Қазақстан “ішімдікке салынған ел“ емес пе? Мәдениеттанушы пікірі

Қазақстан “ішімдікке салынған ел“ емес пе? Мәдениеттанушы пікірі Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қазақстандағы ішімдікке және оны тұтынуға қатысты қоғамдық пікірталастарда жиі әртүрлі көзқарастар айтылып жатады.

Қазақстандағы ішімдікке және оны тұтынуға қатысты қоғамдық пікірталастарда жиі әртүрлі көзқарастар айтылып жатады.

Бір пікір бойынша, ішімдік тұтыну деңгейі өсіп, ауыр зардаптарға (соның ішінде қылмысқа) әкеп соқтырып жатыр. Сонымен қатар тарихи тұрғыдан Қазақстан салауатты "өмір нормасы" болған мемлекет деген тұжырымдар да аз емес.

Мәдениеттанушы Самир Серкебаев бұл мәселені тарих, өмір салты және әлеуметтік трансформациялар призмасы арқылы кеңірек қарастыруды ұсынады. Ол Tengrinews.kz үшін неге Қазақстанда тарихи тұрғыдан тұрақты алкоголь ішу мәдениеті қалыптаспағанын, ұжымшылдықтан алшақтауға байланысты ішімдік тұтыну моделі қалай өзгергенін және заманауи антиалкогольдік бастамалардың неге әрдайым тікелей әсер етпейтінін түсіндіріп береді.

Көшпелі мәдениетте неге алкоголь ішу әдеті қалыптаспады?

Неге кейбір қоғамдарда тұрақты алкоголь ішу мәдениеті қалыптасады, ал басқаларында жоқ? Қазақстанды тарихи тұрғыдан екінші санатқа жатқызуға бола ма?

Самир Серкебаевтың пікірінше, бұл мәселені түсінудің кілті мораль саласында емес. Жауапты тереңірек іздеу керек.

"Кез келген мәдениеттану мәселесін экономикалық тарихтың ерекшеліктерін зерттеуден бастаған жөн. Мәдени құбылыстар мен дәстүрлер - бұл экономикаға негізделіп қалыптасатын сіздің өмір салтыңыз".

Самир Серкебаев
мәдениеттанушы

Басқаша айтқанда, біздің не жеп, не ішетініміз, бос уақытымызды қалай өткізетініміз және қандай жоралғыларды ұстанатынымыз - мұның бәрі кездейсоқ әдеттер емес, қоғамның өмір сүруі мен өзін-өзі қайта жаңғыртуы. Бұл логикада алкогольге деген көзқарас та ерекшелік емес.

Сарапшы ішімдік тұтыну ерекшеліктерін шаруашылық түрімен байланыстырады. Оның айтуынша, алкоголь өнім ретінде тұрақты отырықшы экономиканы талап етеді.

"Алкоголь өнімі нақты бір жерге байланған стационарлы экономиканы қажет етеді. Біріншіден, өнім үшін ұзақ уақыт сақтайтын ыдыстар керек. Екіншіден, егіншілікпен айналысып, дәнді дақылдар немесе жүзім өсіру қажет. Егер бұнымен айналыспасаңыз, онда физикалық тұрғыдан алкоголь өндіре алмайсыз. Тарихқа сүйенсек, әлемге алкоголь сыйлаған ең танымал дәстүрлі мәдениеттер - бұл егіншілік мәдениеттері", - дейді Серкебаев.

Қазақстан ғасырлар бойы мобильді көшпелі тұрмыс жағдайында дамыды. Мұндай шаруашылықтың басты критерийі - қозғалыс: тұрмыстық заттар, архитектура мен технологиялар өзіңмен бірге алып жүруге ыңғайлы әрі қарапайым болуы тиіс.

"Сіз домна пештері немесе жел диірмендері сияқты құрылымдар салмайсыз, өйткені маусымдық көші-қон кезінде оларды өзіңізбен бірге әкете алмайсыз. Ал қазақтың киіз үйі - бұл өмір сүруге қажетті барлық талапқа сай келетін, сонымен қатар құрылымы қарапайым, оңай жиналып, басқа жерге еш қиындықсыз тасымалданатын баспана. Осылайша, барлық мәдени дәстүрлеріңіз бен мәдени тұрмысыңыз экономиканы қалай жүргізетініңізге негізделеді", - деп толықтырды мәдениеттанушы.

Бұл жағдай қазақтарда неге төл алкоголь өндірісі дамымағанын, дәстүрі қалыптаспағанын түсіндіреді: ол үшін технологиялық база да, экономикалық қажеттілік те болған жоқ. Алкоголь мәдениетте тек сырттан келген, дайын өнім ретінде ғана болды, яғни іште өсіріліп, дайындалған өнім емес.

Тіл нені аңғартады?

Серкебаев тілімізде де бөлек уәж барын айтады. Ол алкоголь терминологиясының көбіне кірме сөздер екенін - бұл өз алдына көп нәрсені аңғартатынын айтты.

  • "Арақ" сөзі түркі тілдес халықтардан шыққан және ащы сусынды білдіреді. Оның семантикасы "тер", "терлеу" мағынасымен байланысты - яғни өнімнен болатын ерекше физикалық күйді, дененің үйреншікті емес сезімін сипаттайды.
  • Сол сияқты үндістер де еуропалықтардың ащы сусынын алғаш татып көргенде, оны "отты су" деп атаған: сөз өндіру әдісін емес, эмоционалды реакцияны сипаттау ретінде бекіп қалған.

"Бұл өнімді дайын күйінде татып көрудің мәні. Тарихи өткен кезеңде бұл халықтар сусынды дайын күйінде алды және ол олар үшін ерекше нәрсе болды. Тарихи тұрғыдан бекіген сөз бұрын-соңды болмаған ерекше дәмдік немесе физикалық күйді сипаттаған", - деп түсіндіреді мәдениеттанушы.

Серкебаевтың пайымдауынша, "спирт" сөзінің түбі бұдан да айқын көрінеді:

"Қазақ тіліндегі "спирт" сөзі орыс тілінен толығымен енген. Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл жақында ғана болған жағдай, сондықтан ол тіпті фонетикалық тұрғыдан өзгеріп те үлгермеген. Қазақ тілі белгілі бір заңдылықтар бойынша дамиды, бірақ салыстырмалы түрде жақында енген сөздер ешқандай өзгеріссіз айтылады".

Осылайша, тіл өзіндік бір жылнама қызметін атқарады: кірме сөздер белгілі бір құбылыстың сырттан келгенін аңғартады.

Маманның пікірінше, бұл кеңірек тарихи контексті көрсетеді: Қазақстан алкоголь мәдениетін өндіру немесе тарату орталығы ретінде қалыптасқан жоқ, керісінше, басқа экономикалық жүйелермен тарихи өзара алыс-беріс барысында оның элементтерін сырттан қабылдады.

Бұл салауатты өмір салты (СӨС) бастамаларының қоғамымыздың тыныс-тіршілігіне неге табиғи түрде үйлесетінін түсіндіреді.

"Егер ел тарихи тұрғыдан ішімдікке бейім болмаса, онда салауатты өмір салты бастамалары қазіргі өмір сүру салтына өте табиғи қона кетеді, тіпті артық та болуы мүмкін. Екінші жағынан, алкогольді насихаттау бастамаларының әсері ұзаққа бармайды, олар тек қысқа мерзімді нәтиже береді".

Ол өз сөзіне дәлел ретінде халықаралық алкоголь тұтыну рейтингтерін алға тартады, онда Қазақстан төменгі орындарда тұр және ішімдікті аз ішетін елдер қатарына жатады.

Global-relocate.com сайтындағы алкоголь тұтыну деңгейі бойынша елдер рейтингінің скриншоты (2025 жылғы деректер)

Сарапшы мәдени-экономикалық факторлардан бөлек, мәселенің биологиялық қырына да тоқталады.

"Алкогольмен ерте кездескен халықтардың бойында ішімдікті қайта өңдеудің физиологиялық қабілеті біртіндеп қалыптасып, оның әсеріне төзімдірек болады. Ал басқа халықтар қазіргі уақытта алкогольді тұтынуда физиологиялық қиындықтарға тап болып отыр. Бұл - медициналық факт және ол да алкогольдің таралуында маңызды рөл атқарады", - дейді мәдениеттанушы.

Әңгіме бұрыннан белгілі құбылыс туралы болып отыр: тарихи тұрғыда алкогольмен байланысы болмаған халықтарда этанолды өңдеуге жауапты алкогольдегидрогеназа ферменті төмен деңгейде жұмыс істейді. Бұл ішімдік ішуді физикалық тұрғыдан жайсыз етеді және сол арқылы оның таралуын табиғи түрде тежейді.

"Ұят" - тыйым емес, әлеуметтік норма туралы

Мәдениеттанушы "ұят" ұғымын алкогольмен күресудің тікелей құралы емес, мінез-құлықты әлеуметтік реттеу механизмі ретінде қарастырады:

"Ұят - бұл, ең алдымен, лайықты мінез-құлық пен қауымдастық ішіндегі әлеуметтік мәртебені сақтау туралы. Бұл тыйымдар жүйесі емес, үміттер мен талаптар жүйесі".

Қазақстанда шығыс мәдениеті аясында "бет-бейнесін жоғалтудан" қорқу сияқты тұрақты феномен бар. Шығыс адамы үшін бұл өте маңызды және оның себептері терең тарихи тамырға ие: шығыс мәдениеті әр буын өкілдері арасындағы отбасыішілік және рулық байланыстарды қолдау мен дамытуға көбірек көңіл бөледі.

"Әлеуметтік-туыстық байланыстар мен қарым-қатынас дамыған кезде, сіз осы орта ішінде белгілі бір әдеп пен беделді сақтауыңыз керек. Бұл жерде біз мансап немесе имидж туралы емес, дәл осы ішкі отбасылық шеңбер туралы айтып отырмыз. Сол ортада сізге белгілі бір мәртебені сақтау қажет", - дейді Серкебаев.

Бұл мемлекеттік тыйымдар жұмыс істемейтін жерде ұяттың неге тиімді екенін түсіндіреді: ол жазадан қорыққандықтан емес, жақындарыңның алдындағы құрметті сақтау ниетіне негізделген. Ұят нормаларын бұзған адам айыппұлмен емес, өзі үшін шынымен маңызды ортадағы абыройымен тәуекел етеді.

Сонымен қатар, сарапшы бұл ұғымның аясы тек ішімдікке қатысты мәселеден әлдеқайда кең екенін атап өтті:

"Ұяттың өзі тек қана ішімдіксіз өмір салтын насихаттауға бағытталмаған. Ол жалпы алғанда сіздің лайықты өмір салтыңызды қолдайды. Бұл аймаққа немесе отбасына байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ жалпы алғанда сіз өз ортаңыздағы белгілі бір әлеуметтік талаптарға сай болуыңыз керек".

Маңызды ескерту: "ұят" мәдениеті алкогольді тұтынуды абсолютті тыйымға айналдырмайды. Мәселе ішімдік тұтыну осы шеңберден шығып, адамның жақындары алдындағы беделін түсіре бастаған жерде туындайды.

"Алкогольді көп мөлшерде тұтынудың лайықсыз мінез-құлыққа әкелетіні түсінікті. Бірақ бұл ұғым тек ішімдіксіз өмір салтын ұстануға ғана бағытталмаған", - деп нақтылады маман.

Қазақстандағы ішімдіктен бас тартқан ауылдардың бірі - Далабайдағы дастарқан. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Индустрияландыру және алкоголь

Сарапшы Қазақстандағы алкоголь ішу мәдениетінің таралуын индустрияландыру және Ресей империясы мен КСРО құрамында болған тарихи кезеңмен байланыстырады. Дәл осы кезең - тоқырау мағынасында емес, өмір салтының еріксіз трансформациясы мағынасында шешуші кезең болды. Оның пікірінше, өнеркәсіптік өндіріс ішімдік тұтынудың өсуіне негізгі фактор болған.

"Алкоголь өндірісінің өзі оны жаппай тұтынуды бастауға қуатты фактор болып табылады, өйткені зауыт өнімі арзан әрі көп мөлшерде шығарылады", - деп сендіреді Серкебаев.

Индустриялық орта адамдардың өмір салтын да өзгертті: адам белгілі бір жұмыс кестесіне байланып, ауыр физикалық және моральдық жүктемені бастан өткерді. Мұндай жағдайда алкоголь жылдам босаңсудың қолжетімді тәсіліне айналды. Сонымен қатар, Серкебаев бұл нарративті асыра пайдалану әрекеттерінен сақтандырады:

"Егер біз заманауи үйлерде жарық пен су, интернет болғанын қаласақ, онда бұл кезеңнен қалай болғанда да өтуіміз керек еді. Әйтпесе, Қазақстан экономикалық және мәдени оқшаулануда қалып қояр еді".

Сонымен қатар сарапшы индустриялық кезеңнің зардаптары әлі де кейбір әлеуметтік орталарда - алкоголь тұтыну дәстүр емес, мәдени демалыс шеңберінен шығып, әлеуметтік жағынан қабылданбайтын формаларға жақындағанын мойындайды. Бірақ оның пікірінше, бұл қазақ қоғамының жүйелі сипаты емес, локальді мәселе.

Жастар неге аз ішеді?

Самир Серкебаевтың айтуынша, жас буын арасында алкогольге деген қызығушылықтың төмендеуі байқалады және бұл ішімдікке қарсы насихатпен емес, өмір салтының өзгеруімен байланысты.

"Қазіргі жастардың балалық және жасөспірім шағы Қазақстанның экономикалық өсу кезеңіне тұспа-тұс келді. Алдыңғы буыннан айырмашылығы, олар өркениет игіліктері, ақпараттың қолжетімділігі, интернет, әлем бойынша саяхаттау, пәтер, көлік сатып алу және тағы басқалармен таныс болды. Сондықтан, бір жағынан, мұндай жастар өздерін қажытатын жұмысқа, қиын жағдайларға моральдық тұрғыдан дайын сезінбейді, олар психологиялық тұрғыдан осалдау. Бірақ мұның жағымды жағы да бар - мұндай ортада алкоголь сияқты мәдени допингке деген қажеттілік төмендейді".

Сондай-ақ Серкебаев ішімдік ішу процесі жастардың заманауи демалыс моделіне сәйкес келмейтін, архаикалық және көп уақытты қажет ететін ритуал ретінде қабылдайтынын атап өтті.

"Жиналу керек, сусындар алу керек, оны бірдеңемен жеу керек. Процестің өзі уақыт жағынан өте ұзақ. Мас болуыңыз керек, сол күйде бірнеше сағат жүруіңіз керек - содан кейін тағы бірнеше сағат бойы сол күйдің салдарын сезінуіңіз керек. Мұншалықты көп кезеңнен тұратын процесс мәдени ортаны тұтыну мен қабылдаудың заманауи моделіне тән емес".

Бұған болжап болмайтын фактор қосылады: ішілген сусынның нәтижесіне ешқашан кепілдік жоқ.

"Бұл жерде біз әлеуметтік-саяси бастамалардың классикалық қателігіне тап боламыз: қандай да бір жағымсыз үрдісті төмендету үшін оған тікелей соққы берудің қажеті жоқ, өйткені бұл қоғамды жасандылыққа немесе айналып өтуге итермелейді", - дейді мәдениеттанушы.

Классикалық мысал - 1920 жылдардағы АҚШ-тағы құрғақ заң, ол алкоголь тұтынуды тоқтатқан жоқ, тек оны өндіру мен сатудың көлеңкелі индустриясын тудырды.

"Егер біз қандай да бір құндылықтарды - ата-баба дәстүрін сақтауды және т.б. қолдан таңсақ, мұндай бастама қарсылық ретінде алкогольді тұтынудың өршуіне әкелуі мүмкін. Ал егер жастарды жайына қалдырып, басқа мәселелермен - экономикамен айналыссақ, олардың әлеуметтенуін жеңілдетіп, лайықты жалақы, жұмыс орындарын, білім берсек, мұндай бастамалар алкогольдің танымалдылығын жоғалтуына ықпал етеді", - деп есептейді ол.

Дәл осы логикамен Серкебаев салауатты өмір салтын насихаттаудың өзін қайта қарастыруды ұсынады: бірдеңемен күресу ретінде емес, тартымды баламаны ілгерілету ретінде. Веложарыстар, марафондар, туризм, жорықтар - мұның бәрі салауаттылықты білдіреді, бірақ бұл туралы тікелей айтуды талап етпейді. Велосипед айдап бара жатқан адам ішімдік бөтелкесін тыйым салынғандықтан емес, бұл процесспен физикалық тұрғыдан үйлеспейтіндіктен алмайды.

Қазақстандағы ішімдіктен бас тартқан ауылдардың бірі - Далабайдағы мерекеде алкоголь жоқ. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Салауатты ауылдар" бастамасы

Жергілікті алкогольге қарсы бастамалар туралы айта келе, мәдениеттанушы олардың тиімділігі тек тыйым салу күшіне емес, әлеуметтік баламалардың болуына байланысты екенін атап өтті.

"Адамдарда жұмыс пен әлеуметтік мүмкіндіктер жоқ жерлерде алкоголь күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады. Сондықтан кез келген шектеулер өмірдің нақты баламаларымен сүйемелденуі керек", - дейді Серкебаев.

Ол мәселені жергілікті экономиканың құлдырауымен байланыстырады - бұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікке тән механизм:

"Елді мекен құлдырай бастағанда, жұмыс орындары жойылады. Мұндай жағдайда ішімдікті патологиялық түрде тұтыну белең алады".

Оның пікірінше, шаралар тыйым салуға емес, ынталандыруға бағытталуы тиіс және адамға түсінікті нақты әлеуметтік механизм арқылы жүзеге асуы керек.

"Тыйым салу "ішпеңдер" деген бұйрық емес, белгілі бір іріктеу тетігі ретінде жұмыс істеуі керек. Мысалы, біз еңбек тәртібіне және соған ұқсас мәселелерге байланысты ішімдік ішуге қатаң шектеу қойылған кәсіпорын ашамыз. Осы тәртіпті сақтағаны үшін сіз бұған дейін болмаған игіліктерге: жалақыға, баспанаға, белгілі бір заттар мен азық-түлікке ие боласыз. Белгілі бір мотивация болуы тиіс және ол нәтиже беруі керек: адам ережелерді сақтай отырып, өмір сүру салтын өзгертетінін көруі қажет", - деп мысал келтіреді мәдениеттанушы.

Бірақ ол маңызды ескерту жасайды: мұндай бастамалар өндірістік фактор болып, ол өзін-өзі ақтаған жағдайда ғана нәтиже бермек.

Сарапшының пікірінше, жалпы қағида жеке ауылдан бастап ұлттық саясатқа дейінгі барлық деңгей үшін ортақ: адам ішімдік ішпегені дұрыс екеніне өздігінен көз жеткізуі тиіс.

Мемлекет айтқандықтан немесе дәстүр солай болғандықтан емес, салауаттылық нақты, қолмен ұстап көретін игіліктерге жол ашатындықтан солай болуы керек. Сонда ғана механизм түзетуші құрал ретінде жұмыс істейді. Қалған жағдайдың бәрінде ол не кері әсер береді, не құр босқа жасалған тірлік болып қалады.

"Мас болып келдің бе - сыйақыдан қағыласың, жұмыс орнында іштің бе - жұмыстан айырыласың. Мұндай механизмдер - бұл нақты іс. Басқаша айтқанда, мұндай бастамалардың жалпы қағидасы - адам ішпеудің артықшылығын өз бетінше түсінуі керек".

Серкебаевтың айтуынша, бұл адамға "ішпе, өйткені ішуге болмайды" деген дайын тұжырымды таңғаннан гөрі тиімдірек жұмыс істейді.

Авторлары: Дильназ Габдуллина, Нұрай Кәпен, Сабина Шолахова, Вячеслав Половинко

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама