ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 15 шілде 2026 11:39
Қазақстанда “ұят“ ұғымы қалай өзгеріп жатыр?
"Ұят" - Қазақстандағы мағынасы қоғаммен бірге өзгеріп келген және әлі де өзгеріп жатқан сөздер мен ұғымдардың бірі. Бір кездері бұл сөздің астарында нақты қорқыныш жататын: рудан қуылып, иен далада өлгенмен тең еді. Кейін ұят қоғамдық бақылау құралына айналды. Бүгінде біз адамгершіліктен жұрдай болып көрінуден гөрі, мүлдем басқа нәрселерден қымсынатын болдық. Tengrinews.kz тілшісі "ұят" ұғымы елімізде тарихи тұрғыдан қалай өзгергенін және бүгінде қандай сипатқа ие болғанын зерттеп көрді.
Бірінші тарихи кезең: ұят - ар-намыс кодексі
Дәстүрлі қазақ қоғамында ұят жай ғана жеке бастың қысылуы емес, күрделі әлеуметтік институт болды. Ол қоғамда өмір сүру үшін өте маңызды рөл атқарды және тәртіптің басты реттеушісі қызметін атқарды.
- "Ұят" ұғымы рудың ар-намысы, абыройы және ата-баба (жеті ата) мен ұрпақ алдындағы жеке жауапкершілікпен тығыз астарласып жатты, - дейді тарихшы Гаухар Қанафина. Жазылған заңдар мен полиция болмаған кезде ұят қоғамды бейберекетсіздіктен сақтап тұрған негізгі механизм болды. Әлеуметтік ортадан шеттетілу қаупі көбіне физикалық өлімнен де қорқыныштырақ еді, бұл "Өлімнен ұят күшті" деген мақалдан айқын көрінеді. Ұят экономиканы басқарды - қарызға берілген уәденің бұлжымастығына кепіл болды, отбасылық иерархияны реттеді - үлкенге деген мүлтіксіз құрметті қамтамасыз етті, тіпті тұрмыстағы мінез-құлық ережелерін айқындады.
Тарихшының айтуынша, дала қоғамы әдет-ғұрып құқығы - әдетпен өмір сүрген, бірақ оның орындалуы мәжбүрлеумен емес, дәстүрлер мен ар-намыстың беделімен қамтамасыз етілді. "Ұят" қаупі алдын алу қалқаны сияқты жұмыс істеді: көш жолдары туралы ауызша келісімді бұзу, олжа бөлісуде алдау немесе көмектен бас тарту кез келген айыппұлдан да ауыр масқараға ұшыраумен тең еді. Барлығы жеке сенімге негізделген әлемде абыройға дақ түсіру болашаққа балта шабумен бірдей болды: абыройынан айырылған адаммен ешкім істес болғысы келмейтін.
Бұл тек жаман іс үшін жазалау құралы емес, сондай әрекеттерге бармаудың жолы еді.
XIX ғасырдағы орыс зерттеушісі Алексей Левшин "қазақтар арасында алдау мен сатқындық басқа халықтарға қарағанда әлдеқайда сирек кездесетінін" жазған.
Бұл бақылау - "ұяттың" экономикалық және адамгершілік реттегіш ретіндегі тиімділігінің тікелей нәтижесі.
Екінші тарихи кезең: кеңестік ұят
Дәстүрлі қазақ қоғамында ұят екі жыныс үшін де ортақ реттеуші болды. Ер адам үшін қорқақтық таныту, жалқаулық немесе отбасын қорғай алмау ұят саналды - бұл оның мәртебесі мен рудың намысына нұқсан келтіретін. Ал әйел, әсіресе келін мәртебесінде, сөзге келмейтін мойынсұнушылықты, еңбекқорлықты және мінсіз мінез-құлықты көрсетуі тиіс еді.
Алайда кеңестік кезеңде бұл тепе-теңдік бұзылды. Ұят әмбебап сипатын жоғалтып, негізінен әйелдердің мінез-құлқын бақылауға қарай ойысты. Және бұл өзгеріс екі бағытта жүрді.
Еркек ұяты әлсіреді
Кеңес өкіметі қорғау және қамтамасыз ету функцияларын өз мойнына алды - ер адам бұдан былай отбасын асыраушы және қорғаушы жалғыз тұлға болмай қалды. Армия, милиция, партия органдары - бұның бәрі рулық құрылымдардың орнын басты. Ер адам үшін ру алдында абыройдан айырылу қорқынышы өмірлік маңызын жоғалтты - жаңа әлеуметтік лифттер (партия, жұмыс, білім) пайда болды.
Әйел ұяты күшейді
Әйелдерге қатысты ұят мәселесінде парадокс туындады. Әйел қоғамдық өмірге неғұрлым белсенді араласып, білім алып, өндірісте жұмыс істей бастаған сайын, қоғам дәстүрдің соңғы бекінісі ретінде ұятқа соғұрлым қатты жабыса түсті.
Әйел отбасы ошағының және ұлттық бірегейліктің басты сақтаушысы болып қалды - тиісінше, оның мінез-құлқын бақылаудың бүкіл салмағы арта түсті. Инабаттылық, пәктік, үй шаруасына икемділік, үлкенді сыйлау - бұл талаптар жойылған жоқ, керісінше, тіпті қатая түсті.
Екіұдай стандарттар
Бұл ретте кеңестік қоғамда ер адамға көп нәрсе кешірілетін, ал әйел дәл сол әрекеттері үшін қатаң айыпталатын жағдай қалыптасты. Мысалы, ер адамның некесіз қарым-қатынасы қоғамда "кішігірім еркелік" ретінде қабылданса, әйел үшін бұл абыройына жуылмас дақ болып есептелді.
Үшінші тарихи кезең. Интернет дәуірі және "цифрлық ұят"
Интернеттің, әсіресе әлеуметтік желілердің пайда болуымен (Қазақстанда шамамен 2000-жылдардың аяғы мен 2010-жылдардың басынан бастап) ұят тарихының жаңа тарауы басталды.
Жариялылық кең құлаш жая бастады. Егер бұрын айыптау тек ауыл, ру немесе көрші-көлеңмен шектелсе, қазір кез келген әрекет бүкіл елдің, тіпті әлемнің назарына ілігуі мүмкін. Фотосурет, жазба, пікір - мұның бәрі тіркеліп, қас қағым сәтте тарап кететін болды.
"Ұятмендердің" пайда болуы
Интернет имандылық сақшыларының жаңа түрін - пабликтерде "компроматтар" жариялап, пікірлерде көпшілік алдында "жазалау" шараларын ұйымдастыратын, көбіне аты-жөні белгісіз "ұятмендерді" дүниеге әкелді. Буллинг нысанасына көбінесе әйелдер ілікті: ашық фото-видеолары үшін, шетелдіктермен қарым-қатынасы үшін, ажырасқаны немесе "дұрыс емес" өмір салты үшін айыпталды.
Бұл кезеңнің жарқын нышандарының бірі - "Ұятмен" лақап атын иеленген Талғат Шолтаев. Ол Астанадағы бойжеткен мүсінінің кейпін ерсі деп санап, оны орамалмен жауып қойғаннан кейін танымал болды. Бұл әрекет Қазнетте қызу пікірталас тудырды - қоғамның бір бөлігі имандылық үшін күрескерді қолдаса, екінші бөлігі оны келемежге айналдырды.
Бұл дәуірде ұят "вирустық" сипатқа ие болды. Егер бұрын адамның қателігі уақыт өте келе ұмытылып кетсе, интернетте бәрі сақталып қалады. 15 жаста жасаған қателігің 25 жасқа келгенде алдыңнан шығуы мүмкін.
Жақында осы мақала авторына бір блогер күтпеген өтінішпен жүгінді: бірнеше жыл бұрын жарияланған материалдағы суреттерін ауыстыруды сұрады. Осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерген: ол жаңа әлеуметтік жоба бастапты, сондықтан қазіргі көзқарасымен ол суреттерді тым ашық деп санайтынын мойындады. Оны жарияланым бір күні іздеу жүйелерінен шығып, бүгінгі атқарып жүрген ісіне көлеңке түсіруі мүмкін деген ой мазалаған.
Біз Tengrinews мұрағаттағы материалдарды, егер ондағы ақпарат шынайылығын жоғалтпаса және заңға қайшы келмесе, жоймайтынын әрі өзгертпейтінін түсіндірдік.
Бұл кезеңдегі гендерлік асимметрия жойылған жоқ, керісінше күшейе түсті. Ерлерге қатысты жанжалдар (жемқорлық, төбелес, тіпті көзге шөп салу) интернетте "әйел күнәларына" қарағанда әлдеқайда сирек және бәсең талқыланады.
Төртінші кезең: ескі ұят әлсіреп, жаңасы күш алды
Қазіргі уақытта ұят түсінігі өзгеріп жатыр. Мүмкін, бұл тақырыпта әлі зерттеулер мен ғылыми мақалалар жоқ шығар. Бірақ өзгерістер, ең алдымен, қазақстандықтардың әлеуметтік желілердегі өзгелердің тағдырын қалай талқылап, пікір білдіретінінен байқалады. Осыдан бес-жеті жыл бұрын жаппай айыптау тудыратын жағдайларға адамдардың қазіргі реакциясы мүлдем басқа.
Әйелдерге қатысты "имандылық нормалары" жұмсара бастады. Барлық жерде, бәріне бірдей емес шығар, бірақ бұл үрдіс анық байқалады.
Енді күйеуі "ішпесе де, ұрмаса да, жүрмесе де", жай ғана мінездері жараспағаны ұшін ажырасу ұят емес. Тұрмыста болмай-ақ, жалғыз бала туу да ұят емес. Балалы жалғызбасты әйел әлеуметтік желілерде және достарының арасында қудалаудан гөрі, рухани қолдауға көбірек ие болады. Әйтеуір, үлкен қалаларда солай. Себебі кішігірім қалаларда бәрі баяғыша қалған.
Осы тақырып аясында тілшіміз сөйлескен Жезқазған қаласының тұрғыны Г. былай дейді:
- Кішкентай қалаларда "ескі ұят" өзгеріссіз қалды. Жезқазғанда ажырасу ұят; 30-дан асқан қызың әлі тұрмысқа шықпаса ұят; қысқа кию ұят; оғаштау бояну ұят; тамақ пісіре алмау - әрине, бойжеткен үшін - ұят.
Оның үстіне бұл ескі ұятқа жаңасы қосылды. ҰБТ-дан төмен балл алу - ұят. Грантқа түсе алмау - ұят. Жетістікке ұмтылмау - ұят.
Ұят және виктимблейминг
Күнделікті өмірде ұят қалай өзгеріп жатқанының жарқын көрінісі - атын атамауды өтінген бір бойжеткеннің басынан өткен оқиға.
Ол көшеде кетіп бара жатқанда, қасынан өтіп бара жатқан мопедші оның бөксесінен салып қалған. Қыз полицияға жүгінеді. Сонда телефон арқылы қойылған бірінші сұрақ мынау болыпты:
- Сіз қысқа киімде болдыңыз ба?
Ол бұл оқиғаны әлеуметтік желіге салғанда, қолданушылар полицияның бұл әрекетіне жағасын ұстады. Ал баяғыда мұндай жағдай қалыпты нәрседей көрінетін. Бұрын жәбірленушіден "саған не істеді?" деп емес, "не киіп жүрдің?" және "ол жерге неге бардың?" деп сұрайтын.
Бұл оқиғаның пікір жазушылар арасында дәстүрлі сұрақтарды емес, наразылық тудырғанының өзі - өзгерістердің белгісі. Қоғам виктимблеймингтен (жәбірленушіні айыптаудан) бас тарта бастады. Рас, бұл процесс баяу және түрлі ескертулермен жүріп жатыр.
Үйлену тойындағы ұят: асқан салтанаттан қаржылық сауаттылыққа
Той саласы да баяу болса да өзгеріп келеді. Бұрын тойдың дүркіреп өтпеуі ұят еді. Қонақты аз шақыру, бүкіл аймаққа жар салмай той жасау ұят саналынды. Той - байлық пен жомарттықты паш етудің құралы болды.
Ал қазір кейбір ортада той үшін несие алу ұятқа айнала бастады. Өйткені бұл - табыстылықтың белгісі емес, соның кейпін жасау ғана. Себебі мұндай тойдан кейін жас жұбайлар бір күндік қызық үшін жылдап қарыз төлейді. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде жиі талқыланып, қоғам енді қарапайымдылықты емес, ақылсыздық пен "қаржылық сауатсыздықты" айыптайтын болды.
Қазақстандықтар ұяттың қандай жаңа түрлерін атады?
Біз әлеуметтік желілер мен қалалық чаттарда сауалнама жүргізіп, қазақстандықтар бүгінгі күні нені "заманауи ұят" деп санайтынын сұрадық. Адамдар жиі атаған жағдайлар төмендегідей.
Сонымен, заманауи ұят дегеніміз:
- ер адамның әлеуметтік желіні белсенді жүргізуі (бизнеске қатысы жоқ болса);
- ҰБТ-дан төмен балл алу;
- IELTS-тен 8.0 балл ала алмау;
- шетелде оқымау;
- грантқа түсе алмау;
- егер грантқа түсе алмасаң, бір жыл бос жүру де - ұят, ақылы бөлімде оқы;
- несиеге той жасау;
- қазақ емес адамға тұрмысқа шығу;
- 40 жаста жеке пәтеріңнің болмауы;
Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың бірі соңғы кездері біздің қоғамда "ұят" ұғымының орнын "харам" басып жатқанын аңғарған. Бірақ бұл, өздеріңіз түсінгендей, мүлдем басқа, бөлек әңгіме.
"Ұят әркелкі сипатқа ие болды" - психолог пікірі
Осы тақырып бойынша пікір білдірген психолог Айнұр Құмарғали ұят пен кінә сезімімен жұмыс істеуге маманданған. Ол біздің көптеген байқауларымызды растады. Сонымен қатар, заманауи ұяттың өзіндік жаңа белгілерін атап өтті.
- Меніңше, қазіргі уақытта ұят нормалары біркелкі емес, - деді психолог. - Үлкен қаладағы ажырасу бір бөлек те, Алматыдан 500 шақырым жердегі ауылдағы жағдай мүлдем басқа. Ірі қалаларда қоғам әлдеқайда индивидуалды сипатқа ие, ал шағын елді мекендерде адамдардың бір-біріне тәуелділігі жоғары. Ол жақта қоғамдық пікір тек беделге емес, кейде сол қауымдастық ішінде жайлы өмір сүру мүмкіндігіне де әсер етеді. Сонымен қатар, жаңа нормалар біртіндеп шағын елді мекендерге де жетіп жатыр, сондықтан өзгерістер қарқыны әртүрлі болғанымен, барлық жерде жүріп жатыр.
Айнұр бұл өзгерістерді демографиялық ауысумен байланыстырады. Қазақстан біртіндеп өзгеріп келеді: адамдар кешірек некеге тұрады, кешірек балалы болады, көбірек білім алады, экономикалық тұрғыдан дербес болады, қалаларға көшеді. Осымен бірге құндылықтар да өзгеріп жатыр.
- Адамның өмірі үлкен әулеттің немесе көрші-қолаңның пікіріне азырақ тәуелді болған сайын, жеке таңдау үшін кеңістік көбейеді. Сондықтан ұяттың өзі де өзгереді.
Айнұр бүгінде байқалып отырған екі параллель процесті бөліп көрсетеді.
Біріншісі: ұят шынымен де әлсіреп барады.
- Мысалы, ірі қалаларда ажырасу қоғамдық айыптауға себеп болуы сиреп барады. Психологқа жүгінумен байланысты ұят сезімі де азайып келеді. Мен мұны өз тәжірибемнен де көремін: тіпті ескішіл отбасылардың өзі қиындыққа тап болғанда көмек сұрауға дайын.
Екіншісі: ұяттың нысаны өзгеріп жатыр.
- Бүгінде кейбір әлеуметтік орталарда өзін-өзі дамытумен айналыспау, мансап құрмау немесе табысты адам бейнесіне сай келмеу ұят саналуы мүмкін. Ал басқа орталарда, керісінше, әйелді жұмысқа ерте шыққаны немесе баланы балабақшаға тым ерте бергені үшін кінәлайды. Яғни, ұят ешқайда жоғалмайды - ол жай ғана нақты бір әлеуметтік топтың құндылықтарын көрсете бастайды.
Ұят және ұрпақтар сабақтастығының үзілуі
Буын арасындағы айырмашылық та өте айқын байқалады, дейді сарапшы.
- Біздің ата-әжелеріміз үшін физиология туралы әңгімелердің өзі тыйым салынған тақырып еді. 90-жылдары әйелдердің төсемелері туралы жарнаманың өзі әдепсіздік ретінде қабылданғаны көбінің есінде. Бүгінде етеккір, сексуалдылық немесе психикалық денсаулық тақырыптары әлдеқайда еркін талқыланады. Әрине, кейбір адамдар үшін бұл әлі де ыңғайсыз тақырып, бірақ ашықтық деңгейі айтарлықтай өсті.
Интернет және ұят
Психологтың пікірінше, интернет те қоғамдық айыптауға деген көзқарасты өзгертіп жатыр.
- Жақында мен топтық зорлауға ұшырағанын ашық айтқан Наташа Қалымбетованың оқиғасына қатысты пікірталастарды бақыладым. Жекелеген айыптаушы пікірлерге қарамастан, реакциялардың көпшілігі қолдау сипатында болды. Адамдар мұндай жайттарды ашық айту керек екенін және жауапкершілікті зардап шеккендерге аударуды тоқтату қажет екенін айтты. Бұл қоғамның ауыр тақырыптарды құрбанды бірден айыптамай талқылауға біртіндеп дайын болып жатқанының жақсы мысалы деп ойлаймын.
Ұят қай салада күшті болып қалды
Сонымен қатар, Айнұр Құрманғали біздің қоғамда ұят сезімі әлі де жоғары болып қала беретін салаларды атап өтті.
- Мысалы, сексуалдылық тақырыбы. Қазақстанда әлі күнге дейін жүйелі сексуалдық ағарту жұмыстары жоқтың қасы, сондықтан жыныстық қатынас төңірегінде мифтер, ыңғайсыздық сезімі көп, - дейді ол.
Табысқа табыну - жаңа ұят
Ал қысым күшейген тұс - табыстылық саласы, деп есептейді сарапшы.
- Бұл әсіресе миллениалдар арасында қатты байқалады. Біз үнемі табысты, өнімді болу және жетістіктерімізді көрсетіп жүру керек деген идеямен өстік. Кейде адамдарға өмір сүру деңгейінің төмендігін мойындағаннан көрі, несие алған оңайырақ. Қазақстанда бұл той мысалынан анық көрінеді: отбасылар үйлену тойын немесе басқа да салтанатты шараларды "жұрттан кем қылмай" өткізу үшін қомақты несие алады. Нәтижесінде қоғамдық айыптау нысаны да өзгеріп жатыр: егер бұрын дәстүрлі нормаларды бұзу ұят болса, бүгінде көптеген ортада табыстылық, дәулет пен әдемі өмір бейнесіне сәйкес келмеу ұят саналады.
Санадағы ұят. Дискуссияның жаңа кезеңі
Осы күндері ресейлік журналист Илья Варламовтың арқасында ұят төңірегіндегі пікірталастың жаңа толқыны басталды.
Ол Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильм түсіріп, елімізді Орталық Азиядағы бұл құбылыстың "эпицентрі" деп атады. Шығарылымда - полициядан жылдар бойы қорғау таба алмаған әйелдердің тағдыры және осы дәрменсіздіктің салдарынан болған қасіреттер баяндалады. Қазнеттің реакциясы өте қызу болды және айтыс барысында "ұят" мәселесі екі қарама-қайшы көзқарас тұрғысынан қайтадан қозғалды.
Аудиторияның прогрессивті бөлігі оған алғыс айтты. Әйелдер мен құқық қорғаушылар фильмді қолдады, өйткені ол басты жүйелі мәселені - тек зорлық-зомбылықты емес, сонымен қатар оны жасыруды да ашық көрсетті. Бұл жасыруға, парадоксалды болса да, сол баяғы ұят себепші. Фильм кейіпкерлерінің бірі Анар Боранбаева мұны былай тұжырымдады: "Қазақстан тек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі емес, бұл - қылмысты жүйелі түрде жасырудың эпицентрі".
Басқа пікір білдірушілер - консервативті топ - біздің басқа мысалдарымыздағыдай сценарий бойынша әрекет етті. "Өз шаруаңды істе", "Ресейді түзеп ал" деген сарындағы пікірлер айтылды. Бұл мемлекеттік деңгейдегі классикалық ұят болатын: "ел не дейді" деген қорқыныш және "жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға" тырысу. Ер адамдар зорлық-зомбылық тақырыбына емес, бұл мәселені шетелдіктің миллиондаған аудитория алдында көтергеніне көбірек шамданды.
Бұл реакция ұяттың әлі де тірі екенін тағы да дәлелдеді, бұл жағдайда ол рудың намысын емес, наразы болғандардың түсінігіндегі "ел намысын" қорғады.
Қорытынды
Қорытындылай келе, лентадан Варламовтың видеосын көргенде, менің де санамда алғашқы сәтте наразы оқырмандар секілді: "Бұл басқа елдің блогері бізді неге талқылап жатыр? Неге өз ісіне араласпайды? Ол біздің шынайы өмірімізді қайдан түсінсін?" деген ойлар ұшқындағанын мойындағым келеді.
Осылайша, мен ол туралы мақала жазбақ болған сол баяғы "ұятты" кенеттен өз бойымнан тауып алдым. Оянған ежелгі механизм: "ұят болады", "жұрт не дейді", "елді масқара қылма". Бұл ішкі диалог - тіпті прогрессивті болуға тырыссақ та, біздің әлі де өтпелі кезеңде екеніміздің және әлі де ұзақ уақыт өзгеруіміз керек екенінің белгісі.
Авторы: Юлия Колмогорова
Аударған: Дина Шәріпхан
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу