Тұз шахтасы бар балабақша, Лондонда білімін жетілдіріп жүрген оқушылар және беделді Колорадо тау-кен мектебімен серіктестік. "Қазақмыс" корпорациясы мысқа ғана емес, білімге де инвестиция салып келеді.
Мектептер мен ұстаздарды қолдау
Корпорация қамтитын өңірлерде "Ustaz Ulytau" педагогикалық трансформация орталығы жұмыс істейді. Мұнда мектеп пен гимназия мұғалімдері біліктілігін арттырады. Компания Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларындағы білім ошақтарын жөндеу мен техникалық жабдықтау жұмыстарына қолдау көрсетеді.
"Бүгінде біз қамтитын өңірлерде орналасқан 83 мектеп корпорация тарапынан қолдау алады. Соңғы төрт жылда Балқаш, Сәтбаев және Жезқазған қалаларындағы төрт мектепті күрделі жөндеуден өткіздік. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, мектеп директорларына заманауи менеджментті оқытуға қаржы бөліп келеміз.
Балалар жазғы шетелдік бағдарламаларға қатысады. Ағылшын тілі байқауларының жеңімпаздары бірнеше жылдан бері Англияға барып, тіл үйрену курстарына қатысып жүр", - дейді "Қазақмыс" корпорациясының ұйымдық даму және персоналды басқару жөніндегідиректоры Әлібек Алдоңғаров.
Осылайша, 2025 жылы жазда ағылшын тілі байқауында жеңіске жеткен жезқазғандық Нұрайым Әбділбек басқа да мектеп оқушыларымен бірге Ұлыбританияның Борнмут қаласына барды. Екі апта көзді ашып-жұмғанша өте шықты: Kings Bournemouth мектебіндегі сабақтар, Лондон мен Бристольдегі экскурсиялар, тауға өрмелеуден жаттығулар және қаланың ескі көшелерімен серуендеу балалардың өміріндегі ұмытылмас сәттерге айналды.
"Мен қабылдаушы отбасында тұрдым – бұл өзім үшін керемет тәжірибе болды. Бізді жылы қабылдап, үнемі қамқорлық танытты. Әр күніміз жаңа әсерге толы болды: түрлі елдерден жиналған жаңа достар, жаңаша білім, жаңа эмоциялар. Ондағы сабақтар білімімді шыңдап, ағылшын тілін жетілдіруге көмектесті. Мұндай мүмкіндіктер адамды одан әрі дамуға, көкжиегін кеңейтіп, биік мақсаттар қоюға шабыттандырады", – дейді оқушы қыз.
Балалар үшін мұндай сапарлар – жай ғана тілді жетілдіру емес. Бұл – өзге мәдениеттерді көру, дүниетанымды кеңейтіп, өз күшіне деген сенімді арттыра түсуге жасалған тамаша мүмкіндік.
Бұдан бөлек, Жезқазғанда Білім беру және жұмыспен қамту орталығы ашылды. Бұл жердеоқушылар ерте кәсіптік бағдардан өтіп, болашағы бар мамандықтармен танысады. Сондай-ақ, онда 2,9 миллиард теңге тұратын, 280 орындық жаңа балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Жаңа "Ақбота" балабақшасы
Игі істердің бірден-бір жарқын үлгісі – Сәтбаев қаласындағы "Ақбота" балабақшасы. Оны қайта жөндеуге бір миллиард теңге жұмсалған.
Бүгінде ол балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған заманауи білім беру кеңістігіне айналған. Мұнда Монтессори жүйесі бойынша жасақталған бөлмелер, музыка кабинеті, балалардың денсаулығын шыңдауға арналған тұз шахтасы, интерактив тақталар мен жаңартылған ойын алаңдары бар.
Балабақшаның әдіскері Жанар Күнпейісованың айтуынша, бұл жоба қала үшін нағыз тамаша тарту болды.
"Қазір балабақшаға 285 бала келеді, жалпы сыйымдылығы – 320 орын. 14 топ бар, 30 педагог пен маман жұмыспен қамтылып отыр. Балабақшамызда Монтессори кабинеті де, тұз бөлмесі де, интерактивті технологиялар да бар деп мақтанамыз. Ең бастысы – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды да қабылдаймыз. Қазір мұндай балалардың саны – он, олар өздерін басқалармен бірдей сезінуі үшін барлық жағдайды жасап отырмыз", - дейді Жанар Күнпейісова.
Балабақша, әсіресе, ата-аналарға ерекше ұнайды. Көпбалалы ана Самал бұл жерге үшінші баласын әкеліп жүр.
"Менің бес балам бар, соның үшеуі осы балабақшаға барды. Біз басқа ауданда тұрамыз, бірақ балаларымыздың дәл осында барғанын қатты қаладық. Бұл жердің атмосферасы ерекше: тәрбиешілері мейірімді, балалармен жұмыс жасауда креатив тәсілдерді пайдаланады. Басқа балабақшаларға да барғанбыз, бірақ мұндағыдай қарым-қатынас жоқ. Біздің отбасымыз үшін бұл үлкен көмек, өйткені көпбалалы отбасы ретінде балаларымыз бұл бақшаға тегін барады".
Колледждер мен университеттер
Балабақша мен мектептерден бөлек, компания кәсіби білімге де баса назар аударады. Сәтбаев пен Балқашта толықтай "Қазақмысқа" тиесілі екі колледж жұмыс істейді. Оларда оқу тегін, ал түлектер міндетті түрде компания жүйесінде жұмысқа тұрады. Қазіргі таңда мұнда шамамен 600 студент білім алып жүр.
"Біз өңірлердегі балалар үшін тек негізгі білім беру ғана емес, нақты мамандық бойынша дайындаудың да маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан колледждеріміз теориямен ғана шектелмей, практикаға да мән береді, содан кейін жастар бірден жұмысқа тұра алады. Біз жұмыспен қамтитынымызға кепілдік береміз, бұл – жастардың өңірде қалуына үлкен мотивация, – деп атап өтті "Қазақмыс" корпорациясының ұйымдық даму және персоналды басқару жөніндегі директоры Әлібек Алдоңғаров.
Бұған түлектердің жетістіктері де дәлел бола алады. Политехникалық колледжді "Пайдалы қазбаларды байыту" мамандығы бойынша тәмамдаған Абылай Исатаев өз мойнына жауапкершілік алып, командада жұмыс істеуді дәл осы жерде үйренгенін еске алады.
"Колледж президенті болдым, пікірсайыс турнирлеріне қатыстым, студенттік жобалар ұйымдастырдым және басқа да істермен айналыстым. Бұл дағдылардың өндірісте жұмыс істей бастағанда көп көмегі тиді, - дейді ол. - Алдымен диірмен машинисі болып бастадым, білімім мен тәртібімнің арқасында қызметім біртіндеп жоғарылады: бригадир, ауысым шебері болдым, ал бүгінде аға шебермін. Әр жаңа кезең кәсіби білімді ғана емес, адамдарды басқару қабілетін де талап етті. Колледж берген мықты білім мен тәжірибенің арқасында мұның бәрі қолымнан келді".
Ерсұлтан Махабаев үшін колледж тек мамандыққа бастар жол ғана емес, отбасы тарихының бір тарауына айналды. Оның атасы Қасқабай Махабаев Балқаш металлургия зауытында 42 жыл еңбек еткен. Немересі де атасының жолын қуып, өмірін металлургиямен байланыстыруды ұйғарған. Студенттік жылдары Ерсұлтан жастар қозғалысының президенті, студенттік парламенттің вице-президенті, өзге студенттерге тәлімгер де болған.
"Колледж маған тек мамандық қана емес, өзіме деген сенімділік, көшбасшылық қасиет, пікірсайыс пен студенттік жобаларға қатысу тәжірибесін де сыйлады, - дейді Ерсұлтан. - Осында жүріп, ұжымның бір бөлігі болудың және өзгелерді соңыңнан ерте білудің қаншалықты маңызды екенін ұғындым. Бүгінде мен Балқаш металлургия зауытының мыс электролизі цехында еңбек етемін. Бұл мен үшін жай ғана жұмыс емес, үлкен мәртебе – атамның ісін жалғастырып, ортақ өндіріске өз үлесімді қосып жатырмын".
Корпорация Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетісекілді Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен байланысын нығайтуда, сонымен қатар, әлемдік тау-кен ісі мен геология саласында көшбасшы саналатын Колорадо тау-кен мектебімен (Colorado School of Mines) серіктестік орнатқан.
Ұлытау облысының құрылуы да жаңа білім беру жобаларына жол ашты. Президент тапсырмасыбойынша мұнда техникалық университет ашылуы тиіс, бұл іспен де "Қазақмыс" тікелей айналысып жатыр. Қазір корпорация мамандары серіктестерімен бірлесе отырып, тау-кен инженериясы мен геология бағытындағы оқу бағдарламаларын әзірлеуде. Жаңа университет техникалық мамандықтарға басымдық беріп, өңірге қажетті кадрлар даярлаудың маңызды орталығына айналмақ.
Болашаққа бағдар
"Білім – өңірдің болашағының іргетасы екеніне сенеміз, – дейді Әлібек Алдоңғаров. – Сондықтан біз тек мектеп немесе балабақша салумен шектелмей, балалар өсіп, білім алып, өз қабілеттерін туған жерінде толық аша алатындай тұтас экожүйе қалыптастыруды маңызды деп санаймыз".
"Қазақмыстың" білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілігі қайырымдылық шараларының аясынан әлдеқашан асып кеткен. Бұл – мектепке дейінгі, орта және жоғары білімді қамтитынжәне балалар мен жастарға болашағын өз үйінде, Қазақстанда қалыптастыруға нақты мүмкіндік беруді көздейтін кең ауқымды бағдарлама.