бірақ одан бас тартылды".
Мынадай себептерді атап өтеді:
- Жеке сектор жиі пайдаланатын дымқыл отын да тыныс алуға өте зиянды ұсақ бөлшектер мен иіс газы бойынша нормадан асып кетуге әкеледі.
- Табиғи газ - техникалық жағынан қолжетімді әрі таза балама.
- Жекелеген тыйымдарды бақылау құқық қолдану тәжірибесінде қиындық тудыруы мүмкін еді.
3. Әлеуметтік салдар және қайта қарау мүмкіндігі туралы мәселе
Тұрғындардың жаңа талаптарға дайындығына мониторинг жүргізіле ме? Егер алматылықтардың едәуір бөлігі қаржылық себептерге байланысты газбен жылытуға көше алмаса, тыйым салу мерзімін шегеру немесе оны қайта қарау мүмкіндігі қарастырыла ма?
Әкімдік тарапынан тұрғындардың жаңа талаптарға дайындығын бақылау, сондай-ақ қаржылық жағдайына байланысты газға қосыла алмайтындар үшін тыйымды кейінге қалдыру немесе қайта қарау туралы сауалдарға жауап берілмеді.
Ал тыйымды қайта қарауға қатысты мемлекеттік орган мынадай ақпарат ұсынды:
"Азаматтық қорғау туралы заңға сәйкес, тек төтенше жағдайлар кезінде (апаттар, газдың өшірілуі) сұйық немесе қатты отынмен пеш жағуға рұқсат етіледі".
4. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары туралы
Газбен жылытуға көшу шығындарын өз бетінше өтей алмайтын аз қамтылған азаматтар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар мен көпбалалы отбасылар үшін қандай қолдау шаралары қарастырылған? Азаматтардың қай санаттары газға жеңілдікпен немесе тегін қосылуға құқылы? Мұндай көмекті көрсету тәртібі мен мерзімдері қандай? Қанша отбасы қолдау шараларын пайдаланып үлгерді?
Бұл сұрақтарға жауап берілмеді.
Қорытынды
Осы материал үшін сауалнама жүргізілген алматылықтар мен сарапшылардың пікірі - дөңгелек резеңкесін жағуға шақыру емес, бұл экологияға немесе биліктің бастамаларына қарсы манифест те емес.
Алматының газдандырылған аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салу - ауаның ластануын азайту шараларының бірі. Түтін созылмалы мәселеге айналған қала үшін мұндай шешімнің экологиялық қисыны түсінікті.
Дегенмен, газға немесе рұқсат етілген өзге де жылыту жүйелеріне көшу жеке сектор тұрғындарының бір бөлігі үшін айтарлықтай қаржылық жүк болады. Сондықтан қолдау тетіктері, өтпелі кезең және әлеуметтік осал отбасыларға атаулы көмек көрсетілмесе, бұл жаңашылдық экология үшін күрес емес, табысы төмен адамдарға жасалған қысым ретінде қабылдануы мүмкін.
Алматыдағы ауаның ластану мәселесін шешу қажеттігі анық. Бірақ оның нәтижесі биліктің экологиялық талаптар мен қала тұрғындарының шынайы мүмкіндіктерін қаншалықты ұштастыра алатындығына тікелей байланысты.
Тағы оқыңыз:
Қазақстандықтарды тасжолдарда кімдер және қалай құтқарады? Апаттар медицинасы орталығынан репортаж
Берілді ме әлде жеңді ме: Алматы мен Астанадан көшіп кеткен қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?
Жарты ғұмырың кептелісте: Талғарда тұрып, Алматыда жұмыс істейтіндердің күні қалай өтеді?
Авторы: Юлия Колмогорова
Дайындаған: Айнұр Қапышова