Жалқау ма, әлде өз құнын біле ме? Зумерлер жұмыс берушілер мен еңбек нарығын қалай өзгертіп жатыр?

Жалқау ма, әлде өз құнын біле ме? Зумерлер жұмыс берушілер мен еңбек нарығын қалай өзгертіп жатыр? Фото:depositphotos.com

"Біз зейнетке кетеміз, сонда бұл буын әлі талай сорларыңды қайнатады", - дейді олар туралы ересек қызметкерлер.

"Біз зейнетке кетеміз, сонда бұл буын әлі талай сорларыңды қайнатады", - дейді олар туралы ересек қызметкерлер.

Зумерлерді көбінесе жалқау, тым сезімтал және "дұрыс жұмыс істей алмайды" деп есептейді. Жұмыс берушілер жас мамандардың артық жұмыс істегісі келмейтініне, жеке шекарасын қорғайтынын және алғашқы кикілжің туындағанда-ақ оңай жұмыстан шығып кететініне шағымданады.

Ал зумерлердің өзі жұмыс берушілер жастарды сынау арқылы өздерінің қыңыр мінез-құлқын, қызметкерлерді қанау, жалақыны аз төлеу және артық жұмыс істетуге деген ниетін жасырғысы келеді деп санайды.

Шынымен де Z буыны "жұмыс істегісі келмей ме"? Әлде еңбек нарығы алғаш рет ескі ережелермен өмір сүруге дайын емес адамдармен бетпе-бет келді ме? Tengrinews.kz тілшісі зумерлер мен еңбек нарығы арасында не болып жатқанын түсіну үшін жұмыс берушілер, HR-маман, психолог, мәдениеттанушы және жастардың өздерімен сөйлесті. Сондай-ақ, неге біреулер жастарды нашар жұмысшы деп санайтынын, ал басқалары, керісінше, олардың көзқарасы кез келген жастағы қызметкерге жақсы жағдайға қол жеткізуге көмектесетініне сенімді екенін анықтауға тырысты.

Анықтама: буындар теориясы - бұл танымал, бірақ даулы тұжырымдама. Оған сәйкес адамдар есею кезеңіндегі тарихи контекстке байланысты ортақ құндылықтары мен мінез-құлық ерекшеліктері бар жас топтарына бөлінеді. Z буынына немесе зумерлерге әдетте шамамен 1997-2012 жылдар аралығында туғандар жатады. Миллениалдарға - шамамен 1981-1996 жылдары туғандар. Олардың алдында X буыны (шамамен 1965–1980 жж.), ал одан да бұрын соғыстан кейінгі бэби-бумерлер буыны (шамамен 1946–1964 жж.) келеді. Бірақ топтардың шекарасы дереккөзге байланысты өзгеруі мүмкін, ал теорияның өзі жиі сынға ұшырайды: зерттеушілер оның адамдарды тым жалпылайтынын, буын ішіндегі айырмашылықтарды ескермейтінін және жас топтарына "буындық тәжірибемен" емес, табыс деңгейі, ел, орта және өмірлік кезеңмен түсіндірілуі мүмкін қасиеттерді таңатынын айтады. Даулы болғанына қарамастан, бұл теория ақпараттық кеңістігімізге берік енді - әлеуметтік желілер мен БАҚ-та күн сайын жастар мен олардың ата-аналарын салыстыратын контент пайда болады. Жұмыс берушілер де, HR-мамандар да еңбек нарығындағы өзгерістерді бағалауда осы категорияларды қолданады.

1. Жұмыс берушілер не нәрсеге наразы

"Түскі асқа кетіп, қайта келмеді". Жауапсыздық

Зумер буынының қызметкерлеріне қандай айып тағылып отыр? Бірінші және ең бастысы, жұмысқа тым жеңіл қарау мен жауапсыздық. Жас үміткерлердің бір бөлігі алғашқы жұмыс күні-ақ іріктеуден өте алмайтыны белгілі болды. Дәлірек айтсақ, тіпті тал түсте де.

"Түскі асқа кетіп, қайта клемеді" - бұл сөзді зумер-қызметкерлер туралы сөйлескен әртүрлі компанияның бірнеше иесі қайталады. Бақытқа орай, бұл жерде ешқандай қайғылы жағдай немесе төтенше оқиға туралы сөз болып тұрған жоқ. Жай ғана жас қызметкер алғашқы жұмыс күні түскі үзіліске шығып, жұмыс өзіне сәйкес келмейтінін іштей шешіп, біржола жоқ болып кетеді. Ешқандай жанжал, түсініктемесіз және көбінесе жұмыс берушіге тіпті хабарлама да қалдырмайтын көрінеді.

Үлкен буын үшін мұндай әрекет ашықтан-ашық дөрекілік әрі таңғалдырарлық көрінсе, жастар үшін бұл өздеріне жайсыз жағдайдан тез шығудың жолы.

"Әнелді түскі астан қайтпады, екі сағат өтті, уайымдап, қоңырау шала бастадық, ол басында жауап бермеді. Содан кейін маған WhatsApp-қа "мен бармаймын, сіздерде жұмыс істегенім ұнамады" деп жазды", - дейді алматылық кофейне иесі Н. жұмысқа кірісе алмаған жаңа қызметкер туралы.

Сондай-ақ жұмыс берушілер "түскі астан оралмағандардың" мынадай жауаптарын тізіп берді:

  • "бармаймын, айнып қалдым",
  • "бармаймын, өйткені сіздер токсик адамсыздар",
  • "бармаймын, барғым келмейді". 

Ал кейбір жағдайларда кері байланыс алу мүлдем мүмкін болмаған, жоғалып кеткен жаңа жұмысшылар қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеген.

"Олар тіпті белгіленген сұхбатқа да келмейді. Ескертусіз. Көбісінің жауапкершілігі нөлге тең", - деді жас үміткерлер туралы сауалнамаға қатысқан HR-мамандардың бірі.

"Бұл бір аптаға ма?" Жалақыға қатысты үміт

Жұмыс берушілердің келесі талап-тілегі - тәжірибесі жоқ үміткерлердің жалақыға қатысты зор үміттері.

"Біз сатушылар жинадық. Тәжірибесі жоқ жастарды да алып, өзіміз үйретеміз. Жалақы - 250 000 теңге, оған қоса саудадан түсетін пайыздар бар. "Бұл бір аптаға ма?" - деп сұрады бір студент қыз", - дейді косметика дүкенінің иесі Н. күліп.

Бұл бір айлық жалақы деген жауапты алғаннан кейін, Н.-ның айтуынша, "тәжірибесі жоқ бойжеткен" жай ғана орнынан тұрып, кетіп қалған.

"Зумерлер өмір сүруге қанша ақша керек екенін бағалайды және төлем бойынша өз талаптарын қояды. Ал жұмыс берушінің оларды қанағаттандыруға әрдайым мүмкіндігі бола бермейді", - деп түсіндіреді бұл жағдайды біздің сарапшымыз, мәдениеттанушы Самир Серкебаев.

Ол ешкімді айыптамайды, былай дейді: "Қызық болғанда, мұнда екі тараптыкі де дұрыс. Зумерлердікі дұрыс, өйткені олардың жалақы бойынша күткені - қалыпты өмір сүрудің (тамақ, ипотека, демалыс, психолог) нақты құны. Жұмыс берушілердікі де дұрыс, себебі еңбек нарығы сұраныс жоғары болса да, мұндай жалақыны көтере алмайды. Яғни зумер 400 мың теңге талап етеді, өйткені одан аз болса "мағынасы не?", ал жұмыс беруші 250 мың бере алады; оның үстіне бұл орынға тағы 20 үміткер кезекте тұр".

Фото: © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"Менде йога". Ұжымдық рухтың жоқтығы

Жұмыс берушілердің тағы бір жанына бататын мәселесі - артық жұмыс уақытынан үзілді-кесілді бас тарту.

- Мен сенің жасыңда кеңседе қонатынмын! - деп кейиді миллениал басшы.

- Бұл сіздің мәселеңіз, менде 18:30-да йога, - деп байсалды жауап береді зумер.

Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, өндірісте кенеттен туындаған жағдайлар мен шұғыл тапсырыстар кезінде де зумерлер илікпейді және жұмыс уақытынан тыс қалмайды. Кейде тіпті "күйіп кету" себебімен жұмыс уақытын қысқартуды талап ететіндері де болады.

Әлеуметтік желі қолданушылары қазір осы тақырыптар төңірегінде қызу пікірталас тудыратын көптеген оқиғаны жариялап жатыр:

"Мені бәрінен де мына жағдай таңғалдырды: желі тоқтаусыз жұмыс істейтін және ауысым 12 сағатқа созылатын өндіріс орнында бір зумер 12 сағатта "жалығатынын" айтып, бастығынан ауысымын 9 сағатқа дейін қысқартуды сұрады", - дейді Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы.

Дегенмен, миллениалдар мен икстердің көбі артық жұмыс істеу мәселесінде зумерлерді қызу қолдап кетті:

- Мен миллениал ретінде кеңседе түнеудің еш мәнін көрмеймін. Ондай кездер расымен болды. Себебі өткен буынның арасында басқару қабілеті үшін емес, тек еңбек өтілі үшін басшы болған нашар менеджерлердің үлесі жоғары.

- Мен миллениалмын және бұл тұрғыда зумерлерді қолдаймын. Өйткені колхозда бәрінен көп жұмыс істеген ат еді, бірақ ол бәрібір төраға болған жоқ. Онда мұның бәрі не үшін керек? - деп пікір білдіреді үлкен буын өкілдері.

Олардың айтуынша, жас кезінде қызметкерлерді тегін әрі жиі жұмысқа салатын басшылар "корпоративтік рухты" алға тартқанды жақсы көрген.

Ал жұмыс берушілер, әдетте, кесімді пікір айтады:

"Төрт сағат ішінде бәріне үлгеретін бірнеше аса тиімді зумерді көрдім. Бірақ қазіргі зумерлердің басым көпшілігі - тиімсіздіктің үлгісі. Олар нашар істейді және тәртіптері төмен. Мүмкін, көбі әлі күнге дейін ата-анасымен бірге немесе солардың есебінен өмір сүріп жатқандықтан, өздеріне осындай еркіндік беретін шығар", - дейді ірі компания басшысы.

2. Зумерлердің өздері не дейді

Енді екінші тарапты да тыңдап көрейік. Біз зумерлерге "Жұмысқа тұрған алғашқы күні-ақ шығып кеткен кездеріңіз болды ма?" деген сұрақ қойып, оның себептерін анықтадық.

Міне, жаңа жұмыс орнында жоғарыда жұмыс берушілер айтқандай, небәрі жарты күн істеген Евгения өз тәжірибесі туралы былай дейді:

"Менде сондай тәжірибе болды, жарты күн жұмыс істеп, өзімді жайсыз сезіндім. Аурухана парағын алуға мәжбүр болдым, кейін жұмысқа қайтып оралмадым, өйткені ұжым ұнамады. Әйелдер ұжымында өсек-аяң мен көреалмаушылық тым көп болды, бәрі екіжүзді, олармен бірге отыру жиіркенішті еді. Оған дейін екі күн тағылымдамадан өткенмін. Біреуі шығып кетсе, артынан қалай сөйлейтіндерін естідім. Мұндай адамдармен жұмыс істегенше, бәрін бетке айтқандары артық".

Бойжеткен психологиялық жайлылығын сақтау үшін жұмыс орнынан еш ойланбастан бас тартқан.

Тағы бір жас кейіпкеріміз алдыңғы буынның "жұмыс - нәтиже емес, процесс" деген ұстанымына тап болған:

"Мен екі ай бойы "бумер" әйелдің қол астында жұмыс істедім, әрқашан барымды салуға тырысатынмын. Тапсырмаларды көбіне уақытынан бұрын бітіретінмін, бірақ жауап ретінде: "Тапсырма жоқ, бірақ отыра бер, әлі сағат алты болған жоқ", - дегенді еститінмін. Кейін ол менің еңбекқорлығыммен қалай күресу керегін ойлап тапты: жұмыс күнінің соңында құжаттарды үйіп тастайды да, мен онымен бірге кешкі сегізге дейін отырамын", - дейді ол.

Және бұл тәсілдің өзіне мүлдем ұнамағанын айтады: егер сен бәрін тез әрі сапалы істесең, бұл үйге қайтуға болады дегенді білдірмейді екен. Керісінше, сен отырып, қайнаған жұмыстың кейпін танытуың керек. Ол мұны абсурд деп санайды және оған қатысқысы келмейді.

Келесі оқиға - ресми тіркеусіз тағылымдамалар және кешегі студенттің есебінен салық үнемдеу әрекеттері. Мұны да зумерлер ендігі жерде "өмір мектебі" деп қабылдауға дайын емес.

"Маған ресми емес тағылымдама үшін 400 доллар алатынымды мін қылды. Жұмыс беруші мен үшін салық төлегісі келмеді және оны онсыз да аз жалақымнан шегеріп тастауды талап етті. Мен келісе жаздадым, бірақ дер кезінде түсіндім: бұл жұмыс емес, "жастарға берілген мүмкіндік".

Көріп отырғанымыздай, жас мамандар өздерінің теріс тәжірибелері мен жұмыстан кету себептерін қарапайым әрі түсінікті етіп сипаттайды: бұл - ментальді саулық пен қарапайым құрмет үшін күрес. 20–25 жастағы қазақстандықтар үшін ұжымдағы токсик орта немесе кеңседе таңертеңнен кешке дейін мағынасыз отыру - ешқайда болса да кетіп қалуға негізді себеп.

Бұған дейін редакция жасы келген жұмыс ізденушілердің қиындықтарын жазған болатын. "Зейнетке ерте, ал жұмысқа алмайды. Еңбек нарығында “есептен шығып қалған“ 40+ жастағы қазақстандықтар туралы"

"Олар өзін жұмыс сұраушы емес, қызмет көрсету нарығындағы сатып алушы ретінде ұстайды"

HR-консалтинг басшысы Дарья Тимошина Қазақстандағы буындар арасындағы басты мансаптық қақтығыс жастарда алғаш рет нақты таңдау мүмкіндігінің пайда болуына байланысты деп санайды.

Егер 30 бен 50 жастағылар жұмыстан шығып қалудан қорқып, орнына жабысып тұрса, зумерлер өздерін нарықтың қожайыны сезінеді. Ірі қалалардағы еңбек нарығы жұмыс берушіге емес, ізденушіге тиесілі, деп атап өтті ол.

"Жастардың кімге жұмысқа баратынын таңдауға мүмкіндігі бар. Кем дегенде, үлкен қалаларда солай. Ал нарық сенің қолыңда болғанда, жұмыс берушіге жұмыстан шығарып жібереді-ау деген қорқынышпен жәутеңдеп қарамайсың. Біз, 40-тан асқандар, "жұмыс - тапшы дүние, оны бағала" деген қағидамен өстік. Тек таныс арқылы жұмысқа орналасатын кездер есіңізде ме? "Ақша керек емес, тек тәжірибе жинасам болды" дегендерді ше? Зумерлерде мұндай психологиялық жарақат жоқ.

Дарья Тимошина
HR-консалтинг басшысы

Сарапшының айтуынша, жастар "бұл жерден кетсем, басқа жер табамын" деп нық біледі. Сондықтан олар өздерін өтінуші емес, қызмет көрсету нарығындағы сатып алушы секілді ұстайды.

Дарья Тимошина мегаполистердегі кеңсе нарығы үшін басты мәселелердің бірі жеткізу қызметтерінің қарқынды өсуі болғанын айтады. Жастар мансаптық амбицияға қарамай-ақ, ақшаны тез санап үйреніп алған:

"Университет студенті курьер болып жұмыс істеп, аса қиналмай-ақ 300–500 мың теңге таба алады. Сонымен қатар, ол кеңседе таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін 200 мың теңге жалақыға отырған және үстеме жұмыс істеуі талап етілетін құрдастарына мысқылмен қарайды. Бұл контраст классикалық жалдау жүйесін бұзып жатыр".

"Аспандағы талаптар" туралы ескертуге жауап ретінде HR-сарапшы зумерлердің аз жалақыға да келісетінін, бірақ ол үшін жаңа білім мен міндетті түрде өсу мүмкіндігі болуы керектігін айтады. Сонымен қатар, олар үшін басшымен "мэтч", яғни тіл табысу өте маңызды.

"Жас маманның басында төзімді тәлімгер тұруы керек. Егер өзара байланыс орнаса, зумер білімді құныға сіңіріп, көшбасшының өмірлік философиясын қабылдайды. Олар компания брендіне емес, адамға байланады. Бұл бизнес үшін "айлалы" міндет: мұндай тәлімгерді тауып, оны ұстап қалу керек, өйткені мұндай жұптар әдетте компаниядан бірге кетеді".

Психологиялық жайлылық және "редфлагтар"

HR-консалтинг басшысының сөзінше, зумерлер - Қазақстандағы психологияны жаппай түсінетін алғашқы буын. Олар үшін "абьюз", "газлайтинг" және "редфлаг" (қауіп белгілері) - жай ғана сәнді терминдер емес, жұмыс таңдаудағы нақты сүзгілер. Олар өз шекаралары бар екенін түсінеді және ол шекараның бұзылғанын қаламайды.

"20-дан асқан жастардың еркін ойлайтыны, эмоциясын ашық білдіретіні және өз шекарасын нақты белгілейтіні көбінің ашуына тиеді. Олар өздерінің психологиялық жайлылығының бұзылуын қаламайды. Иә, тәжірибелі әріптестерінің көзіне өзін "мықты маман" сезінетін 22 жастағы жігіт күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ оларды жазғырмай, дұрыс бағыттап өсірсе, 30 жасқа қарай өте мықты мамандар шығады. Олар біздің буыннан сорлы емес, олар жай ғана басқаша: сезімтал, ойшыл және жанашыр", - деп есептейді HR-маман.

Маман шыдамдылыққа үйренген ("бұл жұмыс қой, істеу керек") басқа буын өкілдері үшін бұл еркелік сияқты көрінуі мүмкін екенімен келіседі.

"Иә, екі жаққа да ауытқулар болады. Бірақ зумер-қызметкерлердің басым бөлігі - қарапайым адамдар. Шыны керек: ересек буындар да "жоқ" деп айта білуді және кешкі 18:00-де өзін кінәлі сезінбестен үйіне қайтуды қалайды. Тек бізге соған рұқсат болмады. Ал оларда - бар".

Қорытындылай келе, Дарья Тимошина бізден кейін келген буынды "жаман" деп айту - бұл үйреншікті жағдай екенін еске салды. Бұл - кез келген кейінгі буынды қабылдаудың классикалық көрінісі.

"Біз туралы да кезінде "жалқау, оңбайды" деп айтқан. Жас ұлғайған сайын біз консервативті бола бастаймыз. Жаңаның бәрі қауіп ретінде қабылданады. Сондықтан зумерлерге де солай қарайды", - деп сендіреді ол.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

"Бұл буын бақытты болғысы келеді"

Мәдениеттанушы Самир Серкебаевтың пікірінше, мәселе зумерлердің "жұмыс істеуді ұмытып қалғанында немесе істегісі келмейтінінде" емес. Жай ғана бұл буын ата-аналарына қарағанда мүлдем басқа - қауіпсіз, ашық және молшылық заманда өсті. Егер миллениалдарға "өмір сүру стратегиясы" тән болса, зумерлердің өмірге көзқарасы мүлдем басқа.

"Алдыңғы буын үшін еңбек - бұл өмір сүру тәсілі және өз болмысының қажеттілігін дәлелдеу. Ал зумерлер үшін еңбек - бұл еркін іс-әрекет".

Самир Серкебаев
мәдениеттанушы

Серкебаев қазіргі жас қызметкерлердің көбі Қазақстанның экономикалық өрлеу кезеңінде өскенін, ол уақытта олардың ата-аналары көбірек еркіндікке, тұтынуға және қауіпсіздікке қол жеткізе алғанын атап өтті.

"Олар үшін әлем - ашық кеңістік, мүмкіндіктер алаңы болды. Ал өмір сүрудің мақсаты қандай да бір ұлы ортақ мұратқа қызмет етуден гөрі, көбінесе өз бақыты үшін, өз шығармашылық, тұрмыстық, материалдық қажеттіліктеріне жетуге негізделген".

Мәдениеттанушы пікірінше, жұмысқа деген мүлдем басқа көзқарас осыдан туындайды. Егер аға буын тұрақтылық үшін басшылық пен ұжымдағы уыттылыққа, артық жұмыс пен қысымға төзуге дайын болса, зумерлер бәрін өз жайлылығы мен ішкі күйі тұрғысынан бағалайды.

"Зумерлер жұмысқа тіршілік етудің жалғыз көзі ретінде қарамайды. Олар үшін мәселе қалай жан бағу емес, осы әлемде өмір сүрудің оларға қаншалықты жағымды екендігінде".

Сондықтан бүгінде жұмыс берушілер мен жас қызметкерлер еңбек нарығына екі бөлек әлемнен қарап отыр.

"Көптеген жұмыс берушілер үшін ескі парадигма сақталып қалған: адам жұмысқа басқа амалы болмағандықтан барады. Ал зумерлердің дүниетанымы керісінше - олар жұмыс берушіні өздері таңдайды".

Бұл ретте Самир Серкебаев зумерлердің неғұрлым жайлы және қажытпайтын жұмыс нұсқаларын іздеу әдетін мүлдем кемшілік деп санамайды.

"Жалқаулық - прогрестің қозғалтқышы. Процесті аз еңбек пен аз уақытты қажет ететіндей етуге ұмтылу әрдайым теріс нәтиже бермейді. Кейде бұл өте озық шешімдерге алып келеді", - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, дәл осы буын бүгінде еңбек қатынастарының өзін қайта қарастырып, адам тек жұмыс үшін өмір сүруі керек деген модельден шығуға тырысып жатыр. Бұл оларға қосымша ішкі ресурстар береді.

"Жұмыс берушінің көзқарасы тұрғысынан зумерлер сенімсіздеу көрінуі мүмкін. Бірақ сонымен қатар олар миллениалдар басын тасқа ұрып жүрген жерден жаңа мүмкіндіктерді көре алады".

Бұған қоса, маманның айтуынша, жастар өздерінің "дұрыс еместігімен" нарықты жаңа форматтар іздеуге итермелейді.

"Олар болмаса, HR-мамандар әлі күнге дейін "күйзеліске төзімділікті" және бір үзім нан үшін жұмыс істеуді талап етер еді, - дейді ол. - Түптеп келгенде, бастысы - адамның тек жұмысқа байланып қалған еңбекқор емес, бақыт таба алатын тұлға болғаны маңызды".

"Өзіне күтім жасау желеуімен кейде жауапкершіліктен қашу жасырынып жатады"

Психолог Юлия Белянинаның пікірінше, қақтығыстың төркіні жалқаулықта емес, зумерлердің менталды саулықты мансап сатысынан жоғары қоятын алғашқы буын екендігінде. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар: зумерлер эмоциялық сарқылу мен жеке шекара жайлы сөздер бос ұғым емес әлемде өсті. Олар ондаған жылдар бойы "төзе тұр, кейін жеңіл болады" деген қағидамен өмір сүрген ата-аналарына қарап, бұл сценарийді қайталағысы келмейді.

"Олар үшін жұмыс пен мансап өмірдің мәні емес. Олар өз денсаулығы мен тұрақты күйзеліс арқылы зардап шегуге дайын емес. Олар тек бастық болғаны үшін ғана озбыр басшыға шыдамайды немесе "тәжірибе үшін" деп уытты кеңседе қалмайды. Олар үшін бұл жалқаулық емес, өзін құрметтеу", - дейді психолог.

Дегенмен, Юлия Белянинаның айтуынша, бұл жерде шектен шығып кетпеу маңызды. Кейде жастар шекараны қорғау мен жұмыс барысындағы жайсыздыққа төзе алмауды шатастырып алады. Ересек өмір - бұл "маған бәрі қарыздар" деген принцип емес, әрдайым тепе-теңдік.

"Кәсіби ортада зумерлердің жеке шекара тақырыбы кейде тым асыра сілтеуге ұласады. Өзіне қамқорлық жасау желеуімен кейде жауапкершілік алудан қашу және жұмыстың әрдайым тек шабыттан тұрмайтынын түсінбеу жатады. Жұмыс тәртіпке, мерзімге және сынды көтере білуге де негізделеді", - дейді сарапшы.

Юлия Белянина түйіндейді: бүгінде кез келген жұмысқа қатысты ескертуді жастар жиі жеке басына шабуыл ретінде, ал нәтиже талап етуді - токсик ұжым ретінде қабылдайды.

"Ересек өмір - бұл адамдармен байланыста бола білу және келісімге келе алу. Кәсіби орта бәрібір тәртіп пен міндеттемелерді талап етеді. Кез келген қиындықтан менталды денсаулықты желеу етіп жасырынбай, мінсіз емес жағдайларға төзе білу керек", - деп еске салады ол.

"Олар үшін жастың үлкендігі құрмет көрсетуге негіз емес". Зумер қызметкерлермен қалай жұмыс істеу керек?

Қорытындылай келе, сөз кезегін өндіріс басшысы Ғұмар Кәрімовке береміз, бүгінде оның қызметкерлерінің жартысына жуығы зумерлер. Оның айтуынша, бұл буынмен жұмыс істеу тәсілі шынымен де өзгеше.

"Олар үшін компанияға деген патриотизм сияқты дүниелер маңызды емес. Оларға дәл қазіргі және осы жердегі жағдай маңызды", - дейді ол.

Кәрімовтің пікірінше, Z буыны еркіндік сезімі және табысқа алдыңғы буындарға қарағанда тезірек әрі оңайырақ жетуге болады деген түсінікпен өскен. Сондықтан олардың басшылыққа деген көзқарасы да басқаша. Адамды тек жасы үлкен болғаны немесе жоғары лауазымда болғаны үшін ғана сыйлау - оларға себеп емес. Оның айтуынша, жас қызметкерлер басшының құзыреттілігін үнемі тексеріп отырады және жасандылықты тез байқайды.

"Олармен жұмыс істеу үшін көп күш пен шыдамдылық қажет. Бұл сенімге кіру үшін емес, сенің құзыреттілік деңгейің олардан шынымен де жоғары екенін дәлелдеу үшін керек".

Сонымен қатар, Кәрімовтің айтуынша, қазіргі басшыға тек бастық болу жеткіліксіз:

"Ең бастысы - олар үшін айдан-айға біртіндеп дамуға көмектесетін өзіндік бір жаттықтырушыға айналу".

Ал аға буын көбіне "жағымды бонус" ретінде қабылдайтын базалық дүниелер зумерлер үшін міндетті норма болып саналады: "Нақты жұмыс уақыты немесе еңбекақының уақтылы төленуі туралы айтпаса да болады - бұл 100 пайыз орындалуы тиіс".

Барлық қиындыққа қарамастан, Кәрімов мәселе тек жас қызметкерлерде емес, сонымен қатар өзгеруге дайын емес жұмыс берушілердің өзінде екеніне сенімді.

"Бұл олардың нашарлығынан немесе олармен жұмыс істеу мүмкін еместігінен емес. Бұл біздің, яғни аға буынның да уақыт тынысын сезініп, өзгеріп, жақсара түсуіміз керектігін білдіреді", - дейді ол.

Оның пікірінше, егер қарым-қатынасты дұрыс орнатса, зумерлер өте мықты қызметкерлер мен серіктестерге айнала алады. Сонымен қатар, спикер барлық жас қызметкерлердің бірдей өсіп-өркендегісі келетініне кепілдік жоқ екенін де мойындайды. Бірақ бұл жерде де, Кәрімовтің пайымдауынша, өмір біртіндеп бәрін өз орнына қояды.

"Қалғандарымен ештеңе істеудің қажеті жоқ. Өмірдің өзі оларға өзгеру үшін қажетті серпін береді".

Оның басшы ретінде байқаған Z буынының тағы бір ерекшелігі: жас қызметкерлер ұжым ішіндегі жақсы әдеттерді ғана емес, жаман әдеттерді де тез қабылдап алады:

"Егер сіз өзіңізге қандай да бір жеңілдіктер жасап, жұмысқа немқұрайлы қарасаңыз, олардың да солай істеуге тырысатынына дайын болыңыз".

Сондықтан, деп түйіндейді Кәрімов, зумерлер бар ұжымда команда ішіндегі ережелер мен келісімдер барынша түсінікті, әділ және барлығына бірдей болуы тиіс.

Авторы: Юлия Колмогорова

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама