Алматы облысында тасжолдарда лазерлік жүйелер пайда болды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Полиция мәліметінше, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында республикалық маңызы бар автожолдарда лазерлік жүйелер енгізілген.
Лазерлер жол үстіндегі қолданыстағы аркаларға орнатылған. Қазіргі уақытта олар мына жерлерде жұмыс істеп тұр:
- Алматы – Өскемен тасжолының 52-шақырымы;
- Алматы – Шелек – Қорғас жолының 38 және 204-шақырымдары.
Полиция лазерлердің негізгі қызметі жүргізушілердің назарын аударып, рөлде ұйықтап қалуының алдын алу деп атап өтті.
"Лазерлік қондырғылар әсіресе түнгі уақытта және қолайсыз ауа райы жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қосымша құралы саналады. Жарық сәулелер жүргізушілердің назарын аударуға ықпал ететін орташа деңгейдегі визуалды әсер береді", - делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін ІІМ Астана - Қарағанды - Алматы тасжолының бір учаскесін мысалға ала отырып, жаңа жүйенің жұмыс істеу принципін егжей-тегжейлі көрсеткен болатын. Онда жол үстіндегі арнайы аркаларға 11 лазер орнатылған. Олар жарық сызықтарын автокөліктің тікелей қозғалыс бағыты бойынша түсіреді.
Сәулелер алыс қашықтықтан да көрінеді, бұл жүргізушіге жолдың қай жерде екенін алдын ала түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жарықтандыру цикл бойынша өзгеріп тұрады - сәулелердің түсі мен саны құбылып, зейінді арттырады.
Еске сала кетейік, мұндай технология 2025 жылғы қыркүйекте Астана – Теміртау республикалық автожолында тексерілген болатын.
Биыл лазерлер Қазақстандағы ақылы жолдардың 22 учаскесінде орнатылды.