Жетісу облысында прокуратура денсаулығына байланысты көлік жүргізуге болмайтын азаматтарды жүргізуші куәлігінен айыруды талап етіп отыр, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Облыстық прокуратура мәліметінше, Талдықорғанда психикалық ауытқулары мен эпилепсия бойынша диспансерлік есепте тұрған, бірақ соған қарамастан көлік жүргізуді жалғастырған 58 адам анықталған.
Қадағалау органы олардың жүргізуші куәліктерінің күшін жою туралы сотқа талап арыз түсірді. Бүгінде сот шешімімен 28 адам көлік жүргізу құқығынан айырылды, тағы 30 талап арыз қаралып жатыр.
Жүйелі сипаттағы мәселе
Мұндай жағдайлар еліміздің басқа да өңірлерінде анықталып жатыр. Мәселен, 2023 жылы Абай облысының прокуратурасы аймақта медициналық қарсы көрсетілімдері, оның ішінде психикалық аурулары бар 78 адамның қолданыстағы жүргізуші куәліктері болғанын хабарлаған еді. Ол кезде де қадағалау органы сот ісін қозғаған болатын.
2026 жылғы қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен мәліметтер базасын салыстыру нәтижесінде - диспансерлік есепте тұрған 370 мыңға жуық адамды тексеру барысында - сотқа 4 540 талап арыз жолданғанын мәлімдеді. Оларды қарау қорытындысы бойынша көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты 1 787 жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылды.
Қандай медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізуші куәлігінің күші жойылуы мүмкін?
Қолданыстағы заңнамаға, атап айтқанда Денсаулық сақтау министрінің № 853 бұйрығына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімге енетін аурулар болған жағдайда жүргізуші куәлігінің күші жойылуы мүмкін:
- ауыр психикалық бұзылулар (шизофрения, деменцияның ауыр түрлері, ақыл-ой кемістігі, созылмалы психоздар);
- эпилепсия және басқа да неврологиялық патологиялардың ауыр түрлері;
- алкоголь мен есірткі тұтынуға байланысты бұзылыстар;
- көру қабілетінің ауыр бұзылулары (екі көздің де соқырлығы, ахроматопсия (түстерді мүлдем ажырата алмау);
- автокөлікті қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін кейбір физикалық шектеулер (басқаруды айтарлықтай қиындататын аяқ-қол ампутациясы және тірек-қимыл аппаратының айқын деформациялары).
Бұл ретте бұрын бірнеше рет айтылғандай, жүргізуші куәлігінің күшін жою көлік жүргізуге өмір бойы тыйым салуды білдірмейді. Егер адамның денсаулығы жақсарып, медициналық тексеру көлік жүргізуге қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растаса, ол мұндай шешімге шағымдануға және көлік жүргізу құқығын қалпына қайтаруға құқылы.