Шенеунік қателесті делік. Соның салдарынан сіз мәселеңізбен жалғыз қалдыңыз. 5 маусымда Тәуелсіздік сарайында күні бойы мынадай жайт түсіндірілді: енді сот алдында сіз емес, шенеунік ақталуы тиіс. Ал Tengrinews.kz тілшісі айналада фотосессия жүріп жатқанда, таң атқаннан өзіне де жауап берілуі тиіс екенін дәлелдеумен болды.
Форум шамамен сағат 11:00-де басталды. Әкімшілік әділет, жұма таңы, Тәуелсіздік сарайы. Дағдыланбаған адамға түсіну қиындау, бірақ көмек беру үшін ойлап табылған тақырып.
Мұның бәрін Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев түсіндірді. Бірақ алдымен - әріптестермен фотоға түсу.
"Бәріміз пендеміз"
Оның айтуынша, мемлекет сирек қателеседі, бірақ қателеседі: мұндай жағдайлардың бір пайыздан азы ғана сотқа жетеді.
- Бұрын мемлекетпен соттасу ақылға сыймайтын іс еді. Адамдар ас үйде отырып талқылайтын, кейістік білдіретін, бірақ сотқа бармайтын. Қазір барады. Бұл өте жақсы. Өркениетті, дұрыс әрі игі қадам.
2021 жылға дейін азаматтар мен бизнестің мемлекеттік органдармен дауда жеңіске жету көрсеткіші 15 пайыздан аспайтын. Бес жыл ішінде бұл көрсеткіш төрт есе өсті: бүгінде әрбір 10 істің алтауында адам мемлекетті жеңіп шығады.
Енді әрбір даудың ізі қалады. Сот істі толық көруі үшін eOtinish өтінішті алғашқы қадамнан бастап тіркейді. Бес жыл ішінде ол жаққа 16 миллион өтініш түскен. Сотқа 160 мыңы жетті. Ең көп шағым салыққа байланысты Қаржы министрлігіне қатысты түседі.
- Мұндай қателіктер болуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Бәріміз де пендеміз, бәріміз де қателесеміз. Мәселе сол қателіктердің қаншалықты көптігінде. Еуропалық және әлемдік көрсеткіштерді білетін адам ретінде айтарым, бұл көп мөлшер емес.
Түкиев мұны журналистердің үлкен тобына түсіндіріп жатты. Ал мен жеке өзінен: "әкімшілік әділет деген не, соны қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші" деп сұрағым келді. Үлгермедім: оны суретке түсуге алып кетті, ал менен кадрдан шығуымды өтінді.
"Судья сіздің жағыңызда"
- Аслан Сұлтанұлы, заң тілінің барлық күрделілігін ысырып қойып...
- Жас жігіт, бізге суретке түсу керек!, - деп бір қыз сөзімді бөліп жіберді.
- Аслан Сұлтанұлы, біз сізді күтіп тұрмыз.
- Аслан Сұлтанұлы, заң тілінің барлық күрделілігін ысырып қойып айтқанда...
- Ол жерде тым күрделі сөйлеген сияқтымын, иә...
- Адамдарға әкімшілік әділеттің не екенін қалай түсіндіруге болады?
- Азаматтық сотқа қарағанда, мұнда судья талап қоюшының, яғни сіздің жағыңызда болады. Ол сіз келіспейтін шешімді, аудитор немесе прокурор сияқты сіз үшін тексеріп береді. Егер судья бірдеңе тапса, өтінішіңізді түзетуге көмектеседі. Егер мемлекеттік органның шешімін заңсыз деп тапса, оны кез келген жағдайда жояды. Тіпті сіз оны өзіңіз дәлелдей алмасаңыз да. Қазір... кете қоймаңыз...
Оны тағы да суретке түсуге шақырады. 30 секундтан кейін ол қайта оралады.
- Қарапайым адам бұл процесті қалай бастай алады?
- Тек сотқа талап арыз жолдау қажет. Сізде өзіңіз келіспейтін шешім болуы тиіс. Сотқа дейін сол органға жүгініп, немен келіспейтініңізді айтқаныңыз абзал. Олардың жауабын алу керек. Олар сізге жауап бермеген күннің өзінде, 21-күні сотқа жүгінуге құқығыңыз бар.
- Биыл бес жыл толатын Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің арқасында eOtinish пайда болды. Ол жұмыс істеп тұр, біз пайдаланып жүрміз. Бірақ оның екінші жағы да бар. Мемлекеттік қызметшілер өтініштердің астында қалды...
- Бұл бізде құқықты теріс пайдалану институты жұмыс істемейтіндіктен болып отыр. Құқығын асыра пайдаланатындар күніне 10–20 өтініштен жолдайды. Шетелде олар заң алдында түрліше жауап береді. Рубльмен, теңгемен. Түрлі айыппұлмен. Тіпті бостандығын уақытша шектеуге дейін барады. Бізде бұл мәселе әзірге қарастырылып жатқан жоқ.
- Демек, бұл тұрғыда біз мемлекеттік қызметшілерді аздап құрбан етіп отырмыз ба?
- Иә. Әзірге солай. Бұл - мәселе.
Түкиев форум өтіп жатқан залға қарай беттеді. Жол-жөнекей одан тағы да суретке түсуін өтінеді. Ал мен Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа барамын. Онымен әңгімеміз байыпты өрбіді. Министр әкімшілік әділет қазақстандықтардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасына тепе-теңдік пен тәртіп қосты деп есептейді.
Өз басынан мемлекеттік органмен байланысты әділетсіз жағдай өтті ме деп сұраймын.
- Сотқа барған жоқпыз. Ал жұбайым eOtinish жүйесін белсенді пайдаланады. Жаяу жүргенді ұнатады. Плитканың түсіп қалғанын немесе ауланың көгалдандырылмағанын көрсе суретке түсіріп алады да, үйге келіп жүктейді, мәселені сипаттап жазады.
- Содан кейін таңғаларлықтай тез шешеді.
- Өйткені, егер реакция болмаса, азаматтың әкімшілік сотқа жүгінуге толық негізі бар. Сонда ол (мемлекеттік қызметші) қатені мәжбүрлі түрде түзетеді.
Сәлден соң залда тыныштық орнады. Ешкім суретке түсіп жатқан жоқ.
Мемлекет халық үніне құлақ асып, жауап беруі тиіс
Президент өз сөзінің басында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" туралы - адамдардың өтініштеріне жедел жауап беру қажеттігі туралы айтты.
- Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті.
2019 жылы Тоқаев бұл реформаны - азаматтарды биліктің заңсыз әрекеттерінен қорғауды өзі ұсынды. Ал оған eOtinish платформасы серпін берді. Бұл Әділет министрінің жұбайы түсіп қалған плиткалардың фотосуретін жүктейтін әлгі платформа.
- Халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі.
Тоқаевтың айтуынша, бұған дейін азаматтар үшін билік әрекеттеріне шағымдану оңай болмайтын, ал қазір күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Сот шешімдерінің жартысынан көбі солардың мүддесіне сай шығарылған.
- Осылайша, қоғамымыз "судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды" деген қасаң пікірден арыла бастады.
- Кейбір азаматтар соттардың шешіміне наразылықтарын білдіріп, өз үміттері ақталмағандарын алға тартады. Бұл бұған дейін де болған, қазір де кездеседі. Мұндай шағымдардың көбі өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылады. Бірақ қандай жағдай болса да мұндай пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек.
Менің түйгенім мынау: егер шенеунік қателессе, ас үйде отырып кейімеңіз. Мемлекеттік органдарға жазыңыз. Сонда сізге құлақ асуы тиіс. Егер жауап бермесе - сотқа барыңыз. Онда мәселе қаралады.
Тағы оқыңыз:
Жеті негіз, төрт жолбарыс және бір емен. Путиннің Қазақстанға сапары қалай өтті?
Мақпал Жүнісова алғаш рет Ақордаға келді
Африкаға қақпа. Кения президенті Астанаға неге келді?
Авторы: Айсұлтан Құлшыманов
Дайындаған: Айнұр Қапышова