Бұл атын атауға болмайтын ауру болуы мүмкін бе?
Көрші Ресейде екінші ай қатарынан фермерлердің малы жаппай союға алынып жатыр. Кейбір өңірлерде карантин жарияланды. Ресми ақпарат бойынша, жануарлар арасында пастереллез бен құтыру індеті тараған. Осы жағдайға байланысты Қазақстан "аса қауіпті аурулардың келуі мен таралуына жол бермеу мақсатында" Ресейдің бірнеше аймағынан ет өнімдерін әкелуге шектеу қойды. Жағдайдың еліміз үшін қаншалықты қауіпті екенін және індеттің шекарадан өтіп кету ықтималдығын білу үшін Tengrinews.kz редакциясы қазақстандық сарапшылармен сөйлесуді жөн көрді. Олардан күтпеген жерден басқа диагноз - аусыл (ящур) туралы естідік.
2026 жылы Қазақстанда аусыл бар ма? Ауыл шаруашылығы министрлігі не дейді?
Ресейлік БАҚ беттерінен екінші ай қатарынан (және тек олардан ғана емес) "атын атауға болмайтын індет" туралы жаңалықтар түспей тұр. Жергілікті медиадағы жарияланымдарға сүйенсек, Сібір, Поволжье, Новосибирск, Пенза, Саратов, Омбы облыстары мен басқа да өңірлерде фермерлердің малы - сиыр, ешкі, қой, шошқа жаппай тәркіленіп, өлекселері өртеліп немесе көміліп жатыр. Шығын әлдеқашан мыңдаған басқа жетті. Ресми түрде бұл "пастереллез бен құтыру ошақтарын оқшаулау" шараларымен түсіндіріледі.
Малды тәркілеу жиілеген сайын, наразылық білдіріп, малын қорғамақ болған тұрғындар ауылдарға кіреберіс жолдарды жауып тастады. Олар тәркіленген малдың ішінде сау жануарлар да болғанын, сондай-ақ малда нақты пастереллез бен құтырудың анықталғанын растайтын сараптама нәтижелері көрсетілмейтінін айтқан.
Сонымен қатар ресейлік фермерлер, сарапшылар мен басылымдар жануарлардағы белгілер мүлде басқа ауруға көбірек ұқсайтынын жиі айта бастады.
Осы жағдайға байланысты Қазақстан Ресейдің бірнеше өңірінен: Солтүстік Кавказ федералды округінен - Дағыстан, Ингушетия, Қабарды-Балқария, Қарашай-Черкесия, Солтүстік Осетия - Алания, Шешенстан және Ставрополь өлкесінен, сондай-ақ Қалмақстан, Бурятия, Астрахан және Новосибирск облыстарынан мал мен ет әкелуге тыйым салды. Шектеулер тірі ауыл шаруашылығы жануарларын, генетикалық материалдарды, ет пен ет өнімдерін, сүт пен термиялық өңдеуден өтпеген сүт өнімдерін әкелуге және транзитіне қатысты.
Шаралар "аса қауіпті аурулардың келуі мен таралуына жол бермеу мақсатында" қабылданған. Бірақ әңгіме нақты қандай аурулар туралы болып отырғаны Қазақстанның әкелуге тыйым салу туралы ресми хабарламаларында нақтыланбаған.
Бұл ретте Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) ешқандай алаңдаушылық білдіріп отырған жоқ. Олар біздің сауалымызға берген жауабында елдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты екенін айтып сендірді. Олардың мәліметінше, жануарлар арасында құтыру мен пастереллездің тек жекелеген жағдайлары ғана кездеседі, ал малдың жаппай қырылу дерегі тіркелмеген.
"Аусылға ұқсайды": індет неге жасырылуы мүмкін, ет экспорты және ХЭБ мәртебесі
Қазақстанның Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевқа редакция тілшісі түсініктеме алу үшін хабарласқан болатын. Ол да Ресейде болып жатқан жағдай аусылға өте ұқсас деп есептейді. Оның айтуынша, бұл - атын атағысы келмейтін немесе жасыруға тырысатын ауру. Бірақ неге? Аусыл пастереллез немесе құтырудан да қауіпті ме?
Малдағы аусылдың құтыру мен пастереллезден айырмашылығы неде?
Көріп отырғанымыздай, құтырудың мал мен адам үшін салдары әлдеқайда ауыр. Аусыл жануарлар үшін өлімге әкелетіндей қауіпті емес, деп түсіндіреді Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Әбсатиров. Бірақ неліктен дәл осы аусылды жасыру тиімдірек?
Ғалымның айтуынша, бұл аурудың ең үлкен қаупі - ауруды ауыр көтеретін жас мал мен төлдер үшін. Сонымен қатар бұл дерт өте жұқпалы - лезде таралып кетеді.
Қазақстанның Ет одағының төрағасы аусылдың өршуі экономикаға соққы беретінін айтып сөзін жалғастырды. Егер ауру туралы басқа елдер білсе, олар бұл дертті жұқтырмас үшін ет импортына тыйым салады. Оның үстіне, аусыл өршіген кезде ел Халықаралық эпизоотиялық бюро беретін қолайлы ветеринарлық мәртебесінен айырылады.
"Бюрода: мына жерде жағдай жақсы, мына жерде жаман деп айтады. Комиссиялар келеді. Елдер бұл мәртебеден айырылудан қорқады, өйткені бұл тікелей экономикалық қауіпсіздікке қатысты. Мәртебеден айырылсаң - экспорттық келісімшарттардан айырыласың, ірі кәсіпорындар шығынға батады. Жүз пайыз, бұл аурудың атын атамаудың жалғыз себебі осы. Бар күшімен жасырады. (...) Бұл жағдайда Ресей жай ғана келісімшарттарды жоғалтқысы келмеді, өйткені олар үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты - валюталық түсімнің маңызды бабы және бедел мәселесі. Сондықтан жасырады", - деп Бақтыбаев болып жатқан жағдай туралы өз болжамын бөлісті.
2022 жылғы Қазақстандағы аусылдың өршуі: мәселе қалай шешілді?
Сарапшы бірнеше жыл бұрын Қазақстанда да аусылға қатысты жағдайдың ұзақ уақыт бойы жария түрде мойындалмағанын еске салды. Тек елдің солтүстігіндегі індет тым ауқымды болып кеткенде ғана оны мойындауға тура келді. Ауру жұқтырған және олармен байланыста болған жануарлар өртеу арқылы жойылды.
Осыдан кейін Қазақстан қолайлы мәртебесінен айырылды, содан кейін малды жаппай вакцинациялау басталды.
"Қазақстан да соңына дейін жасырды, бірақ жағдайдың көптігі соншалық, біз оны мойындауға мәжбүр болдық және мәртебемізден айырылдық. (...) Соңында біз бұған көндік, жаңа мәртебе алдық. Вакцинация жасадық, бағдарламаларды жаңарттық, сосын бізге: "Болды, енді сендерге болады" деді. Бұрын мәртебе "вакцинациясыз" болатын, ал қазір "вакцинациямен". Мұның бәрін қалпына келтіруге болады, тек уақыт керек. Екі-үш жыл айналысу қажет", - деп түсіндірді Бақтыбаев.
Мақсұт Бақтыбаев мысал ретінде өз тәжірибесін келтірді. Бірнеше жыл бұрын оның шаруашылығында да аусыл болған, кейінірек ол бүкіл ферманы вакцинациялаған.
"Бұл ауру емделеді. Менде үш мың бас мал бар. Олардың бәрі ауырып шықты. Мүмкін, әлсіздіктен 30-ға жуық бас шығын болған шығар. Бұл қалыпты жағдай, одан қорқатын ештеңе жоқ", - дейді сарапшы.
Сиырлардың арасында аусыл таралған кезде, келесі шаралар қабылданғанын айтады:
- өлген жануарлар өртелді;
- қатты ауырғандары ет комбинаттарына өткізілді;
- сауығып кеткендеріне тиіскен жоқ.
Аусылдан кейін етті жеуге бола ма - өңдеу ережелері
Мақсұт Бақтыбаев мұндай етті тек қатаң тексеруден және дұрыс өңдеуден өткен соң ғана тұтынуға болатынын түсіндіреді. Ветеринарлық қызметтердің бақылауынсыз оны қолдану қауіпті.
"Басты шарт - мұқият термиялық өңдеу. Аусыл вирусы жоғары температурада жойылады, сондықтан ет жақсылап пісірілуі немесе өнеркәсіптік өңдеуден өтуі керек, мысалы, консервілер немесе пісірілген өнімдер түрінде. Мұндай етті шикідей, қақталған немесе шала піскен күйінде жеуге болмайды".
Сондай-ақ аурудан кейінгі мал етін шикі күйінде еркін саудаға жіберуге тыйым салынады. Әдетте ол қайта өңдеу үшін арнайы кәсіпорындарға жіберіледі.
Түйіндей келе, сарапшы аусыл шаруашылық үшін соңғы үкім емес екенін және одан кейін де тіршілік тоқтамайтынын атап өтті. Алайда ол үшін ауқымды жұмыс қажет: жануарларды емдеу, ветеринариялық шараларды сақтау және өнімді дұрыс пайдалану. Ол сауатты тәсіл қолданылса, шаруашылықты сақтап қалу және індеттен кейін қайта қалпына келу әбден мүмкін екеніне сендіреді.
Ең бастысы - ауру анықталған бойда дереу хабарлап, індеттің ауқымды жайылуына жол бермеу үшін оны оқшаулау, сондай-ақ инфекцияның аймақтан немесе елден тыс жерлерге таралуына тосқауыл қою.
Аусыл кезіндегі малды жаппай сою: тіпті сау жануарларды не үшін жояды?
Ауру өршіген кезде жануарларды жаппай сою қаншалықты дұрыс деген сұраққа Қазақстанның Ет одағының төрағасы Ресейдің іс-әрекеті хаттамаларға сәйкес келеді:
"Олардың қазіргі жасап жатқаны - орынды әрі дұрыс. Ереже бойынша солай болуы тиіс. Олардың ветеринариялық қызметі біздікіне қарағанда әлдеқайда қуатты, қатаң әрі нақты жұмыс істейді. Олар Новосибирск облысындағы індет ошағын дер кезінде оқшаулап, әлеуетті тасымалдаушы болуы мүмкін барлық жануарды сойып тастады. Халық қарсы болды, бірақ, негізінде, мәселе шешілді".
Сарапшы жекелеген ауырған малды емдеуге болатынын түсіндіреді. Бірақ жаппай індет кезінде жағдай басқаша: ауырып тұрған сиыр инфекция тасымалдаушысы болып қалуы және ауруды әрі қарай таратуы мүмкін.
Ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Әбсатиров та осыған ұқсас ақпаратпен бөлісті: аусыл өршіген кезде инфекция ошағындағы мал басын толық жою әдісі жиі қолданылады. Жануарларды қан шығармай өлтіріп, содан кейін кәдеге жаратады. Бұл аурудың өте жұқпалы болуымен байланысты: вирус ауа-тамшы жолымен, сілекей, төсеніш және көлік арқылы берілуі мүмкін. Яғни, аусыл туралы сөз болғанда, оларды жою шаралары толықтай қисынды.
"Түйіндей айтқанда: қазір Ресейде болып жатқан жағдайды біз бұрын басымыздан өткергенбіз. Ол жерде ешқандай жаман немесе таңсық дүние жасалып жатқан жоқ. Тек адамдар жағдайды ушықтыруға бейім. Бұл жерде дұрыс түсіндіру жұмыстары қажет еді. "Бұл аусыл ауруы, біз сіздерге шығынды өтейміз" деп бәрін түсіндіргенде, халық түсінер еді. Ал ол жақта ештеңе айтылмай жатыр. Бос орынды міндетті түрде қауесеттер, болжамдар мен қастандық теориялары басады", - деді Мақсұт Бақтыбаев.
Қастандық теориялары: "Мираторг" және басқа да нұсқалар
Шынында да, ақпараттық вакуум жағдайында әлеуметтік желілерде жануарларды не үшін өлтіріп жатқаны туралы мыңдаған нұсқа қаптап кетті. Нарықтағы ірі ойыншылардың "коммерциялық мүдделерінен" бастап, мүлдем жұмбақ болжамдарға дейін айтылды.
Ең танымал нұсқалардың бірі "Мираторг" агрохолдингі төңірегіндегі оқиға болды. Ресейде әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі Сібірдегі малдың жаппай сойылуын компанияның мүддесімен байланыстырды, тіпті оның өнімдеріне бойкот жариялау туралы үндеулер де айтыла бастады.
Мұндай күдікке негізінен жеке қожалықтардағы малдың тәркіленуі, ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, ірі агрохолдингтердің мал басына тиіспеуі себеп болған.
Мақсұт Бақтыбаев мұның себебі бар екенін айтады: ауру жаһандық сипат алмауы үшін алдымен ұсақ фермерлердің малдары жойылған.
"Ірі кәсіпорындар зардап шеккен жоқ. Онда орасан зор капитал мен инвестиция бар, бүкіл елдің экономикасы соған байланысты".
Бірақ ресми ақпараттың тапшылығынан желіде ұсақ шаруашылықтарды осы аймақтарға кіріп, нарықты иеленгісі келетін ірі ойыншылардың мүддесі үшін "тазартып" жатыр деген қауесет тез тарап кетті.
Әлеуметтік желілерде тіпті шаруашылық иелерін "әдейі" дағдарысқа ұшыратып жатыр деген радикалды қауесеттер де тарады. Бұл мәлімдемелерге ешқандай дәлел жоқ.
Қазақстан қауіпті аймақта ма?
Айтпақшы, Батыс Қазақстандағы ветеринария және биотехнология орталығының директоры Ғайса Әбсатиров та көршілерде дәл осы аусыл індеті өршігеніне сенімді.
Профессордың айтуынша, мұндай ауру анықталған кезде мемлекет бір тәулік ішінде халықаралық ветеринариялық ұйымдарға хабарлауы тиіс. Алайда, маманның пікірінше, билік мәселені ашық мойындаудың орнына ұзақ уақыт бойы жасырып келген.
Бізге төнетін қауіпке келсек, сарапшы Батыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында аусылдың алғашқы белгілері байқалуы мүмкін екенін нық сеніммен айтады. Оның айтуынша, бұл - Бөкей ордасы, Бөрлі және Жаңақала аудандары.
Ол өз уәжін өзіне жергілікті фермерлер кеңес алу үшін жүгінетінімен және олар сипаттаған симптомдардың көбіне аусылға ұқсайтынымен түсіндіреді. Профессордың айтуынша, осы себепті шаруашылық иелері малға жаппай вакцина егіп жатыр.
"Не істеп жатыр? Вакцинация жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде әзірге мақсатты жұмыс, бақылау, мониторинг және тиімділік қажет. Қазір вакцинаның жұмыс істеп тұрғанын қадағалау керек. Егер нәтиже бермесе, басқасын іздеу қажет", - дейді Ғайса Әбсатиров.
Оның пікірінше, ауру елге шетелден келуі мүмкін.
"Меніңше, Ресейден бізге ауып жатыр. Өйткені көршілес мемлекеттердің ветеринариялық қызметтерінің өзара келісілмеген жұмысының салдарынан Ресейден Өзбекстанға, Қырғызстанға біз арқылы транзитпен мал өткізбек болған жағдайлар тіркелді. Тіпті жануарларында аусылдың айқын белгілері бар малшылар да болды - малдың сілекейі ағып, мұрын қуысы зақымдалған".
Айта кетерлігі, Ресей БАҚ-тарында бұған қарама-қайшы нұсқалар айтылды - "аусыл Сібірге Қазақстанның солтүстік аудандарынан әкелінген болуы мүмкін" деген болжам жасалды.
Ақбөкендер - аусыл тасымалдаушы
Айтылғандарға қоса Ғайса Әбсатиров аусылдың шекарадан өтуіне ақбөкендер де себепші болуы мүмкін екенін алға тартады. Бұл дертке барлық дерлік аша тұяқты жануарлар - үй жануарлары да, жабайы аңдар да бейім. Сондықтан профессор жағдайды ветеринариялық-экологиялық дағдарысқа ұласып кетпес үшін бақылауда ұстауға шақырады. Бұған ақбөкендер санының әлі де жоғары болуы және мамыр айында төлдеу кезеңі, содан кейін мал басының тағы да артатыны себеп болуы мүмкін.
Профессордың пайымдауынша, ауру жаппай өршіген жағдайда, басқа елдердегідей ауру жұқтырған жануарларды алып қою бойынша қатаң шаралар қажет болуы мүмкін.
"Шығар жол, қазіргі жалғыз амал - ауруға бейім барлық жануарға алдын алу вакцинация жүргізу керек. Ал клиникалық белгілері айқын ақбөкендерді, былайша айтқанда, алып қойып, көзін жою қажет. Болды, бұдан басқа жол жоқ", - дейді ол нық сеніммен.
Бірақ Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды тұрақты деп есептейтінін, ал редакцияның мән-жайды ашуды сұраған сауалдарын, соның ішінде аусыл туралы сұрақтарды да жауапсыз қалдырып отырғанын еске сала кетейік.
Ал ақбөкендер арасындағы ықтимал ауру ошақтарына қатысты ведомство 2026 жылдың басынан бері "аса қауіпті ауруларды" тасымалдаушы жабайы жануарларға 179 зерттеу жүргізілгенін және ештеңе табылмағанын мәлімдеді.
"Ұлттық ветеринариялық референттік орталықтың зертханалық зерттеулерінің нәтижелері бойынша бүгінгі таңда жабайы фауна арасында аса қауіпті аурулар жағдайы тіркелген жоқ", - делінген министрлік ақпаратында.
Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі алаңдауға негіз жоқ деп сендіреді.
Ал біз сөйлескен сарапшылар Қазақстан мұндай дағдарыстарды бастан өткерген және аусылмен қалай күресу керектігін білетінін айтты. Осы тәжірибеге сүйене отырып, егер дер кезінде әрекет етсе, яғни вакцина егіп, шектеулер енгізіп, ошақтарды оқшаулап, инфекцияны тежеу шараларын қабылдаса, індет өршіген кезде жағдай тым ауыр болмайды.
Иә, аусыл - бұл туралы ашық айтуды ұната бермейтін және көбіне жасыруға тырысатын ауру. Бірақ мұндай жағдайда кері тәсіл жақсырақ жұмыс істейді: ауруды неғұрлым тезірек мойындап, әрекет ете бастаса, ол соғұрлым аз тарайды және салдары да жеңіл болады.
Авторы: Елизавета Аксенова
Дайындаған: Нұрила Ермекбаева