2025 жылғы мамырда әлеуметтік желілерде жол апатына түсіп, әлемге танылған қазақстандық такси жүргізушісінің видеосы тарады. Tengrinews.kz тілшілері оқиғадан кейін екі жыл өткен соң жігіттің өмірі қалай өзгергенін білуді жөн көрді.
Рафаэль Жұмашбаев бірден танымал бола қойған жоқ. Жол апаты 2024 жылы болған, алайда видео тек бір жылдан кейін, шетелдік парақшалар жаппай жариялай бастағанда тарап кетті. Осылайша атыраулық такси жүргізушісінің хикаясы Қазақстан шекарасынан асып, әлемге жайылды.
Еуропа мен АҚШ қолданушыларын апат кезіндегі жігіттің сабырлығы таңғалдырды, видео шетелдік парақшалар мен жаңалықтарда тез тарап кетті. Көбі көлік аударылып жатқан сәтте де Рафаэльдің салқынқанды болғанын ерекше атап өтті.
Бүгінде бұл видео әлеуметтік желілерде әлі де жарияланып келеді, ал Рафаэльді Қазақстанның түрлі қалаларында танып жатады.Tengrinews.kz тілшілері жігітпен кездесіп, кенет танымалдыққа ие болғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін білді.
Біз Рафаэльмен Атырауда кездестік. Бірден көзге түсетіні — әлеуметтік желі қолданушылары оны "бас киім киетін таксист" ретінде тануына себеп болған кепкасы.
Рафаэль мұндай лақапатқа әдетінше қарайды және белгілі бір сәтте бұл кепка оның кейпінің ажырамас бөлігіне айналғанын мойындайды.
Бірақ әңгіме апат түсірілген вирус видеодан басталған жоқ. Рафаэль бізге есімінің тарихын бөлісті:
"Анамның айтуынша, босанып жатқанда қиналған. Менің аман-есен дүниеге келуіме көмектескен дәрігердің есімі Рафаэль екен. Сондықтан ата-анам есімімді соның құрметіне қойған. Ал қарындасымның атын Гүлайым деп қойды. Мен кейде "осымен ата-анамның қиялы сарқылған" деп әзілдеймін", — дейді ол күліп.
Интернеттегі ең көп талқыланған видеолардың бірінің кейіпкері болмас бұрын Рафаэль өз блогын жүргізіп жүрген. Ол әлеуметтік желілеріне видеолар жариялап, сонымен қатар "Емааа подкаст" жобасына қатысқан.
Дегенмен, блог оның өмірінде танымал болуға деген құштарлықтан пайда болған жоқ. Бұған әлі күнге дейін үреймен еске түсетін бір жағдай түрткі болды.
Бәріне себеп болған түн
Бұл оқиға жол апатына дейін болған. Бірде түнде Рафаэль тапсырысқа барады. Екі ер адам оның көлігіне бір әйелді отырғызып, біраз күте тұруды өтінеді. Олардың айтуынша, көлікке тағы бірнеше адам келуі керек болған.
Жүргізуші жолаушыларды күтіп тұрғанда, әйел тосыннан одан алып кетуін өтіне бастайды. Ол барған сайын қаттырақ талап етіп, тіпті жолақысын өзі төлеуді ұсынады.
Рафаэль бас тартып, оған күте тұруды өтінгенін ескертеді. Сол кезде жолаушы әйел оған қолын көрсетеді. Білегінде тіліктер бар екен. Кейінірек әйел оны өзі жасағаны белгілі болды.
Сол кеште оқиға ауыр зардапсыз аяқталды, бірақ үйіне бара жатқанда Рафаэльдің ойынан бір нәрсе кетпей қояды.
"Егер ол мені айыптаса ше? Мұны таксист істеді десе не болар еді? Кінәсіз екенімді қалай дәлелдейтін едім?" — деп еске алады ол.
Ол сол түні оқиғаның салдары қандай болуы мүмкін екенін ойлап, көз ілмей шығады. Келесі күні Рафаэль даулы жағдайларда өзін қорғау үшін бейнетіркегіш сатып алады.
Дәл осы бейнетіркегіш кейіннен атыраулық таксисті әлемдегі миллиондаған қолданушыға танымал еткен жол апатын түсіріп алды.
Жол апатына дейінгі өмір
Рафаэль апаттан шамамен бір жыл бұрын такси жүргізушісі болған. Оған дейін біраз уақыт Еуропада тұрып, әуежайда жұмыс істеген. Бірақ кейін Қазақстанға оралуды шешіп, көлік сатып алып, такси қызметіне кіріседі.
Сонымен қатар, күнделікті өмірінен видеолар жариялай бастайды. Басында контент өте қарапайым болатын: жолаушылар туралы әңгімелер, қызық оқиғалар, ереже бұзу мен жүргізушілер кездесетін жағдайлар. Бірте-бірте аудиториясы өсе бастады. Әсіресе жолдағы қақтығыстар мен даулы жағдайлар туралы видеолар жақсы қаралатын.
Рафаэль бір заңдылықты байқады: пайдалы кеңестер мен әңгімелерге қарағанда, эмоцияға толы видеолар анағұрлым көп қаралым жинайтын.
"Адамдарға қақтығыстарды талқылаған ұнайды. Егер пайдалы бірдеңе айтсаң, қаралым аз болады. Ал егер қандай да бір даулы жағдай болса, бірден талқылау басталады", — дейді ол.
Уақыт өте келе оның тұрақты аудиториясы қалыптасты. Негізінен бұл — 25 пен 40 жас аралығындағы ер адамдар, олардың көбі жүргізуші немесе таксист болып жұмыс істейді.
Жол апатына дейін Рафаэльдің Instagram парақшасына 8,8 мыңға жуық адам тіркелген болса, қазір бұл көрсеткіш 15,6 мыңға жетті. Ол үнемі видео түсіріп тұрғанымен, тек өз аудиториясының ішінде танымал еді. Нағыз танымалдық әлі алда болатын. Және ол мүлдем тосыннан келді.
Бүкіл әлем көрген видео
2024 жылдың көктемінде Рафаэль, әдеттегідей, кезекті тапсырысын орындап жүрген. Ол басты жолмен келе жатты. Алда басқа қиылыстардан еш айырмашылығы жоқ қарапайым жол айрығы болатын. Бір сәтте үйдің тасасынан жол талғамайтын көлік шыға келді. Шешім қабылдауға санаулы секундтар ғана қалды. Рафаэльдің айтуынша, ол екінші көлікті тым кеш байқаған.
"Мен басты жолмен келе жатқанмын. Үйдің тасасынан көлікті көрмей қалдым. Тек соңғы сәтте байқап, сигнал бере бастадым", — деп еске алады ол.
Кейіннен бүкіл әлемге тарап кеткен бейнежазбада аударылып жатқан "Лада Грантаны" және тіпті апат кезінде де таңғаларлық сабырлық танытқан жүргізушіні көруге болады.
Соққының қатты болғанына қарамастан, Рафаэль сасқалақтаған жоқ. Соқтығыстан кейін бірнеше секунд өткенде ол магнитолаға қолын созып, түймесін басады.
Миллиондаған қолданушы жүргізуші апаттан кейін жағдайды бағамдау үшін музыканы әдейі өшірді деп сенімді болған еді. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болды. Соққыдан кейін бірден Рафаэльдің құлағында қатты шу пайда болған. Алғашқы секундтарда ол тіпті не болып жатқанын түсінбей, бөгде дыбыс магнитоладан шығып жатыр деп ойлаған.
"Бір жерден сым шығып кетті немесе магнитола шулай бастады деп ойладым. Түймесін басып жатырмын, бірақ шу қояр емес. Кейін миым жеңіл шайқалғаны белгілі болды", — деп еске алады ол.
