Қазақстанда күн суытып, кеңселер де салқындап кетті. Осыған байланысты Tengri Life жұмыс орнында салқын болған жағдайда қызметкерлер не істей алатынын анықтады.
Заң не дейді?
Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерге қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл тек жабдықтардың жарамдылығы мен қауіпсіздік талаптары ғана емес, сонымен қатар жұмыс орнындағы қалыпты температураны да қамтиды. Егер еңбек жағдайы санитарлық талаптарға сай келмесе, қызметкер заңды түрде жұмыс істеуден бас тартуға құқылы.
Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкерлерді қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлармен қамтамасыз етуі тиіс. Оған арнайы киім беру және жөндеу, дезинфекция құралдары, алғашқы көмек қобдишасы, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдары жатады. Кей жағдайларда сүт немесе оған тең өнімдер де қарастырылуы мүмкін.
Температураға қойылатын талаптар
Заңгер Сабина Ахметованың айтуынша, Еңбек кодексінің 184-бабы жұмыс орнындағы температура, жарықтандыру және желдету санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай болуы керегін міндеттейді. Кеңседегі ауа температурасы 18 градустан төмен болмауы тиіс.
Оның айтуынша, егер дауылды ескерту жарияланса, жұмыс беруші қызметкерлерді тасымалдауды ұйымдастыруға, қашықтан жұмыс істеуге рұқсат беруге немесе жұмыс күнін қысқартуға міндетті.
Қызметкер не істеуі керек?
Егер кеңседе суық болса, мамандар мынадай әрекеттерді ұсынады:
- жұмыс берушіге еңбек жағдайының талапқа сай еместігін хабарлау;
- заңға сәйкес, жағдай түзетілгенге дейін жұмыстан бас тарту;
- дауылды ескерту кезінде қашықтан жұмыс істеу немесе қысқартылған жұмыс күні мүмкіндігін пайдалану.
Мамандар қызметкерлерді өз құқықтарын білуге және еңбек қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырады.