Ақмола облысында Көкшетау – Зеренді тасжолының бір бөлігінде жөндеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады, - деп жазады Tengri Auto.
Жоба аясында жолдың ені 7 метрден 11 метрге дейін кеңейеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, үш жолақты қозғалыс жүйесі іске қосылып, оның бір жолағы реверсивті болады. Бұл жолдың өткізу қабілетін арттырып, жол-көлік оқиғаларын алдын алуға мүмкіндік бермек. Әсіресе жазғы маусымда қозғалыс қарқындылығы артқан кезде туристер мен жергілікті тұрғындар үшін бұл жол ыңғайлы әрі қауіпсіз болады деп күтіледі.
"Жазғы уақытта Зеренді курорттық аймағына баратын көлік саны артатыны сөзсіз. Жөндеу жұмыстары 47 шақырымды қамтиды. Қазір жоба аясындағы жұмыстар белгіленген кестеге сай жүріп жатыр", – деді вице-министр Мақсат Қалиақпаров.
Реверсивті жол – тәулік уақытына немесе кептелістерге байланысты қозғалыс бағыты өзгеруі мүмкін жол немесе жолдағы бөлек жолақ.