Сол сәтте жүргізуші рөл мен алдыңғы орындықтың арасында қысылып қалған. Алайда көп ұзамай көлікке куәгерлер жүгіріп келіп, оған сыртқа шығуға көмектескен. Рафаэль апат түсірілген түпнұсқа видеоны TikTok желісінде 2024 жылғы 8 қыркүйекте жариялады. Видео екі бөлімге бөлініп, жалпы саны сегіз миллионға жуық қаралым жинады.
Дегенмен нағыз әлемдік танымалдық сәл кейінірек келді. Бірнеше айдан соң интернет қолданушыларының бірі видеоның өз нұсқасын монтаждап шыққан. Кейіннен бұл роликті бүкіл әлем бойынша ондаған миллион адам тамашалады.
Монтаж авторы жазбаның шешуші сәтін өзгерткен. Жаңа нұсқада апаттан кейін аударылып қалған көлік ішіндегі жүргізуші еш саспастан музыканы қосып жатқандай әсер қалдырады.
@frenchfuse Ең бастысы — музыка 🤭
♬ түпнұсқа дыбыс - FRENCH FUSE
Осы сәтте аустралиялық AC/DC рок-тобының аты аңызға айналған "Highway to Hell" әні шырқала бастайды. Роликтің дәл осы нұсқасы вирусқа айналды.
Видео TikTok, Instagram, Reddit, Telegram және YouTube Shorts желілерінде жаппай жариялана бастады. Қолданушылар оны достарына жіберіп, мемдер, реакциялар мен пародиялар жасады. Рафаэльдің айтуынша, AC/DC әнімен шыққан нұсқадан кейін бұл оқиға Қазақстан шекарасынан асып, әлемге танылды.
"Жақсы шыққан. Музыка ырғаққа дәл келген, әдемі монтаждалған. Мен ол жігіттің жұмысын жоғары бағаладым. Кейін оны бүкіл әлем бағалады", — дейді ол.
AC/DC әнін қолдануға қарсы емессіз бе деген сұраққа Рафаэль күлімсіреп жауап берді:
"Егер AC/DC қарсы болмаса, мен де қарсы емеспін".
Түрлі есептеулер бойынша, "Highway to Hell" әні қойылған нұсқа 86 миллионнан аса қаралым жинап, репосттар саны 15 миллионнан асқан. Дәл бұдан кейін атыраулық такси жүргізушісі әлемдік интернет жұлдызына айналды.
Бүкіл әлем қолданушыларын таңғалдырған басты жайт — жүргізушінің өзін ұстауы болды. Регистратор жазбасында айқай-шу, дүрбелең немесе эмоция жоқ. Рафаэльдің өзі сол сәтте сырт көзге қалай көрінетіні туралы мүлдем ойламағанын мойындайды. Апаттан кейін оны өз жағдайы көбірек алаңдатқан.
Дәрігерлердің демалу туралы кеңесіне қарамастан, оның сәті түспеді. Рафаэльдің айтуынша, ол кезде толыққанды оңалуға уақыт мүлдем болмаған.
Алайда оны бәрінен де басқа нәрсе таңғалдырған. Жол апаты кезінде iPhone шұғыл көмек көрсету қызметіне өздігінен хабарласқан болып шықты. Рафаэль апат сәтінде мұны байқамаған да. Ол бұл ерекше функция туралы кейіннен вирусқа айналған видеоның астындағы пікірлерден білген.
"Мен бір пікірді көріп қалдым, онда біреу диспетчердің неге қоңырауды үзіп тастағанын сұрапты. Менің түсінуімше, сөйлесу қазақ тілінде болғандықтан қоңырау үзіліп кеткен. Телефонның шұғыл қызметтерді өзі шақырғанын тек пікірлерден кейін білдім. Өте пайдалы функция екен", — дейді ол.
