Жас қазақстандықтар қарызға өмір сүруге бейімделіп барады: мұның қандай қаупі бар?

Жас қазақстандықтар қарызға өмір сүруге бейімделіп барады: мұның қандай қаупі бар? Фото: © Tengrinews.kz

Қазақстан жастық шақ алғашқы жалақыдан емес, алғашқы қарыздан басталатын кезеңге біртіндеп аяқ басып келеді.

Қазақстан жастық шақ алғашқы жалақыдан емес, алғашқы қарыздан басталатын кезеңге біртіндеп аяқ басып келеді.

Экономист Руслан Сұлтанов осы мәселеге назар аударуды ұсынады. Ол Tengrinews.kz жарияланған авторлық бағанында несие өсімінен де қауіптісі - жаңа буын үшін қаржылық тұрақтылық пен өз қаражатына өмір сүру дағдысы қалыптаспас бұрын, бөліп төлеудің (рассрочка) қалыпты жағдайға айналуы екенін атап өтті. Сарапшы бұл жағдайдың тек жекелеген жастар үшін ғана емес, бүкіл экономика үшін неліктен қатерлі екенін түсіндіреді.

Бүгінде жастардың бір бөлігі үшін алғашқы қаржылық тәжірибе жинақтау шоты немесе алғашқы инвестиция емес, "үш минутта бөліп төлеуді рәсімдеу" батырмасы болып отыр. Дәл осы жайт қазіргі болып жатқан үдерісті сырт көзге көрінгеннен әлдеқайда қауіпті ете түседі.

Өйткені мәселе тек несиелендіруде ғана емес. Мәселе - тұтас бір елдің қаржылық мәдениетінің біртіндеп өзгеруінде.

Несие бірте-бірте төтенше жағдайдағы шешім болудан қалды. Ол жалақыға дейін күн көрудің, телефон сатып алудың, демалыс ақысын төлеудің немесе алдыңғы қарызды жабудың құралына айналды. Ең қауіптісі - қоғам мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастады.

Әрбір екінші қазақстандықтың несиесі бар: сандар не дейді?

Бірінші несие бюросының деректері бойынша, несиесі бар адамдардың саны 10 496 525-ке жетті. Халық саны 20 518 005 екенін ескерсек, бұл ел тұрғындарының 51,2 пайызында қарыз бар дегенді білдіреді. Іс жүзінде - әрбір екінші адамда. Бұл - қарызға алынған ақша нақты табыстың орнын баса бастаған жағдай.

Экономика өсіп, табыс төмендеп жатыр: қазақстандықтар неге қарызға көбірек батады?

Экономика өсіп жатса да, адамдардың байымай жатқаны ерекше алаңдаушылық туғызады. Қазақстандағы экономикалық өсім келесідей болды:

  • 2023 жылы 5,1 пайыз,
  • 2024 жылы 5 пайыз,
  • 2025 жылы 6,5 пайыз.

Бірақ сонымен бірге нақты жалақы индексі теріс көрсеткішке түсіп кетті. 

Нақты табыс инфляцияға ілесе алмағанда, тұтыну деңгейін қарыз сүйемелдей бастайды. Адамдар бұрынғы өмір сүру деңгейін сақтап қалу үшін техника сатып алуды, бөліп төлеуді рәсімдеуді және несие алуды жалғастыра береді.

Қысқа мерзімді перспективада бұл бәрі жақсы сияқты көрінеді. Дүкендер сатып алушыларға толы. Сауда орталықтары жұмыс істеп тұр. Техника саудасы қызып жатыр. Экономика жақсы көрсеткіштер көрсетеді. Осылайша, тұрақтылық сезімі пайда болады.

Бірақ қарызға негізделген экономиканың ерекшелігі сол - ол ұзақ уақыт бойы табысты болып көрінеді. Өйткені бұл бақуаттылықтың бір бөлігі - адамдардың әлі таппаған болашақ табысын тұтынуы.

Дәл осы модельдің ортасында жастар тұр.

Жалақыға дейінгі қарыздар жасарып жатыр: қарыз алушының орташа жасы - 33 жас

Ұлттық банктің зерттеуіне сәйкес, "жалақыға дейінгі" қарыз сегменті клиенттерінің орташа жасы 2022 жылғы 36 жастан 2024 жылы 33 жасқа дейін төмендеген. Сонымен қатар мұндай қарыздың орташа сомасы 50,6 мың теңгеден 64,2 мың теңгеге дейін өсті.

Бір қарағанда айырмашылық аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ экономика үшін бұл өте маңызды сигнал. Қарыз алушы неғұрлым жас болса, несие алу оның өміріндегі ерекше жағдай емес, қаржылық өмір салтына айналу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Адамдар әлі капитал, жинақ немесе тұрақты табысқа шыға алмады, бірақ олар қазірдің өзінде тұрақты қарыз үлгісіне еніп жатыр. Бұл тек банк секторына ғана емес, біз қандай қоғамдық модель құрып жатқанымызға қатысты сұрақ.

PDL-несие: шұғыл көмек пе әлде өмір салты ма?

Әсіресе, қысқа мерзімді кассалық алшақтықтарды жабуға арналған "жалақыға дейінгі" қарыздар бұған айқын мысал бола алады. Бірақ сандар мүлдем басқа жағдайды көрсетіп отыр. 2024 жылы екі миллионға жуық адам кем дегенде бір PDL-несие алған.

Бұл ретте олардың үштен екісінің микронесиенің басқа түрлері бойынша да міндеттемелері болған.

Анықтама: PDL-несие немесе payday loan - бұл әдетте микроқаржы ұйымдары шағын сомаға және қысқа мерзімге беретін "жалақыға дейінгі" қысқа мерзімді кепілсіз қарыз. Қазақстанда мұндай қарыздар көбінесе онлайн рәсімделеді және олардың банктік несиелерден айырмашылығы - әдетте ұзақ өтеу кестесі болмайды: қарызды есептелген пайыздарымен бірге мерзім соңында, көбінесе 45 күнге дейін бір төлеммен қайтару қажет. Ресми түрде мұндай өнім келесі табысқа дейінгі ақшаның шұғыл тапшылығын жабуға арналған, бірақ қарыздың жоғары құны мен мерзімін өткізіп алу қаупіне байланысты PDL-несиелер тұтынушылық несиелендірудің ең осал сегменттерінің бірі болып саналады.

Яғни, өте көп адамдар үшін "жалақыға дейінгі" қарыз баяғыда-ақ шұғыл көмек болудан қалған. Ол күнделікті қаржылық модельдің бір бөлігіне айналды.

Тағы бір алаңдатарлық көрсеткіш - клиенттердің шамамен 30 пайызы жыл бойы алты айдан астам уақыт бойы PDL-қарыз алушы мәртебесінде болған. "Жалақыға дейінгі" қарыз өнімі туралы сөз болғанда, бұл уақытша қиындық емес, қалыпты өмір салтына айналғанын білдіреді. Ал кейбір қарыз алушылар жылына 20–25 осындай несие рәсімдеген, бұл ретте мұндай қарыздардың орташа жылдық көлемі бір адамға миллион теңгеден асқан. Нәтижесінде халықтың бір бөлігі тұрақты түрде қайта несие алу режимінде өмір сүре бастайды.

Борыштық модельдің тұтас бір буын үшін қаупі қандай?

Дәл осы жерде әзірге жете бағаланбай отырған негізгі тәуекел туындайды. Борыштық модельдің ең қауіпті сатысы несиелер жаппай сипат алғанда емес, қоғам мұны мәселе ретінде қабылдаудан қалғанда басталады. Несиеге өмір сүру ересек өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қабылдана бастағанда, экономика байқатпай өте қауіпті тәуелділік кезеңіне өтеді.

Қарыз үйреншікті жағдайға айналғанда: экономика үшін 5 салдар

Бұл қарыздың адамның тек қаржылық жағдайын ғана емес, оның болашағын да өзгертетініне байланысты. Адам борыштық модельге неғұрлым ерте түссе, оның жеке капиталы соғұрлым кеш қалыптасады, атап айтқанда:

  • жинақтар кешірек пайда болады,
  • қаржылық тәуелсіздікке кеш қол жеткізеді,
  • бизнес кеш құрылады,
  • инвестициялар кеш қалыптасады,
  • тұрақты орта тап кеш қалыптасады.

Бір сәтте ел инвесторлар мен кәсіпкерлер буынын емес, тұрақты қарыз алушылар буынын тәрбиелей бастайды.

Қазақстан қарыз алушылар буынын қалыптастырып алу қаупінде тұр

Бұл әсіресе соңғы жылдардағы құрылымнан айқын көрінеді, мұнда экономиканың негізгі драйверлерінің бірі үй шаруашылықтарының түпкілікті тұтынуға жұмсаған шығыстары болып қалды.

Фото: © Tengrinews.kz

Бірақ егер бұл сұраныс несие есебінен белсенді түрде қаржыландырылса, мынадай құрылым пайда болады: экономика халықтың болашақ табыстарын алдын ала жұмсауы есебінен жеделдейді. Бұл еңбек өнімділігімен, бизнестің дамуымен немесе әл-ауқаттың артуымен емес, тұтынушылық қарыздың кеңеюімен жүзеге асады.

Қысқа мерзімді перспективада бұл шынымен де өсім береді. Ал ұзақ мерзімді перспективада жүйенің тұрақтылығына нұқсан келтіре бастайды.

Өйткені несиенің әрбір жаңа толқыны бір мезетте болашақтағы шектеуге айналады.

Халық өз табысының неғұрлым көп бөлігін қарыздарын өтеуге бағыттаған сайын, жеке капиталды қалыптастыруға соғұрлым аз мүмкіндік қалады. Осылайша экономика тұзаққа түседі. Тұтыну мен өсімнің бұрынғы деңгейін сақтап тұру үшін жүйеге жаңа несиелер барған сайын көбірек қажет болады.

Бірақ борыштық жүктеме неғұрлым жоғары болса, одан арғы өсімнің негізі соғұрлым әлсірей түседі. Бұл экономиканы өте осал әрі тұрақсыз етеді.

Табыстың кез келген баяулауы, жұмыссыздықтың өсуі, инфляцияның жеделдеуі немесе несие беру шарттарының нашарлауы жекелеген қарыз алушыларға емес, бүкіл тұтыну моделіне соққы болып тиеді. Сондықтан несиелендірудің қазіргі "салқындауы" Ұлттық банктің жай ғана техникалық шарасы емес.

Иә, бұл сұранысты баяулатады.

Иә, бұл бизнестің бір бөлігі үшін ауыр тиеді.

Бірақ бұрынғы модельді жалғастыру әлдеқайда қауіпті болар еді. Өйткені мәселе несиенің өзінде емес, қоғамның біртіндеп жасалған әл-ауқат есебінен емес, жаңа қарызға тұрақты қол жеткізу есебінен өмір сүруге бой үйретуінде. Бұл елдің экономикалық мәдениетін өзгерте бастайды.

Мұндай модель жүйе бұзыла бастағанға дейін сәтті көрінуі мүмкін. Адамдар қарыз ала алғанша - өсім жалғаса береді. Бірақ егер экономика тұтынуды тұрақты түрде қарызды кеңейту арқылы тым ұзақ қолдаса, ел біртіндеп өз болашағын "жеп" тауыса бастайды.

Сол кезде несиелер даму құралы болудан қалады. Олар экономиканың шынайы әл-ауқат өсімінің жоқтығын бүркемелейтін тетікке айнала бастайды. Ал бір сәтте тұтас бір буын ересек өмірге капиталмен емес, борыштық жүктемемен аяқ басатын жағдайға тап болу қаупі бар.

Бұл енді банктердің ғана мәселесі емес.

Бұл - Қазақстан экономикасының болашағына қатысты мәселе.

Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.

Автор туралы: Руслан Сұлтанов - қазақстандық экономист және макроэкономика, инфляция, сауда және өнеркәсіп саясаты, салық және экономикалық өсім сапасы мәселелеріне маманданған қоғамдық сарапшы. Әр жылдары экономикалық талдау және сауда саясатына қатысты құрылымдарда қызмет етті: "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ-ны басқарды, "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарма төрағасы болды, "Қазақстанның ФармМедИндустриясы" қауымдастығының президенті. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін ("Нархоз") "қаржы және несие" мамандығы бойынша бітірген, сондай-ақ MBA бағдарламалары бойынша білім алған. Қазіргі уақытта Қазақстанның экономикалық күн тәртібіне жүйелі түрде түсініктеме беретін Telegram-каналдың және мамандандырылған басылымдардағы материалдардың авторы ретінде танымал.

Дайындаған: Нұрила Ермекбаева

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама