Шыны астындағы ұзын үстелде Алатаудың макеті жатыр. Картада әзірге жоқ орамдар, жолдар, зәулім ғимараттар. Бұл қаланы бірнеше минутта көзбен шолып шығуға болады, бірақ Alatau City-ден күтілетін үміт зор - ол Дубай мен Шэньчжэнь деңгейінде. Алайда бүгін баршаға мына жайт түсінікті болды: әдемі рендерлердің артында қыруар қара жұмыс тұр. Қағаз жүзіндегі есептердің уақыты өтті, өңірге жедел серпін қажет. Tengrinews.kz тілшісі өңірдің Президентті қалай қарсы алғанын және Президенттің аймаққа қалай қарайтынын бақылап қайтты.
Қазіргі әкімдік ғимараты кезінде казино болған. Мұнда барлығы сол күндерді еске салады: биік төбелер, ауыр люстралар, эскалаторлар мен алтын жалатқан тұтқалар. Қызықты контраст: осыдан біраз уақыт бұрын мұнда сәттілікке бәс тіксе, бүгінде болашақты ондаған жыл алға болжауға тырысады.
Көрші залда макеттің алдында сингапурлық мамандар тұр. Мегаполис құрылысына кеңес беретін Вонг Хэн Файн жобаның неліктен ақыры алға жылжығанын байыппен түсіндірді:
- Қазір Алатау қаласы дамудың жаңа кезеңінде тұр, өйткені жаңа конституциялық заң қабылданды. Бұл әлеуетті инвесторлардың сенімі айтарлықтай артты дегенді білдіреді. Бұрын тек идея болса, енді ережелер пайда болды. Ал инвесторлар үшін ережелер көбіне әдемі презентациялардан маңыздырақ.
Бірақ қала салу қиын болса, оның жұмысын жүргізу - одан да күрделі. Жоба шыны астындағы пластик күйінде қалмас үшін қажетті базалық ресурстар - су, жарық және коммуникация қайдан алынады деген сұраққа Вонг салмақты жауап берді:
- Бұл процестер іске қосылды және жұмыс істеліп жатыр. Олар негізгі нысандардың құрылысымен қатар жүруі тиіс. Біздің мақсатымыз - Алатауды болашақта Орталық Азияның хабына айналдыру.
Сингапурлықтар жоспарларын бөлісіп жатқанда, холда жолшылар, зауыт жұмысшылары, аграршылар біртіндеп жинала бастады. Үстелдерде мемлекеттік наградалар салынған көк қораптар тұр. Бір залда әлі жоқ мегаполис талқыланса, екіншісінде ондаған жылдар бойы нақты Алматы облысын тұрғызған адамдар мектеп оқушыларындай толқып жүргені назар аудартты.
ЖБК зауытында зертхананы 45 жыл басқарған Вера Бондарева ағынан жарылды:
- Қатты толқып тұрмын. Бәрі күтпеген жерден болды. Тек бәрі жақсы өтсе екен деп ойлайсың. Біз өте жауапты адамдар буынынанбыз. Өмір бойы өз мамандығымызда еңбек етіп келеміз.
Холлдың бір шетінде Роман Скляр, Нұрлан Байбазаров, Қанат Бозымбаев өзара ақырын сөйлесіп тұр. Дәл осы сәтте әкімдікке Президент келді.
Басталған жиын мерекелік көңіл күйді тез басты: әсем сәулет туралы әңгіме болмайды. Тоқаев бірден іске көшті:
- Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын мен Алатауды болашақ қаласы ретінде құру туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы бар. Мұндай жобаларды іске асыруда бұл процестің жылдам, қарқынды және ең бастысы, сәтті басталуы өте маңызды. Егер созбалаңға салсақ, іс бітті дей беріңіздер.
Президент мәртебенің өзі ештеңеге кепілдік бермейтінін, ал халықаралық бизнес барлық келісімдер аяқталғанша жылдап күтпейтінін ескертті. Инвесторларға дәл қазір айқын әрі өзгермейтін ойын ережелері қажет:
- Жұмысты созуға болмайды. Кез келген кідіріс инвестициядан тікелей айырылуға және бизнес тарапынан сенімнің жоғалуына әкеп соғады.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Жалпы, бұрынғы казиноның жабық есік сыртындағы әңгімесі қатал өрбіді. Қағаз жүзінде Алатау Дубай мен Шэньчжэнь тәжірибесіне бет түзеп отырғанымен, Тоқаев өңір басшылығы мен министрліктерді ашық сынап, назарды Алматы агломерациясының нақты проблемаларына аударды.
Шенеуніктерге жер телімдерін сатып алуға қатысты созылған даулар үшін де, агросектордың төмен көрсеткіштері үшін де, 70 пайызға жуық тозған электр желілері үшін де сын айтылды. Тоқаев жаңа қалаға қосылған ауылдарда адамдардың үнемі жарықсыз және қарапайым интернетсіз отыратынын еске салғанда, залда тыныштық орнады. Болашақтың қаласы жоспарда тамаша көрінгенімен, ол өте қарапайым дүниелерден құралады.
Виртуалды миллиардтар мен нақты өндіріс туралы осы әңгімелер арасындағы алшақтық келесі нысанда бірден сезілді. Президент кортежі Green Eco жылыжай кешеніне бет алды.
Мұнда атмосфера бірден өзгерді. Әкімдіктің салқын залдарынан баспасөз өкілдері тропикалық - жылы, тығыз әрі ылғалды ауаға тап болды. Операторлардың объективтері бірден буланып, линзаларды жүріп бара жатып сүртуге тура келді. Салат жапырақтары мен базиликтің жасыл қатарларының арасымен Президентті бас директор Роман Шнайдерман бастап жүрді. Кәсіпорын ауқымды - 2,2 миллиард теңге инвестиция және күн сайын 17 мың қаптама көкөніс өнімдері. Шнайдерман жол-жөнекей жымиып:
- Біздің өнімді жумай-ақ жеуге болады. Дені сау болғысы келетін адам кез келген асты көкөністен бастауы керек. Ол ас қорытуды жақсартады, - деді.
Салауатты тамақтану туралы әңгімеден кейін президент кортежі бағытын қайта өзгертті. Сапар кестесінде ең күтпеген нысан - "Атлетико де Мадрид Қазақстан" академиясы пайда болды. Бұл нысандардың арасындағы байланыс бір қарағанда ғана байқалмауы мүмкін: бір жерде озық технологиялармен салат жапырақтары өсірілсе, екінші жерде болашақ футбол жұлдыздарын тәрбиелеуге күш салып жатыр.
Кіреберісте Президентті Испания құрамасы тарихындағы үздік сұрмерген Давид Вилья қарсы алды. Тоқаев әңгімені бірінші болып ағылшын тілінде бастады:
- Сіз мұнда танымалсыз, өте танымалсыз.
- Президент мырза, "Атлетико Мадрид" басқармасының мүшесі ретінде, ең алдымен, сізді академиямызда қош келдіңіз деймін, - деп жымиды Вилья. - Қазақстанның бұл жоба үшін жасаған барлық жұмысына алғыс айтамын. Мұнда болу және елдегі футболдың дамуына үлес қосу - біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапты міндет. Бірнеше ай бұрын Мадридтегі турнирде қазақстандық балаларды көріп, тәнті болдым. Біз талантты балаларды көрдік.
- Біз де бір күні жергілікті ойыншының "Атлетико Мадрид" сапында өнер көрсететініне сенеміз. Бізде талантты жастар бар. Жұмыс істейтін боламыз.
Негізгі алаңда Президент қызыл-ақ түсті форма киген жас спортшыларға жақындады. Мұнда әңгіме ресми сипатынан тез арылды:
- Барлығыңа сәттілік тілеймін. Ал сендерге танымал футболшылардың қайсысы көбірек ұнайды? Криштиану Роналду ма? Әлде басқа біреу ме?
Балалардың бірі еш именбестен бірден жауап берді:
- Альварес!
Тоқаев бұл таңдауды құптап, күліп жіберді де, футбол добына естелік автограф қалдырды.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Ресми кортеж аттанып кеткен соң, Давид Вилья бізге хаттамалық шеңберден тыс ашық пікір білдірді:
- Тек талант жеткіліксіз, жақсы жаттықтырушылар мен дұрыс дайындық жүйесі қажет. Егер "Атлетико Мадрид" бұл жобаға қосылса, демек біз бұл елге және оның жас ойыншыларына сенеміз.
Испаниялық шабуылшының тек талант аздық ететіні және жүйе керектігі туралы сөздері бүкіл күннің қорытындысын дәл сипаттайды. Бүгінде Алматы облысында бәрі бар: армандағы мегаполис тұрғызуға деген зор амбиция, құнарлы жер және қабілетті балалар. Бірақ ауылдарда жарық болмаса, жер дауы жедел шешілмесе және жұмыс қарқыны төмен болса, әдемі презентациялардан ештеңе шықпайды. Өңірдің бұдан былай "уақыт созуға" мүмкіндігі жоқ.
Авторы: Аружан Дәрібай
Аударған: Нұрила Ермекбаева