Қазақстанда "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Рейдтің алғашқы үш күнінде полицейлер 22,5 мыңнан астам Жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегін анықтады, деп хабарлайды Tengri Auto тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, 11-16 шілде аралығында бүкіл ел аумағында жолдағы бақылау күшейтілді. Жолда патрульдік жасақтар көбейтіліп, негізгі күш көбіне ауыр апатқа себеп болатын жол жүру қағидаларын өрескел бұзу жағдайларын анықтауға бағытталды.
Ведомство дерегіне сәйкес, іс-шараның үш күнінде полицейлер мынадай деректерді анықтады:
- көлікті мас күйде басқарудың 300-ден астам дерегі;
- жолдың қарсы жолағына шығудың 260 дерегі;
- жолаушыларды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзудың 850-ден астам дерегі;
- жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 139 дерегі, оның ішінде 60-тан астамы такси саласында.
Сонымен қатар арнайы тұрақтарға 1,5 мыңнан астам көлік құралы қойылды.
ІІМ рейдтің басты мақсаты айыппұл санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы қауіпті мінез-құлыққа жол бермеу екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта республикалық тасжолдарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, Жетісу облысында полиция қызметкерлері танымал демалыс орындары Алакөл мен Балқаш көлдеріне баратын жолдарда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 524 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жаз мезгілінде демалушылар мен туристер есебінен бұл бағыттағы көлік ағыны айтарлықтай артады.
Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау, көлікті мас күйде басқармау және алыс жолға шаршаған күйде шықпау қажеттігін ескертеді.
Тағы оқыңыз: Жетісу облысында жүргізушілер медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты куәлігінен айырылуы мүмкін
Алматыда жолдардағы бақылау күшейтілді: полицейлер нені тексереді?
Оралда жүргізуші адамды құтқарғанын дәлелдеп, жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлды жойғызды