1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Ұсталған шетелдіктер және азаптау туралы шағымдар. Омбудсмен Әзімова қаңтар оқиғасы туралы айтты

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Ұсталған шетелдіктер және азаптау туралы шағымдар. Омбудсмен Әзімова қаңтар оқиғасы туралы айтты ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Эльвира Әзімова

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қаңтар оқиғасында ұсталғандардың қамаудағы жағдайы мен шағымдары туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде ұсталғандар мен құқық бұзды деп күдікке ілінгендерге күш қолдану туралы хабарламалар пайда болды. 17 ақпанда берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "мұндай әрекеттерге жол берілмейді" және әрбір заңбұзушылық бойынша шаралар қабылданып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты. Ол адам құқықтары жөніндегі омбудсмен де, тәуелсіз құқық қорғаушылар да азаптауға қатысты істерді тергеумен айналысатынын атап өтті.

Біз Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен тілдесіп, ұсталғандардың тергеу мекемелеріндегі жағдайын, олардың арасында шетелдіктердің бар-жоғын, оларға заңды құқығын қорғау мүмкіндігі берілген бе, анықтап білдік.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтында қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталғандар мен олардың туыстарынан қанша өтініш пен шағым тіркелген?

- 18 ақпандағы жағдай бойынша 80 өтініш тіркелді, оның 40-ы физикалық күш қолдану арқылы тергеудің заңсыз әдістеріне қатысты. Қалғандары негізсіз қамауға алу, сот актілерімен келіспеу, таңдалған бұлтартпау шарасымен келіспеу, сондай-ақ дер кезінде медициналық көмек көрсетпеу және адвокаттарды жібермеу. 

Мысалы, Атырауда қамаудағыларды орналастыру үшін қосымша бөлме ретінде спорт залы пайдаланылды. Ұсталғандар оларға күндіз ауызсу берілмейтінін айтты. Дерек бойынша тергеу жүріп жатыр, қылмыстық іс қозғалды.

Ведомстводан алған мәліметіміз бойынша, бүгінге дейін 197 қылмыстық іс қозғалса, олардың барлығы дерлік Антикор мекемесінде тергеліп жатыр. Менің ойымша, бұл дұрыс, өйткені тергеу барысы осылайша, тергеу жүргізіліп жатқан органдардан алшақтайды. Егер оны Ішкі істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік қызметі жүргізсе, бұл нәтиженің сенімділігіне күмән келтірер еді. Сондықтан азаптау туралы хабарламалардың көпшілігін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы тексереді, тек бір ғана іс прокуратураның қолында.

Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Эльвира Әзімова

Тұтқындалғандардың бәрі адвокаттар және заң көмегімен қамтамасыз етілген бе?

- Ұстау кезінде көбі адвокаттары барын айтса, көпшілігі ол мемлекет кепілдік берген адвокаттар екенін айтқан. Кейіннен көп адам мәртебесі бойынша тегін адвокаттарға құқығы жоқ екенін мәлімдеді. Біздің тегін мемлекеттік заңгерлер қызметін көпбалалы аналар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған балалар, зейнеткерлер және басқа да санаттар пайдалана алады. Қазіргі уақытта ҚАЖК деректері бойынша іс жүзінде 728 азамат ұсталды (16 ақпандағы жағдай бойынша), бұл адамдарға заңгерлік көмек көрсету өте маңызды. Өкінішке қарай, мен кездестірген тұтқындалғандардың көбі адвокаттарын екі-үш аптадан астам уақыт көрмегенін айтты.

Тұтқын екі аптадан астам уақыт бойы адвокатын көрмесе, бұл дұрыс емес, өйткені адамдар жабық мекемеде және әрине, олар үшін тергеу қай кезеңде жүріп жатқанын түсіну өте маңызды. Олар адвокатпен немесе қоғамдық қорғаушы тұлғасында сенімді қарым-қатынасты дамытады. Бұл олардың туысы болуы мүмкін және олар қашан босатылатыны және босап шығатыны туралы өзекті ақпаратты алғысы келеді. 

Ал ұсталғандарға қатысты зорлық деректері қалай тіркеледі?

- Ол үшін тәуелсіз сот сараптамасы қажет. Ұсталғандарды уақытша ұстау изоляторларынан тергеу изоляторына ауыстыра бастаған кезде, оларға күш қолдану туралы көптеген мәлімдеме болды және тергеу изоляторларына түскеннен кейін 48 сағат өткенге дейін сот-медициналық сараптама жүргізу маңызды болды. Біз бұл мәселені көтердік және ішкі істер министрі бізбен келісті. Мысалы, Алматы, Атырау, Қызылорда, Шымкент, Таразда азаматтық мамандарды шақырып, бірден комиссиялық қабылдау жүргізе бастады. ШҚО-да прокуратура алыс аймақтардағы халыққа және оқу орындарына қызмет көрсететін жылжымалы диагностикалық зертхананың келуін қамтамасыз етті. Дәрігерлер УДЗ алып, рентген түсіріп, жарақаттарын тіркеді. Бұл мәселе ұсталғаннан кейін зорлық-зомбылықты қолдану туралы істер бойынша қылмыстық тергеу аясында маңызды. Заң бойынша азаптауды, зорлық-зомбылықты, қорқытуды, алдауды және басқа да заңсыз әрекеттерді қолдана отырып алынған дәлелдемелер жарамсыз деп танылады.

Қатыгездікпен қарау немесе адвокаттың болмауы, олардың өз қорғауындағы адамдарды қорғау жөніндегі шараларды қабылдамауы туралы барлық хабарламаны судьялар мен прокурорлар ескеруі тиіс. Бұл қылмыстық істер бойынша куәгер статусы бар азаматтарға да қатысты. Куәгер ретінде шақырылған азаматтардың алаңдауын ескере отырып, заңнама қауіпсіздік шарасы ретінде куәгер мен жәбірленушінің айғақтарын сақтауға мүмкіндік береді.

Ұсталғандардың ішінде қаншасы жараланған?

-16 ақпандағы жағдай бойынша 43 адам жарақат алды, сегізінің дене мүшесі сынған және 213 адамда - гематома. Оның ішінде 30 адам тергеу изоляторларының медициналық бөлімінде, біреуі Тараз азаматтық ауруханасында, тағы 12 адам мекеме ішіндегі стационарда жатыр. Әлеуметтік желілерде жарақат алған адам тергеу изоляторына орналастырылғаны айтылған, бірақ жағдай барлық жерде бірдей емес екенін түсіну керек. Әрине, адам ауруханадан жауап алу үшін шақырылған кезде сұрақтар туындайды, бірақ олар палатаның өзінде де жауап ала алады. Дегенмен, ішкі істер органдарының өздері күшейтілген медициналық бақылауды қажет ететіндерді азаматтық ауруханаларға қайтару туралы шешім қабылдады, олар үшін палаталар ұйымдастырды.
Сонымен қатар, Женева конвенциясына сәйкес қарулы қақтығыстар кезінде жараланғандар мен науқастарға медициналық күтім жасалуы тиіс. Сондықтан әр жағдайда денсаулығын ескеру маңызды. Мысалы, екі көзі жарақаттанған адам бүгін Алматыда ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Термиялық күйік алған кәмелетке толмаған сегіз адам бар, алтауы Алматы облысынан және екеуі Алматыдан ата-анасының кепілгерлігімен қамаудан босатылды.

Сіз қанша тергеу изоляторына барып, тексеріс жүргіздіңіз?

- 13 қаңтар мен 14 ақпан аралығында еліміздің барлық өңірінде алдын ала тергеу изоляторында, уақытша ұстау изоляторларында, қабылдау-тарату орындарында 118 рет болдық. Алматыда осындай бес мекеме, Нұр-Сұлтанда - 10, Шымкентте - 12, Алматы облысында - сегіз, Павлодар облысында - 12, Жамбыл облысында - 21 мекеме және басқа облыстарда 5-7 мекемеден болды.

Ұсталғандардың ішінде шетелдіктер бар ма?

- Бүгінде 20 шетелдік азамат туралы мәлімет бар. Көбі Өзбекстан азаматтары - 12 адам, үш Ресей азаматы, екеуі Қырғызстаннан, біреуі Тәжікстан мен Қытайдан және бір адамның азаматтығы жоқ. Қырғызстан азаматтарының бірі Таразда, екіншісі Өскеменде. Өскеменде тұратыны Қазақстанда тұрады және біздің елде тұруға ықтиярхаты бар.

Бас прокуратураның мәліметінше, 711 азамат қамауда, бұрын қамауға алынған 1002 азамат туралы хабарланған. Тұтқындалғандардың көбі Алматы, Алматы облысы, Өскемен, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларында.

Суреттерді Эльвира Әзімова ұсынған

Тергеу изоляторларында ұсталғандар үшін орын жеткілікті ме? Тұтқындалғандарға қандай жағдай жасалған? 

- Тамақ туралы айтатын болсақ, барлық тергеу изоляторының нормативтері мен талаптары бірдей. Материалдық жағдай тұрғысынан айырмашылықтар бар. Мысалы, Алматыда тергеу изоляторы жаңа, онда камералардың жағдайы жақсы. Басқа қалаларда ескі ғимарат, Өскеменде шамамен 300 жыл бұрын салынған. Тамақтану туралы айтсам, алғашқы 48 сағатта ұсталғандарға тамақ беру және басқа да жағдай жасауда проблема болды, өйткені ұсталғандардың саны айтарлықтай көп еді. Кейіннен адамдардың бір бөлігі босатылып, ал басқалары тергеу изоляторларына ауыстырылған кезде жағдай тұрақтанды, бүгінде бұл жағынан шағымдар жоқ. Сонымен қатар, 10 қаңтардан кейін тұтқындалғандардың барлығына үйден сәлемдеме алуға рұқсат етілді.

Мен сөйлескен адамдардың негізгі сұрақтары, біріншісі - менің адвокатым бар, бірақ оны ұзақ уақыт көрмедім; екіншісі - бізді қашан босатады; үшіншісі – ұстау кезінде маған қысым мен күш көрсетілді; төртіншісі - маған тағылған айыптарды негізсіз деп санаймын, мен олармен келіспеймін; бесінші - ұстау кезінде және жауап алу кезінде маған күш қолданылды; алтыншы - үйге барғым келеді, маған шығуға көмектесіңізші. Бұл дұрыс сұрақтар, менің ойымша, адамдарға көмектесу керек, өйткені олар көбі мұндай жабық мекемеде алғаш екенін, мұндай салдар болуы мүмкін деп күтпегенін айтты. Әрине, олардың көпшілігі шошып отыр. 

Тағылған айыпқа келіскердер де болды. Қамауға алынған адамдар үшін ең бастысы тергеу органдары мен прокуратураның іс жүргізу құжаттарының барлық материалдарын өте сапалы орындауы. Ал жалданған қорғаушыларға келетін болсақ, олар өз клиенттеріне үнемі кері байланыс беріп, сапалы қорғауды қамтамасыз етуі керек. 

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл араласқаннан кейін қанша адам қамауға алынды?

- Біз мұны қадағаламаймыз. Алматыда, Алматы облысында, Таразда және басқа аймақтарда шыққандардың бізге қатысы бар. Бүгінгі таңда жалпы саны 270-тен аса адам шығарылды (Ескерту. - бүгінде олардың саны артқан). Бұл жерде барлық жағдайда оларды босату қылмыс жасағаны үшін айып алынды дегенді білдірмейді, олардың көбіне қатысты тергеу жалғасып жатыр, сот отырысы болады. Әрине, әрқайсымыз, яғни адам құқықтары жөніндегі уәкіл, қоғамдық комиссия немесе басқа да қоғам белсенділері бұған өз үлесін қосты деп айта алады, бірақ тергеу изоляторларында күдіктілер мәртебесінде болғандардың бұлтартпау шарасы прокуратураның тексеру нәтижелері бойынша өзгерген. Кім не айтса да, босату туралы түпкілікті шешімді прокуратура органдары қабылдайды. Әрине, біз де бұл жұмыстың тезірек жүргенін, негізсіз айыпталғандар босатылғанын қалаймыз. 

Мен бұл жұмыстармен жалғыз айналыспаймын, ҰАТ (ұлттық алдын алу тетігі) өңірлік топтарына кіретін құқық қорғаушылар мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің құрамына кіретін құқық қорғаушыларды тартамын, біз мынадай қағидат бойынша жұмыс істейміз: тергеу-қамауға алынғандармен әңгімелесеміз, ақпарат жинаймыз, олардың жақындарымен байланысқа шығуға қатысты проблемалар болса, оларға адвокаттар туралы хабарлаймыз және тағы басқа, осының бәрімен айналысамыз. Мен сондай-ақ өңірлік прокуратуралар мен әкімдіктердің басшылығымен кездесемін. Тергеу үшін қамауға алынғандардың бәрі жұмыс істейтінін, оқитынын ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар, тергеу кезінде университеттен шығармауды немесе жұмыс берушіге жұмыстан шығарылмау туралы хабарлама жіберуді өтініп, көмек сұрайтын студенттер бар.

Адам құқықтары жөніндегі өкілдері Саят Әділбекұлы мен Азамат Батырбаевпен кездесті ме (азаптау туралы хабарлағандар - еск.)?

- Саят, Азаматпен жеке кездескен жоқпын. Бірақ олардың мәлімдемесін басшылыққа алып, Бас прокуратураға баяндалған деректерді тексеру және азаптау немесе қатыгездік әрекеттері көрсетілсе, қылмыстық іс қозғау туралы жүгіндім. Бүгінде азаматтардың өтініші бойынша тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы 197 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 8 қылмыстық істі арнайы прокурорлар, қалғандарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство өкілдері тергеу жүргізуде. Осы жұмыс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Тергеу тағылған айып бойынша негізгі сот қарауына дейін аяқталуы қажет. Өйткені азаптау немесе қатыгездік, өзге де процестік заңбұзушылықтар бойынша тергеп-тексеру нәтижелері негізгі істе құжаттарды, оның ішінде қысым, қауіп немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекетін анықтауда құқықтық бағалау үшін маңызды. Бұл тұрғыда адвокат пен азаматтардың өздеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы мәлімдемесі, сондай-ақ, заңның сақталуын қадағалауда тергеу мен прокуратура органы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның рөлі өте маңызды.

Тұтқындалғандар арасында кәмелетке толмағандар бар ма?

- Өкінішке қарай, басында болды. 16-17 жастағылар болды. Барлығы прокурордың тексеріс жұмыстарынан кейін ата-анасының кепілдігімен босатылды. Оларға тәртіпсіздіктерге, ғимараттарға шабуыл жасауға және басып алуға, қару тонауға байланысты байланысты айып тағылды. Бұл жайттар - жеткілікті деңгейде ауыр айыптар.

Деректер бойынша тергеу жалғасып жатыр, оған араласуға жол берілмейді. Тек тергеу органдары, прокуратура, айыпталушы және олардың заңды өкілдері ғана қатыса алады. Көпшілігіне екі айға дейін қамауға алу шарасы таңдалды. Кәмелетке толмағандардың барлығы дерлік қылмыстық сот төрелігінің орбитасына алғаш рет кірді. Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының қатысушысы екенін атап өткім келеді. Конвенцияның 37-бабында баланы қамауға алу, ұстау немесе түрмеге қамау тек соңғы шара ретінде және мүмкіндігінше, қысқа мерзім ішінде қолданылуы керек деп нақты айтылған. Бас бостандығынан айырылған баланы, егер бұл баланың мүдделеріне сәйкес келмесе, ересектерден бөлек ұстау керек. Осылайша, барлық мән-жайды тексерген прокурорлар ата-ана кепілдігімен бұлтартпау шарасын өзгерту мүмкіндігі туралы шешім қабылдады. Бұл өте жақсы қадам.

Баламалы алдын алу шаралары тетігінің тиімді жұмыс істемейтіні туралы Парламент алаңдарында бірнеше рет мәселе көтердім, Бас прокуратураға жүгіндім. Сол сияқты, бұл мәселе мамандардың тұрақты бақылауын қажет ететін мүгедектерге немесе аурулары бар адамдарға да қатысты. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары кәмелетке толмағандарға қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының шектен шығуы мен тағылған айыптың негізділігі туралы мәселе көтерді. Алматы облысында қабылданған шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандар кейіннен ата-анасының кепілдігімен босатылса, Таразда алты кәмелетке толмаған азамат қамаудан босатылды. Алайда, қамауда отырған бір кәмелетке толмағанға қатысты прокурорлық тексеру жалғасып жатыр.

Қорытындылай келе, мынаны айтамын. Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жан-жақты жүргізіліп, сот мүмкіндігінше ашық өтуі керек. Сондай-ақ, қаза болған азаматтардың туыстарының осы сот процестеріне қатысу құқығын қамтамасыз ету қажет.

P.S. Материал дайындалып жатқанда Эльвира Әзімова бүгін Өскеменде тексеру жүріп жатқанын, алдағы уақытта тағы бір топ адам тұтқыннан босатылады деп күтілетінін айтты. Өскемендегі тергеу изоляторынан бұлтартпау шарасының ешқайда кетпеу туралы жазбаша міндеттемеге ауыстырылуына байланысты 10 адам босатылды, олардың арасында бұрын хабарласқан жарақат алған азаматтар да бар. Эльвира Әзімова бұл деректердің барлығы қоғамның күш-жігері мен заңдылықты қалпына келтіру тетігінің жұмыс істеп жатқанын растайтынын, туған-туыстары мен жұртшылықты осы процесті жеделдетуді сұрайтынын айтты.

Реклама
Реклама