Жеті негіз, төрт жолбарыс және бір емен. Путиннің Қазақстанға сапары қалай өтті?

Алексей Тян Корреспондент
Жеті негіз, төрт жолбарыс және бір емен. Путиннің Қазақстанға сапары қалай өтті? Ақорда баспасөз қызметінің фотосы

Мемлекеттік сапарлар әдетте құжаттармен және мәлімдемелермен өлшенеді. Ал бұл жолғы сапарды адамдар арқылы бағамдағымыз келді. Владимир Путиннің Қазақстанға сапары қалай өткені туралы Tengrinews.kz тілшісінің репортажынан оқыңыздар.

Мемлекеттік сапарлар әдетте құжаттармен және мәлімдемелермен өлшенеді. Ал бұл жолғы сапарды адамдар арқылы бағамдағымыз келді. Владимир Путиннің Қазақстанға сапары қалай өткені туралы Tengrinews.kz тілшісінің репортажынан оқыңыздар.

Кімнің құрамы мықты?

Путиннің Астанаға сапары үлкен дүрбелең туғызды. Кем дегенде журналистер арасында. Ресми бөлім өткен Тәуелсіздік сарайының кіреберісіндегі кезек соның дәлелі болды. Адамдар легі тіпті шыны есіктерге дейін созылды.

Екі тараптың делегация құрамы да өте көп болды. Ресейліктер арасынан 30-ға жуық адамды санадым: Орталық банк, Роскосмос, Росатом, Ресей темір жолы, тіпті Роспотребнадзор өкілдері де бар.

Қазақстан тарапынан келген делегаттардың көптігі сондай, сарайдың еңселі залының өзі оларға тарлық еткендей көрінді. Министрлер, әкімдер, ұлттық компания басшылары, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы, тіпті ірі бизнесмендер де осында.

Журналистер делегаттарды жанкүйерлер секілді санап жатты: кімнің құрамы басым, кімнің қосалқы құрамы ұзынырақ? Осы сәтте баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әріптестерімен әзілдесіп, күлімдеп жүрді. Ал Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллина бір нүктеге ойлана қарап тұрды.

Айналадағы қызу қарбаласты байқаған Ресей вице-премьері Оверчук те бәрін, соның ішінде журналистерді де видеоға түсіріп алды.

Ал спорт министрі Михаил Дегтярев әріптесіне қолымен бірдеңенің үлкендігін көрсетіп жатты.

Тоқаев Путинді табалдырықтан қарсы алды. Олар Астана аспанын жойғыш ұшақтардың үш түске қалай бояғанын бірге тамашалады.

Делегациялар мен журналистер бұл көріністі үлкен экраннан бақылады - операторлардың бірі бұл көріністі киномен, енді бірі инаугурациямен салыстырды.

Шынымен де көрініс ерекше болды: алып монитор жойғыштардың өздеріне орнатылған камералардан тікелей көрсетілім берді.

Жақсы сөздер мен жақсы көрсеткіштер

Рәсімдерден кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізуге кетті. Оның "шағын" деген аты ғана болған сияқты: әр тараптан кемінде жеті адамнан қатысты. Президенттердің өздерін есептемегенде.

Путиннің сапары континенттегі қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін маңызды, деді Тоқаев. Екі ел де - алып Еуразия кеңістігінің негізі.

- Екі сәтке тоқталғым келеді. Біріншісі - елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемеміз. "Жеті" сөзінің өзі өте жақсы, киелі сан. "Негіз" сөзі одан да маңызды. Құжаттың өзі де өте ерекше. (...) Бұл құжатпен өзім жұмыс істеп, түзетулер енгіздім. Ол елдеріміз арасындағы ынтымақтастық шежіресіне еніп, зор маңызға ие болады деп есептеймін.

Екінші мәселе ретінде Тоқаев Қазақстанда АЭС салу туралы келісімдерге қол қойылғанын атап өтіп, Путинге жобаны қолдағаны үшін алғыс айтты.

- Біз доспыз, бауырласпыз. Бізді көптеген ортақ дүниелер, соның ішінде бай тарихи өткеніміз, мәдени дәстүрлер, менталитет біріктіреді. Біз бұл туралы кешегі бейресми кездесуде егжей-тегжейлі айтып, тарихты еске алдық. Ресей үшін де бұл кездесудің маңызы зор деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкі мүддесі үшін жұмыс істейміз. Олар біздің мемлекеттердің достық пен ынтымақтастықта өмір сүргеніне мүдделі. Әрі қарай дамуымыз үшін бәрімізге бейбітшілік қажет.

- Өткен жылы сізді мемлекеттік сапармен қабылдау мәртебесіне ие болған едік, - деп бастады Путин жауап сөзін.

- Кешегі кеш үшін сізге үлкен рақмет, біз бейресми жағдайда бірге уақыт өткізіп, өзара іс-қимылымыздың көптеген маңызды, келешегі зор бағыттарын талқылай алдық, - деді ол.

Көшбасшылар сөйлесіп жатқанда, көрші залда кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге дайындық жүріп жатты.

