Алматыда жол жөндеу жұмыстары жалғасып, бірқатар көшеде қозғалысты ұйымдастыру тәртібі өзгеріп жатқанда, жүргізушілерді жол ережесін бұзбау мүмкін болмаған жағдайда не істеу керек деген сұрақ мазалайды. Мысалы, жол жөндеу жұмыстарын айналып өту кезінде тұтас сызықты кесіп өтуге немесе уақытша арнайы жолаққа шығуға тура келгенде.
Брифинг барысында Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мұндай жағдайларда фото-видео тіркеу камералары қозғалысты ұйымдастырудың уақытша схемасын ескере отырып, алдын ала қайта бапталатынын еске салды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Мысал ретінде Төле би көшесі келтірілді: мұнда жөндеу жұмыстары мен қозғалыс схемасының өзгеруіне байланысты камералар уақытша схема қолданылатын учаскелерде заңбұзушылықтарды тіркемейтіндей етіп алдын ала бапталған.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда 2026 жылдың аяғына дейін арнайы жолақтардағы ережебұзушылықтарды тіркейтін камералар өшірілген:
- Момышұлы көшесінде - Мөңке би көшесіне дейін;
- Төле би көшесінде - Момышұлы көшесінен Абылай хан даңғылына дейін.
Осыған байланысты жұмыс жүргізу кезінде автокөлік жүргізушілеріне аталған учаскелердегі автобус жолақтарын пайдалануға рұқсат етілді.
Айыппұлды даулауға болады
Сонымен қатар полиция мынаны ескертеді: егер жүргізуші бәрібір айыппұл алып, оны негізсіз деп санаса, даулауға құқылы.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, мұндай әрбір өтініш жеке қаралады. Егер ережебұзушылықтың объективті себептермен болғанын растайтын жағдайлар анықталса, материалдар тексерілуге жатады.
Бұған дейін Tengri Auto әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулыға ол қолыңызға тиген сәттен бастап 10 күн ішінде даулауға болатынын хабарлаған болатын.
Оны былай жасауға болады:
- eGov арқылы,
- eOtinish порталы арқылы,
- Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі арқылы,
- сондай-ақ әкімшілік практика бөлімшесіне жеке бару арқылы.
Жол-көлік оқиғаларына көбіне қандай ережебұзушылықтар себеп болады?
Белсенді профилактикалық жұмыстарға қарамастан, Алматыда апат деңгейі жоғары болып отыр.
Жыл басынан бері қалада 3500-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Сонымен қатар полиция мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда төмендеген.
Ауыр зардаптарға әкелетін ЖКО-ның негізгі себептері әлі де мыналар:
- жылдамдықты асыру;
- қарсы қозғалыс жолағына шығып кету;
- маневр жасау ережелерін, белгілер мен таңбалар талаптарын бұзу;
- көлікті мас күйде басқару.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері көлікті мас күйде басқарғаны үшін 1300-ге жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылды, тағы 1700 адам әкімшілік қамауға алынды.
Полиция осы ережебұзушылықтар жолдардағы ең ауыр зардаптарға әкеп соқтыратынын атап өтті, сондықтан профилактикалық рейдтер мен оларды анықтау бақылауы жалғаса береді.
Тағы оқыңыз: Үш күнде 22 мыңнан аса заңбұзушылық: ІІМ Қазақстан тасжолдарында бақылауды күшейтті
Пікірлерді оқу