11-16 шілде аралығында Алматыда "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengri Auto тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алты күн бойы полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жайттарына ерекше назар аударады.
Инспекторлардың басты назарында көлікті мас күйде немесе есірткі тұтынып басқарған, қарсы жолаққа шығып кеткен, жылдамдықты асырған және қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер болады.
Сонымен қатар, полицейлер қоғамдық көлік, мотоцикл және мопед жүргізушілерінің, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ сақтауын бақылауды күшейтеді.
Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, акцияның басты мақсаты айыппұлдар санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апаттылық деңгейін төмендету болып табылады.
"Жолдағы қауіпсіздік әрбір қозғалыс қатысушысының жеке жауапкершілігінен басталады. Біздің міндетіміз тек құқық бұзу деректерін анықтау емес, сонымен қатар адам өмірін сақтап, қайғылы жағдайлардың алдын алу", - деді ол.
Полиция өкілдері жол қозғалысы ережелерін сақтау жүргізушілер үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де қауіпсіздіктің басты шарты екенін ескертеді.
Еске салайық, "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы Қазақстанның әртүрлі аймақтарында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Ол күшейтілген патрульдеуді, профилактикалық рейдтерді және ЖҚЕ-нің ең қауіпті заңбұзушылықтарын бақылауды қамтиды.