Қуғын-сүргін құрбаны Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлына 130 жыл
«Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жазықсыз жазаланғандарды толық ақтау ісін жалғастыру керектігін күн тәртібіне қоюы ерлік пен көрегендік» деп жазды Ханкелді Әбжанов «Қуғын-сүргін және күн тәртібі» деген (Egemen Qazaqstan, 13 қаңтар, 2021 жыл) мақаласында. Қасым Жомарт Тоқаевтың Президент болғанына екі-ақ жыл. Қоғамдағы, мемлекеттегі қордаланып, шешімін таппай жатқан жүздеген проблеманы көтеріп, шешуге, халықтың үнін еститін, демократиясы дамыған мемлекет құруға ұмтылуы, әлеуметтік жағдайға көңіл бөліп, нақты істерді қолға алуы қоғам тарапынан оң бағаланды.
Тоталитарлық саясаттан қиянат көрген тұлға
Х.Әбжанов мақаласында «Қайғының үлкені – өлім, ал өлім әділетсіздікпен, зорлықпен келсе, еш кінәсі жоқ, жазықсыз жандар ұрпақтары, туған-туыстары қудаланса, қылмыстың ауырлығы арта түспей ме», дейді. Мен сол қорлықты көрдім. Әкем – Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы кезінде Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 46 жаста ұсталып, 47 жасында атылды. Анамыз ҚарЛАГ-та 8 жыл отырды. 20 жыл (1937-1958) бойы «халық жауының қызы» деген «қарғыбау» мойнымыздан моншақ боп алынбады. Алматы, Ырғыз, Мойнақ (Қарақалпақта), Ақсу, Мәртөк (Ақтөбе), Талдықорған, Шұбар, Жаркент – қудаланып, көшіп жүрген жерлеріміз. 10 жылда жеті жерде оқыдым. Қай жерде жүрсек те, түнде есігіміздің сыртында тың тыңдап жүргендерді білеміз. Тілді тістеп, дертімізді іште сақтадық. «Халық жауының қызына» үйленгені үшін жезделерім жазаланды.
Үлкен жездем Ақтөре апамнан ажырап, басқа әйелге үйленсе де, бізді қимай, уайымға беріліп, 28 жасында өмірден озды. Кабираның күйеуі Жағыфар Ақсу ауданында әскери комиссар болды. Апама үйленгені үшін орнынан алынып, сергелдеңге түсті. Ішімдік ішіп, жылап отыратын. «Құдай-ау, сендерді, балаларымды қалай тастап кетемін? Жұмыс іздеп, бір жерден екінші жерге көшемін, қызмет береді, кейін қудаланамын. Отбасымды қалай асыраймын? Мен Ленинградтың Сауда институтын бітірген Қазақстандағы жалғыз маман емеспін бе?» деп зілдей жұдырығымен маңдайын ұрып-ұрып, өзін өзі жұлып, үстіндегі киімін жыртады. Менің 13 жастағы кезім ғой. Өзін өлтіре ме деп қорқып әрі аяп: «Аға, жыламаңызшы, мамамның сөзімен айтқанда, итшілеп күнімізді көрерміз, бізден кетіңіз, бақытты болыңыз» деймін, бірақ жүрегім қан жылап тұратын. Жездемнің бойынан ішімдік уы тарқаған соң, жылағанын, күйзелісін ұмытып, маңдайымыздан сүйіп, арақтың салдары ғой, ұмытыңдар, түрмеге отырғызып қоймаса, сендерді тастап кетпеймін деп жүріп, өмірден озды...
«1958 жылы Сібірде атылды, бірақ ақталды» деген қағаз келді
Ұзақбай Құлымбетовтің туған әкесі Желдірбай Ырғыз (Ақтөбе облысы) тумасы, орташа шаруа, байға жалданып, ел арасына түйемен жүк тасыған, Ұзақбайдан басқа Қарабала, Жолмұрат және Дәмелі атты қызы болған. Әйелі өлген соң өзінен жас Каби шешемізге үйленген. Шаруашылығын жүргізу үшін үйленуге шамасы жетпей жүрген, бірақ азамат атына кір келтірмеген Құлымбетті қолына алып, отбасының мүшесі етіп, төрінен орын берген. Кейін Желдірбайдың ауруы асқынып, дәм-тұзы таусылғанын білген соң, ауыл ақсақалдарын, балаларын жинап: «көзім жұмылған күннен бастап, үйдің тірегі Құлымбет екенін біліңдер. Қырқымды берген соң Кабиге үйленеді, балаларымның әкесі сол болады», депті. Құлымбеттің мейіріне бөленіп өскен Ұзақбай мектепке барғанда тегін Құлымбет Желдірбайұлы деп жаздырған. Қалған балалар, олардың балалары Құлымбет болып кеткен. Ұзақбай Құлымбет атын алты алашқа ғана емес, бүкіл Одаққа танытты. Ал Кеңестік тоталитарлық қылмыстың нәтижесінде Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлының атын естіген халық жыланша жиырылып, бойлары түршігіп, шаштары тік тұрып, бет-әлпеттері сұрланып: «елін жапонға сатқан жау, он есе атылса да аз» деген сөзбен 20 жыл бойы әкемізді де, бізді де, бізбен тағдырластарды да қорлады, қаралады. Қалай шыдағанбыз, жанымыз да, жүрегіміз де темірден мықты болды. Ақыры қиялымыздағы әділдік жеңді.
«1958 жылы Сібірде атылды, бірақ ақталды» деген бір жапырақ қағаз жетті. Сол сәттегі қуанышты айтып, жеткізе алмаймыз. Алматыдағы Татарка көшесінен жалға алған үйіміздің ішінде анам мен әжемнің қуаныштан жылаған көз жасы көлге айналды. Құлымбетовтің ұсталар алдындағы бір айлық жалақысы бір мың екі жүз сомды алмаған екен деп әкеп берді. Тұрған үйлеріңіз бұзылған, оны талап етпеңіз деген де қағаз келді. Дүние-мүлік керек емес, ақталды жетеді дедік. Содан бері – 73 жыл. Осы аралықта Құлымбетовтің 100, 125 жылдығы орташа дәрежеде аталды. Қайшылықты заман қайраткері делінді. 2018 жылы тәркілеуден аман қалған баяндамасы бар кітапша табылып, кітап боп шықты. Б.Сапарбаев Ақтөбе қаласынан жаңа мектептің атын бергізді. Ақтөбеде, Алматыда қысқа көшесі бар.
Орталықтың өктемдігіне қарсы тұрған қайраткерлердің бірі
Құлымбетовтің қоғамдық-мемлекеттік қызметін зерттеушілердің бірі – Талас Омарбеков «Ұзақбай Құлымбетовті Т.Рұсқұлов, О.Жандосов, Н.Нұрмақов сияқты қайраткерлердің қатарына қосу керек» десе, М.Қойгелдиев «Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның жер байлығын жасырын бөліске салғысы келген Орталықтың өктемдігіне қарсы тұрған қайраткерлердің бірі – Құлымбетов», дейді.
Құлымбетовпен тағдырлас, қызметтес, үзеңгілес болған С.Сейфуллин, О.Исаев, Т.Рысқұлов, Т.Жүргенов, О.Жандосов тағы басқа қайраткерлер халыққа кеңінен танылды. Кітаптары, деректі фильмдер жарық көрді. Мүсіндері орнатылып, мектеп, институт пен ауылдарға есімдері берілді. Мемлекет басшыларының баяндамасында аттары аталады. Ал Құлымбетовке келгенде кедергі көп. Қазіргі ұрпақ оның есімін мүлде білмейді. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласынан көше берерде сызылып қалды. 2021 жылы 28 қаңтарда елордада Мәслихат депутаттарының және ономастикалық комиссияның жиынында көше беру туралы 15 тұлғаның аты аталды. Талқылау кезінде комиссия мүшелері «белгісіз адамдар мәлімет жоқ, білмейміз», депті. Енді Қасым-Жомарт Тоқаев жазықсыз жазаланғандарды ақтауды күн тәртібіне қойды. Мемлекет комиссиясы құрылды. Басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев және комиссия мүшелері қуғындалған азаматтарды түгел ақтайды, көлеңкеде қалған, еңбегі еленбей жүрген Құлымбетов сияқтыларға өз орнын береді деген сенімдеміз.
Ұзақбай Желдірбайұлы 1891 жылы 18 наурызда Торғай облысының Ырғыз уезіндегі Аманкөл болысында туды. 1904 жылы үш жылдық ауыл мектебін, одан кейін Ырғыздағы орыс-қазақ училищесін бітіріп, Ақтөбедегі екі жылдық педагогтік курсты тәмамдады. 1912 жылдан Торғай, Ырғыз ауылдарында орыс тілі, әдебиеті, математикадан сабақ берді. Ауыл-ауылда мектептер ұйымдастырылды. 1918 жылдан бастап саяси өмірге араласты. Ырғыз ауданын басқарды. Ақтөбе губерниясының бөлім меңгерушісі, 1923-25 жылдары Ақмола губерниясының Атқару комитетінің төрағасы болды. Ол кезде бұл губернияға қазіргі Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары қарайтын. Осы жылдары Ақмолада жұмыссыз кедей жастары үшін арнаулы губерниялық курстар ұйымдастырылды. Панасыз балаларды есепке алу, оларды жұмысқа, оқуға орналастыру шұғыл қолға алынып, бірнеше балалар коммунасы ұйымдастырылады. Ол жаңа кен орындарын ашу, завод-фабрика салу ісіне белсене араласты. Осы еңбегі еленбей қалған жоқ. Іскер, адал, тиянақты азамат. 1926 жылы Қазақ АКСР Халық шаруашылығы кеңесінің, Жоспарлау Комитетінің төрағасы болды. Халық Комиссарлары Атқару Комитетінің орынбасары, сыртқы-ішкі сауда Халық Комиссары қызметін қоса атқарды. 1930-1934 жылдары ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, 1935 жылдан Қазақ АССР ОА Комитетінің төрағасы. 1924 жылдан Бүкіл Одақтық Атқару Комитетінің мүшесі. Құлымбетов қай қызметте жүрсе де, ұлтының мүддесін айтқан, ұлты үшін қызмет істегені оның баяндамаларындағы сөзінен көрінеді.
1934 жылдары алты облыста екі жылдық педагогикалық институттар аштырды. РКФСР халкомсовы жанындағы Түрксіб құрылысына жәрдемдесу комитетінің басшысы Т.Рысқұловпен бірлесе отыра Түрксіб темір жолын салушы құрылысшылардың дені Қазақ еңбекшілері болуын ұйымдастырып, Түрксіб құрылысын ұлттық жұмыс кадрларын әзірлеу және тәрбиелеу мектебіне айналдырды. Өндіріс орындарында қазақ жұмысшыларына үй жалдап, жалақысының уақытында берілуін, азық-түлігін қамтамасыз етіп, жұмысты жақсы меңгерген жастарды іріктеп, елу-алпысын кезең-кезеңімен Ресейдің өндірістеріне жіберіп оқытып, келген соң өндірісті өздері басқарсын деген.
Әділ, батыр, батыл тұлға
Ұзақбай Құлымбетов лауазымды қызметінен айырылып қаламын деп қорықпаған. Оған мына сөзі дәлел: «Қазақстанның экономикалық кіріптарлығын жою үшін өнеркәсіпті дамыту керек, Орталықтың өндірісімен салыстырғанда бізде 1,2 пайыз өндіріс орны, мұның ішінде Қазақстанның жерінде болғанымен пайдасын Кеңестер Одағы көретін кәсіпорындар бар. Ресейдің Халық шаруашылығы кеңесінің мекемелері Қазақстанда пайданың артына түсіп кетеді. Олардың сол пайда көріп отырған Қазақстан өнер кәсібінің күшеюіне және тозған станоктарды жаңартуға жәрдемдес, тілектес болуы керек қой».
«Дұрысында біздің Орталықтан алғанымыздан бергеніміз көп, шындап келгенде біз Орталықтан алмауға да, оған бермеуге де тұрамыз. Оған Орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы берсін». («Еңбекші қазақ», 1927 жылы, 1 мамыр, № 92) Құлымбетовтің білімін, іскерлігін, істі жақсы білетінін жоғары жақ та мойындаған.
1925 жылы қаңтарда өткен РҚП(б)-ның пленумы Риддер, Қарсақбай кен орынын дамытуға 23 миллион қаржы бөлді. Бұл түсті металлургия өнеркәсібіне бөлінген Одақтық қаржының жартысы болатын. Осы жерде Құлымбетовтің дәлелінің өткірлігінен осыншама қаражатты беріп отыр. РКФСР Халық шаруашылығы Кеңесінің алдына Жітіқара, Аққарға, Бозбие алтын кенішін Қазақ АКСР-іне қайтару мәселесі қойылды, нәтижесінде қайтарылды. Ақтөбеде фосфор тыңайтқыштарын өндіретін химия комбинаты, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын өндіру зауыттарының құрылысы жеделдетілді. Қазақстандағы пайдалы қазбалардың жаңа көздері анықталды. Олардың қоры жөнінде республика бірінші орынға шықты. Сөйтіп республиканың экономикалық базасы құрылды. Республикада шөптің күйіп, мал басы кемігенін, астық шықпай қалған елдің жағдайының ауырлығын айтып 1931 жылы 22 қазанда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.М.Молотовқа хат жазды. Салықты және сақтау төлемінің мөлшерін азайтуды, мал басының 53 пайызға кемігендігін, шаруашылық 12 пайызға, тұрғындардың 15 пайызға азайғандығын нақты көрсетті. 1932 жылы жазған екінші хатында Қазақстандағы мал басын көбейтуді, батыс Қытайдан мал сатып алу үшін Зайсан, Қарқарада сауда жәрмеңкелерін аша отырып, біздің аумаққа мал бағушыларды тартуға болады дегенді көтереді. Моңғолиямен байланыс жасау керегі айтылып, Мәскеудегі Тұрар Рысқұловтың қолдауымен 1936 жылы Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ұ.Құлымбетов Моңғолиядан 8000 бас асыл тұқымды түйе алдыртқан.
Қазақстанның алғашқы картасын жасауға тікелей араласты
Тері өңдеу сияқты ұсақ кәсіпшілікті дамыту – Жоғары индустрияға өтудің жолы деген бағытты ұстанады. Қазақстанды аграрлық республикадан өндірісі дамыған индустриялы елге айналдырудың тиімді жолдарын іздейді, нақты ұсыныстар жасағаны мемлекеттік жиындардағы сөздерінде тұр. Қызылордадан астананы Алматыға көшіру комиссиясының төрағасы да болды. 1927 жылы 3 наурызда комиссия мүшелерінің отырысында Алматы шекарасын батысқа 11 000 десятинаға ұлғайту, үкімет үйлерін, қонақүй, тұрғын үй, кірпіш, нан, ағаш өңдеу зауытын 300 кВт, 3000 кВт гидростанциясының құрылысын, қуаты 2500 кВт жер асты кабельді желілерін салуды, т.б. шараларды жүргізуді міндеттеді, бақылауда ұстауды жиынның хаттамаларында жазды. Ташкенттегі пединститутты көшіру керегі де айтылып, 1928 жылы институт Алматыға көшірілді. Қазақстанның алғашқы картасын жасауға тікелей араласты. Құлымбетов Қазақ АКСР ОА Комитетінің төрағасы кезінде Қазақ автономиялы республикасы Одақтық республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-інің жаңа конституциясын бекітті. Қазақ КСР елтаңбасы туралы қаулы шықты. «ҚарЛАГ», «АЛЖИР» лагеріне жер бермей, олардың сұраған жерін колхоздарға беріп жіберу керек деп, Қарағанды басшыларына жазған хаты бар. Бірақ тоталитарлық жүйеде ол орындалған жоқ.
Құлымбетов елдегі ауыр жағдайды халықтан жасыруды жөн көрмеді. Сол үшін күресті. 1932 жылы Өлкелік партия комитетінің мәжілісінде «… коммунистер, әсіресе қазақтар осы былықтардың бәрін көре отырып неге Өлкелік комитетке айтпайды? Біздер неге ауылдағы жағдайды активтердің назарына салмаймыз?» Ораз Исаев екеуі Голощекиннің қабылдауында болып, облыстық комитет хатшыларының кейбіреуінің ауылдағы жағдайды білмейтіндігін, білсе де жағдайды түзетуге шара қолданбай жүргендерін ескертіп арнайы кеңес құруды ұсынған. Пленумның стенограммалық жазбасында Голощекиннің: «Сіздерге не керек? Маған не істе дейсіңдер? Бір ғана талқылаумен бұл елдің ежелгі көшпелі тұрмыс-салтын өзгерте аласыңдар ма?» деген сөзі бар. Егер облыстық комитеттердің хатшыларын шақырмайтын болса, Мәскеудегі Орталық комитетке хабарлайтынын ескертеді. Амалсыздан Голощекин жиынды шақыртуға келісімін береді, бірақ жиындағы қаулы іске асырылмады.
«Мен өз рөлімді аппаратты «бүлдірушілер» қатарына қоспаймын...»
Құлымбетовтің мына сөзіне де құлақ түрейік: «Мен Өлкелік Комитетінің хатшысы Ф.Голощекиннің республиканың мал шаруашылығын басқаруда нақтылы басшылық жасай алмауына, егіншілік аудандардың қолданыстағы әдістерін жиі мал шаруашылығы саласына қолданысқа енгізгеніне алғашқылардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателіктерге жауап беремін» (1933 жыл, шілде). Болмаса «Мен өз рөлімді аппаратты «бүлдірушілер» қатарына қоспаймын» дей келе, «...осы кемшіліктер үшін Өлкелік комитеттің бұрынғы басшылары ғана емес, бүкіл Қазақстан партия ұйымы кінәлі. Бұл кемшіліктерді алдағы уақытта қайталамас үшін айрықша атап көрсетуіміз керек», дейді.
Голощекин биліктен кетіп, орнына Л.И.Мирзоян келісімен, Құлымбетов қабылдауында болып, «коллективтендіру» мен тәркілеуден, ашаршылықтан кейін тұралап қалған ұлт мәдениетін көтеру жөнінде ұсыныстар жасаған. Ол үшін сыртта жүрген, білікті мамандарды елге шақыру керектігін жеткізді. Өзбекстанда жүрген Т.Қ.Жүргеновті елге шақыртып ұлт мәдениетін көтеруді тапсырды. Жүргенов мұны санаулы жылдарда жолға қойды.
Қолдан қырғын жасағандардың атын атаған Құлымбетов еді
Ұзақбай Құлымбетовтің билік сатысында жүріп жасаған еңбегін айтып тауыса алмайсың. Кремльде отырғандар қазақстандық билікке «қуыршақ» мәртебесін берсе де, Құлымбетов, оның үзеңгілестері мүмкіндігінше өз елінің дамуына қызмет жасады. Академик М.Қойгелдиев Құлымбетов Ұзақбай Қазақстанда еліміздің мүддесін қорғай білген және сауатты қорғай білген тұлғалардың қатарында болды. Сондықтан Ұ.Құлымбетовті Қазақстандағы «контрреволюциялық» топтың басшысы деуі тектен тек емес. Голощекин геноциді – Қазақстанда ұйымдастырылған 31-33 жылдардағы ашаршылық қырғыны. Сонда оған кім кінәлі дегенде Құлымбетов сөйлеген сөзінде кінәлілердің аттарын атап және қырғынға Мәскеудің де Қазақстандағы басқарушы топтың да қателігі бар, бюро мүшесі болғандықтан мен де жауап беремін деген болатын. Құлымбетовтерден құтылу керек болды. Жалған жаламен он сегіз қайраткермен қосып, 1938 жылы 21 наурызда Құлымбетовті «Халық жауы» деп атты. Алматы қаласы. Қазіргі Дзержинский көшесі, 108-үйде, бұрынғы НКВД түрмесі, қазіргі КГБ кеңсесі. Оларды халқымыз «оққа ұшқан» 19 нарком деп атаған. Сүйектері қапшыққа салынып, Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай сайына жергілікті халық осыған байланысты «Қандысай» атап кеткен жерге апарып көмді.
Он тоғыздың ұрпақтары 1988-1991 жылдары аралығында осы жерге ескерткіш қоюды талап етті, өкінішке қарай қойылған ескерткіш басқа болды. Сондықтан зұлмат заманын әшкерелеп тұратын, ұрпақ есінде мәңгі жүретіндей етіп, 19 наркомға ескерткіш қойса, өлі де, тірі де риза болар еді.
Екінші, Ұзақбай Құлымбетовтің Алматының ел астанасы болуына, оның рухани-мәдени, саяси орын болып қалыптасуына сіңірген еңбегі зор. Осыған байланысты Алматыға Құлымбетовтің ескерткіші қойылса дейміз. Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетінің алдындағы аллеяда (Қазыбек би мен Әйтеке би көшесінің арасында) тоғыз тұлғаға ескерткіш қойылған. Қатарында В.Куйбышев, М.Фрунзе, З.Фурманов т.б. мүсіндері тұр. Неге? Сол жерде еңбегі сіңген Құлымбетовтің мүсіні неге тұрмасқа? Билікте отырған ел азаматтарына айтарым осы.
Орынша Қарабалина-Қазыбаева
ҚР еңбек сіңірген қайраткері