Аударылған көліктен шығуға оған кездейсоқ өтіп бара жатқан адам көмектескен. Ол ер адам сол сәтте жақын маңдағы дүкеннен нан сатып алып жатқан екен. Рафаэль шок жағдайында болғанын, тіпті құтқарушысына дөрекілік көрсетіп үлгергенін мойындайды. Бүгінде ол мұны біраз ыңғайсызданып еске алады.
"Сол кісінің алдында әлі күнге дейін өзімді ыңғайсыз сезінемін. Егер оны қайта жолықтырсам, міндетті түрде кешірім сұрар едім. Қасымда адамдардың болғаны жақсы болды. Бәрі көмектесіп, жедел жәрдем шақырды", — дейді ол.
Апаттан кейін көлік екі айдай тұрып қалған. Тергеу амалдары мен сақтандыру процедураларының аяқталуын күту керек еді.
"Бұл әлгі жігіт емес пе?"
Рафаэль өз танымалдығының ауқымын вирус видео бүкіл әлемге тарағаннан кейін ғана жете түсіне бастады. Оны алдымен туған жері Атырауда, содан соң такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін Алматы қаласында тани бастаған. Кейінірек мұндай жағдайлар басқа қалаларда да қайталана бастады.
Рафаэльдің айтуынша, оны бірден сирек танитын жолаушы сирек. Бұған көбіне оның видеода көзілдірікпен болғаны себеп.
"Көпшілігі бастапқыда алдында кім тұрғанын бірден түсінбейді. Кейін мұқият қарай бастайды. Кейде өзім: "Жол апатында көлігі аударылып қалған әлгі таксисті көрдіңіз бе?" деп сұраймын. Кейін адамдар маған зер салып қарап: "Сіз бе едіңіз?" — деп сұрайды", — дейді ол.
Осыдан кейін жолаушылар жиі бірге суретке түсуді өтінеді. Рафаэльдің айтуынша, ол мұндай ілтипатқа әлі де бой үйрете алмай келеді.
"Адамдар суретке түсуді сұрағанда, менде әлі күнге дейін "шынымен де менімен бе?" деген ой туындайды. Танымал болғаныма әлі де аяғына дейін сенбейтін сияқтымын", — дейді ол.
Дегенмен, танымалдық тек жағымды сәттер әкелген жоқ. Рафаэль басында адамдардың оны жол апаты арқылы танығанынан ыңғайсызданғанын айтады.
"Бастапқыда аздап ұялдым. Қалай десек те, жол апатының арқасында танымал болу — ерекше жағдай. Көшеде көргендер көбіне: "Бұл — сол аударылып кеткен жігіт қой", — деп жатады. Осылайша, бұл менің таңбама айналғандай болды", — деп ағынан жарылды ол.
Соған қарамастан, танымалдық оның күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналды. Бүгінде жолда басқа жүргізушілер оған дыбыстық белгі беріп, өтіп бара жатқандар қол бұлғайды, ал әлеуметтік желілерде баяғы видеосы бар жаңа жазбалар әлі де жарияланып келеді.
"Танымалдық бар, бірақ өмірімде айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ. Мен бұрынғыша жұмыс істеймін, видео түсіремін және әдеттегідей өмір сүріп жатырмын", — дейді ол.
Неге "бас киім киген таксист"?
Әлеуметтік желі қолданушыларынан Рафаэльді екі ауыз сөзбен сипаттауды сұраса, көпшілігі "кепка киген таксиші" дері анық. Бұл кейіп кездейсоқ пайда болған жоқ. Рафаэльдің айтуынша, бірде ол өзінің өзге блогерлер мен жүргізушілерден ерекшеленгісі келетінін түсінген.
"Маған қандай да бір ерекшелік қажет болды. Көптеген такси жүргізушісі бір-біріне ұқсас көрінеді. Ал кепка менің өзіндік стиліме айналды. Біреулер үнемі бетперде киіп жүрсе, мен үнемі кепка киіп жүремін", — дейді ол.
Уақыт өте келе қарапайым аксессуар шынымен де оның жеке брендінің бір бөлігіне айналды. Бүгінде Рафаэльдің үнемі ауыстырып киетін жеті-сегіз түрлі кепкасы бар. Біраз уақыт бойы ол тіпті өзі серіктес болған таксопарктердің логотипі басылған кепкаларды киіп жүрді.
"Бұл өзіндік бір маркетингтік қадам болатын. Мен киім брендтерінен немесе кепка өндірушілерден ұсыныстар түсетін шығар деп ойладым. Бірақ әзірге оған жете қоймадық", — дейді ол.
Бұл ретте Рафаэльдің өзі ешқашан әдейі қандай да бір жарқын бейне қалыптастыруға ұмтылмағанын мойындайды. Бәрі өздігінен болған.
Бастапқыда адамдар оны кепкісінен тани бастады, ал кейіннен желіде оған "кепка киген такси жүргізушісі" деген лақап ат біржола бекітілді.
Зират маңындағы біртүрлі тапсырыс
Миллиондаған оқырман Рафаэльді жол апаты түсірілген видеосы арқылы танығанымен, оның аккаунтындағы ең танымал роликтердің бірі мүлдем басқа, оғаш оқиға туралы болды. Оның үстіне, бұл жағдай жол апатынан небәрі бір күн бұрын болған.
Сол кеште Рафаэль зират маңындағы кезекті тапсырысқа келген болатын. Күн батып, айнала қараңғыланған еді. Жүргізуші жолаушыны күтіп тұрғанда, кенеттен жүк салғыштың соғылған дыбысын естіді. Бастапқыда ол бұған аса мән бере қоймады.
Такси жүргізушісінің жұмысында мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Кейде жолаушылар көліктің артына келіп, жүктерін салу үшін жүк салғышты ашуды өтінеді. Рафаэль көліктен шыққанымен, айналадан ешкімді көрмеді.
"Көлікке біреу жақындап, кейін қайта кетіп қалған шығар немесе балалар әзілдемек болды ма деп ойладым", — деп еске алады ол.
Біраз уақыттан кейін бұл жағдай қайталанды. Тағы да соққы, сосын тыныштық, айналада ешкім жоқ. Рафаэльдің айтуынша, әдетте адамды тым болмағанда айнадан байқауға болады. Бірақ сол кеште маңайда ешкім болмаған. Соққы үшінші рет қайталанғанда, жүргізуші көліктен шықпауға бел буып, кетіп қалған. Мұның нақты не болғанын ол әлі күнге дейін білмейді.
Осы оқиға туралы ролик үш миллионға жуық қаралым жинап, оның аккаунтындағы ең көп талқыланған видеолардың біріне айналды.
"Такси жүргізушісі психолог әрі экстрасенс болуы тиіс"
Танымалдығына қарамастан, Рафаэль үшін контенттің негізгі көзі әлі де өз жұмысы болып қала бермек. Видеоларының басым бөлігін ол тікелей көлік ішінде түсіреді. Онда жолаушылармен арадағы кикілжіңдер, ерекше оқиғалар, ереже бұзушылықтар мен такси жүргізушілері күнделікті кездесетін түрлі жағдайлар баяндалады.
Рафаэльдің айтуынша, көптеген көрермен бейнероликтің бірнеше минутының ғана куәсі болады, алайда бұл жұмыстың қаншалық қиын екенін біле бермейді.
"Таксист бір мезетте жүргізуші де, психолог та, экстрасенс те болуы керек. Көлігіңе кім мінетінін және оның өмірінде не болып жатқанын ешқашан алдын ала білмейсің", — дейді ол.
Көпжылдық жұмыс тәжірибесі оны қарапайым қағидаға үйреткен. Егер жолаушы әңгімені бірінші болып бастамаса, ол да өз тарапынан артық сөйлеспеуді жөн көреді.
"Егер адам үндемесе, мен де үндемеймін. Әркімнің өз мәселесі бар. Адамдар үнемі сөйлескісі келе бермейді", — деп түсіндіреді ол.
Оның айтуынша, көптеген жолаушы жол жүру кезінде іште жиналып қалған сезімдерін сыртқа шығаруға тырысады.
"Адамдар таксиге өз мәселелерін жиі ала келеді. Үйде немесе жұмыста айта алмағандарын осында айтады. Кейде барлық агрессия жүргізушіге бағытталып жатады", — дейді Рафаэль.
Дәл сондықтан қақтығыстар туралы бейнероликтер ең көп қаралым мен пікір жинайды. Бір қолданушылар жолаушылардың жағына шықса, енді бірі жүргізушіні қолдайды.
Әлемдік танымалдық миллиондар әкелген жоқ
Әлемге танымал болғаннан кейін көпшілік Рафаэльге жарнамалық келісімшарттар жауады деп сенді. Алайда шындық әлдеқайда қарапайым болып шықты.
"Иә, ұсыныстар көбейді. Автосервистер, қосалқы бөлшектер дүкендері, май ауыстыру орталықтары мен түрлі автомобиль компаниялары үнемі серіктестік ұсынып тұрады", — дейді ол.
Таксистің айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарынан бартерлік негіздегі ұсыныстар да түсіп тұрады. Бірақ вирусқа айналған видеодан кейін айтарлықтай ірі жарнамалық келісімшарттар жасалмаған.
"Мұндай роликпен iPhone, LADA немесе басқа да ірі брендтерді жарнамалауға шақыруы керек еді деп айтқандар көп болды. Бірақ ондай ештеңе болған жоқ", — дейді ол.
Рафаэльдің айтуынша, Instagram-дағы жарнамалық интеграция үшін алған ең үлкен гонорары 150 мың теңге болған. Сонымен қатар, ол кез келген ұсынысты қабылдай бермейді.
"Менің негізгі аудиториям — жүргізушілер мен таксистер. Сондықтан өзім пайдалы деп санаған дүниелерді ғана жарнамалауға тырысамын", — деп түсіндіреді ол.
Оның пікірінше, Қазақстанда жергілікті авторлар мен блогерлер шетелге танылғаннан кейін ғана бағалана бастайды.
"Кейде адамды тек шетелде байқалғаннан кейін қабылдай бастайтындай әсер қалдырады", — дейді ол.
Рафаэль өзін жұлдыз санамайды және көшеде оны танып жатса, әлі күнге дейін таңғалатынын айтады. Десе де ол қазақстандық авторларға көбіне өз аудиториясының қолдауы жетіспейтініне сенімді.
Видео кейіпкерінің өмірі
Бүгінде Рафаэль бұрынғыша таксиде жұмыс істеп, видео түсіруін жалғастырып келеді. Тек енді қарапайым жолаушылардың арасында жүргізушінің әлгі танымал видеодағы кейіпкер екенін танитындар жиі кездеседі.
Өзі танымалдылықты ешқашан басты мақсат етпегенін айтады. Қазір ол үшін басқа құндылықтар маңыздырақ.
"Үйленгім келеді. Отбасын құрғым келеді. Ата-анам мені мақтан тұтатындай барлығын дұрыс жасауға тырысамын", — деп жоспарларын бөлісті Рафаэль.
Әңгіме аяғында ол күнделікті такси қызметін пайдаланатындарға үндеу тастады. Оның жалғыз өтініші — жүргізушілерге құрметпен қарау.
"Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Біздің де отбасымыз, қарызымыз, мәселелеріміз бар. Кейде адамдар таксистерге жаман көңіл-күйін төге салады. Адамдардың біздің еңбегімізді сәл болса да сыйлағанын қалаймын", — дейді ол.
Бірнеше минуттан соң телефонға жаңа тапсырыс түседі. Рафаэль смартфонын ұстағышқа қойып, кепкасын түзеп, көлігін оталдырды.