Астанада алаяқтық жасады деген күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Не болды?
Полиция мәліметінше, Астанада ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша 39 жастағы ер адам ұсталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті жәбірленушінің сеніміне кіріп, Toyota Land Cruiser маркалы автокөлікті сатып алып беретінін желеу еткен. Алайда ол алдап, жәбірленушіден 20 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты заңсыз иемденген.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уаытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Полиция азаматтарды сақ болуға, автокөлік сатып алу-сату барысында күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға және ірі қаржылық мәмілелерді тек ресми, заңды жолмен рәсімдеуге шақырады. Егер сіз немесе жақындарыңыз алаяқтық әрекеттердің құрбаны болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет", - деп ескертті полиция.