2023 жылдың басында Тараз, Қостанай, Ақтау, Атырау мен Ақтөбедегі президент резиденциясы балалардың қажеттіліктеріне берілетіні белгілі болды. Ол кезде жергілікті әкімдіктер оларды кімге беру керегін өздері анықтайтыны айтылған - балабақшаларға, сауықтыру орталықтарына немесе басқа да мекемелерге. Tengrinews.kz редакциясы үш жылдан кейін бұл бастама қалай жүзеге асып жатқанын білмек болды. Зерттеу үшін алғашқы нысан ретінде Жамбыл облысындағы бұрынғы резиденция таңдалды.
Резиденция орнына балалар лагері: уәде орындалды ма?
2023 жылғы мамырда ОКҚ-дағы брифингте Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Нұржан Нұржігітов журналистерге өңірдегі президент резиденциясы жергілікті білім басқармасының балансына берілгенін айтқан болатын. Сол кезде ол нысан аумағында жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагерін ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
"Біз осы пионер лагерін күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен шамамен 600 миллион теңге бөлдік. Онда штат болады, жөндеу жұмыстары жақын арада басталады, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр. Біздің жоспар жыл бойы жұмыс істейтін 50 орындық пионер лагерін ашу. Ғимарат бар, оқу сыныптарын қайта жабдықтаймыз, қосымша жиһаз сатып аламыз. Қаржыландыру, тамақтандыру, жалақы мәселелері шешілген", - деген еді Нұржігітов.
Бір қызығы, үш жыл бұрын бұрынғы әкім балалар лагерін "пионер" деп атаған, бірақ Қазақстанда пионер көп жылдан бері жоқ.
Ал сол жылдың тамызында Нұржан Нұржігітов "пионер" лагерінің емес, "Мөлдір бұлақ" оқу-сауықтыру орталығының салтанатты ашылуына қатысқан.
Іс-шарадан бақытты балалар мен Нұржігітовтың көптеген суреті жарияланды, бірақ бұрынғы резиденция ғимараты көрінбеді.
Бұрынғы резиденцияның қазіргі көрінісі
Сондықтан Tengrinews.kz редакциясы Жамбыл ауданы әкімінің аппаратына ресми сұрау жолдап, нысанның фотосуретін беруді және оны күтіп ұстауға жыл сайын бюджеттен қанша қаражат жұмсалатынын сұрады.
Әкім аппараты толық жауап беріп, суреттерді жіберді. Енді Гродеково ауылындағы қазір балалар демалатын бұрынғы президент резиденциясының қандай күйде екенін көруге болады.
Резиденциядан балалар орталығына бассейн, душ бөлмелері және сауна қалған.
Бөлмелердің бірі асхана ретінде жабдықталған. Басқа бөлмелер оқу сыныптарына, ойын немесе спорт залдарына айналған.
Бұл бұрынғы резиденция екенін қабырға мен төбедегі безендіру, қарапайым балалар орталықтарына тән емес қымбат люстра мен витражды терезелер еске салады.
Сондай-ақ әкім аппаратының өкілдері бұл оқу-сауықтыру орталығы жыл бойы жұмыс істейтінін айтты. Қыркүйектен мамырға дейін балалар 20 күн, ал жазда (маусым, шілде, тамыз) - 15 күн демалады.
"Мұнда Жамбыл облысынан дарынды балалардың, үздік оқушылардың, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруы ұйымдастырылған. Оқу-сауықтыру орталығы Тараз бен Жамбыл облысы аудандарынан 5-9 сынып оқушыларын қабылдайды. Заманауи оқу кабинеттері, спорт алаңдары, воркаут, үйірмелер мен секциялар үшін бөлмелер, асхана бар", - деді аппарат өкілдері.
Сондай-ақ орталық іске қосылғаннан кейін 2023 жылғы бес айда онда 411 бала демалғаны, 2024 жылы - 858 бала, 2025 жылы - 860 бала болғаны айтылды.
Биыл жыл басынан бері мұнда 202 бала келген. Ал дәл қазір орталықта 50 бала демалып жатыр.
"Орталықта үйірмелер жұмыс істейді, шеберлік сабақтары, зияткерлік ойындар мен тақырыптық кездесулер өткізіледі. Мұндай іс-шараларға қатысу балалардың шығармашылық қабілетін, логикалық ойлау мен коммуникативтік дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Балалардың дене белсенділігі мен денсаулығын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Спорттық жарыстар, эстафеталар, ойындар, спорт алаңдарындағы жаттығулар мен таза ауада серуендеу ұйымдастырылады. Емдік дене шынықтыру кабинеті, тренажер залы жұмыс істейді. Ойын-сауық концерттік бағдарламалар, тақырыптық кештер, байқаулар, патриоттық және танымдық кездесулер өткізіледі", - делінген әкімдік жауабында.
