Хаттамадан тыс Ақорда : балалар және ересектер қоймайтын сұрақтар

Хаттамадан тыс Ақорда : балалар және ересектер қоймайтын сұрақтар Фото: Tengrinews.kz/Аружан Дарибай

Ересек адам Ақордаға алғаш келгенде, бірден осы жердің деңгейіне сай болуға тырысады: даусын бәсеңдетіп, байсалды кейіп танытып, бойын тік ұстайды. Ал бала мұның ешбірін істемейді.

Ересек адам Ақордаға алғаш келгенде, бірден осы жердің деңгейіне сай болуға тырысады: даусын бәсеңдетіп, байсалды кейіп танытып, бойын тік ұстайды. Ал бала мұның ешбірін істемейді.

Балаларды қорғау күнінде Ақорданың келбеті сәл өзгеше болды. Оқушыларды Президент резиденциясында не таңғалдырды және бүгін экскурсия жетекшісіне неге оңай болмады? Tengrinews.kz ұсынған фоторепортажды көріңіз. 

Резиденция ауласына бұл жолы делегациялар немесе ресми қонақтар емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100 мектеп оқушысы кірді.

Бас кіреберісте оларды көк костюм киген экскурсия жетекшісі қарсы алды. Ол ғимараттың тарихы, архитектурасы мен резиденцияның ерекшеліктері туралы айтып берді. Балалар мұқият тыңдағанымен, әрине, тек бір жаққа ғана қарап тұра алмады.

Әрқайсысы өзінше маңызды іспен айналысты. Бірі қақпадағы өрнектерді көруге тырысса, енді бірі бағаналарды зерттеді. Үшіншісі достарына бұрылып, зәулім терезелерді қолымен нұсқап жатты.

Алып ғимараттың алдында бүгінгі қонақтардың қаншалықты кіп-кішкентай болып көрінетіні ерекше байқалады. Бірақ Руслан мұндай фонда жоғалып қалған жоқ: қолын көтеріп, күлімдеп тұр.

Ішке кіргенде топ мүшелері аз уақытқа аңтарылып қалды. Барлығы дерлік жоғары қарайды: бірі төбені тамашаласа, бірі бағаналарды көріп жүр, енді бірі аспалы шамды іздеді. 

Ресми залдарда бұл көрініс өте ерекше көрінеді: мұнда кенеттен тек экскурсия жетекшісінің әңгімесі емес, балалардың шынайы қызығушылығы да естіле бастады.

Бірнеше бала қызыққа берілгені сонша, топтан қалып қоя бастады. Бірақ оларды ешкім асықтырмады. Өйткені Ақордаға келу мүмкіндігі күн сайын туа бермейді емес пе?

Әрі қарай оқушыларды келіссөздер, ресми кездесулер мен мемлекеттік рәсімдер өтетін залдарға бастап барды.

Жаңалықтардан мұндай бөлмелер әдетте бірнеше секунд қана көрсетіледі. Бұл, әрине, балаларға аздық етеді. Оларға бәрін жақыннан көру керек. Және әлбетте, телефонға түсіріп алу қажет.

Ересектерді көбіне осы қабырғалардың ішінде қандай шешімдер қабылданғаны қызықтырады. Ал балаларды басқа нәрсе мазалайды: "Мұндағы алтын шынымен де шын ба?", "Аспалы шамның салмағы қанша?".

"Түрлі елдердің президенттері шынымен осында отыра ма?" деген сұрақтар.

Мәжіліс залында оқушылар бірнеше минутқа делегация мүшелеріне айналды.

Олар елтаңбасы бар папкаларды ұстап, бейнебір келіссөздер сәтті өтіп, маңызды келісімге қол қойылғандай кейіппен өзара алмасқаны қызық көрінді.

Ересектер салмақты кейіп танытатын жерде балалардың күлімдегені бұл көріністі одан сайын әрлендіре түсті.

Папкалармен алмасқаннан кейін балалар делегациясы хаттама бойынша тарап кеткен жоқ. 11 жастағы Руслан залдың алдына шығып, ән сала бастады.

Ересектердің келіссөздерінде бұлай істеу қабылданбаған. Мүмкін, бұл бекер де шығар: егер маңызды құжаттарға қол қойылып, тараптар риза болса, ресми бөлім неге әнмен аяқталмасқа?

Өнер көрсету қошеметпен аяқталды. Осы сәтте олардың басқалардан қаншалықты өзгеше екені анық көрінді: олар алға еркін шығады, назардан қорықпайды және батыл қадам жасаған адамды дәл солай еркін қолдай алады.

Құрмет қарауылының бекетінде балалар ұзақ кідірді. Оларды "Осыншама уақыт бойы қалай тік тұруға және көз ілмеуге болады?" деген жұмбақ қатты қызықтырды.

Мұны бірден тексеріп көргілері келді: бір минуттан соң оқушылардың өздері де тік тұрып, сап түзеп, сәлем берді, бірақ бұл тек алғашқы күлкіге дейін ғана жалғасты.

Әрі қарай экскурсия Шығыс залында жалғасты.

Бастапқыда олар залдың абыройына сай болуға тырысты: бойларын тік ұстап, байсалды қарап, ұстамды отырды.

Бірақ ресми қабылдаудың "балалар нұсқасы" басқаша өрбиді.

Қасындағы досын құшақтап, камераға "жүрекше" көрсетіп те, өте сенімді көрінуге болады екен.

Уақыт өте келе бұл балалардың мұнда кездейсоқ келмегені түсінікті болды. Әрқайсысының өз тарихы, жеңіске жеткен конкурстары, олимпиадалары, жарыстары мен жобалары бар. Олар бұл жетістіктері туралы ешқандай мақтансыз-ақ әңгімелеп берді.

Мәселен, 13 жастағы Қарағұл Сұлтан Ақордаға тек домбыраны жақсы көретін оқушы ретінде ғана келген жоқ. Ол әлемдік рекорд орнатқан - оның жетістігі Азия және Африка елдерінің әлемдік рекордтар кітабына енген.

Ақорда залдарының бірінде Қарағұл күй шертті. Экскурсия бірнеше минутқа тағы да тоқтады: енді балалар сұрақ қойған жоқ, төбеге қарап алаңдамады, тек ұйып тыңдады.

Содан кейін балалар кітапханаға келді. Залдардан, орындықтардан, папкалар мен телефондардан кейін мұнда мүлде басқа ырғақ сезіледі: биік сөрелер, оймышталған төбе, үлкен дөңгелек үстел. Бұл - топқа ештеңе түсіндірудің қажеті жоқ, тек айналаға көз тастау жеткілікті болатын сирек сәт еді.

Бұдан соң балалардың алғашқы сөздері айтылатын Күмбезді залға кезек келді.

Абай облысы, Шар қаласынан келген 11 жастағы Әмірлан Қайраттың қоржынында математика олимпиадаларының жеңістері мен жүлделі орындары бар. Бірақ бұл күні ол есептер мен формулалар туралы емес, өзінің Ақордаға келу туралы арманының орындалғаны жайлы айтты.

- Сыртынан қарағанда шағын болып көрінгенімен, жақындағанда ғимараттың қаншалықты зәулім екенін түсінесің. Бұл - мен көрген ең әдемі ғимараттардың бірі, - дейді бала.

Ересек адам үшін Ақордаға бару жұмыс кестесіндегі кезекті бір шаруа болса, бала үшін - бұл жақындарының бәріне тезірек жеткізу керек сүйінші хабар.

Аягөзден келген 12 жастағы Айғаным Қабахмет те солай істеді.

- Анам қайда баратынымды айтқанда, қуанғанымнан секіре бастадым. Әкеме, ағаларыма қоңырау шалдым. Тіпті жылап жібердім. Бұл қуаныштың жасы еді, - деп еске алады ол.

Айғаным журналист болғысы келеді. Бәлкім, ол бір күні Президент резиденциясына экскурсияға емес, осы қабырғада болып жатқан оқиғалар жайлы ақпарат таратып, сұрақ қою үшін жұмысқа келер.

Ақтөбе облысынан келген Кәусар Нұрланқызының Ақорда туралы өз қиялы болған. Алайда шындық оның күткенінен мүлдем басқаша болып шықты.

- Шынымды айтсам, мен Ақорданы Бәйтерекке ұқсайды деп ойлағанмын. Бірақ бәрі әлдеқайда әдемі екен. Маған барлығы ұнады, - дейді ол.

Болашақта Кәусар дәрігер болуды армандайды.

Зәулім залдарды, аспашамдарды аралап, ресми креслоларды көргеннен кейін бағдарламаның ең жағымды бөлігі - мерекелік дастарқан басталды. Оқушылар алған әсерлерінен бірден тәттілерге, шырындар мен дастарқан басындағы әңгімеге көшті.

Олар залдарды талқылап, ең ерекше сәттерді еске алып, тез арада күнделікті тақырыптарға ауысты: кім қайдан келді, немен айналысады және үйіне барғанда не айтып береді.

Кейін оқушыларға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова келді. Балалар оған өздері туралы негізгі мәліметтерді жарыса айтып жатты: қай өңірден келгендерін, қандай олимпиадаларда жеңіске жеткендерін және болашақта кім болғысы келетіндерін жеткізді.

Естелік сыйлықтарды балалар шығаберісте алды. Елтаңбасы бар ақ пакеттер барлық нұсқаулықтардан маңыздырақ болып кетті: оларды мұқият қарап, бір-біріне көрсетіп, суретке түсу үшін жоғары көтеріп ұстап жүрді.

Содан кейін - баспалдақта жалпы суретке түсу. Тағы да біраз шыдамдылық, камера алдында тапжылмай бірнеше секунд тұру керек. 

Сурет дайын болған сәтте тәртіптің де қажеті болмай қалды.

Балалар баспалдақпен төмен қарай жүгіріп, күліп, пакеттерін бұлғап, бір-бірінен оза жөнелді. Қазір олар үлкен экскурсиядан кейінгі жай ғана балалар.

Ересек адам Ақордадан шыққан бойда бірден өзінің тығыз кестесіне, қоңыраулары мен жұмыс істеріне оралады.

Ал балаларда бәрі басқаша. Олар бұл күнді телефондарындағы суреттерде, елтаңбасы бар ақ пакеттерде, ата-анасына айтар әңгімелерінде және зәулім ресми ғимараттың кенеттен ойлағаннан әлдеқайда жақын болып шыққаны туралы сезіммен алып кетті.

Мүмкін, олардың бірі болашақта бұл жерге басқа мәртебеде оралар. Бірақ бүгін ол маңызды емес.

Бүгін олардың Ақорданы өз көздерімен көргенінің өзі жеткілікті болды.

Авторы: Аружан Дәрібай
Аударған: Нұрила Ермекбаева

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама