Қазақстандағы әйелдер - халықтың ең қорғалмаған бөлігі. Дегенмен бұған бәрі бірдей келісе бермейді. Патриархалды қағидалар бойынша ерлер - асыраушы, ал әйелдер олардың қорғауында өмір сүреді.
Алайда статистикалық деректер мүлдем басқа көріністі көрсетеді: Қазақстандағы әйелдер экономикалық өмірдің көп саласынан жаппай шеттетілген, ерлерге қарағанда аз табыс табады, отбасы күтімінің ауыртпалығын көтереді және көбінесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Tengrinews.kz редакциясы Қазақстандағы кедейліктің феминизациясы феномені туралы баяндайды. Миллиондаған әйелдің қайтіп кедейлік шегінде қалып қойғаны және неге жағдай ондаған жылдар бойы өзгермей келе жатқаны жайлы осы мақалада айтылады.
"Қазақстандағы кедейлердің 60 пайыздан астамы - әйелдер"
Қазақстан Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері бойынша, еліміздегі кедейлер жалпы халықтың 4,5 пайызы болады: 924 365 қазақстандық немесе 160 359 отбасының табысы 52 507 теңгеден төмен. Бұл сома - 2025 жылғы ресми күнкөріс минимумы.
Бұл статистиканы егжей-тегжейлі қарастырсақ, бірнеше қызықты дерек шығады.
- Ауылдарда кедей адамдар қалаларға қарағанда әлдеқайда көп.
- Қалалық жерде күнкөріс минимумынан төмен табысы бар 435 134 қазақстандық тұрса, ауылдарда - 489 231, яғни 54 мың адамға артық.
- Ең ауыр жағдай Түркістан облысында - 175 276 кедей халық.
Ал енді маңыздысына келейік. Кедей халықтың басым бөлігі - әйелдер. Бұл туралы тек статистика ғана емес, гендерлік мәселелерді зерттеушілер де айтып отыр. Мысалы, Джон Хопкинс университетінің саясаттану бойынша докторанты Лейла Зулейха әйелдер кедейлігі Қазақстанға ғана тән емес, әлемнің көптеген елінде кездесетін құбылыс екенін атап өтеді.
"Қазақстандағы кедейлердің 60 пайыздан астамы - әйелдер. Әйелдер арасындағы кедейлік деңгейі ерлерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл өте кең таралған көрсеткіш. Бізде ұлттық статистика 2001 жылдан бастап жүргізіледі. Соған қарасақ, кедейлік деңгейі айтарлықтай төмендеген: 50 пайыздан 4,5 пайызға дейін. Динамика оң, бірақ айқын гендерлік айырмашылықтар көрінеді", - дейді зерттеуші.
Оның айтуынша, әйелдер кедейлігінің басты себебі - патриархат және одан туындайтын әлеуметтік қағидалар: ер адам - "асыраушы", әйел - "ошақ сақтаушысы". Алайда іс жүзінде бұл модель өзінің маңызын жоғалтқан және кедейлік шегінде өмір сүретін әйелдер санының өсуіне әкеліп отыр.
"Басты себеп - әлеуметтік-экономикалық рөлдерді әлі де айқындайтын патриархалды қағидалар. Мемлекет пен мемлекеттік институттар әйелдердің ақысыз еңбегін ескермейтін модельді ұстанады. Балаларға, қарттарға немесе науқастарға күтім жасау міндеті көбінесе әйелдердің мойнына түседі. Бұл сағаттар ақылы еңбек уақытына кірмейді, сондықтан әйелдер объективті түрде әлдеқайда осал жағдайда қалып отыр", - дейді Зулейха.
Бұл пікірді Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Әсел Изекенова да қолдайды. Ол Қазақстандағы кедейлік деректері жыныс бойынша бөлінбегенін, бірақ жанама түрде әйелдерге қауіптің жоғары екенін айтады. Себебі оларға еңбекақы айырмашылығы, төмен экономикалық белсенділік және ақысыз күтім жүктемесінің артық болуы әсер етеді. Мұны халықаралық деректер де растайды.
"Дүниежүзілік банктің 2024 жылғы деректері бойынша, әйелдердің экономикалық белсенділігі 66 пайыз болса, ерлерде - 76 пайыз. Ал Global Economy сайтының мәліметінше, әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,5 пайыз болса, ерлерде - 4,4 пайыз. Бұл құрылымдық тұрғыда әйелдердің кедейлікке осалдығын арттырады, әсіресе толық емес және көпбалалы отбасыларда, сондай-ақ ауылдық жерлерде", - дейді Изекенова.
Сондай-ақ, сарапшы қосымша қауіп факторы ретінде әйелдердің өмір бойындағы экономикалық белсенділік кезеңінің қысқалығын атап өтеді: әйелдер жүктілікке, босануға және бала күтіміне байланысты еңбек жолын үзеді, бұл зейнетақы жинақтарының азаюына және өмірлік табысының төмендеуіне әкеледі. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада кедейліктің бет-бейнесі шынымен де әйелдің бет-бейнесі болады.
Миллионнан аса әйел - жұмыссыз
Ең айқын нәрседен бастайық. Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы 1,68 миллион әйел мүлде жұмыс істемейді. Бұл - барлық әйелдің 37,1 пайызы, ал ерлер арасында бұл көрсеткіш 27 пайыз. Яғни, әрбір үшінші қазақстандық әйел үйде отырады, ол оны өзі қалағаннан емес, жұмыс табу мүмкіндігі болмағандықтан немесе оны отбасылық міндеттерімен ұштастыра алмағандықтан.
Маңызды сандар:
- 9,4 миллион еңбекке қабілетті қазақстандықтың ішінде әйелдер сәл аздау - 4,5 миллион, ерлер 4,9 миллион. Тек 59 пайыз әйелдің ғана жұмысы бар, ал ерлерде - 70 пайыз. Айырмашылық - 11 пайыздық. Бұл дегеніміз елдегі әйелдердің жартысына жуығы экономикалық тұрғыда ерлерге немесе мемлекетке тәуелді деген сөз.
- Ешқашан жұмыс істемегендер статистикасы тіпті алаңдатарлық: 81 852 әйелге қарсы 58 078 ер адам. Бұл - жеке таңдау емес, қыздарды бала кезінен кәсіби мамандыққа емес, үй шаруасындағы әйел рөліне дайындайтын жүйенің нәтижесі.
- Айырмашылық жұмыссыздық деңгейінде де анық көрінеді. Әйелдер арасында ол жоғарырақ - 5,1 пайыз, ерлерде - 4,2 пайыз. Бірақ мәселе тек сандарда ғана емес, себептерде. Мәселен, 31 498 әйел жұмыссыздар қатарында, өйткені олар үй шаруашылығымен айналысады. Ерлер арасында ондайлар небәрі 13 481 - 2,3 есе аз.
- Толық емес жұмыс күні бойынша да ұқсас жағдай. 15 321 әйел балаға немесе науқас туысына қарау үшін толық емес жұмыс күніне мәжбүр. Ерлер арасында ондайлар небәрі 32. Айырмашылық - 479 есе. Декреттік демалысқа да негізінен әйелдер шығады: 57 829 әйелге қарсы 1 468 ер адам - 39 есе көп.
Барлық осы сандар қарапайым шындықты көрсетеді: отбасында бала дүниеге келгенде немесе әже ауырып қалған кезде жұмыстан әйел сұранады. Ер адам табыс табуды жалғастырады, ал әйел тәуелді болып қалады.
"Әйелдің жағдайы көбіне әлеуметтік қорғалуына байланысты, яғни тұрып жатқан өңіріндегі балабақшалар мен медициналық мекемелердің санына. Егер отбасында немесе қауымдастықта сапалы денсаулық сақтау қолжетімді болмаса, бұл міндет әйелдің мойнына жүктеледі. Бұл көптеген жылға, тіпті онжылдықтарға созылуы мүмкін. Негізінен әйелдерге бүкіл денсаулық сақтау институтын алмастыру және отбасындағы науқастарды толықтай күту міндеті жүктеледі", - деді Зүлейха.
Ана болу кедейлік үкімі тәрізді
Қазақстандағы әйелдердің кедейлік деңгейіне ең қатты әсер ететін нәрсе – ана болу. Әсіресе жалғыз басты ана болу және ол жиі кездеседі. Отбасы ыдырағанда немесе ер адам кеткенде, балалар көбіне әйелдің мойнында қалады, соған байланысты шығындарды да әйел көтереді.
Қазақстанда 699 416 бала тек анасымен тұрады, ал тек әкесімен тұратындар – 87 788. Бұл арақатынас сегізге бір. Яғни ажырасу немесе жұбайының қайтыс болуы сегіз есе жиі жағдайда балаларды аналарымен қалдырады, әкелерімен емес.
Алайда шын мәнінде әйелдер көбіне тек формалды түрде отбасы басшысы болып саналады, бірақ қаржыны нақты ұстамайды. Немесе ер адамдар кеткенде ғана, әйелдер отбасыға ие болады. Бірақ ол кезде де оларды балаларымен және жиі жағдайда күнкөріссіз қалдырып кетеді. Сонда әйелдер шын мәнінде отбасылық қаржыны анағұрлым дұрыс басқаруға мәжбүр болады.
Ресми түрде жұмыс істейтін әйелдерде тағы бір "жұмыс ауысымы" бар – ол ақысыз үй еңбегі.
Орташа есеппен әйелдер үй шаруасына күніне 3 сағат 37 минут жұмсайды, ал ерлер – небәрі 1 сағат 9 минут. Яғни әйелдер үйде 3,1 есе көп жұмыс істейді.
Балалар мен туыстарға күтім жасауға әйелдер күніне 38–50 минут бөледі, ал ерлер – 16–19 минут қана. Бұл 2,5 есе аз.
Сөйтіп әйел сегіз сағаттық жұмыс күнінен кейін үйге келіп, тағы да шамамен төрт сағат ақысыз жұмыс істейді. Ер адам – бар болғаны бір сағаттан сәл артық. Әйелдің жұмыс күні он екі сағатқа созылады, ал ерлердікі – тоғыз сағат.
Бұл үйдегі теңсіздікті коронавирус айқын көрсетті. Изекенованың айтуынша, пандемия кезінде қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін әйелдер табыстан айырылу қаупіне жиірек тап болды. "COVID-19 пандемиясы мен шектеу шараларының Қазақстандағы өмір салтына және денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікке әсері 2021–2023 жылдар" гранттық жобасының аясында жүргізілген зерттеу барысында пандемия салдарынан табысынан айырылғандардың 74 пайызы әйелдер екені анықталды.
"Сонымен қатар үй шаруашылықтарында күтім жасау жүктемесі артты, ал кейбір кезеңдерде зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдардың көбеюі тіркелді. БҰҰ-әйелдер және БҰҰДБ-ның Қазақстандағы бақылауына сәйкес, бұл әйелдердің экономикалық осалдығының өсуіне, әсіресе балалары бар әйелдер арасында, еңбек нарығына қатысу мен табыс деңгейінде "кері кету" қаупінің жоғарылауына алып келді", – дейді зерттеуші.
Өз кезегінде Зулейха локдаун кезінде гендерлік теңсіздік ғылыми қауымдастықта да байқалғанын айтты. Ол кезеңде әйел-зерттеушілердің жарияланымдарының саны күрт азайды. Кейін белгілі болды, себебі қарапайым: мектептер мен балабақшалардың жабылуына байланысты ақысыз үй еңбегі толықтай олардың мойнына түсті, бұл ғылыми жұмыспен айналысуға уақыт қалдырмады.
"Пандемия әйелдердің жұмыспен қамтылуына және ақы төленетін еңбекпен айналысу мүмкіндігіне әсер етті. Балабақшалар мен мектептердің жабылуына байланысты балалар мен отбасының басқа мүшелеріне қамқорлық жасау жұмысының негізгі бөлігі әйелдердің мойнында қалды. Ғылыми ортада жүргізілген зерттеуде пандемия кезінде әйелдердің жарияланымдары ерлерге қарағанда әлдеқайда сирек шыққаны анықталды. Бұл жағдайдың өзгеруіне байланысты әйелдер ерлермен бірдей жұмыс істей алмайтынын көрсетеді. Біздегі мәдени ұстанымдар бойынша, әйел үйдегі ақысыз еңбекті атқаруы тиіс, бірақ осының кесірінен олар жақсы табыс таба алмай отыр", – дейді докторант.
Білімді, бірақ кедей
Бүгінде әйелдердің 21,6 пайызы жоғары білімге ие, ал ерлердің арасында бұл көрсеткіш 17,8 пайыз болады. Университеттерде студенттердің 53 пайызы, магистранттардың 57,5 пайызы және докторанттардың 62,2 пайызы – қыздар.
Әйелдер елдегі барлық зерттеушінің 53,6 пайызы. Олардың ішінде ғылым докторлары көбірек (2 607 әйел және 2 359 ер адам) және ғылым кандидаттары да артық (8 885 әйел және 7 930 ер адам). Бірақ соған қарамастан, ректорлар мен ЖОО басшыларының 79 пайызы – ерлер. Әйелдер білім өндіреді, ал оны басқаратын – ерлер. Олар жақсы оқиды, бірақ аз табыс табады.
Кедейлік пен әйел денсаулығы
Бұған кедейліктің тағы бір жасырын факторы – денсаулық қосылады. Ресми деректерге сәйкес, соңғы төрт жылда несеп-жыныс жүйесінің аурулары 851 мың әйелге және 265 мың ер адамға тіркелген – бұл 3,2 есе көп. 5 505 әйелде сүт безі обыры анықталған. Жасөспірімдер арасында 15–18 жас аралығындағы қыздардың босануы – 5 094 жағдай.
Бұл мәселелер тек медициналық қауіптерді ғана емес, сонымен қатар тікелей экономикалық шығындарды да әкеледі: қосымша емдеу шығындары, ауруханалық парақтар, еңбекке жарамдылықтың жоғалуы. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 53 223 жағдайы – бұл тек әлеуметтік емес, сонымен бірге экономикалық апат, өйткені әйелдерге қорғанысқа, тұрғын үйді ауыстыруға, емдеуге және психологиялық көмекке ақша жұмсауға тура келеді.
"Әйелдердің өздері қандай жағдайда екенін түсіну маңызды, – деп атап өтеді Лейла Зулейха. – Егер әйел созылмалы аурулардан, мүгедектіктен зардап шегіп жүрсе немесе зорлық-зомбылық жағдайында өмір сүрсе, оның кедейлікке тап болу қаупі күрт артады. Зорлық-зомбылық денсаулықты нашарлатады, әлеуметтік байланыстардан айырады және әйелді әлдеқайда осал етеді."
Осылайша, әйелдердің кедейлігі – бұл тек төмен жалақы мен ресурстарға қолжетімсіздік туралы емес.
Мәселені шешу - кешенді түрде
Сарапшылар әйелдер кедейлігімен күрес әлеуметтік саясатты, еңбек нарығын және жұмыспен қамту жүйесін қамтитын кешенді шешімдерді қажет ететінін атап өтеді.
Біріншіден, зерттеулер мен бағдарламаларда гендерлік және жас ерекшеліктерін ескеру маңызды. Мұндай тәсіл әлеуметтік саясатқа, денсаулық сақтауға және еңбек саласына енгізілуі тиіс. Сонымен қатар, кедейлікті өлшеу әдістемесін жаңарту және өзекті деректерді тұрақты түрде жариялау қажет.
"Ең бастысы - мұнда бәрін түзететін бір ғана шараны қабылдау мүмкін емес екенін түсіну керек", - дейді Зүлейха.
Екіншіден, сарапшылар еңбекақы төлеуде жүйелік өзгерістердің қажеттілігіне назар аударады. Бұл мемлекеттік сектор мен ірі компанияларда "тең еңбек үшін тең ақы" қағидасының міндетті аудитін енгізу, жалақы мөлшерлерінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ осал санаттағы әйелдерді жұмыспен қамту мен қайта даярлауға субсидиялар бөлу: 45 жастан асқан әйелдер, кішкентай балалары бар аналар, ауылдық жерлерде тұратындар.
Жеке назар күтім инфрақұрылымына бөлінуі тиіс. Қолжетімді балабақшалар мен науқастарға ұзақмерзімді күтім көрсету мекемелерінің желісін кеңейту әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттырып, балалар мен асыраушысы жоқ мүшелері бар отбасылар үшін кедейлік қаупін төмендетеді.
"Әлеуметтік қызметтер жүйесін кеңейту және күтім қызметі үшін ақы төлеу немесе өтемақы енгізу әйелдер арасындағы кедейлік қаупін төмендетіп қана қоймай, кәсіби әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа сала қалыптастырып, сонымен қатар еңбек нарығы мен әлеуметтік қорғау жүйесін нығайта алар еді", - дейді Әсел Изекенова.
Ақырында, сарапшылар әйелдер көшбасшылығын және кәсіпкерлігін дамыту маңызын атап өтеді. Бұл - мемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялардағы басқарушыларға арналған мақсатты бағдарламалар, әйелдердің шағын және орта бизнесін арзан несиелер мен кепілдіктер арқылы қолдау, сондай-ақ әйелдерді STEM және цифрлық кәсіптерге ілгерілету. Бұл шаралар аймақтық ерекшеліктерді ескеруі тиіс.
"Мұнайлы аймақтардағы кедейліктің себептері экономикасы қызмет көрсету немесе агроөнеркәсіпке негізделген облыстардан өзгеше. Экономикалық шынайылықты ескере отырып, әйелдерге қайда және қалай қолдау көрсетуге болатынын түсіну маңызды", - деді Зүлейха.
Осылайша, әйелдер кедейлігімен күрес кешенді тәсілсіз мүмкін емес: еңбекақы төлеу жүйесін реформалаудан бастап, күтім инфрақұрылымын кеңейтуге және әйелдер көшбасшылығын қолдауға дейін. Мұның бәрі аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып жасалуы тиіс.
Қазақстандағы әйелдер кедейлігі - бұл жеке жағдай емес, жүйелік проблема. Ел әйелдерге еңбекке, жалақыға және ресурстарға тең мүмкіндік бермейінше, толыққанды экономикалық өсу мүмкін болмайды.