Ономастикалық атаулар латыннегізді жаңа қазақ әліпбиінде
Ономастика мәселесінің маңызы өте жоғары, әлемдік деңгейде қарастыруға болады. "Өйткені, ел территориясындағы жер-су, елді мекен, өзен-көл, мекеме мен көше аттары - халықтың тарихи жады, кешегісі мен ертеңгісін қосатын ұзын сонар жол, мәдениеті мен рухының терең тамыры. Сондықтан да ономастика мәселесі өзін осы елдің азаматы танитан кез-келген адамды бейжай қалдырмайтын дүние. Бұл жерде күрестің болуы да заңдылық. Әрбір халық пен ұлт өзінің тарихи жадысын жаңғыртуға тырысады, болашаққа соны жеткізудің бір жолы осы ономастика деп біледі".
Елбасымыздың Рухани жаңғыру жолдауынан кейін әліпбиімізді латынға ауыстыру жөнінде көптеген істер атқарылып кетті. Жұмыс топтары құрылып, емле-ереже, әдістеме, терминология, ақпараттандыру мәселелерін шешіп жатқандығы белгілі. Ал, енді ономастика саласында да көптеген мәселелер туындары сөзсіз.
2014 жылы Шотландияның Глазго қаласында XXV Халықаралық ономастикалық конгресс өткен болатын, сол жиынға қатысқан ономаст-ғалым, филология ғылымдарының докторы Қ.Рысберген былайша ой қорытқан еді: "Біз ономастикалық атауларымызды шетел тіліне транслитерациялау, қазақшаға аудару мәселелеріне де тоқталдық. Халықаралық стандарт бойынша атауларымыз кез келген тілде ұлттық нормаға сай бірдей оқылатын болса ғана ең тиімді әліпби болып есептеледі. Бұл көп жағдайда "қайтарымдылық" қағидасына байланысты. Қайтарымдылық дегеніміз – латынша таңбаланған атауды кері ретранскрипциялағанда қазақ тіліндегі түпнұсқасының қаз қалпында сақталуы. Өкінішке орай, қазіргі қолданыстағы стандарт кирилл жазуына негізделген. Өйткені кириллицаға кері ретранслитерациялағанда қазақ тілінің қ, ң, ғ, ө, ә дыбыстары жоғалып кетеді де, орнына орыс тіліндегі к, н, о, а графемалары жазылады. Сондықтан қазақ ономастикалық атауларын бірізге түсіру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, жер-су атаулары, азаматтардың аты-жөндері латын негізді қазақ жазуының тек ұлттық стандарты қабылданғанда ғана адекватты көрініс табатындығы анық, яғни төл дыбыстардың жазылуы, айтылуы сақталмақ" - деп, латынға көшудің ономастика саласы үшін маңызының жоғары екендігін айтып кеткен болатын.
Ал енді жер-су атауларын латыннегізді жаңа қазақ әліпбиіне көшіретін кезең де таяп қалды. Осы процесті жылдамдатып іске асырып отырған жерлер де бар. Атап айтар болсақ, Алматы қаласы маңыздағы Талғар ауданы
Тұздыбастау ауылдық округі. Ауылға кіреберіс маңдайшада міне мына жазу ілініп тұр.
Республика аймағында тек қала маңы емес, облыс, аудан көлемінде де атауларды латынша беріп отырған жерлер жеткілікті. Солардың бірі - Алматы облысына қарасты Кеген ауданынан жақын уақытта бөлініп шыққан Райымбек ауданының Қақпақ ауылы. Ауылдың кіреберісіне керемет жазу жазылған, көз тартарлықтай әдемі.
Ал енді ауылдан шыққан кездегі тұсына "Сапарыңыз сәтті болсын!" деп жазылыпты. Бұл да екінші апострофты нұсқа негізінде жазылған.
Бұл жазудың латынның екінші рет ұсынылған апострофты нұсқасы негізінде жазылғандығын көріп отырмыз. Ал, осыны күнде көріп жүрген халық латыннегізді қазақ әлібиі осы екен деп қабылдауы сөзсіз. Яғни, халықты өз қолымызбен сауатсыздыққа итермелеп жатырмыз.
Ал, енді Алматы облысы Кеген ауданына кіре берістегі жазу міне! Бұл жазу соңғы акутты әліпбиі негізінде дұрыс жазылған.
Жалпы алғанда ономастикалық атаулар жазылатын маңдайшаларды біріздендіру керек. Маңдайшаларды біріздендірмеудің салдарынан екі жұмыс жасарымыз анық. Маңдайша жазуларын әркім өз білгенінше жазып жатыр. Латыннегізді жаңа қазақ әліпбиінің емле-ережесі бекітілмей тұрып, маңдайша жазуларының мынау дұрыс деген нұсқасын ұсына алмаймыз. Осы мәселені шешуіміз керек. Өйткені жан-жағымызға көз салсақ мұндай кемшіліктер көптеп айқындалып, оларды қайта жөндеуге тура келеді. Мұның барлығы емле-ереже шыққаннан кейінгі жүзеге асуы керек процесс болатын.
Елімізде латын әліпбиін енгізу саясаты жүргізілген күннен бастап, әрбір облыста Тілдерді дамыту басқармалары алға қойған міндеттерді шешуге қадам жасап жатыр. Бірақ, әлі де халық арасында жаңа әліпбиіді таныстыру мәселелері ақсап жатыр деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда тіл мамандарын жаппай халық арасында семинарлар, лекциялар өткізуге, халыққа әліпбиді таныстыруға тартқан дұрыс сияқты. Жергілікті билік өкілдері мамандармен байланыс орнатып, ортақ міндеттерді бірлесе айқындап, қажет болған жағдайда халыққа жеткізіп, түсіндіру жұмыстарымен жақсылап айналысуы керек.
Автор: Дана Пашан
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі иститутының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты