1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Үй апатты жағдайда қираса, компания шығынды өтей ме? Заңгер жауабы

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Үй апатты жағдайда қираса, компания шығынды өтей ме? Заңгер жауабы ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Фото:elements.envato.com

Елімізде сақтандыру қызметі туралы заң бар. Сол заңға сәйкес бізде адамдар өз мүлкін сақтандыра алады. Сақтандыру заңының артықшылығы мен пайдасы қандай? Massaget.kz тілшісі бұл туралы заңгер Альбина Бахтиярқызынан сұрап білді.

Үйді не үшін сақтандыру керек?

Үйді сақтандыру – меншік иесінің мүлкін күтпеген жағдайлардан қорғау үшін маңызды. Сақтандыру үйді өрттен, су басудан, табиғи апаттардан, ұрлықтан, вандализмнен және басқа да күтпеген оқиғалардан қорғауға көмектеседі. Артықшылығы - сақтандыру оқыс жағдай болғанда қаржылық шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан үйді қалпына келтіру немесе жөндеуге жұмсалатын шығындарды сақтандыру компаниясы өтейді.

Сақтандырудың арнайы шарты бар ма?

Сақтандыруға көп жағдайда кез келген тұрғын үйді, яғни пәтерді немесе жекеменшік үйлерді алуға болады. Алайда үйдің кейбір түрлері сақтандырылмайды. Мәселен, Қазақстанда кез келген үйді сақтандыруға болмайды. Компаниялар 1968 жылға дейін салынған тұрғын үйлерді, сондай-ақ 15 жылдан асқан ағаш үйлерді сақтандыру келісімшартын жасамайды. Сонымен қатар саманнан және қаңқалы-қамыстан салынған үйлердің иелеріне де сақтандырудан бас тартады.

Сақтандыру шарттары әр компанияның саясатына байланысты. Бірақ негізгі талаптарға үйдің құжаты, меншік құқығын растайтын құжаттар жатады. Кейбір компаниялар үйдің орналасқан жеріне, құрылысының сапасына байланысты қосымша талаптар қоя алады.

Жер үйді сақтандыруға бола ма?

Иә, жер үйді сақтандыруға болады. Сақтандыру компаниялары жер үйлерді, олардың ішкі мүліктерін де сақтандырады. Жеке жер үйлерді сақтандыру үшін де арнайы шарттар мен талаптар болады. Мысалы, үйдің құрылыс сапасы, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы керек.

Үй апатты жағдайда қираса, компания шығынды өтей ме?

Иә, егер сақтандырылған үй табиғи апат немесе басқа күтпеген оқиға салдарынан қираса сақтандыру компаниясы келісімшартқа сәйкес шығынды өтейді. Бірақ барлық шығындарды өтеу келісімнің түріне және шарттарына байланысты болады. Кейбір жағдайларда келісімде белгілі бір оқиғалар ғана қарастырылуы мүмкін.

Қандай құжаттар керек?

Үйді сақтандыру үшін қажет құжаттар:

  • үйдің меншік құқығын растайтын құжат (мысалы, жылжымайтын мүлік туралы келісімшарт);
    жеке куәлік;
  • техникалық төлқұжат немесе құрылыс жобасы (үйдің көлемі, құрылысы туралы ақпарат);
  • кейбір жағдайларда өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы анықтама.

Құжаттарды рәсімдеу сақтандыру компаниясына байланысты болады. Әдетте бірнеше күннен бір аптаға дейін созылуы мүмкін.

Жылжымайтын мүлікті қандай жағдайлардан сақтандырамыз?

Қазақстанда қолданыстағы сақтандыру бағдарламалары бойынша жылжымайтын мүлікті келесі жағдайлардан сақтандыруға болады:

- өрт, жарылыс, найзағайдың түсуі;
- табиғи апаттардан (су тасқыны, су басу, дауыл, құйын, көшкін, топырақтың шөгуі, құлау, тас құлауы, қар көшкіні, лай көшкіні, бұршақ). "Жер сілкінісі" тәуекелі жеке қарастырылады;
- су құбырының, канализацияның, жылыту жүйелерінің істен шығуынан зиян келтірген жағдайда;
- мүлікке көлік құралдарының соғылуы немесе жануарлардың сақтандырылған мүлікпен соқтығысуы;
- үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен, оның ішінде ұрлық, тонау, қарақшылық;
- басқарылатын ұшу аппараттарының немесе олардың бөліктерінің құлауы;
- көрші пәтерлерден (үйдің бір бөлігінен), клиентке тиесілі емес орындардан су өту жағдайы.

Әрбір клиент үшін тариф жеке анықталады: келісімшартта сақтандыру сомасын, тәуекелдерді, франшизаны және қосымша шарттарды таңдауға болады. Сыйақы мөлшері тек осы көрсеткіштерге ғана емес, объектіге және сақтандыру тәуекелінің сипатына да байланысты.

Реклама
Реклама