Делегациялардың қаншалықты үлкен екенін осы залдан-ақ түсіндім. Негізгі келіссөздер үстелінен бөлек, алғаш рет тағы екі қатар орындық қойылған сияқты. Онда бизнесмендер мен ұлттық компания басшылары жайғасты.

Ресейдің Цифрлық даму министрі Максут Шадаев Пашинян туралы жаңалықтарды оқып отырды (ноутбук ұстаған фотода).

Үстелдерде осыдан екі апта бұрын Ердоғанның мемлекеттік сапарында болған сервиз бен шығыс тәттілерінің жиынтығы тұрды.

Песков президенттердің кіріп келгенін байқамай қалды.

Кеңейтілген келіссөздерде Тоқаев шағын құрамдағы әңгіменің "өте сәтті" өткенін атап өтті.

- Елдеріміз арасында ешқандай даулы мәселе жоқ. Тек оң динамика бар және біз ынтымақтастықты жаңа идеялар мен жобалармен толықтырып, ұдайы дамытып келеміз.

Ресей - осы жердегі барлық мемлекеттің ішінде Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция құюшы ел. Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы тоғыз миллиард доллардан асты. "Бұл - жақсы көрсеткіш", - деп түйіндеді Тоқаев.

Қазақстан Президенті Қазақстандағы "Сириус" жобасын - Сочидегі аттас ресейлік орталықтың үлгісімен құрылған дарынды балаларға арналған білім беру кешенін ерекше атап өтті. Мектептер Астана мен Алматыда салынып жатыр.

Одан әрі Тоқаев назарды Орталық Азияға аударды.

- Қазақстан мен Ресейдің "Орталық Азия - Ресей" форматында нәтижелі жұмыс істеп жатқанын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта бүкіл әлемнің Орталық Азия өңіріне деген қызығушылығын ескерсек, дәл осы формат нығая түсуі тиіс деп ойлаймын.

Владимир Путин тең құқылы қатынас пен өзара құрмет туралы айтты. Оның сөзінше, Ресей-Қазақстан ынтымақтастығы дәл осы принциптерге негізделген.

- Біз сіздермен бірге маңызды бірлескен мәлімдемені қабылдауымыз керек, сіз ол туралы, Ресей мен Қазақстан халықтарының достығы мен тату көршілестігінің жеті негізі туралы айтып өттіңіз. Сондай-ақ экономика мен энергетикадан бастап мәдени-гуманитарлық жобаларға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтитын үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдердің қомақты пакеті дайындалды.

Жолбарыстар, емен және болжамдылық

Путин айтқан қомақты пакет басқа залда дайындалды. Ол шынымен де қомақты көрінді, сондықтан қазақстандық және ресейлік журналистердің назарына ілікті. Бір сәтте құжаттардың жанында кезек пайда болды.

Пакетте қызықты дүниелер көп: АЭС салу туралы келісім, Қазақстанда "Сириус" орталығын ашу, мұнай саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, кірістерді жылыстатуға қарсы қосымша келісім, теңге/рубль валюталық своп туралы келісім. Соңғысымен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов өзінің әріптесі Эльвира Набиуллинамен алмасады.

Своп - орталық банктер арасындағы валюталармен уақытша алмасу. Оны түсіндіру ұзаққа созылады...

Бірақ ең басты сәт достық пен тату көршілестіктің әлгі жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемеге қол қою болды.

Онда, басқалармен қатар, достықтың бірінші негізі ретінде Қазақстан мен Ресейдің "ұлттық мемлекеттілігін қалыптастырудың "бірегей жолы" туралы тұжырымға орын берілді.

Қол қоюға жарты сағат қалғанда костюм киген қыздар жауапты сәтте президенттерге қалай жақындайтындарын пысықтады.

Ал екі елдің делегациялары одан сайын көбейе түсті.

Журналистерге арналған брифингте Тоқаев Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының болжамды екенін және оның құндылығы да осында екенін атап өтті.

- Әлемдік саясаттағы толассыз турбуленттілік жағдайында мемлекетаралық серіктестіктің тұрақты әрі болжамды үлгілері ерекше құндылыққа ие болады. Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас осы мақсатқа толық жауап береді, олар уақыт сынынан өтті және қазір жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне табысты төтеп беріп келеді.

Тоқаевтың айтуынша, сапардың ерекше сәті - Қазақстанға төрт амур жолбарысының әкелінуі болды. Оларды залдың экрандарынан көрсетті. Экрандардың үлкендігі сондай, ресейлік тілшілердің бірі бұл жерді кинотеатрға теңеді.

Ұзақ әрі мазмұнды келіссөздерден кейін көшбасшылар қаланың басқа бөлігіне - жақында ғана Қазақстан мен Ресейдің "Мәңгілік достық" аллеясы ашылған "Астана Опера" маңына бет алды.

Президенттер "өзара құрметтің, берік достық пен көпжақты ынтымақтастықтың" белгісі ретінде емен отырғызды. Ал емен ағашы бес жүз жылға дейін өмір сүреді.

Авторы: Айбек Құлшыманов

Дайындаған: Нұрила Ермекбаева

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Автор сұрағы
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама