1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Орфографиялық сөздік: азап па, мазақ па?

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Орфографиялық сөздік: азап па, мазақ па? ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Фотоколлаж ©Tengrinews.kz

Жауапты редакторы - ф..ғ.д., профессор Нұргелді Уәли
Жауапты шығарушылар: Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова
Алтыншы басылым. Алматы: Дәуір, 2013. - 720 бет.

Дамыған елдерде орфографиялық сөздіктер жиі жаңалана бермейді. Олар сөздіктегі нұсқаның тұрақтануын көздеп, нормаға айналуын мақсат етеді. Тілдегі жүйеге негізделген қандай да өзгеріс халық тарапынан мақұлданса, сол норма қалыптанып (кодификацияланып) кететіні, ол сауатты жазудың алғышарты болатыны белгілі. Қазақстандағы ахуалға келер болсақ, соңғы жылдары орфографиялық сөздік жиі шыққанымен, ел ол сөздікті пайдаланбайды, пайдаланғысы да келмейді. Әрине, соңғы шыққан орфографиялық сөздікті басшылыққа алып жазбағандықтан, қазіргі кезде қоғамдағы тілдік жағдаят өте ауыр. Сол себепті президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тілге реформа жасау қажеттігі туралы ойын толық құптаймыз. Иә, реформа жасайтын кез келді. Тілдегі жүйенің бұзылуына жол бермей, тіліміздің шынайы болмысын сақтап қалуымыз керек.

Реклама
Реклама

Латын әліпбиіне негізделген жаңа жазудағы емле ережесін талқылауға арналған Алматы, Қапшағай, Меркіде өткен жиылыстарда емлеге қатысты ойларымызды, орфографиялық сөздіктегі кемшіліктер туралы пікірімізді бірнеше рет айттық. «Егемен Қазақстанда» жарияланған емле ережелерінің жөнделіп, өзгертілуіне барынша атсалысып келеміз. Алайда «Тіл – қазына» орталығының хатшысы қызметін атқарып отырған, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжанованың басшылығымен құрылған орфографиялық топ мүшелері бізге сөз бермеуге тырысып, сөз берсе де, тыңдамай, айтқан пікірімізді құлаққа аспай келді. «Тіл – қазына» орталығының ұйымдастыруымен Қапшағайда, Меркіде өткен жиылыстарда сондай қарсылықтарға тап болдық. Уәжін айтып, дәлел келтіріп отырсақ та, топ мүшелері емле ережелерінің ұстанымдарын, жекелеген сөздердің орфографиясын дауысқа салып шешіп отырды. Тіл – жекелеген адамдардың меншігіндегі дүние емес. Сондықтан тілдегі жүйе, ішкі заңдылықтар бұзылып жатқан тұста өз пікірімізді қоғамдық талқыға салуды жөн көрдік.  

2005 жылдан бастап бірнеше орфографиялық сөздік жарық көрді. 2013 жылы жарық көрген орфографиялық сөздіктің жауапты редакторы, филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәли сөздіктің кіріспе сөзінде академиялық сипаттағы үлкен орфографиялық сөздіктің бесінші басылымы академик Р.Сыздықтың редакциялауымен 2005 жылы жарық көргенін айтады (Алматы: «Арыс» баспасы, 2005). Ендеше, аралықтағы (2006, 2007, 2009) сөздіктер не үшін шығарылды?

Орфографиялық сөздік дұрыс жазу нормаларын, қиындық тудырып жүрген сөздердің дұрыс жазылуын көрсетумен қатар тіліміздің байлығын, көркемдігін де танытуы керек. Алайда 2013 жылы жарық көрген сөздігіміздегі сөзтізбеде сөйлеу тіліне тән, жазу барысында қиындық тудырмайтын, жергілікті ерекшеліктер көп берілген: бажалақ, бажалаң, бажаң, бажаң қағу; бажаңдау; бажбалаңдау; байжанды (қарап.); байсыздық, байсымақ, байсыну, байсырау; бартылдау; барылдау; бастықсымақ, бастықсыну, басұрман, алдыңгүні, алқана-салқана (сөйл.), әйбат, әйгі, әйгі болу, әйдіңгер (үлкен, зор), әлтаман, бәкүн-шүкін (сөйл.), беймарал (жерг.), әйелсіреу, әйеншек, т.т. Сөздікте ұрлықшы;  ұрлықшылық, азғана, азғана ғана, т.т. қолданыстар берілген. «Күнделікті жазу тәжірибесінде» осы сөздік басшылыққа алынатындықтан, онда нормадан тысқары сөзқолданыстар берілмеуі керек.

Сөздік құрастырушылар бірқатар жаңа атаулар жасағаны, сондай-ақ қолданылып жүрген атауларды сөздікке енгізгені байқалады. Алайда ол сөздердің қандай мәнде қолданылатынын көпшілік түсіне бермейді. Мысалы, айдарбелгі, затбелгі, бейрат, бейтаупық;  бейтұрпатты, бейуаз, бейуайымдық, т.т. Тілімізде перзентсіз, тәртіпсіз, ынтымақсыз сөздері біршама қалыптасып, тұрақтанған. Сол себепті бейперзент,  бейтәртіп, бейынтымақ сөздері қандай мақсатта берілгені, қандай мәнде жұмсалғаны түсініксіз. Сөздікте тіліміздің жүйесіне сәйкес келмейтін, қате, жасанды қолданыс өте көп. Мысалы, ағашым (қаратпа), апашым (қаратпа), анаш (экспр.), әжеке (экспр.), бөбектай (экспр.), әпкеш (экспр.), бөпеш (экспр.), т.с.с.  Жат қолданыстың көбі етістіктерге қатысты. Олар қазақ тілінің табиғатын, ерекшелігін түсінбеуден туындаған. Қазақ тілінде өзгелік етіс кез келген етістіктерден емес, сабақты етістіктерден ғана жасалады. Түбір салт етістік болған жағдайда алдымен -ғыз/-гіз, -дыр/-дір, -ыт/-іт қосымшалары арқылы сабақты етістік жасалады да содан кейін ғана өзгелік етіс жасалады. Мысалы: сын, күл, жүр, отыр, қуан, т.с.с. салт етістіктерге жоғарыда аталған қосымшаларды жалғап, сабақты етістік жасап (сындыр, күлдір, жүргіз, отырғыз, қуант, т.с.с.), одан өзгелік етіс жасау үшін тағы да жалғауға болады: сындырт, күлдірт, жүргіздір, отырғыздыр, қуанттыр, т.с.с.  Бұл қосымшалардың (-ғыз/-гіз, -дыр/-дір, -ыт/-іт) жалғануында өзіндік заңдылық бар, бекерден бекер жалғана бермейді. Ал әзірлет, тапқыз, тапсыр, тапта, барғыз, бұйралат, балапандат, бақшит, т.с.с. етістіктер – өзгелік етіс, олардың үстіне тағы да қосымша жалғаудың қажеті жоқ. Алайда сөздік құрастырушылар тіліміздің осы заңдылығын ескермегені байқалады. Сондықтан тілімізге жат құрылымдар өте көп берілген: алдатқызу, әзірлеттіру;  тапқыздыру;  тапсыртқызу, таптатқызу;  барғыздырту, бұйралатқызу, бұйралату;  балапандатқызу, бақшитқызу, жардырту, жариялатқызу, белгілеттіру;  дайындаттыру;  бергіздіру;  бойлаттыру;  бастаттыру;  жіберткізу, үйгіздіру;  шапқыздыру;  айдаттыру, т.с.с. Қазақ тілінің заңдылығы бойынша, ырықсыз етіс қосымшаларынан кейін өздік етіс қосымшалары жалғанбауы керек. Себебі ырықсыз етіс іс-әрекетті жасаған адамды көрсетпейді, ал өздік етісте анық көрініп тұрады. Сол сияқты өздік етіс қосымшасынан кейін өзгелік етіс қосымшасы келмейді. Себебі екеуінің қызметі екі түрлі. Өздік етісте субъект қандай да бір іс-әрекетті өз ықтиярымен жасаса, өзгелік етісте басқа біреу жасатады. Логикалық тұрғыда  тұрғыдан алғанда да, бұл дұрыс. Ал сөздікте тілдегі жүйеге қайшы келетін қолданыстар молынан берілген: әкетіліну, бөленту, бөлінту, бусанту, жатталыну, бейімделіну, байқалту, байқалыну, айтылыну, т.с.с. Тіпті тілімізде бұлжытпай түрінде қалыптанып кеткен етістік де бұлжытылу түрінде өзгертілген. Қимыл атауы зат есіммен шатастырылып, қазақ тіліне жат қолданыстар берілген: жаңғырту, жаңғырту жасау. Бұл жердегі жасау етістігі артық.

Сөздік құрастырушылар қимыл атауына -шылық/-шілік қосымшасын жалғап, тілімізге жат құрылымдардың санын көбейткен. Мысалы: бөлшектенушілік, бақылаушылық, бөтеншілік, бөліп-жарушылық, азғындаушылық, балатуушылық, бастартушылық, бәлденушілік, белбайлаушылық, дандайсушылық,  дәріптеушілік, қимаушылық;  жеделдетушілік, балықөсірушілік, қолбайлаушылық, айналысушылық, айналысушылығы;  алалаушылық, т.с.с. Қазақ тілінде тұйық етістіктер қимылды атайтындықтан, оларға -шылық/-шілік қосымшасы жалғанбайды. Себебі -шылық/-шілік қосымшасы сөздерге жалғанғанда қандай да бір үдерісті атайды. Сондықтан қимыл атауына ол қосымшаны жалғау тілдегі жүйеге қайшы. Сөздік құрастырушылар -шылық/-шілік, -шылдық/-шілдік қосымшаларын -дық/-дік қосымшасының орнына (жарыстыра, қатар) қолданып, сөзтізбе санын көбейткен: бірдейлік, бірдейшілік, вегетериандық, вегетерианшылық, әмеңгерлік, әмеңгершілік, айуандық, айуаншылық, ақсақалшылық, ақылшылық, ақымақшылық, ақымақшылдық,  әдемілік, әдемішілік, адалдық, адалшылық, т.с.с. Сол сияқты -дық/-дік қосымшалы сөздермен қатар -дылық/-ділік қосымшалы сөздер де көп:  алақолдық, алақолдылық, әралуандық, әралуандылық, айқындық, айқындылық, ақжарқындық, ақжарқындылық, ақжүректік, ақжүректілік, алақолдық, алақолдылық,  балажандық, балажандылық, т.б. Орыс тілінің үлгісімен -ство қосымшасы арқылы жасалған сөздің қатарын көбейтудің қажеті жоқ. Себебі ол сөздер түбір тұлғада немесе  -дық/-дік қосымшасымен-ақ беріледі.

Сөздік құрастырушылар сөзтізбеге мысалдар жиыстырған кезде сол кезге дейін шыққан сөздіктердегі түрлі функционалды стильдердегі қолданыстарға сын көзімен қарап, дұрыс нұсқаны тұрақтандырып, қалыптандыруға тырысуы керек еді. Орфографиялық сөздік дұрыс жазу қағидаларын көрсететіндіктен, оған сөйлеу тіліндегі қолданыстардың бәрін кіргізе беруге болмайды. Орфографиялық сөздік көпшілікке дұрыс, сауатты жазуды үйрететін, тілдегі нормаларды танытатын сөздік болуы керек. Алайда сөздік ол талапқа сай келмейді. Себебі мұнда қате жазылған сөз өте көп: ішеқуыстылар (дұрысы: ішекқуыстылар);  уранинтке (дұрысы: уранинитке);   көшарығы (дұрысы: көншарығы);  үшендік (дұрысы: үшемдік);  құлдыққұрушылық (дұрысы: құлдықұрушылық);  палеотитті (дұрысы: палеолитті);  мотоатақыш (дұрысы: мотоатқыш);  митоциклі (дұрысы: мотоциклі);   паравоз (дұрысы: паровоз);   шуандығы (дұрысы: шуындығы);   ықпынға (дұрысы: ықпанға);  құрлым (дұрысы: құрылым);   солсоқ адам (дұрысы: селсоқ адам);  аюан, аюанға (дұрысы: айуан, айуанға);   айа райы жағу (дұрысы: ауа райы жағу);  боқсысын шығарды (дұрысы: боқысын шығарды);   ақпайілділігі (дұрысы: ақпейілділігі);  құрылыс банкісі (дұрысы: құрылыс банкі); слесары (дұрысы: слесарі);   бірайдым жер (дұрысы: бірайдам жер);   аборотқа (дұрысы: абортқа, т.с.с.

Орфографиялық сөздікте тілімізге жат, өзге тілдің ықпалымен жасалған, тілдегі нормаға сәйкес келмейтін сөздер мен сөз тіркестері берілмеуі керек. Алайда сөздік құрастырушылар оған мән бермеген сияқты. Қазіргі кезде жиі қолданылатын бүгінгі күні деген тіркес тіліміздің заңдылығына қайшы. Себебі бүгін сөзі бұл күн сөздерінің кірігуі нәтижесінде пайда болған. Орфографиялық сөздікте бүгінгі күні тіркесінің берілуі көпшіліктің осы қолданысты дұрыс деп қабылдауына себеп болады. 

Соңғы жылдары отбасы, Елбасы сөздері екі түрлі қолданылып жүр. Бұл сөздер орфографиялық сөздікте Елбасы, Елбасына, Елбасысы;  отбасы, отбасына, отбасысы, отбасылар түрінде берілген. Осы модельге келетін басқа да сөздер бар. Бұл жерде де сөздік құрастырушылардың тілдің заңдылығына немқұрайдылықпен қарағаны байқалады. Себебі отбасы, Елбасы, ауылбасы, әскербасы, базарбасы, байрақбасы, батырбасы, дінбасы, зынданбасы, қолбасы, қосағасы, мүлікбасы, т.с.с. сөздерді тұтас түбір ретінде қабылдаған жағдайда оған жалғанатын қосымша -на/-не түрінде емес, -ға/-ге түрінде жалғануы керек: балаға, шегеге, атаға, терезеге, т.с.с. -на/-не қосымшасы тәуелдік жалғаулы сөзге ғана жалғанады. Тілдік қолданыста оның отбасысы деп айтылмайды, оның отбасы деп қана айтылады. Себебі тәуелдік жалғауы үсті-үстіне жалғана алмайды. Тіліміздің дамуында тәуелдік жалғауы жалғанған күйінде қолданылып жүрген сөздер бар: әрқайсысы, ешқайсысы, бірде-бірі, кейбіреуі, т.с.с. Ол сөздер септелгенде әрқайсысының, әрқайсысына, әрқайсысын, әрқайсысында, әрқайсысынан, әрқайсысымен болады. Басқалары да осы үлгіге сәйкес септеледі. Ендеше, тілімізде бұрыннан бар жүйені сақтап, жоғарыда келтірілген атауларды соған сәйкес түрлендіруіміз керек. Сөздікте зат есімдер мен есімдіктер тәуелдік жалғаулы нұсқасымен қатар берілген, әрқайсысы, ешқайсысы сөздері осы тұлғасында ІІІ жақты білдіреді. Орфографиялық сөздіктегі норманы басшылыққа алсақ, әрқайсысы, ешқайсысы сөздерінің ІІІ жақтық тұлғасы әрқайсысысы, ешқайсысысы болар еді. Бұл тілдегі жүйеге мүлде кереғар. Әр, еш сөздерінің бірігуі арқылы жасалған есімдіктер тілімізде І, ІІ жақта да түрлене алады: әрқайсың, әрқайсыңа, ешқайсымызға, ешқайсымызды, ешқайсымыздан, ешқайсымызбен, т.с.с. Осы екі есімдікті беруде сөздік құрастырушылар тілімізде жоқ, жат қолданыстарды норма ретінде көрсетеді: әрқайсысымыз, ешқайсысымыз. Бұл қазақ тіліндегі жүйеге мүлде кереғар. Себебі әрқайсысы, ешқайсысы есімдіктері тәуелдік жалғаудың ІІІ жағында тұр. Сол тұлғасында бұл есімдіктер тәуелдік жалғауының І жағын қабылдай алмайды. Дұрысы – әрқайсымыз, ешқайсымыз болуға тиіс. Оның үстіне ешқайсысы ешкім жоқтығын, әрқайсысы бір адамды ғана білдіреді. Ендеше, қазақ тіліндегі жүйе бойынша, олар көптік жалғауын қабылдай алмайды. Соңғы жылдары етек алып бара жатқан көбісі, біреусі, бірісі, т.с.с. қате қолданыстар орфографиялық сөздіктегі осындай жаңсақтықтардан туып отыр. Сөздік түзушілер елге жөн көрсетер іске жауапкершілікпен қарағандары жөн болар еді. 

Жалғасы бар...

О.Жұбай, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы
А.Салқынбай, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы
Б.Қапалбек, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты