Қолма-қол немесе карта: ақшаны қалай ұстаған дұрыс?
Технология тоқтаусыз дамып жатқан заманауи әлемде ақшаға деген қарым-қатынас та өзгеріп келеді. Көпшілік адам ақшаны картада ұстайды және көпішілк кіріс банк шотына түседі. Бірақ қолма-қол ақша қолдануды жөн санайтындар бар. Заманауи өмірде ақшаны қалай ұстаған тиімді және ыңғайлы? Massaget.kz ақшаны картада немесе қолма-қол ұстаудың артықшылықтары мен кемшіліктерін ұсынады.
Карта қолданудың артықшылықтары мен кемшіліктері
Карта қолданудың бонусты бағдарламалардан бастап қауіпсіз транзакцияларға дейінгі көптеген артықшылықтары бар. Алайда кез келген құралдың секілді пластик карталардың да өз кемшіліктері бар.
Карта қолданудың артықшылықтары
Ыңғайлылық
Пластик төртбұрышты бір картаға қаншама ақша сыйып кетеді. Ақшаны әмиянға және тиындарды қалтаға салып жүрудің қажеті жоқ. Карта орын алмайды. Картаны ұялы телефонға бекітіп қойсаңыз, картаның өзін де тасып жүрудің қажеті жоқ.
Қауіпсіздік
Картадан да ақшаңызды ұрлап кетуі мүмкін, алайда ол сөмкеңіздегі немесе қалтаңыздағы қолма-қол ақшаны ұрлаудан қиындау. Картадағы ақшаны алу үшін ПИН-код пен CVV-нөмір керек.
Гигиена
Қолма-қол ақша көптеген адамның қолынан өтеді. Ақшаны микробтардан тазалай алмайсыз, ол зақымдалып қалуы мүмкін. Ал картаңызды тек өзіңіз ұстайсыз. Сондай-ақ оны тазарту оңай: картаны спиртті дәкемен сүрту жеткілікті.
Жылдам басқару
Мобильді банк арқылы қай жерде отырсаңыз да, ақшаңызбен түрлі операциялар жасай бере аласыз. Мысалы, басқа қаладағы немесе ауылдағы ата-анаңызға ақша аудара аласыз, балаңызға ақша салып жібересіз, жинақтаушы шотқа саласыз, несие төлейсіз. Бұларға көп уақыт жұмсаудың да қажеті жоқ.
Тиімді мүмкіндіктер
Кей банк картасымен қандай да бір өнімді сатып алсаңыз, сізге кэшбек түседі.
Карта қолданудың кемшіліктері
Қызмет көрсету үшін комиссия
Банктер сіздің шотыңыз бен мобильді банкіңізге қызмет еткені үшін жүйелі түрде нақты бір соманы алып тұрады. Алайда әдетте бұл сома көп болмайды.
Алаяқтар
Жоғарыда айтқандай, картадан да ақша ұрлау қаупі бар. Оның алдын алу үшін жеке мәліметтеріңізді көрінген жерге тастап кетпеңіз, үшінші тұлғаға айтпаңыз және тек сенімді сайттардан ғана сауда жасаңыз.
Байлық иллюзиясы
Картадағы ақшаны оңай жұмсап жібересіз, себебі оның мөлшерін сезіне алмайсыз. Ал сауда үйінде жүрсеңіз, хабарламаға мән бермей, карта шотында қанша ақша қалғанын бақыламай қоюыңыз мүмкін. Ал үйге келген соң қатты таңғаласыз.
Қолма-қол ақша ұстаудың артықшылықтары мен кемшіліктері
Қазір картасы жоқ адамды табу қиын. Десе де, қолма-қол ақшаны құптайтын адамдар бар. Оның артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырайық.
Қолма-қол ақша ұстаудың артықшылықтары
Қолма-қол ақшаны ұстау жағымды
Күлкілі естілуі мүмкін, алайда психологиялық тұрғыда қолма-қол ақша ұстау жағымды эмоциялар сыйлайды. Ақшаны қолмен ұстаған кезде және оны берген кезде сізде сезім пайда болады. Мысалы, миллион теңгені картада ұстағанда және қолмен ұстаған кезде сезім екі түрлі болады.
Төтенше жағдайда ыңғайлы
Дүкенде терминал істемей қалса, кезекте күтіп тұрмауға қолма-қол ақша көмектеседі. Сол секілді басқа да төтенше жағдайларда карта қолдана алмауыңыз мүмкін. Мұндай кезде әмияныңызда қолма-қол ақша жүрген артық етпейді.
Әрдайым қолжетімді
Қолма-қол ақшаны бұғаттап тастау мүмкін емес. Егер банк картаңызда күмәнді операциялар жүріп жатырғанын байқаса, оны бұғаттап тастай алады. Сондай-ақ егер үстіңізден іс қозғалса да, картаңызды бұғаттауы мүмкін.
Шектеулі шығын
Дүкенге шығарда өзіңізбен бірге тек нақты сома алып шықсаңыз, одан артық ақша жұмсамайсыз.
Қолма-қол ақша ұстаудың кемшіліктері
Гигиенаға сай емес
Жоғарыда айтқандай, қолма-қол ақшада микробтар көп болады. Ал ақшаны ешкім жумайды.
Қолма-қол ақшаны аудару қиын
Басқа жерде тұратын туытарыңызға қолма-қол ақшаны жылдам салып жіберу мүмкін емес. Ол үшін жақын жердегі банк бөлімшесіне барып, кезекте тұру керек.
Тиімді ұсыныстардың болмауы
Қолма-қол ақшамен төлеу арқылы кэшбек секілді тиімді ұсыныстар алмайсыз. Қолма-қол ақша тек базарда тиімді болуы мүмкін: затты өз бағасынан сәл түсіртіп ала аласыз.
Шетелге шығару кезінде шектеу бар
Көптеген елде қолма-қол ақшаны тек нақты сомада өткізеді. Ал ол сізге жетпей қалуы мүмкін.