Теңге қайтадан құлдырауы мүмкін бе? Сарапшылар пікірі
Сарапшылар кейінгі айда теңгенің өсуіне не әсер еткенін айтып, сыртқы, ішкі факторларға байланысты валюта бағамы қайта құлдырауы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Неге рубль мен теңге бағамы өсіп жатыр?
Tengenomika Telegram-арнасының экономисі және авторы Ғалымжан Айтқазин көктемнің басынан бері байқалған теңге бағамының құлдырауы Украинадағы жағдай сияқты сыртқы факторларға, басқа да геосаяси себептерге байланысты болғанын атап өтті. Ресей рублінен кейін теңге орта есеппен 14-15 пайызға құлдырады және долларға қатысты бағам 500 теңгеге дейін төмендеді. Алайда, сарапшының айтуынша, кейінгі айда жағдай басқаша өрбіген.
Сарапшының пікірінше, бір жағынан Ресей билігі мен Орталық банк ұлттық валютаны сақтау үшін ерекше шаралар қабылдаған. Биржада валюталық интервенциялар жүргізілген. Экспорттаушылар өз кірістерінің 80 пайызын рубльге айырбастауға міндеттелген. Санкцияларға байланысты Ресей экономикасы сыртқы қаржы әлемінен оқшауланған жағдайда, жинақталған шетел валютасы импорттың төмендеуіне байланысты елден кетпейді. Валюта экспорт арқылы түсіп, импорт арқылы төмендемейді, бұл қазіргі бағамға әсер етеді. Жақында Ресейдің Орталық банкі валютаны айырбастау мерзімін 60 күнге дейін ұзартты, бірақ бұл жағдайға айтарлықтай әсер етпеді.
"Мұның бәрі өте маңызды, өйткені Ресей Қазақстан үшін негізгі сауда серіктесі болып қала береді. Біз Ресей импортына қатты тәуелдіміз. Елімізде, Ресейде экономиканы қолдау үшін кейбір төтенше шаралар жүзеге асырылды. Бір жағынан, бұл - қаңтардан бастап саяси жағдайға байланысты шаралар аясында өткізілген капиталды шетелге шығаруға тыйым салу. Елде 10 мың доллардан аса алтын мен шетел валютасын әкетуге тыйым салынды. Қазақстан Ұлттық банкі тұрақсыздықтың алдын алу үшін валюта интервенциясының көмегімен теңгеге қолдау көрсетіп отырды. Депозиттерге теңгелік сыйлықақылар енгізілді. Бұл да халықтың теңгеге деген сенімін нығайтты. Депозиттер бойынша наурыздағы деректерден барлық банк ұйымында байқалатын өзгеріске қарамастан, теңгедегі және шетел валютасындағы депозит арасында теңгерім сақталатынын көреміз. Өйткені депозиттер кез келген жерден шығарылады. Депозиттерді долларға айналдыру деңгейі 36,9 пайыздан аспайтын өте төмен көрсеткіште қалып отыр. Мұның бәрі ақыр аяғында валютамызды нығайтты", - деді Айтқазин.
Жасанды валюта бағамы
Сарапшы рубльдің нығаюын негізделген деп атауға болмайтынын айтты. Ол Ресей мен Қазақстанда енгізілген шектеулерден туындап отыр. Ресейге қарағанда, Қазақстанда импортқа байланысты проблемалар жоқ. Бірақ Ресей экономикасындағы жағымсыз факторлар мен тұрақсыз жағдай бізге де әсер етеді.
"Валютаның нығаюы неге айтарлықтай күшті емес? Себебі сыртқы факторлар әлі де теріс әсер етіп тұр. Санкциялар мен әлемдегі қақтығыстардың салдарын ескерместен, қазір инфляция жеделдеп, ақша-кредит саясаты күшейтіліп жатыр. Соның ішінде АҚШ базалық мөлшерлемені көтерді, оны жалғастыра береді. Өйткені олар кейінгі 40 жыл ішінде тұтынушы инфляциясына тап болды. Доллар индексі де өсіп келеді және ол ұзақ уақыт бойы 100-ден жоғары болды. Бұл - өте алаңдатарлық көрсеткіш, өйткені доллардың нығаюы басқа валюталардың онымен салыстырғанда әлсірейтінін білдіреді. Бірақ әзірге кері үрдіс жоғары және теңге мен рубль бағамдарының жасанды түрде нығаюын көріп отырмыз. Бұл ұзақ мерзімді перспектива үшін жақсы емес, өйткені елімізде және Ресейде шектеулер алып тасталса, осы жағымсыз факторлардың әсерін көреміз", - деп толықтырды Tengenomika Telegram арнасының авторы.
Теңгенің "күшті" болуы экономикаға зияны қандай?
Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, теңгенің шамадан тыс нығаюы Қазақстан экономикасына зиян келтіруі мүмкін. Себебі ол экспорттаушыларға байланысты. Валюта күшейген кезде олардың кірісі төмендейді, бұл бюджет кірісіне жанама әсер етеді. Қазақстанда 2022 жылы бюджетке бір доллар үшін 460 теңге валюта бағамы енгізілді. Алайда қазір теңге әлдеқайда күшті және кіріс қысқаруына байланысты бюджетті түзету қажет болуы мүмкін.
Ол болашақта доллар күрт өсуі мүмкін екенін ескеріп, қазақстандықтар қазір "арзан доллар" сатып алса, не болатынын түсіндірді.
"Өз бақылауыма сай, теңгенің нығаюы аномалды болып, ал барлық сыртқы жағдайлар жағымсыз болып қала береді. Осы тұрғыдан алғанда, әркім қазір доллар сатып алудың қаншалықты дұрыс екенін шешуі керек. Ұзақ мерзімді перспективада экономикалық құрылымымыз шикізат бағаларына тығыз байланысты. Қазір бұл бағалардың күрт өсуі байқалса, ерте ме, кеш пе, олар төмендейді, содан кейін біздің валюта бағамы да төмендейді. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан үшін экономикалық жағдай осындай", - деп қорытындылады экономист.
Валюта бағамына әсер ететін 4 фактор
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев қазақстандық валюта бағамына бір мезгілде 4 фактор әсер ететінін және олардың қайсысы басым болса, теңге бағамы өзгеретінін атап өтті.
"Біріншіден, бұл - мұнай. Екіншіден, ішкі және макроэкономика жағдайы. Үшіншіден, рубль бағамы және доллар индексі. Шынында қазір бізге екі фактор қарсы ықпал етеді, ал екеуі жағымды әсер етеді. Макроэкономика жағдайы турбуленттілікке байланысты теріс әсер етеді. АҚШ-тың ФРЖ базалық мөлшерлемені көтеруіне байланысты доллар индексі өсіп жатыр. Доллар индексі қазірдің өзінде 101-ге жақындады, дегенмен жыл басында ол 95 болды. Индекс доллардың басқа валюталарға қарағанда қаншалықты өсетінін көрсетеді. Сонымен бірге рубль және мұнайдың жоғары бағасы оң ықпал етеді", - деді Чеботарев.
Теңге рубль "артынан келе жатыр"
Қаржы талдаушысының айтуынша, рубльдің нығаюы қазір табиғи құбылыс емес. Өйткені Ресей экономикасы құлдырап жатыр. Алайда Ресейде өндіруші компаниялардың барлық кірісінің 80 пайызы немесе олар тапқан 5 доллардың 4-і рубльге ауыстырылады. Сонымен қатар, елде шетел валютасын сатып алу өте қиын. Мұның бәрі рубльдің қазіргі бағамына оң әсер етеді.
"Елімізде қақтығыс басталғанға дейін мұнай бағасы емес, рубль таңдалды. Сондықтан бұл жағдайда рубльге қатысты барлық нәрсе теңгеге әсер етеді деп санаймын. Қазіргі жағдайда бәрі осылай көрінеді", - деді Чеботарев.
Соғыс жағдайында болжам жасау мүмкін емес
Қаржыгер қазір рубль мен теңгеге қатысты ұзақ мерзімді болжамдар жасау мүмкін емес екенін атап өтті. Өйткені Украинадағы жағдайда бәрі апта, тіпті күн ішінде түбегейлі өзгеруі мүмкін.
"Жағдай өзгеруі мүмкін, жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін, қақтығыс ушығып кетуі мүмкін... Осыған байланысты болжам жасау қиын. Ұзаққа созылған қақтығыс болса, біз теңге бағамы бойынша сол баға диапазонында қалуымыз мүмкін. Алайда, бұл нақты емес...", - деді Андрей Чеботарев.