Балалар орталығын күтіп ұстауға бюджеттен қанша миллион жұмсалады?
2023 жылғы мамырда өңірдің бұрынғы басшысы Нұржан Нұржігітов әкімдік "осы пионер лагерін ұстауға жергілікті бюджеттен шамамен 600 миллион теңге бөлді" деген еді.
Жамбыл облысы әкімінің аппаратына сауал жолдаған кезде осы соманы нақтыладық.
Ондағылар бұрынғы резиденцияны жөндеу мен қайта жаңғыртуға 2023 жылы 240 миллион теңге жұмсалғанын айтты. Сондай-ақ:
"Бұрынғы резиденциядағы жыл бойы жұмыс істейтін лагерьді күтіп ұстауға жыл сайын 398 миллион теңге бөлінеді. Лагерьді күтіп ұстау мен қызмет көрсету үшін мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алулар жүргізіледі", - деп толықтырды.
Негізі, айтылған деректер сәйкес келеді.
Алайда оларды мемлекеттік сатып алулар сайтындағы келісімшарттар тізілімімен салыстырып көрдік.
- Мысалы, 2023 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен сол басқармаға қарасты "Мөлдір бұлақ" облыстық оқу-сауықтыру орталығы" МКҚК арасында жалпы сомасы 501,3 миллион теңгеге үш келісімшарт жасалған.
- 2024 жылы - осы мекемелер арасында 393 миллион теңгеге бес келісімшарт.
- 2025 жылы білім басқармасы "Мөлдір бұлақпен" тағы бес келісімшарт жасады, бірақ бұл жолы жалпы сомасы 467,1 миллион теңге.
- Биыл бұл мекемелер әзірге тек бір келісімшартқа қол қойған - 108,2 миллион теңге. Қазір ол күшінде және 70,4 миллион теңге игерілген.
Жеке сектордың құпиясы: Жамбыл облысының әкімі шын мәнінде қайда тұрады?
Тағы бір қызығы, кейбір өңірде, мысалы Батыс Қазақстан облысында, әкімдер дәл осындай резиденцияда тұрады.
Ал Жамбыл облысында олай емес екені анық, өйткені резиденция балаларға берілген.
Сондықтан бұл облыстың әкімі қайда тұратыны қызық. Редакцияда бұл сұрақ Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы өткізіп тұратын бірнеше қызықты тендерді көргеннен кейін туындады.
Мысалы, солардың бірі - осы жылдың соңына дейін Тараз жеке секторында орналасқан мекенжай бойынша жалпы энергиямен қамтамасыз ету қызметтері. Жалпы сомасы - шамамен екі миллион.
Сондай-ақ сол нысанға бір жылға суық сумен жабдықтау және кәріз (сомасы 224 500 теңге), 2026 жылдың соңына дейін 1,1 миллион теңгеге табиғи газ жеткізу бойынша ұқсас келісімшарттар бар.
Бұл келісімшарттарда жеке сектордағы нақты мекенжай, сондай-ақ қайда жеткізу керектігі көрсетілген. Бірақ ол қызметтік нысан ба, әлде тұрғын үй ме түсіндірілмеген. Жоғарыдағы мемлекеттік сатып алулар сипаттамасынан бұл шығындар бірнеше жүз мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін екені көрінеді.
Бұл сұрақ туындатады. Яғни, әкім аппаратының шаруашылық басқармасы жеке сектордағы коммуналдық қызметтерді төлеп отыр, бірақ ол жерде не орналасқаны айтылмаған. Спутниктік картадан қарасақ, онда мемлекеттік мекеме жоқ. Нысан кәдімгі жеке үйге ұқсайды.
Жамбыл облысы әкімі аппаратына жолдаған суалымызда осы мәселеге түсініктеме беруді сұрадық. Жауапта бұл мекенжайда қазіргі облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тұратыны, ал бұл тұрғын үй шаруашылық басқармасының балансында екені айтылды. Сонымен қатар аппарат коммуналдық қызметтерді төлейтінін растады:
"Жоғарыда көрсетілген нысанның тұрғын емес бөлігінің коммуналдық қызметтерін төлеуді "Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы" КММ жүзеге асырады".
Алайда әкімдік өкілдері Жамбыл облысының әкімі тұратын бөліктің коммуналдық төлемдері оның жалақысынан ай сайын ұсталып отыратынын айтты.
Авторы: Никита Данилин
Дайындаған: Айнұр Қапышова