2025 жылы Қазақстанның жанармай нарығы бензин мен дизель отынының сапасына байланысты назарға ілікті. Tengri Auto жанармай сапасын бақылау жайында Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне сұрау салды.
Тексеру нәтижесі
Ведомство дерегінше, тексерілген отын үлгілерінің 25 пайызы стандарттарға сәйкес келмеген. Бұған маркілеудегі сәйкессіздіктер, көрсеткіштердің (октан саны, күкірттің массалық үлесі және басқалар) талаптарға сәйкес келмеуі жатады.
"2025 жылдың қазіргі кезеңінде комитеттің аумақтық департаменттері Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сәйкестігін зертханалық сынақтан өткізу үшін бензин мен дизель отынының 27 үлгісін іріктеп алды. Олардың 25 пайызында техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеу жағдайлары анықталды", – деді комитет өкілдері.
Қатаң стандарттар мен олардың бұзылуы
Комитеттің баспасөз қызметі мәліметінше, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Кеден одағының ТР ТС 013/2011 техникалық регламенті қолданыста, ол автомобиль және авиациялық бензинге, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыштарға арналған отынға және мазутқа қойылатын талаптарды реттейді.
Отынды айналымға шығарудың алдында регламент талаптарына сәйкестігін міндетті түрде декларациялау жүргізіледі.
Бақылау қалай жүргізіледі?
Мемлекеттік бақылау бірнеше формада жүзеге асатыны айтылды:
- автоматтандырылған тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі бойынша қалыптастырылған кестеге сәйкес жоспарлы тексерулер (болмаған жағдайда кестені реттеуші орган бекітеді, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы, 2-тармақ);
- жеке және заңды тұлғалардың заңбұзушылықтарға дәлел келтірілген өтініштері негізінде жоспардан тыс тексерулер;
- профилактикалық бақылау – сынама алу үшін барып немесе бармай жүргізіледі, соның ішінде бақылау сатып алулары да бар.
Кәсіпкерлік кодекстің 137 және 144-1 баптарына сәйкес профилактикалық бақылау ескерту сипатында болады. Заңбұзушылықтар анықталса, әкімшілік іс қозғалмай, оларды жою тәртібі түсіндірілген ұсынымдар жасалады.
Жүргізушілер не істей алады?
Азаматтар мен заңды тұлғалар заңбұзушылықтарға дәлел болған жағдайда комитеттің аумақтық департаменттеріне жоспардан тыс тексеру бастау үшін өтініш бере алады. Аккредиттелген зертханалардың тізімі ЕАЭО Бірыңғай тізілімінде қолжетімді.